Ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ССРО-ның басқа өңірлерінде де маңызды партиялық лауазымдарды атқарған. Ол кісінің ССРО енді ғана қалыптасып жатқан кезде елдің мәдени және білімінің дамуына қосқан үлесі туралы Qazaqstan Tarihy порталы әңгімелейді
Темірбек Жүргенов бар ғұмырын бай мен кедейсіз, барлық адам тең құқыққа ие жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады. Бұның өзі таңғаларлық, өйткені нағыз революционер әрі коммунист ауқатты отбасында 1898 жылы өмірге келген. Әкесі Қара мен атасы Қуан қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында жүздепген табын жылқылары болған жандар. Темірбектің анасының аты – Жаншы. Ол өте сұлу, сымбатты болған екен, баласы десе ішкен асын жерге қоятын болған, оны ерекше еркелетіп Темірше деп атайды екен. Алайда, ұлы екі жасқа енді толғанда, ауырып, қайтыс болады. Әкесі екінші рет Кәмпит деген қызға үйленеді. Ол Темірбекті туған баласындай тәрбиелеп, өсіреді. Әкесі Қара малшаруашылығымен айналысқанымен, білімі болмаған. Темірбектен басқа Қараның Досжан, Қосжан және Ысқақ деген тағы да үш ұлы болған. Темірбек талантты, алғыр және білімқұмар болған. Алғырлығының арқасында ол екі кластық орыс-қазақ ерлер училищесіне оқуға түседі. Көп жылдар өткен соң Темірбектің бай отбасынан шыққаны оның ісін ауырлататын жағдайға айналады. Ал егер де Жүргеновтың отбасы ауқатты болмаса, онда ол лайықты білім ала алмас еді.
Училищені бітірген соң, ол білімін Уфадағы Жер өлшеу училищесінде оқуын жалғастырады, бірақ Азамат соғысы басталып, оқуын аяқтауға кедергі келтіреді. Темірбек болыстық ревкомдарда жұмыс істеп, ақгвардияшылармен күреседі, ал 1923 жылы Орынбордағы журналистика факультетін бітіреді. Ол жерде Темірбек танымал аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтың шәкірті болады. Соның арқасында, Т.Жүргенов алты тілді, оның ішінде ескі өзбек және тәжік тілдерін еркін меңгереді. Темірбек туралы алғаш рет оның Ташкенттегі оқуы кезінде айтыла бастайды. Сол жылдары қазақ интеллигенциясының көптеген өкілдері Ташкентте оқыған, сол кездің өзінде жас та болса Жүргенов көпшіліктің ішінен прогрессивті көзқарасымен ерекшеленіп отырған. Ол заң факультетін үздік бітіріп, оның әкімшілік-шаруашылық позициясымен қазақ жерлерін аудандастыру туралы дипломдық жұмысы жоғары баға алып, жеке кітап болып шығарылады. Оның зерттеу мақалалары жергілікті басылымдарда шығып тұрған. Жүргенов қоғамдық өмірге белсенді араласып, ақырында, студент болып жүрсе де, Қазақ ССР-нің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі болып тағайындалады.
