Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
5966
#Тарихағай: Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтар - e-history.kz

1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасты. Соғыстың басталуы және оның сипаты туралы тарихи деректерге сүйенетін болсақ:

Шабуыл жасаспау туралы (1939 ж. 23 тамыз) Кеңес Одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.

1940 жылдың орта кезеңінде-ақ (18 желтоқсан) Гитлер КСРО-ға басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрлықтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты қысқа мерзім ішінде (3-4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді. Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.

Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады.

Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды.