Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Б.Момышұлын кумир тұтқан Кастро қайтыс болды

3005
Б.Момышұлын кумир тұтқан Кастро қайтыс болды - e-history.kz
Бүгін Кубаны 50 жылға жуық басқарған және ІІ Дүниежүзілік соғыста Б.Момышұлының ерлігін мойындаған Фидель Кастро қайтыс болды.

Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, 600 реттен астам қастандықты басынан кешірген «бостандық аралы» көсемінің басынан кешпегені жоқ.

1926 жылдың 13 тамызы күні ауқатты отбасыда дүниеге келген Кастро бала күнінен білімге деген құштарлығымен және ерекше есте сақтау қабілетімен көзге түседі. 13 жасында өз әкесіне қарсы шеруге шыққан жұмысшыларға қосылып, революция жолына алғаш рет қадам басады. Сол кезде оның: «Кім менімен болса, не өледі, не жеңеді» деген әйгілі сөзін сыныптасы Макс Лестник жазып алады. 1940 жылы АҚШ Президенті Франклин Рузвельтке хат жазып, жауап алады.

Кастроның Рузвельте жазған хаты. Бұл хатты  АҚШ Мұрағат басқармасының қызметкерлері тек 2004 жылы тапқан.

Мектеп бітірген соң, «Вифлеем» иезуит колледжіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған жылы Гавана университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Кейін адвокаттық қызметпен айналысып, заң көмегіне жүгінуге шамасы жоқ кедейлердің құқығын қорғайды. Маркс, Ленин, Троцкий, Сталин еңбектерін жете зерттеп «егер халқым мені Сталин секілді «сыйласа», коммунист болуға әзірмін» деп қалжыңдаған екен.

1952 жылы депутаттық сайлауға түсіп жеңіліс табады. Куба билігіне генерал Батиста үкіметі орнаған соң, біршама уақыт Мексикада бой тасалап, Че Геверамен танысады. 1959 жылы қарулы төңкеріс нәтижесінде билікке келген Кастро 2008 жылға дейін елді басқарды. 2006 жылы ауыр науқастан кейін ол билікті інісі Рауль Кастроға беріп, содан бері жұрт алдына көп шыққан жоқ. Фидель Кастро соңғы рет биыл тамыздың 13-і күні өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысқан кезде халық алдына шыққан еді.

Кастро билігі КСРО-мен тығыз қарым-қатынас орнатты. Соның нәтижесінде ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлы Кастроның арнайы шақыруымен «Бостандық аралына» сапар шегіп, «Куба әсерлері» деген шығармасын жазды. Осы сапар кезінде Куба халқы Б.Момышұлын зор құрметпен қарсы алады.

Б.Момышұлы Куба әскерилерінің арасында. 1963 жыл. 

Оған Куба Революциялық қарулы күштері 51-ші полкінің құрметті командирі атағы берілді. Ол сондай-ақ, Куба еліне сапары кезінде әскери оқу орындарында жауынгерлік ұрыс туралы лекция оқыды. Момышұлының дәрістерін Куба әскерилері арнайы пән ретінде оқу бағдарламасына енгізді. Осыдан кейін бұл бағдарламаны Израиль, Никарагуа, АҚШ әскерилері аударып, білім жүйелеріне енгізуді жалғастырып әкетеді.

Б.Момышұлы Кубалық әскерилерге дәріс оқыған сәт. 1963 жыл

1963 жылы Фидель Кастромен болған сұхбатта ол: «Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры ретінде кімді атар едіңіз?» деген сұраққа: «Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының қаһарманы - қазақ Момышұлы», - деп жауап берген екен. 

1962 жылы күзде СССР-дің Кубаға атом қаруы бар зымырандарды орналастыруы тарихта «Кариб дағдарысы» деген атаумен белгілі саяси дағдарысқа алып келген еді. Тарихшылар бұл дағдарыс кезінде әлем ІІІ дүниежүзілік соғысқа шақ қалған деп сипаттайды.

Мақалаға қатысты қызықты деректер:

  • А.Бектің Б.Момышұлы туралы жазылған «Арпалыс» шығармасы Израиль Қорғаныс армиясы офицерлері үшін міндетті түрде оқылатын кітаптардың қатарына кіреді;
  •  Куба тәуелсіздігін алған 1960-шы жылдары КСРО көмек ретінде 100 млн доллар көлемінде көмек берді деген тың деректер бар;
  • Кастроның өміріне шамамен 600 реттен астам қастандық жасалған;
  • Ф.Кастроның хоббиі кітап оқу болған;
  • 2010 жылы Туиттерден ресми аккаунт ашқан Кастроның бүгінде 500 мыңға жуық оқырманы бар.

Мақаланы әзірлеу барысында «Караван» және «Знамя труда» газеттерінің суреттері пайдаланылды.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

         

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?