2016 жылдың 13 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Будапешт қаласына жеткізілді деп хабарлады өзінің Фейсбук парақшасында ҚР Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Т. Рүстемов. Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінде оның бас директоры Золтан Коршош пен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай кездесті. Венгриялық тарапқа Кейкі батырдың бас сүйегі ДНК сараптамасын өткізу және қазақ батырының бейнесін қалпына келтіру үшін тапсырылды.
Музейдің антропологиялық бөлімінің басшысы Агнеш Куштар бейнені қалпына келтіру жұмыстарын басқаратын болады. Н. Әлімбай атап өткендей, Кейкі батырдың бас сүйегін Отанына қайтару және оның бейнесін қалпына келтіру Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиға болып табылады. Музейдің бас директоры Золтан Коршош қазақстандық тарапқа көрсетіліп отырған құрметтері үшін алғыс білдірді және венгриялық мамандар қазіргі заманғы ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, сапалы жұмыс жасайтындарына сендірді.
Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейіне биыл 214 жыл толып отырғанын айта кету керек. Ол жерде 10 млн. астам жәдігерлер сақталған. Музейдің антропологиялық бөлімі бет-әлпетті қалпына келтіру бойынша 70-тен астам жұмыс жасады, соның ішінде Әбілхайыр ханның бейнесі де бар.
Венгриялық антропологтар Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру жұмыстарын 2016 жылдың аяғында бітіруді жоспарлап отыр.