Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қостанай қорымдары

2324
Қостанай қорымдары - e-history.kz
Еліміздің теріскейіндегі Қостанай өңірі тамаша табиғатымен ғана емес, көне замандардан сыр шертетін оба-қорымдар мен сәулет-мәдениет ескерткіштерінің көптігімен танымал

Ресми мәліметке сенсек, аталмыш өңірде 726 тарихи ескерткіш бар екен. Тарихи-мәдени мұраларға жататын нысандардың саны 500-ден асады. Сондай ескерткіштердің бірі – Екі Дің кесенелері. Түп тарихы шамамен ерте темір ғасырынан басталатын бұл кесенелер бүгінде туристер көп келетін нысандардың бірі болып отыр. Бір-бірінен біршама алыс қашықтықта орналасқан екі төбенің үстінде орналасқан қос кесене Арқалық қаласының Сарыторғай ауылына жақын жерде жатыр. Жалпақ тастардан өрілген сфералық формадағы көне ескерткіштер. Біреуі Бейсен қыстауынан солтүстік-батысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Жанында Қараторғай өзені ағып жатыр. Үйіндінің диаметрі 15, биіктігі 0,7 метр. Сыртында ені 5 метр болатын ор қоршалған, оның тереңдігі 0,3 метр. Екіншісі де киіз үй тәрізді құрылыс. Жалпақ табиғи тастарған салынған диаметрі 6 метр болады, ал жалпы биіктігі 3,8 метр.

Кейбір ғалымдардың ойлауынша, бастапқыда олар сакралды, салттық міндетке ие болған. Тағы бір деректерде Оғыз, қыпшақ, қарлұқ қағанаттары кезінде кеңінен таралған мұндай құрылыстарды жау жолын қарап отыратын қарауыл ретінде пайдаланғаны айтылады. Кейін бұл деректердің растығын белгілі ғалым Әлкей Марғұлан дәлелдеп берді. Академик ағамыз 1959 жылы екі ескерткішке қатысты археололиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қос кесеннің ерте темір дәуіріне жататынын дәлелдеді. Оның жазуынша, Қазақстан аумағында сирек кездесетін «айтас» немесе «дің» деп аталатын киіз үй тәріздес бұл құрылыстар ерте кезде қасиетті салттарды орындауға арналған жер болуы мүмкін. «Бұл қасиетті «Діңдер» Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы кездерінде жау келер жақтағы жойқын даланы бір шолып өту үшін ұлы жиһангерге де қажет болған. Кейіннен Абылай ханға, Хан Кенеге де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен. Жабайы тастан жасалған шар тәріздес формасы бар екі көне құрылыс Ислам діні орнағанға дейінгі уақытқа жатады. Қазақстан территориясында сирек кездесетін құрылыстар қазақтың көне «шошалы» формасы бойынша салынған және олардың салттық мәні болуы әбден мүмкін» деп жазылған Әлкей Марғұланның 1959 жылғы «Қазақ архитектурасы» кітабында.

Жергілікті аңыздар бойынша ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда діндер орналасқан төбешіктердің арасында қантөгіс шайқастар өткен. Дәл осы жерде жауласушы рулар қолбасшыларының ордалары орналасқан-мыс.  

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында жергілікті тұрғындар бұзылған діңдерді ішінара қайта қалпына келтірген. Ескерткіш 1982 жылдан бері мемлекет қорғауында.

Бестамақ обасы

Ескерткіш Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданы, Шиелі ауылының оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым жатыр. Бестамақ обасы аталмыш өңірден табылып отырған энеолит дәуіріне тән жалғыз оба болып саналады. Оба 1991 жылдан бастап зерттеуге алынып, бүгінге дейін 170-тен астам көне мола орны зерттеліп, түрлі салттық ғимараттар табылды.

Бір айта кетерлігі 1991 обаны бір қойшы тапқан еді. Ол қой жайып жүріп шұнқырлардың бірінен қыш құмыралар тауып алады. Кешікпей бұл хабар Қостанай облысындағы археологиялық лабораторияның бастығы Виктор Логвинге де жетіп ұзамай зерттеу жұмыстары басталады. Зерттеу жұмыстары барысында бұл ескерткіштердің  тас дәуіріннен бастап, қола дәуірі, кеш қола дәуірі, ерте темір кезеңі, орта ғасырларға дейін, үшінші мыңнан біздің заманымыздың бастауыш ғасырларына дейінгі аралықты қамтитытын анықталады. Кейінірек археологтар андронов мәдениетіне жататын жәдігерлер тапты.

