Бұл жиын Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясындағы «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жақсартуымыз керек» деген тұжырымына орай ұйымдастырылып, ҚР ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің жасаған баяндамасынан бастау алды. Мемлекеттік хатшы «Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында ғалымдарымыз кәсіби еркіндікке ие болды. Терең ғылыми зерттеулер жүргізілуде, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға мүмкіндік алдық», – дей келе, «тарих толқынындағы халық» атты арнаулы бағдарлама әзірленгенін айтқан болатын. Ол бағдарламада белгіленген міндеттерді толық орындап шығу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек және ол басты-басты бес міндеттен тұрады.
Дөңгелек үстелге қатысқан ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Асылбек өзінің біз жоғарыда айтқан жиналысқа қатысқанын, Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің баяндамасын өз құлағымен естігенін айта келіп былай деді:
«М.Тәжиннің баяндамасында Отан тарихын әрі қарай зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл бағытта қордаланған проблемалар көп-ақ. Атап айтар болсақ олардың бір қатары мыналар: орта мектепте тапсырылатын Бірыңғай ұлттық тест оқушыларды білімді саналы түрде меңгеруден алшақтатып, жаттауға үйретіп келеді. Осы жерде айта кететін нәрсе – өркениетті саналатын Батыс елдері, әсіресе Франция мен АҚШ осындай тестілеудің зардабын бастан кешіп, одан әлдеқашан үзілді-кесілді бас тартты; тарих ғылымына сырттай араласып, көп мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікір айтып, соны дәріптеп жүргендер аз емес; Отан тарихын ұлттық мүдде негізінен жаңа көзқараспен талдап, объективті, шынайы зерделеу жетіспей келеді. Сосын ғылымды басқаруды ғалымдарға берген жөн. Игеріп жатқан мамандықтарына қарамастан, жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттердің барлығы да «Қазақстан тарихын» оқуға міндетті болуға тиіс».
Тарихшы академиктің сөзін қолдап-қуаттап сөйлеген археолог, академик Карл Байпақов та өзі басқаратын саланың ұлттық сананы қалыптастырып, ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындаудағы ұлт тарихының алар орнын бүгінгі биігіміз тұрғысынан пайымдауға археологиялық қазба жұмыстарының да қосар үлесі ұшан-теңіз екеніне тоқталды.
– Тарихтың ақтаңдақтары мен орта ғасырлық тарихты терең зерттеу қажеттігі барған сайын айқын сезілуде. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген құнды деректер жинақталды. Тарихтың басталуын, анығырақ айтсақ мемлекеттігіміздің қалыптасуын кейбір ғалымдар сақтар дәуірімен байланыстырып жүр. Шындығына келетін болсақ, оның басталуы сонау тереңде жатыр. Өйткені археологтардың қолында қола дәуірінің өзінде-ақ қоғамдық құрылыстың болғандығы жөнінде көптеген деректер баршылық. Далалық өркениетті зерттеудің жаңа тұжырымдамасы бойынша көшпелі өмірді ғана емес, жер игеру мен қала салу сияқты мәдениеттерді де қоса зерттеуіміз қажет. Сосын қазақ жеріне Исламның енуі де назардан тыс қалмауы керек. Ол бізге үлкен мәдениеттің келуіне себепші болды. Ал Ұлы Жібек жолы тек біздің жер арқылы ғана өткен жоқ, ол біздің тарихымыз арқылы да өтті ғой. Олай болса осы бағытта да зерттеулер жүргізілуге тиіс, – деді ол.
Дөңгелек үстелде сөз алған әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов ғылыми зерттеулердің бір тармағы қазақ әдебиетінің тарихымен тікелей байланысты екенін айта келіп, осы бағытта бірлесе жұмыс істеудің пайдасы зор екеніне тоқталды.
– Өткенімізді тану контексіндегі зерттеу әдістеріне сүйеніп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде ел тарихының дамуына енген тың деректерді білім және ғылым жүйесіне енгізуді тездету қажет;
– Тарихи ұғымдар мен терминдерді бірізділікке түсіру керек;
– Студенттердің тарих пәні бойынша білімін тестік жүйеден ауызша емтихан жүйесіне көшіруіміз қажет.
Осы сияқты басқа да бірқатар нақты ұсыныстар айтқан Жұмахан Нұрманбетқызының сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Ал тарих ғылымдарының докторы Клара Хафизова болса Қытай мұрағаттарында сақтаулы жатқан Орталық Азия халықтары туралы мәліметтерді зерттеудің де ортақ іске, яғни ұлттық сана қалыптастыруға тигізер пайдасы көп екеніне тоқталды. Ол бірнеше мысалдар да келтірді. Қытай елінде қордаланған деректерді жинақтау, жүйелеу, сұрыптау мәселесі, шындығында да, уақыт өткізбей қолға алынатын мәселе болуға тиіс. Өйткені сонда жатқан деректер мен материалдар ғана біздің ұлттық тарихымызды түгендеуге, дұрыстауға сәулесін түсіретіні даусыз.
Дөңгелек үстелдің отырысын «Ұлы дала өркениеттері» тарихи-археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ғизатулла Хаймолдаұлы Халидуллин қорытты.
Е.ЕРАЛЫ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті