Қытайдағы аз ұлттардың мәдениет, білім және медицина салалары да қарқынды даму үстінде. 1980-2010 жылдар аралығында, мектептер мен университеттерде оқитын аз ұлт өкілдері, ҚХР құрылған алғашқы жылдармен салыстырғанда 12 есеге, мұғалімдер саны 20 есеге, ауруханадағы төсектер саны шамамен 85 пайызға, ал медицина саласындағы қызметкерлер саны 80 пайызға өскен. Жаңа заман медицинасымен қатар, халық медицинасы да дамыды. Әсіресе Тибет, Ұйғыр, Моңғұл, Қазақ медицинасы бой¬ынша арнаулы емханалар, оқу орындары ашылып, жаңа заманға лайық өркен жайып келеді. Бүгінгі дүниедегі елдер ұлттық және көп ұлтты мемлекет болып бөлінеді. ҚХР – көп ұлтты елдердің бірі. Бүкіл елде әлем елдері конститутциясы мойындаған 56 ұлт өмір сүреді. Бұның ішінде жан саны ең көбі хань ұлты (қытай) елдегі бүкіл жан санының 91 пайызын құрайды. Қалған 9 пайызы ірілі-ұсақты 55 ұлттың өкілдерінен тұрады. Елдегі VI кезекті жалпыұлттық халық санағының ресми дерегі бойынша олардың жан саны мен мекендейтін өңірлері төмендегідей:
Чжуаң зулар. Олар өздерін Поушұң деп атайды. Шамамен 17 миллионға таяу. Жан саны бойынша екінші орында. Негізгі мекені – ҚХР-дің Гуаңши Чжуаң-зу автономия районы (өлке), Юньнанның Выншан, Гуаңдұңның Ляншан өңірлері. Поушұң тілі осы халықтың ұлттық тілі болып есептеледі. Бұл қытай-тибет тілдері жүйесінің Тұң-Дай тобына жатады. Ертеде қытай иероглифтерінен өзгертіп алған шақпақ жазуды қолданған. 1955 жылы латын әрпіне көшкен. Олар халық ретінде жаппай бір дінді ұстанбайды. Яғни, біразы буддизмді, біразы католик, тағы біразы христиан дінін ұстанады.
Дүңгендер. Негізінен Ниң-Шия дүңген автономиялы аймағына, гансу, Хынан, Хыбей, Чинхай, Шыңжаң қатарлы өлкелерге қоныстанған. Жан саны 11 миллионға таяу. Дүңгендер тұтастай қытай тіл-жазуын қолданады. Бірақ олар – Ислам дінін ұстанатын мұсылман халық.
Ұйғырлар. Олар негізінен Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағына (өлке) қоныстанған. Бұдан тыс Хунаньның Тауюаньауданында біраз ұйғырлар тұрады. Ал шетелдерде – Қазақстан, Өзбекстан, Пакистан, Ауғанстан қатарлы елдердеде бір қауым ұйғыр өмір сүреді. Қытайдағы жан саны 11 миллион шамасында. Ұлттық тілі – ұйғыр тілі. Түркі текті, мұсылман халық. Тауюань ауданындағы ұйғырлар түгелімен қытай тіл-жазуын қолданады. Ал, Шыңжаңдағы ұйғырлар 1959 жылдан 1983 жылға дейін латын жазуын қолданып келді де, 1983 жылдан бүгінге дейін араб алфавиті негізіндегі төте жазуды қолданады.
Изулар. Бұл халық қытайдың Січуан, Юньнан, Гойжоу, Гуаңши тәрізді өлкелерге қоныстанған. Жан саны 7 миллионнан астам. Изу тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-вьетнам тілдері тобына жатады.
Тарихта бір түрлі бейнелі жазу қолданып келген олар 1980 жылдан бастап, бұрынғы жазуларының негізінде жүйеге түскен, ыңғайлы жазу әрпін қолданып келеді. Бірақ, тілдеріндегі диалектілердің тым алшақтығына байланысты бұл жазу жаппай қолданыла қойған жоқ. Изулар төтемдерге, ата-баба аруағына табынады. Халықтың біраз бөлігі будда дінінде.
