Мереке-мейрамдардың ішінде «Наурыз» мейрамының тарихы тіпті ұзақ. Қазақ халқының спорты, түрі, ойын-сауығы өзге ұлттың спорты мен ойын-сауықтарынан өзгеше тұрады.
Мереке-мейрамдар
Наурыз мейрамы – әр жылы көктемде күн мен түн теңелетін күннен (22-март) басталатын Қазақтың дәстүрлі мерекесі. Байырғы Қазақ календары бойынша бұл мереке жаңа жылдың басталған күні болады. Үшінші айдың 22 күнінен төртінші айдың 20 күнінен «Наурыз айы» деп аталады.
Наурыз мейрамы – Қазақ халқы ислам дінін қабылдаудан бұрынғы халықтық мереке. Мереке кезінде ислам дініне қатысты сенім ғибадаттары мүлде өтелмейді.
Ежелгі қазақтар (әсіресе ауыл-қыстақта) наурыз жаңа жыл мерекесі ретінде салтанатты өткізіліп келеді. Ерте замандарда «Наурыз мейрәмі» басталған күнді ұлыстың ұлы күні есептеп «наурыз той» өткізетін. Бүкіл наурыз айы ішінде күн аралап «наурыз көже» беретін.
«Наурыз тойда» ойын-сауық өткізіледі. Мысалы әйелдермен ерлерді күрестіру, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, түс жорыту және наурыз жырын айту, т.б.
«Наурыз жыры» – Наурыз мейрамына байланысты туған қазақтың тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Онда халықтың арман-тілегі жыр-тақпақпен айтылады.
«Наурыз көже» кемінде жеті түрлі немесе онан да көп дәмнен (бидай, тары, қамыр, ет, тұз, қатық, су) жасалады.
Наурыз көжені қыдырып ішу салты бар. Ауыл ақсақалдарына жіліктеп сый табақ тартылады, үлкендер келе алмаса, балалары ата-аналарының сыбағасынан ауыз тюге тиісті болады.
Ораза айт. Ислам діні арқылы енген мейрам болса да, ол қазақ халқының бұқаралық мейрамына айналып кеткен. Ислам дініне сенушілердің өтеуге тиісті парызының бірі – отыз күн ораза ұстау. Осы дәстүр бойынша ислам дініне сенуші әрбір адам кәмелет жасқа толған соң, ер-әйелдігіне қарамай, отыз күн ораза ұстауға тиіс. Ауызы ораза болған адам күндіз баласы ауызына тамақ салмайды. Тіпті су ішуіне де болмайды. Тек күн батқаннан кейін ғана асқа отырады. Содан ел жатқанға дейін қанша тамақ ішсе еркі. Осы отыз күн ораза аяқтағаннан кейін үш күндік ораза айт мейрамы болады. Бірінші күні бұқаралық намаз оқылған соң жұрт айтшылай бастайды. Бұл мейрам да Құрбан айт сияқты үш күн тойланады.
Қазіргі күндерде Қазақтарда мүлде көбі ораза ұстамайтын, намаз оқымайтын болса да, ораза айт бұқаралық мейрам болып қалыптасқандықтан, оған барлық адам қатынасады. Бұл күндері топ-топ боп айтшылаудан сырт, қазақтың дәстүрлі ойын-сауықтарын да өткізіп жатады. Мейрам ислам жыл санауы бойынша өткізілетіндіктен, әр жылы он күн ілгерлеп кеп отырады.
Құрбан айт – оразадан жетпіс күн кейін өткізіледі. Әр жылы айналып келіп отырады. Қазақтарға ислам діні таралғаннан кейін біртіндеп қалыптасқан. Бұл мейрамда әр үй өз жағдайына қарай құрбандыққа үлкенді-кішілі мал сояды.
Құрбан айт күндері ер-әйел, үлкен-кіші тегіс қыдырып айтшылайды. Құрбандықтың етінен, дайындалған басқа да тағамдардан жейді. Қазақтарда Құрбан айт күндері көкпар тарту, қыз қуу, палуан салу сияқты дәстүрлі ойындар өткізіледі.
Құрбан айт арабтардан шыққан мейрам бөлғанімен, кейіндеп қазақ ұлтының да мейрамына айналып кеткен. Бұған қазақ халқының тегіне қатысты ерте замандағы ұлыстар Сақтар, Һүндер, Түріктер заманынан бастап тәңірге атап құрбан шалу салты бір үлкен себеп болса керек. Өйткені ерте кезде Һүндер күнге, айға, асқар тауға, ұлы орманға табынған. Алтай, хаңгай, Тарбағатай, Тәңірі (Тянь-Шань) тауларын, Орхон, Енисей, Ертіс өзендерін ерекше қадірлеп, осы таулар мен өзендерге барып, тәңірге атап құрбан шалып отырған.