1923 жылдың қарашасында, Ташкентте, Темірбек Дәметкен Ермековамен танысады. Бұл туралы Дәмеш өз естелігінде былай дейді: «Ол бүкіл кешті менімен өткізді, ол сүйкімді, сыпайы және өте көп оқыған адамның әсерін қалдырды. Әріқарай оның менімен кездесуді іздейтіні сезілетін. Кейде ол кешкі сабақтарға келіп, мені үйге шығарып салатын, театрға, киноға шақыратын. Мен қорқып, бармайтынмын. Кейде ол мені өз университеті профессорларының диспуттарына, лекцияларына шақыратын. Оларға қуана баратынмын. Ал Темірбек әр кездескен сайын тек профессорлары, университет өмірі жайлы және ең бастысы жаңа өмір туралы, ағымдағы саясат туралы айтатын. Ол тіпті, біз Жердің алтыдан бір бөлігінде социализм құру керекпіз деп айтатын» Дәметкен Жүргенова, Темірбек Жүргеновтң жары
Еңбекқорлық, мақсаткерлік, сауаттылық – жас Жүргеновты сипаттайтын негізгі қасиеттер. Оның энергиясы керемет болатын, болмысынан революционер еді. Бірде Дәмеш каникулға үйіне, Семейге, кетеді, қайтып келсе, үйіндегі Темірбектен келген бір бума хатты көріп таң-тамаша болады. Бұл хаттарда ол алғаш рет Дәмешке еш жасырмай, өз сезімін білдірген екен. «Сөйтсем, ол күніне үш хаттан жазады екен. Үш күннің ішінде 9-10 хат жазып тастапты. Әр хатында танысқан күннен бергі маған деген шын, терең сезімін білдірген. Ол былай дейді: «Мен жай ғана таныс болып жүрген кезімде, өз сезімімді білдіруге батпадым». Ал мен Ташкентке оралғаннан кейін, ол батылданып тіпті маған ұсыныс жасады. Бірақ мен: «Мен сізді әлі білмеймін және мінезіңізді де білмеймін»,-деп жауап бердім. Ал ол: «Мен әлі де он жыл бойы сіздің көңіліңізді тауып, жаман қасиеттерімді көрсетпей жүре бере аламын, бірақ үйленсек болды, сіз бірден менің мінезімді көресіз»,-деп жауап берді. Мен ойлана келе: «Жақсы»,-деп жауап бердім. Дәметкен Жүргенова, Темірбек Жүргеновтың жары Темірбек пен Дәметкен үйленіп, Темірбекті 1937 жылдың тамызында ұстап әкеткен күнге дейін, 10 жыл бірге бақытты ғұмыр кешеді. Жүргенов сүйікті әйелі мен кішкентай ұлының жанында бақытты еді. Өз аузынан түсіп қалғандай ұлына Темірбек қаншалықты жұмысбасты болса да, көп уақыт бөлуге тырысатын. Университеттің соңғы курсында ол Қазақ педагогика институтының ректоры болып тағайындалады.
1924 жылы Жүргенов Орта Азия мен Қазақстан арасындағы ұлттық-мемлекеттік шекараны белгілеу мәселесі тақырыбында дипломдық жұмысын бастайды. 1926 жылы дипломын сәтті қорғап, еліміздің территориялық тұтастығының сақталуына зор үлес қосады. Айта кету керек, Темірбектің дипломдық жұмысы шыққанға дейін елдің партиялық элитасы Жетісу мен Сырдария жерлері Өзбекстанға өтуі керек деген пікірде болған, бірақ Жүргенов бұл жерлердің Қазақстанға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген. Университетті тәмамдаған соң Темірбек Жүргенов 1929 жылға дейін Қазақ педагогика институтының ректоры болып жұмыс істеген. 1929 жылы Жүргенов Тәжік АССР-нің қаржы халық комиссары болып тағайындалады. Кейін 1930-1933 жылдар аралығында Өзбек АССР-нің халық ағарту комиссары болып қызмет етеді. Ташкенттегі жұмысы кезінде Жүргенов бірнеше театр ашып, елдің мектептері мен жоғары оқу орындарының дамуымен айналысады. Тәжікстандағы жұмысы кезінде ол тәжік ғалымы, академик Садриддин Айнимен танысып, олар Фирдоусидің Шахнамесін қазақ тіліне аудармақшы болып шешеді. Қазақстанға оралған соң ол өзінің ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуовты Алматыға шақырады, ол он айдың ішінде Фирдоусидің Шахнамесінің қырық мың жолын қазақшаға аударады.
1933 жылы Жүргенов Қазақ АССР-нің халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Келесі жылы-ақ Қазақстанда мәдени және білім беру революциясы басталады: бүкіл республикада бастауыш білім берудің алты айлық курстары ашылады, жүздеген мың оқулық шығарылады, ал оқушылар саны миллионға жетеді. Бұдан басқа, Т.Жүргеновтың бастамасы бойынша елімізде көшпенділердің балаларына арнап арнайы мектеп-интернаттар ашылады, олар «көшпенді мектептер» деп аталады. Жұмыс қызу жүріп жатты – Темірбек жаңа оқу орындарын салуға кіріседі, оның басшылығымен алғашқы үш жылдың ішінде бір ғана Алматыда 17 жаңа мектеп ашылады.
