2007 жылы 5 маусымда «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусымды Полиция күні деп бекіткен болатын. Осы орайда Qazaqstan tarihy порталы халықтың тыныштығын күзетіп, сол жолда қаза болған полицейлерді еске аламыз.
Жирентаев Жанайдар Асқарбекұлы. 1960 жылы 25 қыркүйек айында қазіргі Ақмола облысы Балқаш ауданының Веселое ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Целиноград автомобиль көлік техникумына түсіп, 1980 жылы оқуды бітіреді.
1980 жылдың 24 қарашасынан бастап 1982 жылдың 25 қарашасына дейін Қарулы Күштерде Ауғанстандағы совет әскерлерінің контингенті құрамында қызмет етті.
1984 жылдан бастап Ішкі істер органдарында Экономикалық қылмыс департаментінде қызмет істей бастады. Кейіннен қылмыстық милиция құрамында өзінің жұмысын тыңғылықты атқарып келіп, 1993 жылдан бастап Ақмола қаласында қылмыстық қауіпсіздік қызметкері болып орналасады. Жұмысымен қатар 2 жыл С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетінде оқыды.
Жұмыс барысында атқарған істеріне жауапкершілікпен келген. Қатарластарынан кейбір қасиеттері ерекшеленіп тұратын.
Кіші лейтенант Ж. Жирентаев 1994 жылы 4 ақпан күні қаза болды. Сол күні Ақмола қаласының тұрғынының қоңырауы бойынша жедел түрде қарақшылардың қолынан құтқару үшін шыққан болатын. Қоңырау шалған кісінің айтуынша, оның ұлын екі қарақшы ұрып-соқпақшы болған. Қарақшыларды қолға түсіру барысында біреуі аңшылық мылтық пайдаланған. Милицияның «мылтықты таста!» деген бұйрығына олар бағынбады. Екіжақты тартыста Ж. Жирентаев басқаларды құтқару үшін өзіне атылған оқты кеудесімен тосып, сол жерде қаза табады.
Жанайдар Жирентаевтың әйелі мен екі қызы бар.
Ерен ерлігі үшін ҚР Президентінің жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Нұр-Сұлтан қаласындағы бір көше Ж. Жирентаевтың есімімен аталады. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласындағы №22 мектепте қайтпас қайсар Ж. Жирентаевты еске алу үшін оның жақындары мен бірге қызмет атқарған әріптестері жиналады.
Қонаев Марғұлан Амангелдіұлы. 1971 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауылында дүниеге келген. 1988 жылы өзі туған ауылда орта мектепті бітіреді. Кейін Қызылорда облысында бір зауытқа жұмысқа тұрады.
1990 жылы әскер қатарына шақыртылып, Германияның Стендаль қаласында болып, 1991 жылы Марғұланды Грузияның Ахалцихе деген қаласында жібереді. 1992 жылы әскерден қайтады.
М. Қонаев 1994 жылдан бастап, Ішкі істер органдарына жұмысқа тұрады. Алғашқы қызметін сержант шенімен бастайды.
Марғұлан әрдайым білім алуға, жоғарыға ұмтылып тырысатын. Басты армандарының бірі – жоғарғы оқу орнында оқып, диплом алу. Сол арманын 1994 жылдың тамыз айында орындайды. Қазақ ұлттық университетіне түсіп, 1999 жылы тарих факультетін сырттай оқып, бітіріп шығады.
1997 жылы ақпан айында Марғұланға кіші лейтенант шенін табыстап, ол инспектор қызметіне дейін көтеріледі. 2001-2005 жылдары ол Ақтөбе қаласындағы Ішкі істер министрлігінің училищесінде жоғарғы қызметте болды. Ал 2005 жылы Астана қаласындағы Ішкі істер департаментінде жол полициясының аға инспекторы болып тағайындалады.
Марғұлан спортқа жақын болатын. Кезінде футболдан Қазақстан жастар құрамасында ойнаған. Өз ісінің маманы ол әріптестерінің арасында зор беделге де ие еді.
2005 жылы 18 қыркүйек айында Марғұлан өзінің кезекшілік уақытында жолда бір көліктің жол апатын тудырып жатқанын байқап, оны тоқтату үшін іс-әрекет жасайды. Бірақ, көлік жүргізушісі рульді дұрыс ұстай алмай, Марғұланды басып кетеді. Апат болған жайттан соң, Марғұлан алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмады. Кейіннен белгілі болғандай көлік жүргізушісі ішімдік ішіп алған екен.
ҚР Президентінің жарлығы бойынша 2005 жылы 16 желтоқсан күні М. Қонаевты II дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттайды. Марғұланның Ақтолқын және Жұлдыз атты екі қызы, әйелі бар.
Ділманов Әбдіғаппар Тұребайұлы. 1977 жылы 22 желтоқсан күні Қызылорда қаласында дүниеге келеді. 1994 жылы И. Қабылов атындағы орта мектепті бітіреді. Мектеп бітіргеннен соң, Қызылорда мемлекеттік университетіне түседі. 1998 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақыртылады.
Қызмет барысында ерекше көзге түскен. Себебі, ол барлық ережелермен қаулыларды жатқа айтып, кез-келген қиын сәтті жақсы шеше білген.
2001 жылы 14 мамыр күні Әбдіғаппар жұмыс істейтін учаскіге Железнодорожный ауылының тұрғынынан қоңырау шалынады. Жапа шегушінің айтуынша, оның екі жылқысын ұрылар ауладан ұрлап кеткен. Бір топ полицей ұрылардың ізіне түспекші болып түнге дейін жүреді. Полиция лейтенанты Ә. Ділманов ауылдан 5 шақырым қашықтықта жылқының ізін көріп, олардың артына түседі. Бірақ, темір жол торабынан өтіп бара жатқан Әбдіғаппарды пойыз қағып кетеді. Алған жарақаттарынан Әбдіғаппар сол жерде көз жұмады.
Астана қаласының Ішкі істер департаменті Әбдіғаппар қызмет істеген «Алматы» ауданының Ішкі істер басқармасының ғимаратына мемориалды тақта орнатты.
Біз келтірген мысалдар өз ісіне адал полицейлердің аз ғана бөлігі ғана. Тәуелсіздігімізді алып, көк туымызды желбіретіп, ел болғалы біршама жыл болды. Осы уақыт арасында жасалып жатқан, болған істің барлығы – тарих. Ендеше, халықтың тыныштығын күзеткен сақшыларымызды жадымызда сақтап жүрейік.