Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ТОСЫН СЫЙЫ

1516
 ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ТОСЫН СЫЙЫ - e-history.kz
90-шы жылдардың басындағы оқиғаларды зерттей отырып, КСРО-ның бірінші және соңғы президенті М.С. Горбачевтің ұстанған жолын назарларыңызға ұсынғымыз келіп отыр

Үзінділерде ресейлік ахуалды еске ала отырып, дәл осындай жағдай сол кезде Қазақстанда да, ТМД-ның басқа республикаларында да болғанын түсінуіміз керек. Михаил Горбачев өзінің «Кремльден кейін» кітабында мемлекет басшылығынан кеткен кейінгі өмірі жайлы және әлем мен елде болған маңызды оқиғалармен бөліседі.

2016 жылы кітап ағылшын тіліне аударылды және "The New Russia" атауымен Polity Press баспасында жарық көрді. Михаил Горбачев 1991-1993 жылдардағы оқиғаларды есіне алады. Олардың ішінде – КСРО-ның құлдырауы, экономикалық дағдарыс, Ресей парламентін ату.

Есеңгіреу

1991 жылдың тамыз айына қарай ауыр дағдарыстық кезеңдерден кейін балтық жағалауындағы республикаларда дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірленді.

Жаңа Одақтық шартты жасау жұмысы аяқталды және 20 тамыз күні оған республиканың басшылары қол қоюлары тиіс болатын. Ал күзде біз партияның кезектен тыс съезін өткізбекші едік, ол оны социал-демократия мен реформаторлықтың жағына қарай өрістетпекші еді. Әрине, кез-келген жағдайда да жеңіл болмайтындығы түсінікті, егер бүлік болмағанда, кейінгі қиратушылық тәртіпсіздікті болдырмауға болар еді.

Бүлік сәтсіздікке ұшырады, бірақ ол сепаратистерге, радикалдарға, экстремистерге жол ашты. Мұның салдарын көптеп санауға болады. Одақтық мемлекеттің таралуы, барлық республикаларда демократиядан кейін шегіну, экономикадағы тәртіпсіздік – осының барлығын ашкөзді және бағытсыз адамдар пайдаланып, қалғандарын кедейлерге айналдырды, Ресейдегі және басқа республикалардағы ұлтаралық қақтығыстар мен қан төгістер және ақыр аяғында – 1993 жылдың қазан айындағы Ресейдің Жоғары Кеңесін ату. Менен осының барлығына жауапкершілікті сезінем бе, жоқ па деп жиі сұрайды. 1991 жылдың аяғында Беловежскі келісімінен кейін «менің батылдырақ әрекет етуім керек» еді дегенді айтады. Мен жауап беремін: мен ақырына дейін тұтас мемлекет үшін күрестім. Жағдайдың азаматтық шиеленіске, тіпті азаматтық соғысқа айналып кетуіне жол бермеу керек болатын. Мұздай қаруланған елде ол қарапайым соғыс емес, ядролық соғысқа ұласып кетуі мүмкін еді. Сондықтан, терең толғаныстардан кейін мен қазірдің өзінде ең дұрыс шешім деп санайтын тоқтамға келдім – мен КСРО Президентінің міндеттерін орындауды тоқтататынымды мәлімдедім. Беловежскийлік келісім – жалғандық тарихы. Және одан бөлек – оның қатысушыларының, әсіресе Ресей тарапынан өзін-өзі алдауы. Олар өздері ойлап тапқан ТМД «Горбачевсіз Одақ» болады деп үміттенді. Бірақ олай болмады. Мен барлық күш-жігеріммен болдырмауға тырысқан оқиға орын алды – одақтық мемлекет қиралды. Және өзімнің президент қызметімдегі соңғы күндерімде бұл оқиғалардың қоғамның одан әрі бөлінуін, экономикалық байланыстардың үзілуін, деинтеграциялық үдерістердің күшеюін болдырмау жолында әрекет етуім керектігін түсіндім. 1991 жылдың басында зейнетақы мен жалақының ең төменгі деңгейі 100 рубль шамасында болды, ал орташа жалақы екі, екі жарым есеге көп болатын. 1992 жылдың басында халық табысының төменгі деңгейі үш жарым есеге артты, ал орташа табыс – бір жарым-екі есеге артты. Бірақ нан 10-15 есеге, сүт – 15-20 есеге, май мен қаймақ – 30 есеге, картоп – 10-20 есеге, ал нарықта 50-100 есеге өсті. 1992 жылдың қаңтар айындағы бағалық есеңгіреуге 1991 жылдың желтоқсан айындағы дүңгіршіктердің жаппай босауы ықпал етті. Шырпы мен тұз жоғалды. Жармалар, қант қаптап сатылып кетті... Адамдар бағаның шарасыз көтерілетінін біліп, тауарларды көптеп сатып алуға кірісті. Өндірушілер мен сауда ұйымдары бағаның өсуін күтіп, тауарларын қоймалар мен базаларында сақтап отырды. Нәтижесінде инфляциялық болжалдар одан бетер аспандап, соңғы айларда бүкіл тауарайналымның берекесі кетті. Көпсағаттық кезектер мен бос дүкендердің кінәсін «горбачевтік қайта құруға» жаба салды. Бағаның өсуі халыққа ауыр тиді. Қаңтардың бастапқы апталарынан бастап Ресейдің көптеген қалаларында әлеуметітік-саяси ахуал шиеленісе түсті, аяқасты наразылықтар белең алды.