Т.Жүргеновтың кезінде қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), ветеринарлық институт және С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ашылады. Ағарту мәселелерімен қатар Темірбек Жүргенов мәдениет мәселелерімен де айналысады, ол Қазақ АССР-і Өнер ісі жөніндегі комитетті басқарады. Комитет төрағасы лауазымында ол дарынды жастарды мейлінше қолдап, кейбір партиялық функционерлердің орынсыз тиісулерінен қорғап жүрген. Осылайша, Жүргеновтың қолдауымен Қазақ ССР халық суретшісі Әбілхан Қастеев 1930-шы жылдардың бастарында Н.Хлудовтың шеберханасына қабылданып, кейін Мәскеуге оқуға жіберіледі. Ұжымдастыру кезінде бай-кулак ретінде тәркіленген байлардың балалары ретінде атақты биші Шара Жиенқұлова мен оның жұбайы опера әншісі Құрманбек Жандарбековты партиядан шығармақшы бұл іске Жүргенов араласады. Бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс жасалып, онда Шара мен Құрманбекті партиядан шығарып қана қоймай, театрдағы жұмыстан да босату туралы шешім шығарылып қойылған еді. Ерлі-зайыптылар Қазақстаннан Қырғызстанға көшуге дайындалып та қойған еді, онда да театр салынып, талантты кадрлар керек болып тұрған еді. «Бізді толқынданған қара шашты, әдемі көзді интеллигентті, алып қазақ қабылдады. Біз төртеу едік – Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков және мен. Ол: «Мен сіздерді танысуға шақырдым. Мен – Темірбек Жүргенов, халық ағарту, білім беру комиссарымын, ал Сіздер төртеуіңіз – қазақ опера театрының негізін қалаушысыздарсыз. Егер опера театрының не екенін білмесеңіздер, мен түсіндірейін: біз музыка театрын ұйымдастырамыз, сосын сіздерді опера театрына ауыстырамыз...»,-деді. Сол кезде Құрманбек: «Бізді жұмыстан, партиядан шығарды, біз кетеміз»,-деді. Ол: «Кім? Қалай?»,-деп ашуланып, кейін: «Сіздер опера театрының негізін қалаушысыздар. Құрманбек Жандарбеков режиссер болады, Байсейітов әнші, Күләш – әнші, Шара – биші болады»,-деді». Шара Жиенқұлова, биші, Қазақ ССР халық әртісі Кейін, Жүргеновтің өкімімен Шара Ташкентке барып, атақты Тамара ханымнан хореография негізін үйренеді. Елге оралған соң, Жиенқұлова ұлттық хореографияның негізін қалаушы болады. Қазақ биін тұңғыш рет Шараның орындауында көреміз. «Бірде біз серуендеуге шықтық. Калинин көшесіне жеткенде, Темірбек тоқтай қалып: «Міне осы жерде бізде опера театры салынады»,-деді. «Мұны қалай тез істемекшісің?,-деп мен күлдім. «Бізде театр бар, бірақ ғимараты жоқ, сондықтан мейлінше тезірек салу керек»,-деп жауап берді ол. Бірнеше айдан кейін Жүргенов көрсеткен жерге іргетас салынды». Дәметкен Жүргенова, Темірбек Жүргеновтың жары Опера театры 1934 жылдың 13 қаңтары ашылды. Осы күні сахнада «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы қойылады.
Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Шара Жиенқұлова (Құрманбектің бірінші әйелі), Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский әйелімен. Екінші қатар солдан оңға қарай: Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов. Алматы, 1936 жыл
1934 жылы Темірбектің жалғыз ұлы Шоратай аяқ астынан ауырып, қайтыс болады. Тұңғышының өліміне Жүргенов қатты қайғырады. Ақ көңіл әрі балажан Темірбек әйеліне: «Дәметай, бізде тағы да бала болу үшін, қазақ салтымен інім Ысқақтың баласын бауырымызға салайық»,-деп ұсыныс жасайды. Біршама уақыт өткен соң олардың үйінде Жұманазар атты бала пайда болады. Олар оны оқытып, тәрбиелеп, туған ұлдарындай қарайды. 1936 жыл советтік Қазақстан тарихында Қазақ өнері мен әдебиетінің мәскеудегі онкүндігімен тарихта қалды. Ел үшін аса маңызды оқиғаға дайындалу Жүргеновке жүктеледі. Ол Сталиннің алдында өнер көрсетудің жауаптылығын, кез-келген кемшілік үшін жауап беру керектігін түсінеді. Дайындыққа бар болғаны үш-ақ ай бөлінеді. Дайындық күні-түні жүріп жатты. Жүргеновтің пікірінше, қазақ делегациясы тек лайықты өнер көрсетіп қана қоймай, олар фурор жасауы керек болатын. Шымылдық ашылғанда бәрі таңғалды.