Спорт және ойын-сауық
Қазақ халқының ойын-сауық және спорт қимылдары ішінде адамдардың назарын ерекше аударатындары: «Қыз қуу», «Көкпар», «Бәйге», «Палуан салу», «Күміс алу» (теңге ілу), «Жорға жарысы», «Аударыспақ», т.б.
Соңғы кездегі зерттеулерге қарағанда, қазақтың ұлттық ойындары бес үлкен салаға бөлініп жүр. Олар: спорттық ойындар, көңіл ашу ойындары, балалар ойындары, жаңылтпаш ойындар және ғылыми ойындар.
Қазақтың ұлттық ойындарынан жаяу жарыс, ат бәйгесі, арқан тарту, садақ ату, палуан түсіру, ат ойыны сияқты түрлерінің қазір ел арасында және халықаралық шалымды спорттық ойындар екені жұртқа аян. Бұлар қазақтың тегіне қатысты сонау ертедегі тайпалық, ұлыстық мемлекеттер дәуірінен басталған. Сақтар, Һүндер, Үйсіндер, Оғыздар, Қыпшақтар кезінде көк бөрі тарту, жаяу жарысу, бәйгеге ат қосу, қыз қуу және балуан салу ойындарын өткізеді екен. Бұл тарихи деректерде, аңыз-әңгімелерде, сондай-ақ эпостық жырларда кездеседі. Мысалы ХІ ғасырда өткен тарихшы Назам әл-Мүлік «Саясатнама» атты еңбегінде Түркі тектес халықтар арасында болатын жаяу атуралы жазады. «Ертөстік», «Күн астындағы күнікей қыз» сияқты қиял-ғажайып ертегілерде спорт ойыны туралы айтылады.
Бірінші, көкпар – қазқтың бойында қайраты бар ерлері, кәрі-жасына қарамай қатынасатын ат үсті ойыны. Оның спорттық жағы күшті. «Көкбар» сөзінің төркіні-көк бөрі екені мәлім. Түркі тектес тайпалар өздері шұғылданып отырған мал шаруашылғы кәсібінде, малдың ең қауіпті жауы –бөріні соғып алып, қуанышта оны ат үстінде тартып, дыр-думан жасаған.
Қазіргі күнде «көкпар» ойыны көбінше «лақ тарту» деп айтылып жүр. Бөрі соғып алған кезде ойналған «көк бөрі» ойынның кейін келе ұлттық дәстүрлі «лақ тарту» ойынына айналуы да, қазақтың шаруашылық өмірімен біте қайнасып жатыр. Той-топ болған кездерде бөрі табыла қоюы қиын. Мұндайда бөрінің орнына серке, серкеш, лақ тарту арқылы жігіттердің қайратын, шеберлігін сынайтын, оларды батырлыққа, жүректілікке баулитын, аттың мықты-жүйрігін сынайтын болған, соңында бұл қалың қауым бірігіп көңіл ашатын спорттық ойын түріне айналған. Көкпар тартқанда әр рулы елдің азаматы бір-бір жақ болып қиян-кескі сайысқа түседі де, қай жеңгені өз ауылына, өз рулы еліне (жекелер тіпті өз үйіне) алып кетеді. Мұндайда жігіттің қайраты мен ептілігі, аттың мықтысы мен жүйірігі сыннан өтеді.
Екінші, қыз қуу – қазақ ұлтында жалпыласқан спорт ойыны. Қыз қууға шыққан ер мен әйелдің батылдығы, ептілігі сыналады, сонымен бірге ат жүйрігі де сыналады.
«Қыз қуу» – ұлттық спортта сыпайы да қызғылықты ат үсті ойыны. Оны мерекеге, той-топқа жиналған ел-жұрт қызыға, тегіс тамашалайды. Қызбен жігіт (немесе жас келіншектер мен жігіттер) айналып қайтатын жерге барғанша сыпайы әзіл-әңгіме айтып желе жортып барады. Қайтқан кезде жігіт қашып қыз қуады. Жігіт жеткізбей кетсе, жеңген болады. Ал қыз жігітті қуып жетіп озып кетсе, қыз жеңген болады. Әдетте қалыпты жағдайда қуып жеткен (немесе ұрған) қыз тек жігттің басынан қамшыны үйіре айналдырып ұрмай ойын көрсетіп келеді. Бірақ кейде айналып қайтатын жерге барғанша қызға сыпайы әзіл айту орнына өрескел сөз айтып, ел көзі оғаш мінез көрсеткен жігіттерді қуып жеткен қыз түп етектен ала басына қамшы үйіреді. Немесе бас киімін қағып түсіреді. Кейде ішінара жағдайда өрескел қылығына жарай қыз қамшысы тиетін жігіттер де болады.
Үшінші, ат бәйгесі – қазақтың өте ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Ол үлкен торқалы тойда немесе аста, сондай-ақ мерекелерде өткізіледі. Дәулеті жетіп өзін көрсету, атағын шығару мақсатындағы адамдар ұлан-асыр той немесе аспа-төк ас жасағанда, бірнеше ай бойы алыс-жақындағы рулы елдерге, тіпті көршілес отырған басқа ұлттарға ат бәйгесі болатынын, жүлде алған аттарға бәйге беретінін хабарлайтын.