Қатерлі шешімдер, қатерлі күндер

Президент және Жоғары Кеңес арасындағы ымыраны көтермейтін қайшылықтармен туындаған билік дағдарысы жалғасты және үлкен қайғымен аяқталу қаупімен қорқытты. Оның негізгі себебі елде барған сайын жағдайдың нашарлауы еді. Біз жағдайды талдап, оның қорытындысы көңілді жұбайтпайтынын білдік: «Халықтың көпшілігінде оппозициялық көзқарас пен орталық билікке – Президентке де, Жоғары Кеңеске де сенімсіздік өршіді, бірақ көбісі – әртүрлі себептермен – жаңа батыл өзгерістерден қорықты. Орталықта атқарушылық және заң шығарушылық билік арасындағы салыстырмалы тепе-теңдік орнықсыз еді». Мен алайда, әлі де бұрынғыдай ұзаққа созылған дағдарыстан шығу үшін тек қана жаңа сайлау үміт беретініне сенімді болдым. Ельциннің басқа жоспары болды және жаздың аяғында (1993 жылдың – ред.) ол парламенттен құтылып, дағдарысты шешу ниетін түбегейлі бекітті.

Қыркүйек айында президент парламентті күштеп жоюға дайындық жасады. Қорғаныс және ішкі істер министрлерімен бірге Мәскеу түбіндегі элиталық дивизиялар мен әскери бөлімдердің бұйрықтарын орындауға дайындығын жеке өзі тексерді. Теледидар экранында әскери киіммен және соғыс винтовкасымен жиі көрінетін болды. 21 қыркүйекте Ресей Президенті халық депутаттары мен Жоғары Кеңес съездерінің өкілеттілігін тоқтату туралы № 1400 Жарлығына қол қойды. Конституциялық сотқа президент 12 желтоқсанға тағайындалған жаңа заң шығарушылық орган - Федералды жиналыс сайлауына дейін жиналыстарды тоқтата тұруды «ұсынды». Сол күні РФ Конституциялық соты президенттің 1993 жылғы 21 қыркүйектегі жарлығына сәйкес оның барлық әрекеттері мен шешімдерін РФ Конституциясына сәйкес келмейтін деп шешті және сондықтан РФ президенті Б.Н. Ельциннің қызметінен кету үшін негіз болды. 22 қыркүйекте РФ Жоғары Кеңесі «РФ Президенті мемлекеттік төңкеріс жасады» деп мәлімдеген жаңа қаулыны қабылдайды.

Сол күні Жоғары Кеңес Қылмыстық кодексті конституцияға қарсы әрекетті мүлікті тәркілеумен бірге өлім жазасына дейін жазалауды қарастыратын баппен толықтыруды қаулы етті. Б. Ельцин бұл жәйтті жеке өзіне қарсы бағытталған қауіп деп сезінді. Мен Ельцинге 21 қыркүйекке дейінгі жағдайды қалпына келтіруді ұсындым. 29 қыркүйекте Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы ІІ Алексей қан төгілуді болдырмау үнімен сөз сөйледі. Шіркеу ымыра іздеуге кірісті. Оған президенттің бұйрығымен әскерлер қоршаған ғимаратта кеңесіп отырған Жоғары Кеңестің көптеген мүшелері дайын болды.

Бірақ 3 қазанда Мәскеудегі жағдай әбден шиеленісті. А. Макашов пен В. Анпилов бастаған қарулы адамдар, шерушілер «Ақ үйдің» жанындағы қоршауды бұзып, Жаңа Арбаттағы жаңа мәрия ғимаратын жаулап алды және Останкино телеорталығына бағыт алды. Кешке қарай Ельциннің жарлығымен төтенше жағдай енгізілді. Отанкино телеорталығының алдында атыс басталды, оның нәтижесінде көп адамдар қаза болды және жараланды. Ондаған адамдар, бірнеше тілшілер өлді. Жағдайды тез арада қолға алу керек болды. 4 қазан күні таңертең ол жүзеге асырылды. Бірақ дәл осы кезде таңғы сағат 10-да «Ақ үй» алдындағы көпірде ғимаратқа оқ атқан танкілер бой түзеді! Мәскеудің орталығында ресми деректер бойынша 160 адамның өмірін жалмаған қысқа мерзімді азаматтық соғыс орын алды.

Бұл кезде ғимараттың ішінде шамамен мың адам болды - депутаттар, аппарат қызметкерлері, қызмет көрсетуші персонал, журналистер, әйелдер, балалар. Үй лаулай бастады - қара түтін бүкіл қабаттарды жалмады. 14.30-да Кеңестер үйінен ақ ту ұстанған адамдар шыға бастады. Руцкой, Хасбулатов, Макашовтар тұтқындалды. Б. Ельцин халыққа жасаған үндеуінде Мәскеуде «қаруланған фашистік-коммунистік бүліншіліктің» жаншылғанын мәлімдеді. Менің ойымша, «Ақ үйдің» жанында орын алған оқиға ештеңемен ақталмаған кек алу болды. Мұны кешіруге болмайды. Бүгінгі күні олардың ешқайсысы билікке қалуға құқысыз. Орын алған оқиғалардан кейін біздің ешқашан бұрынғыдай болмайтынымызды көпшілігі түсінеді.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?