Сахна қазақ салты бойынша әсемделген алып киіз үй іспеттес еді. Бұл әсемдік Күләштің бұлбұл дауысының, Шараның әсем қимылының, жас әрі талантты Ахмет Жұбанов басқарған ұлт аспаптар оркестрінің ойынының жанында жайына қалатын. Музыканттар Құрманғазының «Сарыарқа» күйін нотасыз ойнап, өздерінің асқан шеберліктерімен тыңдаушыларды қайран қалдырды.бірақ, партия лидерлері Сталин, Маленков және т.б. қатысқан «Қыз Жібек» операсы ерекше феномен болды. Концерт біткен соң зал тік тұрып қол шапалақтады, келесі күні бүкіл советтік газеттерде сыншылар мен музыкатанушылардың мадақтары шығып жатты. Декада бітісімен, 1936 жылдың 27 мамыры Сталин жолдас қазақ әртістерін Георгиев залына банкетке шақырғысы келетіні жөнінде Ораз Исаевқа хат жолдайды. Онда Күләш Байсейітова «Гәккуді» орындап, Шара би билейді, Әбілқайыр ханның ұрпағы, оркестрдің бас домбырашысы Қамбар Медеторв «Ақсақ құлан» күйін күмбірлетсе, Сәкен Сейфуллин «Қызыл ат» поэмасынан үзінді оқиды. Сталин, Каганович пен Ворошилов бір үстелде отырады. Темірбек Жүргенов ең жоғары мемлекеттік награда – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Бәрі Темірбекті мақтап, керемет тосттар айтады, ал бір жарым жылдан кейін Сталин, Каганович пен Ворошилов беттері бүлк етпестен Жүргеновті ату туралы бұйрыққа қол қояды. «Оны 2 тамыз күндіз тұтқындады. Ол әлде пленумда, әлде конференцияда баяндама жасауы керек болған. Мен, шешем және ол үшеуміз машинада болғанбыз. Бір материалдарды алу үшін Наркомпросқа соғуы керектігін айтты. Ол кіріп кетті, біраздан соң сырт келбеті өте бір сүйкімсіз жас жігіт келіп: «Сізді Жүргенов шақырып жатыр»,-деді. Мені залға кіргізді. Мен отырмын, Темірбек жоқ, бес минуттан соң көмекшісі шықты. мен одан: «Жүргенов қайда?»,-дедім. Ол: «Ол жаңа ғана шығып кетті»,-деді. Жүрегім зу ете қалды. Машинаға қайтып келсем, шешем отыр. «Әлгінде, - дейді ол, - екі жігіт Темірбекті екі жағынан ұстап басқа көлікпен алып кетті. Сірә, сені іздеп, бірнәрсе айтқысы келді-ау деймін, қайта-қайта мойын бұрып осы жаққа қараумен болды. Осылай оны алып кеткен болу керек». Дәметкен Жүргенова, Темірбек Жүргеновтың жары Келесі күні Жүргеновтің үйіне НКВД қызметкерлері келіп, тінту жүргізеді. Олар барлық құжаттары, тіпті соңғы суретке дейін алып кетеді. Дәметкен үшін қаралы күндер басталады.
