Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы ақынның туған күні

3218
Ұлы ақынның туған күні - e-history.kz
Туғанына 175 жыл толатын қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл ғұламасы Абай Құнанбайұлының туған күніне қатысты деректер әркімді сан-саққа жүгіртіп келгені рас

10 тамыз бен 23 тамыздың арасын айқындау үшін белгілі абайтанушылар бұған дейін де сан мәрте бас қосып, нақты талқылағанымен, жалпақ жұрт бас қоятындай тоқтамға келген емес. Осы мәселеге байланысты Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығы (жетекшісі Ержан Еңсебай) «Абайтану мәселесі: туған күні жөніндегі деректер» тақырыбында жиын өткізіп, даулы мәселеге нүкте қойып отыр.

Абайтану ғылымының асқар таудай алыбы, теңіздей терең білгірі Қайым Мұхамедханов Абайдың туған күніне қатысты өз ойларын ғылыми-шығармашылық жолында үнемі білдіріп келген, сондай бір нақты, деректі мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Шағын мақаланы әлеуметтік желідегі парақшасына ғалымның қызы, профессор Дина Мұхамедхан жариялады.

Ақынның дүниеге келген күні

Абайдың дүниеге келген күнін әрбір жыл сайын ерекше еске алып, кемеңгер ұлы ақынның қасиетті аруағына тағзым етіп, құрмет көрсету – қадірлі дәстүріміз.

Бірақ, Абайдың қай айда, қай күні туғаны, қай жерде дүниеге келгені туралы нақты тарихтық дерек анықталып, осы күнге шейін бірқалыпқа түскен жоқ, тұрақты қорытынды пікір жазылған жоқ.

Абайдың өмір тарихы ақын қайтыс болғаннан кейін жазылып, 1905 жылы орыс тілінде Семей газетінде жарияланды. (Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог), «Семипалатинский листок», 1250-252). Осы мақала екінші рет 1907 жылы жарияланды («Записки Семипалатинского. подотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества». Выпуск III, 1907 г., стр. 1-8). Бұл екі мақаланы да жазған Әлихан Бөкейханов екенін, оған Абай өмірі туралы мағлұмат берген Тұрағұл, Кәкітайлар екенін де бұдан бұрын жазып, баспасөз жүзінде толық баяндағанбыз.

1908 жылы Орынборда шығатын татар газеті «Ибраһим Құнанбаев» деп аталған мақала жариялап, Абайдың өмірі, ақындық өнері туралы жақсы мағлұмат берген («Уақыт» газеті, 1 338, 1908 ж., Орынбор).

Абай өлеңдерінің ең алғашқы таңдамалы жинағы бірінші рет Петербургта Илияс Бораганский баспаханасынан 1909 жылы басылып шыққаны белгілі. Сол жинақтың соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны берілген. «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұғылының өмірі» деп аталған мақаласының басында: «23 июньде 1904 жылда туған жері Шыңғыс тауында дүниеден қайтты, атақты қазақ ақыны, Шыңғыс елінің қазағы Абай Құнанбай ұғылы. Кітапта шын аты – Ибраһим, бірақ қазақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған «Абай» атын халық атап кеткендіктен біз де Абай дейміз, – деген (104-бет). Сөйтіп, Абайдың дүниеден қайтқан күні нақты белгілі, Яғни ескіше 23 июнь (маусым) жаңаша – 6 июль (шілде). Ал Кәкітай Абайдың қай айда, қай күні туғанын атап айтпайды. «Абай 1845 жылы, жылан жылында туды, 1904 жылы ұлу жылында 60 жасында дүниеден қайтты» дейді (105-бет). Әлихан Бөкейханов жазған, жоғарыда аталған мақалада да Абайдың туған, дүниеден қайтқан уақыты туралы Кәкітай жазған мағлұмат берілген.

1922 жылы Қазанда және Тәшкентте басылып шыққан Абай жинағында 1909 жылы жарияланған Кәкітай жазған Абай өмірбаяны өзгеріссіз көшіріліп басылған.

Сөйтіп, Абайдың өмір тарихын алғашқы жазушылар (Әлихан, Кәкітай, Тұрағұл) ақынның қай айда, қай күні, қай жерде дүниеге келгенін атап жазбаған.

