Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ тарихындағы атақты 5 бақсы

333
Қазақ тарихындағы атақты 5 бақсы - e-history.kz

Қорқыт

Осы бәріміз білетін, күй атасы деп танылған Қорқыт – ұлы бақсы. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Қорқыттың әкесі қара бақсы аталған ғұлама адам болыпты. VІ-VІІ ғасырлардағы оғыз-қыпшақ дәуірінде өмір сүрген Қара бақсы алдағыны болжап айта алатын, санасыздарға саналы ой салатын құдіретті, жалаң аяғымен шоқ басқан, ағын суды тоқтатқан, көкке ұшып, жерге түсе алатын ерекше қасиетке ие екен. Ежелгі жыр-аңыздарда бұл даңқты бақсының қырықтай қасиеті бар деп сипатталады. Ал академик  Әлкей Марғұлан Қара бақсыдан туған Қорқытты бақсылардың бабасы деп таниды. Қазақ фольклорының ірі жанашыры Ә. Диваев жинағында Қорқыт туралы

«Әуелі бақсы пірі Қорқыт ата,

Тілеймін ғафу ет деп кетсе қата.

Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң

Мойныма көп жамағат салған бата» деген жыр жолдарын кездеседі.

 

Қойлыбай

Қорқыттан кейінгі бақсылардың ірі өкіліне зерттеушілер Қойлыбайды жатқызады. «Бағаналы Қойлыбай – барлық бақсылардың пірі, қорғаушысы, Қорқыттан кейінгі ең биік бақсы осы» деген Шоқан Уәлиханов Қойлыбай бақсыға үлкен баға береді. Ел арасында осы ұлы бақсының құрметті есімімен бірге «Қойлыбайдың қобызы» деген тіркес сақталған. Қобызын бәйгеге қосқан бақсының құдіретіне таңқалушы ұрпақ жалғасып келеді. Оның қобызы 200 жүйрікпен бәйгеге түсіп, озып шыққан. Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанында

«Ертеде ел бар екен қалың Найман,

Қытайға қалың найман қанат жайған.

Қалың найман ішіндег бағаналы

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан» деп таныстырылады.

 

Көкше бақсы

Шыңғыс хан заманының ұлы бақсысы – әкелі-балалы Мұңлық және Көкше. Қаһарлы ханның Қазақ даласы мен Орта Азияға жасаған сапарының жолы ашқан осы бақсылар деп жазылады. Рашид ад-Диннің жазбаларында «Жұрт бұларды «Төбе Тәңірі» деп атап кеткен. Бұлар Керей Он ханның адаммдары екен. Әсіересе, Көкше бақсы Шыңғысханға: «Мен тәңірінің өзімен тілдесіп тұрамын. Көкке шығып жүремін... Сенің жорығың сәтті болады,  болашақта дүниенің билейсің!» деп сәуегейлік көрсеткен.

Кейін Темужиннің  даңқы асып, «...құрылтайда Менлік қарттың «жеті қоңқыт» аталған жeтi ұлының ортаншысы Көкеш Теп-Теңгір бақсы Темүжінге «Шыңғыс хан» деген атақ беріп, қолына тоғыз құйрықты ақ ту  ұстатты. Шыңғыс ханды ақ киізге салып хан көтеріп, алтын таққа отырғызды» деп суреттеледі жазушы Т. Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» романында.

 

Бала бақсы       

Бала бақсының нақты кім екендігі туралы ғылым бір тоқтамға келген жоқ. ХIX ғасырдағы күрделі тұлғалардың бірі ретінде оның өмірі қайшылыққа және белгісіздікке толы. Кейбір зертетушілер Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтасты, Ескене қыраттарының маңайын мекендеген Кернебай Сүтемгенұлын Бала бақсы деп таниды. 1825 жылы Қалабай көлінің маңайында дүние есігін ашқан Кернебайдың бойынан бақсылық дарын ерте байқалған екен.  

Әке-шешесі ауру дегенді білмейтін болыпты. Дүниеден күдер үзген әлдеқандай ауру-сырқаулар осы баланың әйтеуір бір шапағаты тие ме деп бара қалса, ілезде сауығып кететін болыпты. Содан бастап ол Бала бақсы атаныпты. Бала бақсы есімі кезінде үш жүзге бірдей мәлім болған. Қобыз тартқан сәтте зорайып, тұлғаланып көрінеді екен. Тарихи мұра болып, осы заманға жеткен музыкалық (әуендік) аспаптардың арасында қобыздың орны ерекше.

Бала бақсының нақыт кім екендігі туралы білдмеуіміздің себебі 70 жыл бойы советтік жүйе дінге және басқа да наным-сенімдерге қарсы аямас күрес жүргізгенімен, қуғындағанымен түсіндіріледі.

 

Есенғабыл бақсы

Есенғабыл өз дәуірінде үлкен бақсы, алыс-жақынға аты шыққан айтулы адам болыпты. Бақсының шыққан тегі – Қақсал атанған Арғынның Шегендік руынан. Қазақ шежіресінде Арғын тайпасының ішіндегі Шегендік – Мейрамның бес ұлының бірі және Қақсал руының түп-төркіні ретінде айтылғаны болмаса, көп жағдайда ру атауы ретінде жазба деректер мен ауыз әдебиетінде Қақсал атауы қолданылады. Шежіреші Мәшһүр Жүсіп: Шегендіктің лақап есімі жөнінде «...Қақсал деген де кісі аты жоқ, қақсай берген соң Қақсал атанған» дейді. Осы Қақсал немесе Шегендік руынан аймаққа белгілі бірнеше бақсы шыққан екен. Күллі Орта жүзге есімі әйгілі Балабақсы, қара қобызымен ауру-сырқау адамдарға емдеген балгер әрі бақсы Тойғұлы және оның қара қобызы аманаттап тапсырылған Есенғабыл бақсы.

Есенғабыл бақсы – ХІХ екінші жартысында өмір  сүрген адам. Шежіре деректеріне қарағанда, ол Балабақсының ұрпағы болып саналады. Нақтырақ айтқанда бақсы Қақсал руының ішіндегі Жамбол, соның Көшкінбайынан тарайды. Оның алдында ғұмыр кешкен Тойғұлы бақсы өзінің қара қобызын Есенғабыл бақсыға беріп кеткен деген сөз бар ел арасында. Ауру-сырқат адамдарды осы емдеп жазатын қасиетті қобыз 150 жылдан астам уақыт сынына бүлінбей ХХІ ғасырға аман жетіп отыр. 

Заңғар КӘРІМХАН