Дәметкен күйеуімен кездесуге бар жанын алады, бар болғаны бес минут берулерін сұрайды, бірақ оның өтініші қабыл болмайды. Күйеуінен тек бір жапырақ қағазды- айлық еңбекақысын алуға құқық беретін сенімхатты ғана береді. Тіпті тар қапаста жатып та, ол Дәмеш туралы ойлап жатқан. Сол айлық ақыны мен алған да жоқпын. Оның өз қолымен жазған, қолы қойылған қағаз мен үшін тым қымбат еді. Мен ол кезде әлі жұмыс істейтінмін, өз еңбекақыма күн көретінмін. Мені тұтқындауға келгенде нақұрыс тергеушілер тінту жүргізген кезде сол хатты тауып алып, көзімше жыртып тастады. Дәметкен Жүргенова, Темірбек Жүргеновтың жары Темірбек Жүргенов тұтқындалғаннан кейін жарты жылдан соң Дәмеш Жүргенова да тұтқындалады. Күйеуін тұтқындағаннан кейін оны пәтерден де, жұмыстан да, партиядан да шығарады. Халық комиссарының тұтқындалуы елдің бүкіл шығармашылық және педагогикалық қоғамдастығы үшін үлкен соққы болды. Ешкім ештеңе түсінбеді: адал әрі ұқыпты Темірбек несімен жақпай қалды? Бар мәселе мынада, бастапқыда революцияны бар жанымен қабылдаған Жүргенов қоғамда болып жатқан өзгерістерге қуанышты еді. Ол қарапайым халықтың білім алуға қолы жеткендігіне, өзі үшін жаңа әлемді ашқанына риза еді. Бірақ, ұжымдастыру, аштық басталып, совет үкіметі мешіттері жауып, қирата бастағанда, Жүргенов реформаға қарсы шыққандарды қолдады. Тарихшылар Жүргеновтің есімі 1930 жылдың ерте көктемінде Аралдағы Қарақұмда болған көтерілісті ұйымдастырумен тығыз байланысты деп болжайды. Бұның дәлелін олар Тұрар Рысқұловты тергеу кезіндегі хаттамадан табады, онда Т.Рысқұлов Темірбек Жүргеновтің бауырларымен бірге Ақтөбе облысындағы көтерілістің басында тұрғанын хабарлайды.
Совершенно секретно Секретарю ЦК ВКП(б) тов. СТАЛИНУ Направляю Вам протокол допроса Рыскулова Т.Р., руководителя пантюркистской контрреволюционной организации от 3 июля 1937 года. В этих восстания должен был играть и играл Жургенев Темирбек, работавший тогда в наркомпросе Узбекистана. Жургенев происходил из очень авторитетного байского рода, из семьи крупных баев, в степях Каракума и Кзыл-Кума. Все это было использовано для поднятия восстания. Отец и братья Жургенева сами возглавили восстание. Почти таким же способом поднято было восстание в Ферганской долине через бывшего министра Кокандского правительства Насыркан-торе. Народный комиссар внутренних дел СССР Ежов
Ол барлық азап пен қорлыққа төтеп берді, ештеңені мойнына алған жоқ. Тіпті болмағасын НКВД қызметкерлері Қазақ мемлекеттік университетіндегі өрт туралы істі қолдан жасап, сол бойынша Қазақстанның мәдени жастарының көрнекті өкілі Шахзода Шонанованы іске тартады. Жүргеновті көп тергеп, ҚазМУ-дегі өртке кінәлісің деп айыптайды. НКВД қызметкерлері ҚазМу-ді өртеуді маған Т.Жүргенов тапсырды деп айт деп Шахзода Шонанованы мәжбүрлейді. Жүргенов пен Шонанова камерада бір өздері ғана қалған кезде: «Шахзода, қарындасым, мен бар кінәні өз мойныма аламын»,-дейді. Келесі жолы НКВД қызметкерлері әдеттегідей камераға келген кезде Шахзода атып тұрып: «Ғимиаратты өртеген менмін» дейді. «Шахзода, сен не істеп жатырсың?»,-деп аңырап қалады. Бірақ, Шахзода алған бетінен қайтпайды. Бар кінәні өз мойнына алып, репрессия жылдары атылған алғашқы қазақ қызы болады. Темірбек Жүргенов 1938 жылдың 25 ақпанында Алматыда атылады. Бұрындайдың маңында Қанкелді деп аталатын жер бар. Көз көргендердің айтуынша, 1938 жылғы ақпанда түн ішінде жиырма қап әкелінген. Бұл қаптарда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылғандардың денелері болатын. Солардың ішінде Темірбек Жүргеновтің де денесі болуы әбден мүмкін. Темірбек Жүргеновтің арманы ең алыс ауылдағы ең кедей отбасының әр адамы білім алып, өз дарынын бүкіл елге, бар әлемге көрсетіп, паш еткізсе деген арман болатын. Бірақ, осы арман үшін совет үкіметінің ең қымбат төлем – өмірін алғаны жанды ашытады.