Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елбасы туралы естеліктер

3126
Елбасы туралы естеліктер - e-history.kz
Асыл қасиеттерін бағалаған украиндықтар Нұрсұлтан Әбішұлынының келешекте халқының панасы боларына шек келтірмеген

Николай Литошка, Елбасының 1958 жылдан бергі досы: 

«Өз тағдырыма ризамын. Әуелі Нұрсұлтан досыма тәнтімін. Менің бақытты болуыма осы бір қазақ азаматы көмектесті. Егерде ол болмағанда… Әрине, көптің бірі боп жүре берер ме едім? 

Оның біздің отбасымыздың бір мүшесі боп кеткендігін өз ауызынан естідіңіздер ғой. Анам марқұм оны өз ұлындай жақсы көретін. Оған шексіз көңілмен сенетін. Маған: «Осы досыңды ренжітпе. Ол саған пана болады», — деп жиі ескертетін. Мен бұл сөзге мән бермейтінмін. Алыстан мамандық үйрену үшін ат арылтып жеткен қазақ жігітінің келешекте маған қалай жанашыр болатынына миым жетпейтін. Ол екеумізді спорт достастырды. Бірақ, мен оны балуан ретінде бағалаппын да, өнерлі жан екендігін білмеппін. Сенесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы училищеде оқып жүргенінде украиндықтарға қазақтың әнін тыңдатты. Өнерін көрсетті. Жастар арасындағы концерт өз алдында, ол Днепродзержинск теледидары арқылы қазақ жастарының ішінен өнерпаздарын таңдап, жергілікті халыққа ләззат сыйлаттырды. 

Мен сол кезде домбыра дегенді бірінші рет көрдім. Нұрсұлтанның әншілігіне куә болдым. Мен ғана емес, менің жерлестерім оның өз ұлты үшін, өз халқы үшін жаратылғандығын сезіндік. Оның басқа жетістіктерін тізбелемегеннің өзінде, Астананы тұрғызғандығын ерлік іске пара-пар деген болар ем. Заманның ең қиын шағында жаңадан әдемі қала салу дегеніңіз ғажап іс қой. Досымның таңды ұрып айтуға жететін тарихи істері көп. Ол әлі-де мемлекетін дамытып, әлемдегі озық елдердің қатарына жеткізудің қамында жүр. Оның өз мақсатын орындарына өз басым кәміл сенемін». 

Литошка мырза қазір Астанада тұрады. Достық деп, міне, осыны айтыңыз. Сонау 1960-шы жылдары Днепр жерінде Қазақстанның болашағын ешкімнен кем қылмаймын деп патриоттық сезіммен барғанда достық пейілімен қол созған, туысқаннан да артық бауыр боп кеткен украин жігітінің өмір бойы қазақ досымен жұп жазбай келе жатқандығын жастарымызға ұлағатты тағылым болса керек. 

Бір қуанғанымыз, Днепропетровскіде, немес Днепродзержинскіде болсақ та, украиндықтар Қазақстаннан келгенімізді білген соң ең алдымен біздің Көшбасшымызды мақтап ала жөнеледі. 

Біздерге, қазақ азаматтарына, бұдан артық мәртебе бар ма, шет елде жүріп Нұрағамызға байланысты ыстық ықыласты лебіздер естігенде. Днепродзержинскінің Елбасының өмірінен алар орны ерекше. Бозбала қазақ жігіті қайсарлығы мен қайраттылығының арқасында домна пешінде жұмыс істеуді үйреніп, шыңдалып қанаттанып шықты. Орыс тілін терең меңгерді. Бұрын елінде жүргенде қазақша күрестен өтетін жарыстардың көркіне айналды. Міне, осындай қасиеттерін бағалаған украиндықтар Нұрсұлтан Әбішұлынының келешекте халқының панасы боларына шек келтірмеген. 

6caa02719c2ceada5098b69e11ed25fa.JPG

Қазақстан Магниткасы 

Сатыбалды Ибрагимов. Елбасының Днепродзержинскідегі курстасы, Теміртаудағы әріптесі: 

«1958 жылы 10 сыныпты бітіргеннен кейін бір жыл колхозда жұмыс істедім. Сол жылы ҚазМУ-ға түскенбіз: мен — физматқа, Сұлтан — химфаққа. Қырсық шалғанда КСРО Үкіметінің қаулысы бойынша 2 жыл еңбек өтілің болмаса, конкурстан өтпейсіңдер деді. Амал жоқ, ауылымызға қайттық. Күз мезгілінде Украинада кездестік. Үш топқа бөлінгенбіз. Дәнекерлеушікте — Исламқұлов, Нәрікбаевтер, мен құю және бөліп құю краны машинисі, Сұлтан мен Қабидолла домна өндірісінде оқыдық. Біз олардан 6 ай бұрын бітіріп, 1959 жылы қыркүйек айында Теміртауға келгенбіз. 

