Түркі әлеміне белгілі теолог-ғалым, ұлт зиялысы Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толуына орай Еуразия ұлттық университетінде «Ғылым және дін» атты республикалық ғылыми-методологиялық семинар өтті.
Шара аясында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында тұлғаның Түркияда және Қазақстанда басылып шыққан кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.
Ғылыми семинарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, ғалымдар мен тарихшылар, ЕҰУ профессорлары мен оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Есімі күллі түркі әлеміне кеңінен танымал дінтанушы, этнограф, тарихшы, Халифа Ғақыпұлы Алтайдың 100 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, Түркия, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерінде атап өтілу туралы бастама көтерілуде. Ғұлама ғалымның мерейтойлық іс-шаралары наурыз айында Түркияның Стамбұл қаласында өткізілді. Алдағы маусым айында ЕҰУ «Халифа Алтай және Атамекенге оралу» атты маңызды ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл туралы бүгінгі семинарды жүргізген тарих факультетінің деканы, профессор Тілеген Садықов алғы сөзінде айтып өтті.
«Халифа Алтай ағамызды Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында көрген болатынмын. Құрылтай кезінде алыстан келген ағайындарды Қазақстанның Жезқазған, Ұлытау өңірлерін аралатып, тарихи орындарға апарған болатынбыз. Сол кезде Ұлытау жеріндегі «Хан ордасына» Халифа ағамызды алып барғанбыз. Ғұлама ғалым аруақтарға құран бағытшап, елдің тәуелсіздік алған жылындағы тұңғыш рухани бастама туралы келелі ойларын айтқан болатын. Сонда сол кісінің керемет нұрлы жүзін, адами қасиетін көріп, шешендігіне таңғалғанбыз. Жақында ғана Еуразия ұлттық университетінде Халифа Алтайдың 100 жылдық мерейтойына орай ұсыныс айтылды. Сондай-ақ бүкіл түркі жұрты ғұлама ғалымның 100 жылдығын кең көлемде тойлау туралы шараны қолға алып отыр. Көбісі қазірдің өзінде басталып кетті. Маусым айында біздің университетте үлкен маңызды шара өтпек. Бүгінгі біздің республикалық семинар соның алғашқы қадамы деп қабылдағандарыңыз жөн», – деді Тілеген Садықұлы.
Ғылыми семинардағы маңызды, тұшымды баяндаманың бірі «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың баяндамасы болды. Ғалым әрі қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев Халифа Алтайдың өмірі мен ұлт тарихындағы қызметіне тоқталып келе, қазақ даласындағы ғұлама дінтанушы ғалымдарды да тілге тиек етті. Және сондай-ақ сол ғұламардың еңбектерін бүгінгі дінтанушы ғалымдар, жаңадан құрылған министрлік өкілдері насихаттап, ұрпақ санасына сіңірсе деген ойды түйіндеді.
«Биыл еліміз үшін маңызды тарихи даталар жылы десек артық болмайды. Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, 1937 жылғы саяси-қуғын сүргінге 80 жыл, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына 25 жыл. Сондай-ақ мұсылман-ислам әлеміндегі үлкен тұлға, ғұлама ғалым Халифа Алтайдың 100 жылдық мерейтойы. Тарихи тұлғаның мерейтойлық күндері Түркия, Қазақстан, және түркі тектес мемлекеттерде қазірдің өзінде басталып кетті. Қазаққа құдай қай кезде де қырын қарамаған. Қазақтың маңдайына әр ғасырда халқының жоғын жоқтап, ұлттың қамын ойлар небір дүлдүл ғұламаларды өмірге әкелген. Соның бір дәлелі – ел болып жүз жылдығын тойлап отырған Халифа Алтай. Ғұлама дінтанушы ғалымның мерейтойын айтқан кезде, қазақ даласындағы дінтанушы ғалымдарды да айтып, насихаттап отырғанымыз абзал. Ондай қайраткерлерге Алаш зиялыларымен рухани үндес, идеялас болған Садуақас қажы Ғылмани, Науан Хазірет, Шаймерден Қосшығұловтарды айтқанымыз жөн. Атырау-Орал өңірінің тумасы Қуанай Хазірет атын атай кеткеніміз жөн. Алаш қайраткерлері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерге батасын берген тұлға. Шығыс Қазақстандағы Құнанбай бабамызбен бірге қажыға барған Нұрекен Хазіреттің де атын атағанымыз жөн. Ғұлама ғалымның еңбегін халқы ешқашан ұмтыпақ емес. Осы аты аталған ұлы ғұламаларды дін саласында жүрген, жаңадан ашылған министрлігіміз бар, дінтанушы азаматтар бар, осы қайраткерлердің насихаттаса, жастарға өмірін үлгі ететін жұмыстар атқарса деген ойдамын», – деді Өмірзақ Озғанбай.
Ғылыми семинарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Ұтысхан Алтынбек Халифа Алтай аруағына құран бағыштап, «Ғылым мен діннің жастар өмірінде алатын орны» туралы баяндамасын оқыды. Семинарға қатысушылардың көңілінен шыққан баяндаманың бірі «Ақжан әл-Машани және Халифа Алтай: елдік іс пен имани құндылықтары» атты баяндама болды. Жұмыс авторы – Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Зада Дүкенбаева.
«Тәуелсіздігіміздің имани ажарын ашып, Құран Кәрімнің қазақша түсінігі мен мағынасын тарту еткен түркі жұртының белгілі теолог ғалымы Халифа Алтайдың мерейтойы – ұлт тарихындағы маңызды даталардың бірі. Халифа Алтай қай заманда да өмір сыры мен сынын жан жүрегімен бағамдап, толғай білген. Халқының келешегі тағдырын зерек көңілмен болжай білген. Бүгінгі ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастырсақ, Халифа Алтай мен Ақжан әл-Машани қайраткерлеріміздің елдік іс пен имани құндылықтары бір ойдан туындап отырған сияқты. Шығармашылық интелегенция өкілдерінің көпшілігі өз замандастарына рухани ұстаз болуымен бірге, кейінгі ұрпақтар үшін де жарқын өнеге болып табылады. Бүгінгі семинарда сөз етіп отырған ғұлама ғалым Халифа Алтай және Ақжан әл-Машани да сол өнеліктің биік тұлғалары. Олардың өмірі де, туынды-шығармалары да жастарымызға халықшылдық, патриоттық, адамгершілік сезімдерін баулуға септігін тигізіп, ұлттық сананы жетілдіруге қызмет етеді», – деді Зада Оразғалиқызы.
Айта кетер болсақ, дінтанушы, ғұлама ғалым Халифа Алтай 1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістан аймағы Шіңгіл ауданының Жарынты өзенінің бойында дүниеге келген. Сауатын алғашында әкесі Ғақып Қаракелеңұлынан, кейін ауыл молдасынан ашқан ол бүкіл өмірінің бастапқы кезеңі қуғын-сүргін, көші-қон азаптарымен өтсе, кейінгі ғұмырында діни, ағартушылық, имандылық бағытында өнімді еңбек еткен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)