Мяузулар. Өздерін Чо шұң деп атайтын Мяузу халқы елдің Гойжоу, Хунан, Юньан, Гуаңдұң өлкелеріне бытырай қоныстанған. Жан саны 9,5 милионға таяу. Мяу тілін Мяузулардың біразы ғана қолданады. Бұл тіл – қытай-тибет тілдері жүйесінің Мяузу тобына жатады. 1956 жылдан бастап латын жазуына көшу қаулы етілгенмен, жазу кең таралмай келеді. Мяузулар көп құдайлы, төтемді ұстанады.
Манзулар. Өздерін Манжу деп атайтын бұл халықтың жалпы саны 10,5 миллионға таяу. Елдің Хейлонжяң, Ляуниң, Жилин, Хыбей өлкелері мен Пекин, Чынду Сиань, Көкхот қалаларына орналасқан. Манзуларда тегінде дербес тіл болған, қазір олардың бәрі дерлік қытай тіл-жазуын пайдаланыпкетті. Манзу тілі Алтай тілдері жүйесінің тұңғыс-манжу тілдері тобына жатады. Дені шаман дінін ұстанады. Аз бөлігі будда дініне сенеді.180
Тибеттер. Өздерін «Подба» деп атайтын тибет халқының жалпы адам саны 6,5 миллионға жуық. Тибет тілінде сөйлейтін бұл халық негізінен қытайдың Көгарт-Тибет үстірті өңірінде, Січуан, Ганьсу, Юньнан өлкелеріне қоныстанған. Бұдан өзге Непал, Пакистан, Үнді, Буддан елдерінде, сондай-ақ Америка, Еуропа, Тынық мұхит аймағы, Африка елдерінде де тибеттіктер өмір сүріп жатыр. Тибеттің ұзақ тарихққа ие тіл, жазуы бар. Тибет тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-вьетнам тобына жатады. Діні – махаяна-буддизм. Бұл дін будда дінінің ұстанымдарына жергілікті тибеттік тарихи сенім-нанымдарды сіңірген, «тибеттенген буддизм» болып келеді. Сондықтан бұл дін кейде «Лама діні» деп те аталады. Бұл діннің ерекшелігі – үндідегідей будқа емес, тірі монахқа табынады.
Моңғұлдар. Қытай Халық Республикасындағы 6 миллионға таяу моңғұл ҚХР Ішкі моңғұл автономиялы өлкесіне, Ляуниң, Жилин, Хейлоңжяң, Шынжаң, Чинхай қатарлы аймақтарға орналасқан. Моңғұл тілі алтай тілдері жүйесінің моңғұл тілдері тобына жатады. Моңғұлдар күні бүгінге дейін ескі ұйғыр жазуын қолданып келеді. Олар негізінен тибеттік үлгідегі будда (лама) дінін ұстанады. Кейбір деректерге қарағанда, өздерін мұсылманбыз дейтін моңғұл тайпалары да бар көрінеді.
Тужялар. Өздерінің ұлт атын Биска деп атайтын тужя халқының жан саны 8 миллионнан астам. Олар елдің Хубей, Хунан, Січуан өлкелеріне орналасқан. Тужя халқының ішінде өз тілін білетіндер өте санаулы, көбі дерлік қытай тілін қолданады. Халық ретінде бір дін ұстанбайды. Біразы аруаққа табынады.
Буйілер. Өздерін Пуйүй деп атайтын бұл халық негізінен елдің Гүйжоу өлкесіне қарасты Лопиң, Січуанның Ниңнань өңіріне қоныстанған. Жалпы жан саны 3 милионға таяу. Буйілер жарым-жартылай ғана өз тілдерінде сөйлейді. Олардың тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің ішіндегі тұң-дайтілдері тобына жатады. Оларда бұрын тіл болғанымен, жазу болмаған. 1956 жылдан бастап латын жазуын қолдану жөнінде шешім қабылдаған. Көп құдайлы дінді ұстанады.
