БАЛУАН ШОЛАҚ
Балуан Шолақтың: Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт гірдің тасын, – деген өлеңін білеміз. 51 пұтыңыз – 816 келі! Осы салмақты 2000 жылы 22 наурызда Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде өткізілген түйе балуандардың Республикалық чемпионатында белтемірге жинақтап, көтерген адамға автокөлік сыйға қойылған. Бірақ, қойылған салмақты бір де бір адам орнынан көтере алмаған. Осы жүлде әлі өз иесін күтуде. Ал зерттеушілердің дерегі бойынша, кейінірек балуан бұл адамзаттық рекордын тағы да өзгертіпті. Ол – 1 тонна 70 келі (67 пұт) тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойған екен. Фотосуретте сол тарихи тас бейнеленген.
ҚАЖЫМҰҚАН
Павлодар облысы Баянауыл ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайының алдында салмағы 1 тонна мөлшерінде таудың сұрғылт тасы тұр. Жұрт оны «Қажымұқан тасы» деп атап, атақты балуанның Баян өңіріндегі ескерткіші ретінде қадірлейді. Қажекең бұл тасты досы Субек ұста Қуанышбайұлына сыйға тартқан екен.
ҚАЙЫСБАЙ
Мұстафа Өзтүріктің туған нағашысы Қайысбай Иісұлы 1866 жылы Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келіп, 1960 жылы желтоқсанда Шіңгіл ауданы, Бәйшін қыстағында 94 жасында бақилық болған. Суретте көрсетілген тасты 37 жасында көтерген. Бұл тас қазір Қытайдың Мори ауданның «Асырқай» ауылына баратын жолдың жиегінде жатыр. Суреттегі тасты құшақтап тұрған қарт адам – Қайысбай атамыздың қызы Зария. Бұл апамыздың 1981 жылы 26 маусымда Швецияның Стокгольм қаласынан туған жеріне келіп, әкеден қалған көз, ақ сұр тасты құшып, мауқын басып тұрған сәті екен.
ДӘЛЕЛХАН
Басы Қытайдан басталатын ұлы Ертістің бойындағы «Жүрек суы» деп аталатын жерде салмағы 800 келі шамасынан артық тартатын тас жатыр. Білетіндердің жазуынша, тастың ең аласа жерінің биіктігі 47 см, ең қысқа ені 81 см, ұзындығы 106 см. Осы тасты көтерген балуан – Дәлелхан Мешелұлы. Дәлелхан сол кезде 22 жаста болыпты. Оның үзеңгілес досы Елісхан Марданұлы деген атамыз тас бетіне: «Балуан Дәлелхан. 1952 жыл. Жазған Елісхан Марданұлы» деп өз қолымен ойып жазған екен.
СОЛТЫКЕН
Балуан Солтыкен Көкішұлы Қытайдың Алтай өңіріндегі Қызылтас ауылында 1952 жылы дүниеге келген. Балуан 22 жасында, яғни 1974 жылы салмағы 292 кг тасты доп көтергендей оңай көтерген! Міне, қазақ күшінің құдіреті!