Қоржын там – сәулет өнері ескерткіші. Қостанай облысы Амангелді ауданы Амангелді ауылының оңтүстігінде ескі қорымда орналасқан. Ел арасында «Сатыбалды ишан тамы», кейде «Файзолла ишан тамы» деп аталады. Қоржын там-ға өңірге белгілі Сатыбалды ишан (1826 ж. т.), оның баласы Файзолла ишан (1882 – 1959) жәнеОмар Тепекұлы (1871 – 1932) жерленген. Қоржын тамды 1899 ж. Сатыбалды ишанның баласы Мырза ишан салдырған. Кесене екі бөлмелі, қос күмбезді құрылыс. Шикі кірпіштен қаланып, іші, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Құбыла жағына екі және бүйірдегі қос қаптал қабырғаларына төрт доғал таяз қуыс түсіріліп сәнделген. Шығыс жағында төбеге шығаратын баспалдағы бар. Күмбездерінің аумағы әр түрлі, олар тақта кірпіштен өріліп, басына ай кескіні орнатылған. Адамдардың зираттары сағана түрінде орналастырылған. Кесененің аумағы 10,5x5,5 м, биіктігі 6,88 метр Қоржын тамға 1980 жылы Қазақ КСР Мәдениет министірлігі экспедиция (жетекші Ж.А. Шәйкен) зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1983 жылы мемлекет қарауына алынды. Кесенеге 1991 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өңірде сонымен қатар, атақты тұлғалардың құрметіне салынған кесенелер де баршылық. Солардың бірі – Ол Сахан Мақат кесенесі. Мақат арғынның төлек руынан шыққан данышпан адам болған. Сонымен қатар, осындай қасиетті орын Түркебай ата мазары. Ол Наурызым ауданының Өлеңді ауылында. XIX ғасырда өмір сүрген бақсы көрікпел болған. Халық арасында Түркебай ата айтыпты «Менің күшім 200 жыл сақталады» деген сөзі әлісақтаулы. Сондықтан, осынау қасиетті орынға да дініне, ұлтына қарамай тәу етіп келушілер де күн санап артуда

Шоқай Балқанұлы мазары

Шоқай Балқанұлы шамамен 1775-1858 жылдары өмір сүріп, Жәңгір ханның кеңесшісі, әрі үш жүздің биі болған. Қостанай облысының қазіргі Алтынсарин ауданына қарасты Докучаев атындағы кеңшарының Қарағайлы ауылында  туған. 1858 жылы қайтыс болған деген дерек бар. Сондай-ақ, оның әулиелік қасиеті де болыпты. Аталмыш мазар 1995 жылы Шоқай Балқанұлының туғанына 220 жыл толуы мерейтойы қарсаңында салынды.

Барлыбай күмбезі – ХХ ғасырдың басынан сақталған дәстүрлі сәулет өнері ескерткіші. Жыланшықтүрме қыратындағы (Қостанай облысы Амангелді ауданы) Сарыторғай өзінің Терісбұтақ саласы жағалауының оң жақ бетінде тұрғызылған. Ғимараттың іргесі тең шаршы пішінді, өлшемі – 6,23x6,21 м, қабырғаларының биіктігі 2,50 м. Оның алдыңғы қасбетіндегі есік ойығының өлшемі – 1,87x0,70 м. Төрт қабырғасының жоғарғы жағына мәнерленген шаршы тақта кірпішпен бұғаттама берілген. Алдыңғы қасбетіндегі есік ойығына сәйкес, оның екі жағына екі ойық мәнерлеп өрілген. Құрылысқа күйдірілген қызыл кірпіш пайдаланылған. Уақыт пен ауа райының құбылыстары әсерінен ғимараттың бүрмелі күмбезі мүлдем опырылып құлаған.

Ыбырай Алтынсарин кесенесі – ұлы ұстаз және ағартушының моласы орнындағы ескерткіш. Ескерткіш Тобыл өзенінің оң жағалауында Қостанай қаласынан 7 км жерде орналасқан. Ол әйгілі ұстаз-ағартушы, ғалым-этнограф, ақын және жазушы, публицист және мектеп білімі саласында танымал қайраткердің құрметінен салынған.

1947 жылғы 10 қыркүйекте Халық депутаттарының Қостанай қалалық кеңесі «Көрнекті қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің жерлеу орнын сақтап қалу» туралы шешім қабылдады. 1961 жылы ұлы оқытушының туғанына 120-жылдық мерейтойына орай оның жерленген орнына гранитті тас қойылады. 1991 жылы, Қазақстанда ағартушының 150-жылдығын кеңінен тойлаған кезде гранитті тас айналасында кесене тұрғызылды, оның салтанатты ашылуы 22 шілдеде өтті. 2017 жылы қыркүйек айының соңында Қостанай ауданында ұстаздар күніне орай қайта жаңартылған Ы.Алтынсарин кесенесі салтанатты түрде ашылды. Ертеректе кесенің басында белгі тас қана болыпты