Дұңзулар. Өз ұлтының атын Кам деп атайтын дұңзулар елдің Гүйжоу, Хунан, Гуаңши өлкелеріне қоныстанған. Жалпы саны 3 миллионға таяу. Олардың ұлттық тілі есебіндегі Дұңзу тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің дұң-шүй тобына жатады. Тарихта жазуы болмаған. 1958 жылдан бастап латын жазуын сынақ ретінде қолданып келеді.
Яузулар. Елдің оңтүстік өлкелеріне бытырай қоныстанған. Жан саны 3 миллионға таяу. ҚХР-ның Гуаңши, Гуаңдұң, Юньнан, Хунань өлкелеріне бытырай қоныстанған. Яу¬зулар бір халық ретінде ортақ тілде сөйлемейді. Бір-біріне қатысы жоқ үш тілде сөйлейді. Содан да күні бүгінге дейін ортақ жазу қолдана алмай отыр. Аруаққа, көп құдайлы алғашқы дінге сенеді.
Корейлер. Өздерін Шо сын шөк деп атайтын корейлер елдің Жилин, Хейлоңжяң, Ляуниң қатарлы үш өлкесіне қоныстанған. Қытайда жан саны 2 миллионға жуық. Корей тілін ғалымдар ішінара Алтай тілдері жүйесіне жатқызып жүр. XV ғасырда негізі қаланған корей жазуы бұл күнде жүйелі жазу үлгісіне айналған. Біразы будда дінінде, біразы христиан дінінде.
Бәйпөлер (Байзу). Адам саны 2 миллионға таяу бәйпөлер елдің Гүйжоу, Хунан, Хубэй өлкелеріне бытырай, сондай-ақ Юньнаннің Дали Бәйпө автономиялы облысына шоғырлана қоныстанған. Олардың ұлттық тілі бәйпө тілі қытай- тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тілдері тобына жатады. Ежелден қытай жазуын пайдаланып келеді. Біразы буддаға, біразы католик, тағы біразы христиан дініне ұйыйды.
Ханилер. Жан саны 1,5 миллионнан астам ханилер Юнь¬нан өлкесіне орналасқан. Хани тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тілдері тобына жатады. Тарихта ұлттық жазуы болмаған. 1957 жылдан бастап латын жазуын пайдаланып жүр. Ханилер де бүгінгі іргелі діндерге мүрит емес. Олар негізінен көп құдайлы.
Қазақтар. 2010 жылғы ресми дерек бойынша, қазақтардың Қытай Халық Республикасындағы жан саны 1,5 миллионға таяу. Ал бейресми мәліметтер 2 миллионнан астам дегенді айтады. Елдің Шыңжаң өлкесіне қарасты Іле қазақ автономиялы (Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары) облысына, Құмыл аймағының Баркөл қазақ автономиялық ауданына, Санжының Мори қазақ автономиялы ауданына, Гансу өлкесіне қарасты Ақсай қазақ автономиялы ауданына, Чинхай өлкесіне қарасты Моңғұл-Тибет-Қазақ автономиялы облысына шоғырлы, Үрімжі, Күйтің, Шыхызы, Қарамайлы қалаларына, Бұратала моңғұл автономиялық облысына бытырай қоныстанған. Ұлттық тілі – қазақ тілі. Шыңжаңдағы қазақтар 1962 жылдан 1983 жылға дейін латын жазуын қолданып келді де, 1983 жылдан бүгінге дейін араб алфавиті негізіндегі төте жазуды қолданады. Бірыңғай мұсылман дінінде.
Дайлар. Жан саны 1 миллион 200 мыңнан астам. Негізінен елдің Юньнан өлкесіне шоғырлана қоныстанған. Ұлттық тілі – дай тілі, қытай-тибет тілдері жүйесінің дұң-тай тобына жатады. Тарихта дай халқы төрт түрлі жазуды қатар қолданып келген. 1954 жылдан кейін ғана жазуын бір ізге түсіре бастады. Дай халқы негізінен буддизімнің мүриті.