Болат қорытатын пеш дайын болмаған соң, сол жерде қара жұмысқа салды. Қай жаққа жібереді, сол жақта істедік. 1960 жылы шілде айында домна пешін іске қосты. Нұрсұлтан мен Қабидолла кенші боп жұмыс істеді. Украинадағы улилищеде бір бөлмеде 18-20 бала жататынбыз. Теміртауда Назарбаев, Сарекенов — үшеуміз бір бөлмеде жаттық. 1962 жылы бәріміз Қарағандыдағы политехникалық институтқа түстік. Қазақта айтады ғой: «Өсер бала жас кезінен белгілі болады». Техникалық училищеде оқып жүргенде-ақ ол ерекше көзге түсті. Сөзге шешен. Спортшы. Өнерпаз. Жұмысқа кіріссе, түбіне жетпей, жарты жолда тастап кетпейтін. Ертеңге қалдырмай, аяғына дейін жеткізеді. Пәтуалы адам. Қай уақытқа уәде берді, сол уақытта істейтін». 

Қабидолла Сарекенов. Елбасының Днепродзержинскідегі курстасы, Теміртаудағы әріптесі: 

«1958–60 жылдары Днепродзержинскіде бірге оқыдық. Қиын да қызықты сәттерді бастан бірге өткіздік. № 8 ТУ-де лекция тыңдадық. Металлургия зауытында домнаның құпия сырларына үңілдік. Үйрендік. Әлі есімде, Сұлтанның үйінен алматының апорт алмалары пошта арқылы келетін. Таласа-тармаса жеп, мәз болысатынбыз. Сонда Сұлтан басқаларға жетпей қалмасын деп базарлықты тең бөлетін. 

Училищеміздің 80 жылдығына бірге бардық. Сонда өзімізді оқытқан ұстаздардың қысып тұрып: «Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Украина — мен үшін алғашқы махаббат», — деген еді. Біз де осы сөзді қайталадық…». 

«Патриотизм бір күнде қалыптаса қоймайды, ол қанға ананың сүтімен сіңеді. Өзімізді мысалға келтірер болсам, Теміртауға келген жастардың басында талай қиыншылық болды. Қолма-қол металлург болып кету оңай емес-ті. Жұмыс ауыр. Кейбір жігіттер ауылына қайтып кетті, кейбіреулері «Бізге бір жеңілдіктер болса» деп күңкілдеді. Сонда Нұрекеңнің бір емес, бірнеше рет: «Маған қандай жеңілдік болуы керек! Аяқ-қолым сау. Мен қазақ екенмін деп басқалардан өзіме ерекше қамқорлық сұрауым керек пе? Жоқ! Мен қазақпын. Бұл — менің елім! Менің жерім! Маған ешқандай жеңілдіктің қажеті жоқ! Адал еңбектен, күреспен өз нанымды, өз орнымды табуым керек», — деп айтқанын естіген едім. Ол партком хатшысы боп сайлағанда Мәскеуден шығатын орталық газетке «Причислен к отстающим» деген көлемді сыни мақала шықты. Авторы Полторанин. Кейін КОКП ОК хатшысы Владимир Иванович Долгих та жазды. Теміртау қалалық атқару комитетін басқарғанымда қиыншылықтармен кездестім. Бір ғана мысал айтайын. Перзентхананы жаңадан салғызып, пайдалануға бергізгеніміз сол екен, дүниеге келетін сәбилер саны екі есеге өсті. Ол партком хатшысы боп тұрғанда Магниткаға тек қазақ жігіттерін жинап қойған жоқ, қазақ қыздарын да көбейтті. Міне, ұлтжандылықтың жарқын көрінісі! Осыны неге айпаймыз? Нұрсұлтан басқа хатшылар сияқты, «Мен парызымнан құтылдым» дегендей, проблеманы — қазақтың ұл-қыздарының Магниткада аз екендігін КОКП ОК алдында айтып қана қойған жоқ, ол өзінің айтқанын өзі орындады. 

5baf0838678cd920e69d5481627e0450.JPG

Сонау қиындыққа толы 70-жылдардан соң оңаша отырғанымызда: «Сұлтан, мен сені 1960-жылдары Кубаның құрылыс отрядын, кейінен өз мемлекетін басқарған Фидель Кастроға ұқсатамын», — дедім. Ол не деп жауап бергенін айтайын ба? «Оның ісі әрқашанда жақсы бола бермеді ғой. Фидель Кастроның орны өзгелерден бөлек», — деді. Мен бұл сөзіне қуандым, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының мақсаты ешбір көшбасшыға ұқсамас еді». Фотосуретте бейнеленген Украинаға мамандық игеруге барған қазақ жастары арада ондаған жыл өткенде оқу орнында бас қосты. 

Мақала мен суреттер Айтбай Сәулебектің «Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітабынан алып дайындалды. — Астана, «Сарыарқа» БҮ. 2011. — 392 б.  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?