Кейкі батырдың кесенесі

Нысанның орналасқан жері: Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Тасты ауылы. Іргетасы 2005 жылы қаланды. Кесенені салу кезінде табиғи тастар пайдаланылған. Кесененің ішіне халық батырының мүсіні орнатылған. 2017 жылы осы сағананың жанынан жаңа кесене салынып, қыркүйек айында батырдың сүйегін жерлеу рәсімі өтті. Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембаев) – 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы белсенді және аңызға айналған тұлғалардың бірі. 1871 жылы Қостанай облысының Битума деген жерінде дүниеге келген, руы Орта жүз қыпшақ. Ол өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресті. Амангелді Иманов және қозғалыс жетекшісі Әбдіғапар ханның досы, серігі. Өзінің үзеңгілестері Амангелді Иманов, Әбдіғапар хан қайтыс болғаннан кейін Кейкі батыр кеңес өкіметіне қарсы шығып, қуғынға ұшырайды, 1919 жылдың 18 мамырында Ұлытау және Қызылқұмға кетуге мәжбүр болады. 1923 жылы көктемде ол қызыл әскерліктердің қолынан өлтірілді. Қазақ мергенінің кесілген басын қорқыту мақсатында Торғайдың орталық алаңына іліп қояды. Содан кейін оны дәлел ретінде Орынборға жібереді. Кейіннен Санкт-Петербургке Ұлы Петр атындағы (Кунсткамера) Антропология және этнография музейіне жіберіледі. 2016 жылы Кейкі батырдың сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінің мамандары жалпы антропологиялық талдау жасады және халық батырының бейнесін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізді.

Басында айтып өткеніміздей, Қостанай өңірі тарихи ескерткіштерге өте бай. Бір ғана Лисаков елді мекенінің аумағында (30 км радиусында) неолит дәуірінен бастап өңір дамуының барлық тарихын көрнекті көрсететін кешенді 41 ескерткіш  бар екен. Зерттеу жұмыстары барысында бұл кене ескерткіштердің  біздің заманымызға дейінгі  2 мыңжылдықтарға жататыны белгілі болып отыр. Сонымен қатар, сол дәуірлерде мекендеген андронов тайпалары, қола ғасырындағы адамдардың үндіиран тайпаларымен тарихи байланысы секілді көптеген мәліметтер алынып отыр. Жиырма жылдан астам уақыт жасалған қазба жұмыстары нәтижесінде жүз елуден астам жерлеу құрылыстары (тас қоршаулар және қорғандар), сондай-ақ, ірі көлемдегі қоныс орындары табылды. Андроновтық тайпалардың өміріне, тұрмысына, діние түсінігіне жарық түсіретін көптеген керемикалық бұйымдар, алтыннан, қоладан жасалған зергерлік әшекейлер, еңбек құралдары, сондай-ақ, киім бөлшектері секілді табылған заттар ғылым үшін үлкен маңызға ие. Олардың көп бөлігі бүгінгі таңда Лисаковскінің Жоғарғы Тобыл маңы тарихы мен мәдениеті мұражайында сақтаулы.

Облыс территориясының оңтүстік аудандарында қазақ халқының тарихи мен мәдениетінің ескерткіштері бар: Амангелді ауылындағы Сатыбалды-Ишан, Дын мазар мавзолейлері, Жәуке-батыр мазары, «Қыз-Тама»(«Қыз бейіті») және т.б.

Жақында қостанайлық өлкетанушы-зерттеуші Дмитрий Дей Торғай даласынан 101 қорғаннан тұратын Үштоғай ескерткішін тапты.

Мамандар мұндай конструкция біздің дадаларда бірінші рет кезігіп отыр дейді. Бірнеше жыл бұрын археологтар шеттегі бір қорғанды қазу жұмыстарын жүргізді, ол бос болып шықты. Бұл архитектуралық тұрғыдан қызықты шырағдан болуы мүмкін.

«Үштоғай шаршысы» деген атауға ие болған бірінші геоглиф, 101 қорған түріндегі үйіндіден тұрады, шаршының жақтары 280 метр жобасында. «Торғай свастикасының» диаметрі жобамен 90 метр, бұл нысан да жер үгіндісінен тұрғызылған. 

2008 жылдан 2009 жылға дейін тағы осындай 7 нысан табылды: шаршы, крест түріндегі үш фигура, 25 үгіндіден тұратын шеңбер, қорған тізбегіне ұқсайтын екі нысан.

Төрт ірі мемориалдық мұражайдан тұратын мұражай кешені бар- Шақшақ Жәнібектің панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин, Ыбырай Алтынсарин және Ахмет Байтұрсыновтың мұражайлары.

Қамысты ауданы территориясында жоңғарлармен соғысқа қатысқан батырлардың бейіттері бар: ауылдың жанында  биік төбелерде XVIII  ғасырдағы шайқастарға қатысқан батырлар жерленген.

Дайындаған Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?