Лизулар. Жан саны 1,5 миллионға таяу. Қытай Халық Республикасының Хайнань өлкесіне шоғырлана қоныстанған. Ли тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің дұң-тай тобына жатады. 1956 жылдан латын жазуын қолданады. Лизулар көп құдайлы дін ұстанады.
Лисулар. Жан саны 700 мыңнан астам. Юньнан өлкесіне топтаса қоныстанған. Ұлттық тілі – Лису тілі, ол қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тілдері тобына жатады. Бұрын жазуы болған емес. Тек 1957 жылдан бастап латын әліппесі негізіндегі жазу қолданылып келеді. Көп құдайлы дінді ұстанады.
Шызулар. Халық саны жарты 700 мыңнан астам. Ұлттық тілі аса дамымаған. Бұл күнде бәрі дерлік қытай тіл-жазуын қолданады. Оған жан санының аздығы, әрі Фузян, Чжэзяң, Гуаңдұң, Жяңши қатарлы өлкелерге бытырай қоныстануы да себеп болса керек. Аруаққа табынады.
Гаушан ұлты. Жан саны 400 мыңнан сәл ғана асады. Гаушандар елдің Тайван өлкесіне қоныстанған. О баста өздерінде ортақ тіл болмағандықтан, бұл күнде олар қытай тіл-жазуын пайдаланады. Тотемге табынады.
Лахолар. Юньнан өлкесіне қоныстанған. Халық саны 500 мыңға таяу. Лахо тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тобына жатады. 1957 жылы латын әліппесіне негізделген жазу жасағанымен, онша таралмай келеді. Табиғат тотеміне ден қояды.
Авалар (Уазу). Елдің Юньнан өлкесіне орналасқан. Жан саны 430 мыңға таяу. Авалардың тілдері Оңтүстік Азия тілдері жүйесінің мыңгаумян тобына жатады. Бұрыннан жазу болмаған. Тек 1956 жылдан бері латын әліппесі негізіндегі жазу пайдаланылады. Біразы буддизм, біразы христиан сенімінде.
Шүйлер. Жан саны 400 мыңнан астам. Елдің Гүйжоу өлкесіне қоныстанған. Жазуы жоқ. Будда дінінде.
Дұңшяңдар. Гансу өлкесіне топтаса қоныстанған. Жан саны 600 мыңнан астам. Дұңшяң тілі – Алтай тілі жүйесінің моңғұл тілдері тобына жатады. Мұсылман халық. Нашилер. Юньанның Лижяң Наши автономиялық ауданына қоныстанған. Жан саны 330 мыңға таяу. Наши тілінде сөйлейді. 1957 жылдан латын жазуын пайдаланып келеді. Будда дінін ұстанады.
Қырғыздар. ҚХР-дағы жан саны ресми дерек бойынша, 190 мың шамасында. Шыңжаң өлкесіне қарасты Қызылсу қырғыз автономиялы облысына, Хейлұңжяң өлкесінің Фую ауданына қоныстанған. Қырғыз тілін, араб әліпбиі негізіндегі төте жазуды қолданады. Қытайдағы қырғыздар негізінен мұсылман, бірақ Шәуешектегі, Хейлұңжяңдағы қырғыздар будда дінін ұстанады.
Чяңзулар. Січуан өлкесіне шоғырлы қоныстанған. Жан саны – 300 мыңнан астам. Негізінен қытай тілі жазуын қолданады. Ежелгі анимизм дінін ұстанады. Жиңполар. Юньнан өлкесіне қоныстанған. Жан саны 150 мың шамасында. Жиңпо тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тобына жатады. Жиңполардың латын жа¬зуын пайдаланғанына бір ғасыр болып қалды. Анимизмді ұстанады.
