Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Депортация дүрбелеңі. Корейлер

2800
Депортация дүрбелеңі. Корейлер - e-history.kz
Советтік жоғары басшылықтың корейлерді қоныс аударуды өткен ғасырдың 30 жылдарында ұйымдастырғанына қарамастан, алғашқы корей қоныс аударушылары Қазақстанға ХІХ ғасырда келген

Қазіргі Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы алғашқы корейлер 1897 жылы өткізілген алғашқы бүкілресейлік халық санағында көрсетілген. Осы деректерге сәйкес корейлер Жетісу облысының Верный уезінде, Жаркент уезінде, Сырдария облысында, Перов уезінде және Ақмола облысында өмір сүрген. Тарихшылардың топшылауынша, Кореядағы 1893-1895 жылдардағы шаруалар көтерілісінің қызған шағында елдерінен көшкен корей эмигранттары алғашқы қоныстанушылар болған.

Осы көтерілістен кейін жапон-қытай соғысы басталады. Корея бұл соғысқа қатыспаса да, бұл соғыс сол үшін басталып, ал Корей түбегі әскери іс-қимылдар театрына айналды. Жапон-қытай қақтығысынан кейін Корея мен Манчжурияны иелену үшін Ресей империясы мен Жапония арасында (1904-1905 жж.) соғыс басталды.

Жапониямен болатын соғысқа Ресей үкіметі мұқият дайындалды: соғыс басталар алдында Австриямен және Германиямен келісімге қол қойылды, әскери-теңіз флоты күшейтілді, Транссібір теміржолының құрылысы аяқталуға таяп қалған еді. Бұл кезде Жапония Қытаймен болған соғыстан жеңімпаз болып шыққан еді. Алайда халықаралық қауымдастық (Германия, Ресей және Франция) жапон милитаристерінің Ляодун түбегін иелену құқығын мойындамай, жапондықтарды оны Ресей империясына жалға беруге мәжбүрледі. Бұл оқиғалар жапондық үкіметті патшалық Ресеймен соғысқа итермеледі.

Орыс-жапон соғысы басталысымен Николай II патша Қиыр Шығыста тұрып жатқан «желтолицых» (бұл жапон, қытай мен корейлерді білдіру үшін заңды түрде қолданылған сөз) полиция бақылауында ұстап, ішкі губернияларға қоныс аударған. Яғни, корейлерді алғашқы күштеп көшіру патшалық режим кезінде жүргізілген, ал совет билігі кезінде корейлерді қоныс аудару басқа сылтаулармен өткізілді.  

1928 жылдың аяғына қарай елде күріш өсіруді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Бұл үшін Қиыр Шығыс өлкесінің корейлерін тарту шешіледі (70 отбасы, 300 адам). Бұл бастама өз жемісін берді: 1931 жылға қарай Қазақстан ССРО-ның күрішті ең көп егетін өлкесіне айналды.

Корейлер Қазақстанның күріш алқаптарында

Алайда корей диаспорасы Далалық өлкеге мәжбүрлі түрде әкелінген жоқ. Тек 1937 жылдың қыркүйегіне қарай Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП (б) ОК-нің бірлескен «Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралас аймақтарынан корей халқын көшіру туралы» қаулысымен 172 мың этникалық корей Қазақ ССР-нің шөлейт аудандарына көшуге мәжбүрледі. Қаулыда мынадай уәждеме келтірілген:

«ДВК-ге (Қиыр Шығыс өлкесі) жапондық тыңшылықтың енуінің алдын алу мақсатында» «ССРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП (б) Орталық Комитет қаулы етеді: Қиыр Шығыс өлкесіне жапондық тыңшылықтың енуінің алдын алу мақсатында келесі іс-шаралар жүргізілсін:

1. БКП (б) Қиыр Шығыс өлкелік комитетіне, өлкеплік атқару комитетіне және Қиыр Шығыс өлкелік УНКВД-ға Қиыр Шығыс өлкесінің Посьет, Молотов, Ханкай, Хороль, Чернигов, Спасск, Шмаков, Постышев, Бикин, Вяземь, Хабаров, Суйфун, Киров, Калинин, Лазо, Свободненск, Благовещенск, Тамбов, Михайлов, Архаринск, Сталин және Блюхер шекаралас аудандарындағы корей халқын Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі мен Балқаш аудандарына және Өзбек ССР-не көшіру ұсынылсын. Көшіру Посьет ауданынан және Гродековоға жақын аудандардан басталсын.

2. Көшіру дереу басталсын және 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталсын.

3. Көшірілетін корейлерге өзімен бірге дүние мүлкін, шаруашылық құралдарын және малын алуға рұқсат етілсін.

4. Көшірілушілерге орнында қалған жылжитын және жылжымайтын мүлкі және егістік жері үшін шығын төленсін.