Абайдың 1933 жылы шыққан «Толық жинақ» деп аталатын кітабының соңында жарияланған Мұхтар Әуезовтің үлкен мақаласында да ақынның туған айы, күні, дүниеге келген жері көрсетілмеген: «Абай 1845 жылы әкесі Құнанбайдың 41 жасында Ұлжан деген бәйбішесінен туған» делінген. Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін Абайға арнаған мақалаларында (тегінде Мұхтардың Абай өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы (варианты) бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жазғандары) ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес.

Ал, осы күнге шейін «Абайдың туған күні – 10 тамыз» деп аталып келді. Бұл мағлұматты берген адам – Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов. Әрхам 1885 жылы туған. Оның әкесі Кәкітай (Ғабдулхәкім) Ысқақұлы туралы Мұхтар Әуезов Абайға арнаған зерттеу еңбегінде: «Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқтайық. Бұл жөнінде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай тәрбиелеп баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айырықша айту керек» дейді.

Ал, Әрхам әкесі туралы: «Абай Кәкітайдың 10 жасында өзі бала ғып қолына алып, содан 24 жыл бойы қасына ұстап, тәлім-тәрбие берді», - дейді.

Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере балаларының біріндей болып өскен адам. Абай дүниеден қайтқан жылы (1904) Әрхам 19 жастағы жігіт болатын. Сондықтан ұлы ақын атасын өз көзімен көріп, естіген, білгені бар, одан кейін әкесі Кәкітайдан Абай туралы естіп, біліп, көңіліне тоқығаны бар Әрхам Абай жайында тарихтық құнды мағлұмат, мол дерек қалдырып кетті. Ол әкесі Кәкітай қайтыс болған жылы (1915) 30 жаста еді. 1963 жылы 78 жасында дүниеден көшті.

Әрхам «Абайдың өмір жолы (Абайдың өмірінен естігенім, білгенім және көргенім)» деген еңбек жазып қалдырды. Оның осы қолжазбасының ішінде Абайдың өмірбаянын толықтыруға себебі тиетін мағлұмат, тарихи деректер аз емес.

Әрхам жазбасында Абайдың туған айы, күні, дүниеге келген жері нақтылы көрсетіліп жазылған: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келді... Құнанбайдың бұдан бұрын туып, ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі Күңкеден туған ұлының аты Құдайберді, Ұлжанның тұңғыш ұлының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды» дейді.

Сөйтіп, Әрхамның берген мағлұматы бойынша Абайдың дүниеге келген жері – Қасқабұлақ, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы совхоздың орталығы, туған күні ескіше 10 август (тамыз), жаңаша – тамыздың 23 болады.

Абайдың туған күні мен дүниеден көшкен күні туралы жоғарыда келтірілген мағлұмат, деректерді зерттеп, қорыта келіп, тұжырымды пікір айтатын Қазақстан Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты болуы керек еді. Олай болмай отыр. Сол сияқты Қазақ Совет Энциклопедиясы Абайдың туған, өлген уақытын анықтап, айын, күнін (ескіше, жаңаша) нақтылы етіп көрсетіп, алауыздық тудырмайтын, тұрақты мағлұмат беруі қажет еді. Ал, ҚСЭ-сында Абайдың туған уақыты 10 август (?) 1845 жыл деп жазылған. Мұндай шалағайлық туралы кезінде жазып, газет, журналда жариялағанбыз. Абайдың туған күнін, дүниеден қайтқан күнін зерттеп, анықтап бұрын да жазғанбыз.

Онымызды елеп-ескеріп, мән берген ешкім болған жоқ. Ал қазақ календары 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға шейін Абайдың туған күнін 8 август деп жазып, жалған мағлұмат беріп келді де, 1991 жылы календарда Абайдың туған күнін атауды мүлдем тоқтатыпты. Абай туралы жалған мағлұмат беріп, елді алаңдатқанша, үндемей қалғаны дұрыс болған. Алдағы уақытта ғылыми-тарихтық тұрғыдан зерттеліп, дәлелденген шындықты мойындай қабыл алып, Абай өмір тарихын баяндауға арналған еңбектерде кеткен олқылықкемшіліктерді, көрінеу бұрмалаушылықтар мен қарама-қайшылықтарды батыл ашып айтып, Мұхтар Әуезов негізін салған, ұлы ақынның ғылыми өмірбаяны дұрысталып жазылуы керек. Бұл – өз алдына сөз болатын күрделі мәселе.

Бүгін тек бір ғана мәселені – Абайдың дүниеге келген айын, күнін, дүниеден көшкен уақытын тағы да анықтап айтып, қайталап жазып, бұдан былай бұл мәселеде алауыздық болмаса екен дейміз.

1991 жыл.

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?