Дағұрлар. Жан саны 140 мыңға таяу. Дағұрлар Ішкі моңғұл, Шыңжаң, Хейлұңжяң өлкесіне қоныстанған. Ұлттық тілі – дағұр тілі, Алтай тілдері жүйесіндегі моңғұл тіл тобына жатады. Жазуы жоқ. Буддистер.
Сібелер. Манжу тектес халық. Жан саны 190 мың шамасында. Шыңжаң өлкесіне қарасты Шапшал ауданын мекендейді. Сібе тілі Алтай тілдері жүйесінің тұңғыс-манжу тобына жатады. Манжу жазуын қолданады. Шаман дінін ұстанады.
Салар. Жан саны 130 мың шамасында. Чихай өлкесіне қоныстанған. Салар тілі алтай тілдері жүйесінің түркі тілдері тобына жатады. Жазуы жоқ. Мұсылман.
Бұлаңдар. Юньнан өлкесіне қоныстанған. Жан саны 120 мың шамасында. Бұл күнде бұлаңдар қытай тілі жазуын қолданады. Будда дінін ұстанады.
Мулаулар. «Мулау» – өз ұлттарының тілінде «ана, шеше» деген мағынаны білдіретін сөз. Жан саны 215 мың шамасында. Басым көпшілігі Гуаңши өлкесіне қарасты Лочың мулау автономиялық ауданына қоныстанған. Бұл күндері қытай тілі жазуын қолданады. Тотемге табынады.
Маунандар. Жан саны 100 мыңнан астам. Гуаңши өлкесіне шоғырлана қоныстанған. Қытай тілі мен жазуын пайдаланады.
Тәжіктер. Шыңжаң өлкесіне қарасты Ташқорған ауда¬нына шоғырлы қоныстанған. Жан саны 50 мыңнан астам. Тәжік тілінде сөйлейді. Ислам дінін ұстанады. Қытайдағы тәжіктер дерлік ұйғыр тіл-жазуын пайдаланады.
Пумилер. 40 мыңнан астам. Дені Юньнан өлкесінде. Тіл- жазуы жоқ, қытай тіл-жазуын пайдаланады. Будда дінінде. Нузулар. Жан саны 38 мыңға таяу. Юньнан өлкесіне қоныстанған. Нузулар да негізінен қытай тілі жазуын қолданады. Буддистер.
Ачаңдар. Өздерін Начаң деп атайтын бұл халық елдің Юньнан өлкесіне шоғырлы қоныстанған. 40 мыңға таяу. Ачаң тілі – ұлт тіліне айналмай, өшіп бара жатқан тіл. Көп құдайлы діндері бар.
Эвенкілер. Елдің Ішкі моңғұл автономиялық районына шоғырлы қоныстанған. Эвенкілердің жалпы саны 31 мыңға таяу. Эвенкі тілі жалпы Алтай тілдері жүйесінің тұңғыс- манжу тілдері тобына жатады. Олардың біразы қытай тілі жазуын, енді біразы моңғұл жазуын қолданады. Будда дінін ұстанады.
Өзбектер. Елдің Шыңжаң өлкесіне бытырай қоныстанған. Жалпы саны 10 мыңнан астам. Өзбек тілінде сөйлейді. Жеке жазуы, баспасөзі жоқ. Олардың көбі ұйғыр тіл жазуын, біразы қазақ тіл жазуын пайдаланып келеді.
Ды-аңзу (Быңлүң). Жалпы саны 20 мың. Быңлүң халқы Юньнан өлкесіне шоғырлы қоныстанған. Ұлттық жазуы болмағандықтан, Оңтүстік Азия тілдері жүйесіне жататын Быңлүң тілі іс жүзінде пайдаланудан қалып барады. Будда дінінде.
Жиңзулар. Жалпы жан саны мыңға таяу. Елдің Гуаңши өлкесіне қоныс тепкен. Жан саны 28 мың. Бұл күнде олар түгелге дерлік қытай тілі жазуын қолданады. Жиңзудың діні – будда.