Той-мерекенің үлкен кішілігіне қарай, бәйгеге қосылатын ат саны да көп немесе аз бола береді. Ат санына, жүгірген жердің алыс-жақындығына қарай жүлделі атқа беретін бәйгеде әр түрлі болады.
Бәйгеге қосылған аттарға көбінше 8-9 жасар балалар мінеді. Атты арнаулы атбегілер баптайды. Сондықтан қазақта осыған қарай шыққан «ат шаппайды, бап шабады», «алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабатын» деген мақалдар бар. Кішігірім тойда ат бәйгесі орнына «құнан бәйге» өткізіледі.
Төртінші, балуан күресі – қазақ халқы арасында ежелден бар спорт. Бұл күрес көбінше мерекелерде, дабыралы той-астарда өткізіледі. Әр рулы ел (немесе ауыл) өзінің ең дәмелі жігіттерін сайлап күреске шығарады. Үнемі жеңіп шыққандарды «жауырыны жерге тимеген балуан» деп атасады.
Қазақша күресте әуелі белбеу буынып белдеседі. Онан соң іштен, сырттан шалуға, тобықтан қағуға, жамбасқа салып, иықтан немесе бастан асыра лақтыруға болады. Осы күрес ерекшелігіне қарай шыққан «әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген мақал бар. Атақты балуандар рулы ел жағынан ардақталып күрес алаңына әкелінген кезде бураша буырқанып, бұқаша өкіріп, тіпті қолмен жер тарпып сес көрсететін. Мұндай алыптарға қазақ «түйе балуан», «өгіз балуан» деп ат беретін. Кейбір үлкен-той мерекедегі күрестерде шыққан балуандарға басын нар түйе етіп, төрт тоғыз мал бәйге беріп, үстіне асыл шапан жабатын.
Азаттықтан бері еліміз Қазақтарынан Серік, Солтыкен, Көкенай, Құрманқажы, Мейірхан, Айдархан сияқты балуандар дүниежүзілік және мемлекеттік арыстарға түсіп, жүлде алған атақты спортшылар шықты. Олар бүкіл ел халқына, туған отанына даңқ әперді.
Бесінші, сақпан – ерте замандағы қол қаруы. Түркі халықтар оны жаулармен жасаған шайқастарда соғыс қаруы ретінде, бейбіт жағдайда аң аулағанда, мал қайырғанда пайдаланатын. Ежелгі заманда кейбір елдер, мысалы, Мысыр, Грекия, Рим елдері сақпанды соғыс қаруы ретінде пайдаланса, XVI-XVII ғасырларда батыс Еуропада гранат лақтырғанда пайдаланыпты.
Түрік халықтарының сақпандары жылқының қылынан, жүнінен есіліп немесе таспадан өріліп жасалған. Өрімнің тең ортасына жұмыртас, қорғасын құюға ыңғайлы алақан жасалған. Соған тас (немесе қорғасын) салып үйіріп, жіптің бір ұшын ағытқанда тас алысқа атылған.
Алтыншы, жамбы ату – қазақ халқын құраған ұлыстар заманынан қалған спорт ойыны. Мұнда биік бағанаға ілген күміс жамбыны атты жігіттер сапта тұрып, не шауып келе жатып белгілі қашықтан мылтықпен, садақпен атады. Жамбыға не ол ілген жіпке тигізіп, оны атып түсірген адам жеңген есептеледі. Мұның өзі азаматтарды «құралайды көзден ататын» мергендікке баулу ролін атқарған.
Жетінші, күміс алу (теңге ілу) – бұл да қазақтың ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойыны. Келін түсіру тойларында, қалыңдық орамалға күміс теңге түйіп тастап қоятын. Оны атқа мінген жігіттер шауып келе жатып жерден іліп алатын. Ала алған жігіт жаңа түскен келіннің бетін ашатын.
Теңге ілу ойыны қазір тойларда өткізілетін спорт ойынның түріне айналды. Кім көп ілсе, сол жеңген болып шығады. Бұл ойында бас төреші (көмбе сақтаушы), жол бойында тұратын бақылаушы төре және есепші болады.
Сегізінші, аударыспақта екі жігіт жекпе-жек шығып, бірін-бірі аттан аударып түсіруге тырысады. Бұрын үлкен той-астарда және мерекелерде аударыспаққа арнайы жүлде белгіленетін.
Тоғызыншы, жорға жарысы. Бұл да ертеден келе жатқан ат үсті спорт ойынның бір түрі. Жарысқа қосылатын аттың ер-тұрманы, шабандоздың киімі барынша салтанатты болады. Мұндада ертеден бергі жарыс өткізу белгілемелері қатаң атқарылады.
Жақып МЫРЗАХАН
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)