5. Шетелге шығуға ниет білдірген көшетін корейлерге кедергі келтірілмесін, шекараны кесіп өтудің жеңілдетілген тәртібі рұқсат етілсін...

11. Корейлер көшірілген аудандардың шекарасын нығайту үшін шекара әскерлерінің саны 3 мың адамға көбейтілсін.

12. ССРО Ішкі істер халық комиссариатына шекарашыларды корейлердің босаған үй-жайларына жайғастыруға рұқсат етілсін.

ССР Одағы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Молотов

БКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы И. Сталин».  

Қаулы депортацияға басшылық жасаған Ляшковқа Ежовтың құпия шифрограммасымен толықтырылды: [Қиыр Шығыс өлкесі бойынша НКВД Басқармасы бастығы Г.С. Люшковқа ССРО ІІХК (НКВД) халық комиссары Н.И. Ежовтың корейлерді көшіру бойынша операция мерзімі мен тәртібі туралы № 535 шифрограммасы] 29 тамыз 1937 ж. 29/8-37 № 535 ХАБАРОВ ӨЛКЕЛІК КОМИТЕТІ, ӨЛКЕЛІК АТҚАРУ КОМИТЕТІ ЛЮШКОВҚА

Бірінші. Посьет және Гродеков бағытындағы аудандар үшін корейлерді көшіру мерзімі 1 қазанға қарай және басқа аудандар 15 қазанға қарай бекітіледі.

Екінші. Ворошилов қаласының және көшірілетін аудандардың корейлері де бірден көшіріледі. Осы аудандардың коммунист, комсомол корейлері және барлық корей зиялылары бірден көшіріледі.

Үшінші. Қатардағы және кіші басшылық құрамдағы қызыләскер корейлер қызметтен босатылуы керек.

Төртінші. Басшылық құрамдағы және шекара қызметіндегі корейлер ішкі округтерге ауыстырылсын. Олар ауысқанға дейін олардың отбасылары көшірілмесін. Корейлердің басшылық құрамы ауыстырылған кезде отбасыларына командирмен немесе көшетін аудандарға шығуға рұқсат етілсін.

Бесінші. ЖШҚА бөлімдерінде, шекара қызметінде және шекара жолағындағы милицияда қызмет ететін барлық корейлер шұғыл кері шақыртылсын.

Алтыншы. Қаз.ССР мен Өз.ССР-не жіберу үшін ГУГБ, шекара қызметінде және милицияда қызмет ететін мығым корей қызметкерлерінен топ құрылсын. Тағайындалым алу үшін олардың саны, аты-жөні, лауазымдары телеграфпен хабарлансын.

Жетінші. Шекарадан жеңілдетілген тәртіппен шығарамыз. Қоғамдастырылмаған барлық жеке мүліктерін өздерімен бірге алсын. Бағалы заттарын шығаруға рұқсат етілсін. Шекарадан шығарылған кезде төлқұжаттары мен басқа да ресми құжаттары тартып алынсын.

Сегізінші. 3 айға қайта даярлау үшін НКВД запасынан 400 адам шақыруға рұқсат етілсін. Тоғызыншы. Эшелонғңа отырғызар кезде төлқұжаттары жиналып алынсын, олар эшелон коменданттарында болсын. Жаңа орында ХКК 861 қаулысының 11-тармағына сілтеме жасалынып жаңа төлқұжаттар беріледі.

ССРО Ішкі істер халық комиссары, мемлекеттік қауіпсіздіктің бас комиссары Ежов.  

Депортациялау іс-шараларының аз-ақ алдында НКВД-ның жергілікті органдары қуғын-сүргіннің басталуы туралы бұйрық алады. Қысқа мерзім ішінде НКВД күштерімен «Коммунистік интернационалдың» барлық корей секциясы, БКП (б) Қиыр Шығыс өлкесінің барлық дерлік басшылары, жоғары білімді корейлердің басым бөлігінің көзі жойылады. Олармен қоса, Қызыл армия, НКВД жергілікті органдары мен корей зиялылары да номенклатуралық тазалау шеңгеліне түседі. Корей халқын депортациялау ССРО-дағы тұтас халықты қоныс аудару бойынша алғашқы репрессивтік іс-шара болды.

Бұл іс – шара алғашқы бола тұрса да, өзінің ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Корейлерге көшуге дайындалу үшін белгілі бір мерзім беріледі. Әр эшелонға жауапты адам тағайындалады. Эшелон тұруға арналған 50 вагоннан, 5-6 жабық жүк вагоннан, 2 ашық платформадан, санитарлық вагоннан және ас дайындайтын вагоннан тұрды. Жолаушыларға арналған елу вагонның әрқайсысында 25-30 адамға арналған қос қабатты сәкі-төсекпен, темір пешпен жабдықталды және бірнеше НКВД адамы болды. Қиыр Шығыс өлкесінен Орта Азияға дейінгі жол бір айдан 40 күнге дейінгі уақытты құрады. Тұтастай бір халықты депортациялау басым бөлігінде корейлер тұрған елді-мекендердің жойылуына (Худувай, Арякнуезя, Пунктой, Тизинхе және т.б.) әкелді. Ал, босап қалған үйлерге елдің батысынан келген қоныстанушылар орналастырылды.