Жинолар. Жан саны 23 мыңнан астам. Юньнан өлкесіне қоныстанған. Жино тілі қытай-тибет тілдері жүйесінің тибет-мян тілдері тобына кіреді. Жазуы жоқ. Сыйынатыны – көп құдайлы дін.
Сарыұйғырлар. Гансу өлкесіне шоғырлы қоныстанған. Жалпы саны 15 мың мөлшерінде. Сарыұйғырлардың жан саны аз болғанымен, екі түрлі тілде сөйлейді. Бірі – Ал¬тай тілдері жүйесінің түркі тілдер тобына жататын тіл де, екіншісі – моңғол тілдері тобына жататын тіл. Олардың ұлттық жазуы жоқ. Будда дінін ұстанады.
Бауаньдар. Жан саны 20 мыңнан астам. Бауаньдар Гансу өлкесіне қоныстанған. Олар негізінен қытай тілі мен жазуын қолданады. Ислам дінінде.
Мынбалар. Жалпы жан саны 10,5 мың. Тибет автономиялы ауданының оңтүстік өңіріне қоныстанған. Бұл күнде өз тілдері ұмытылып, тибет тіл-жазуын пайдаланады. Көп құдайлы.
Дулоңдар. Өздерін «Руоң» деп атайтын бұл халықтың жан саны 7 мың. Тілдері ұлттық тіл деңгейіне көтерілмегендіктен, дулоңдар түгел дерлік қытай тіл-жазуын пайдаланады. Көп құдайлы діндері бар.
Орочендер (Ы-лун-чун). Халық саны 9 мыңға таяу. Елдің ішкі моңғұл, Хэйлоңжяң өлкелеріне қоныстанған. Орочен тілі Алтай тілдері жүйесінің тұңғұс-манжу тобына жатады. Алайда, ұлттық жазуы болмағандықтан, олардың негізгі бөлімі қытай тіл-жазуын, тағы біраз бөлігі моңғұл тіл-жазуын пайдаланады. Шаман дінін ұстанады.
Татарлар. Жан саны 3,5 мың. Шыңжаң өңіріне бытырай қоныстанған. Жалпы саны аз болғандықтан, өз тіл жазуын еркін, жеткілікті деңгейінде пайдалана алмай отыр. Олардың біразы ұйғыр тіл-жазуын, енді біразы қазақ тіл-жазуын қолданады. Ислам дінін ұстанады.
Орыстар. Халық саны 15 мыңнан астам. Орыстар Шыңжаң өлкесінің Құлжа, Шәушек, Алтай қалаларына, ҚХР қиыршығыс өлкелеріне бытырай қоныстанған. Олардың дені қазақ, ұйғыр тілдерін пайдаланады. Христиан дінінде.
Лобалар. Елдің Шизаң өлкесіне шоғырлы қоныстанған лобалардың жалпы жан саны 3,5 мың. Лобалар түгелімен будда дінін ұстанады. Тибет тіл-жазуын пайдаланады.
Хыжылар. Жалпы жан саны 5,5 мыңдай. Хэйлоңжяң өлкесіне қоныстанған. Тегінде хыжы тілі Алтай тілдері жүйесінің тұңғыс-манжу тобына жатады. Бірақ қазір олар қытай тіл-жазуын пайдаланады. Шаман дінінде.
Міне, ҚХР-дағы қытайдан (ханьзу) өзге аз санды ұлттар осылар. Бұлардан өзге ұлты анық еместер саны 640 101 адам. ҚХР азаматтығын қабылдаған шетелдіктер саны 1448 адам. Ал осы қытайдан (хань) өзге 55 ұлттық ішіндегі ұлттық баспасөзі, жоғары оқу орны бар, өз ана тілдерінде орталық пен өлкеде радио-теледидар ашып-басқарып отырған ұлттар – моңғұл, тибет, ұйғыр, қазақ, корей халықтары болып табылады.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ғалым, қытайтанушы