ТМД корейлер қауымдастығының халықаралық конфедерациясының пікірінше арнайы қоныс аударушылар мәртебесін корейлер тек Екінші Дүниежүлік соғыстың аяғында ғана, 1945 жылдың 2 маусымында алған. Алайда жапон капитуляциясынан кейін 28 тамызда бұл бастама тоқтап қалады. Бұған дейін Қиыр Шығыс өлкесінен көшірілгендерде әкімшілік көшірілгендер мәртебесі болған, бұл оларға өңірде еркін қозғалып тұруға мүмкіндік бермеді, алайда олардың жоғары лауазымдарды атқаруға және жоғары білім алуға құқылары болды.  

Советтік билік корей қоныс аударушылардың жайғастырылуын мейлінше жеңілдетуге тырысқанын мұрағат құжаттары көрсетеді. Корейлерге депортация кезінде айырылған мүлкі үшін өтемақы беріліп қана қойған жоқ, сонымен қоса Өзбекстанда шаруашылығын жөнге келтіруі үшін өтеусіз материалдық көмек (3000 рубль) көрсетілді. Бұдан басқа, әкімшілік қоныс аударылған корейлердің мәртебесі оларға құрылыс материалдарын, несие және шұрайлы жерлерді алуға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың түсінбестігін туғызды.

Алайда Қазақстанда корейлерге берілген жерлердің көп бөлігі олар үшін үйреншікті күріш өсіру мен жеміс өсіру ісіне жарамады, сондықтан да депортацияланған корейлердің едәуір бөлігі Қазақстаннан Өзбекстанға көшті.

Корей театрындағы спектакльден көрініс

Тарихшылардың пікірінше, корейлерді Қызыл Армия қатарына алмаған, бірақ олар тыл еңбегіне немесе «Еңбек армиясына (Трудармия)» белсенді тартылған. Сонымен қоса, ССРО-да корейлердің партиялық және әскери қызметте мансабының өсуіне құпия тыйым салынған. Бірақ бұл жерде де ережеден тыс жағдайлар болып тұрған: Совет Одағының Батырлары МҚК полковнигі Ким Евгений Иванович және Мин Александр Павлович. Басқа ұлыстармен бірге корейлер де ССРО кезінде де және одан кейін де Қазақстанның тарихын жасауға қатысты. Осындай адамдардың қатарына Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романын орыс тіліне аударған атақты прозаик әрі драматург Анатолий Андреевич Кимді жатқызуға болады.

Тұтас халықтың көшірілуі туралы ол былай деп еске алады: «1937 жылы, сталиндік қанды репрессияның ең сұрапыл жылында, корейлерді мәжбүрлі түрде Қиыр Шығыстан көшірді. Шаруаларды, қызметкерлерді, студенттерді, балықшыларды, балалар мен ересектерді, театр актерлерін, адамтамыр мен панта іздеушілерді – барлық корейлерді тауарлық вагондарға тиеп, қарауыл қойып, батысқа қарай аттандырды... Бұл күштеп көшіру: кінәлісің деп айыптады. Бірақ қандай кінә? Қиыр Шығыстың корей халқына қандай кінә тағылғаны осы күнге дейін анықталған жоқ. Түсініксіз күнә сезімін арқалап, мерзімсіз жер аударылған үш жүз мыңға жуық адам кінәсін өтеуге аттанды...

Қазақстанда советтік суретшілер Владимир Цой мен Николай Ли, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кітапханасы мен Алматыдағы Республика сарайының құрылысына атсалысқан ҚазССР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі Владимир Ким өмірге келген. Қазақ даласынан бес дүркін олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Нелли Ли, баскетболшы Олег Ким, боксшы Николай Ли сияқты советтік спортшылар қанат қағып ұшқан. Советтік рок-музыкант, «Кино» тобының негізін қалаушы Виктор Цойдың атасы Қазақстанға жер аударылған, Қызылордадағы корей педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған. Сөз реті келгенде айтакету керек, В. Цойдың ағасы Лев пен тәтесі Алла 2006 жылғы жағдай бойынша Қызылордада тұрған.  В.Цойдан басқа Қазақстанда белгілі дирижер Геннадий Ким, эстрада әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гон Чха Мун, советтік актерлер Ким Дин мен Николай Ли, әнші Нелли Ли дүниеге келген.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?