Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

11 қыркүйек – батыстың спецификалық әлсіздігі

1890
11 қыркүйек – батыстың спецификалық әлсіздігі - e-history.kz
АҚШ-тың электрондық жоғары дәлдікті қарулары, ғарыштық бақылау, қуатты боеголовкалары, өте сезімтал глобалдық радарлы-басқару жүйесі, көрінбейтін қасиеті бар ұшақтар декорация үшін болмаса неге керек?

2001 жылдың қыркүйегіне дейін Құрама Штаттардың әскери жүйесінің озықтығы Вашингтонға қарулы күштерінің жабдықталуы әлсіз оппоненттеріне еркін басымдық көрсетіп, халықаралық дауларда жүгінетін ақырғы қазы болуына мүмкіндік беріп келді. Және де бұл үстемдік ондаған жылдарға созыла беретіндей көрінетін.

Алайда 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін Американың қорғаныс осалдығы әлемдік саясаттың бағытын айқындаушы басты факторға айналды. Дәлірегі, бұрын ешкімнің де ойына үш ұйықтаса да кірмеген күмән пайда болды: «Егер де, – деп түйді қатардағы адамдардың қарапайым қисыны, – қарсылас жақ жай ғана асхана пышағымен қаруланып алып, Америка әуекомпанияларының ішкі рейстеріне билет сатып алып, еш кедергісіз мемлекеттің басты обьектілеріне соққы бере алатын болса, онда Құрама Штаттар арсеналындағы электрондық жоғары дәлдікті қарулар, ғарыштық бақылау, қуатты боеголовкалар, өте сезімтал глобалдық радарлы-басқару жүйесі, көрінбейтін қасиеті бар ұшақтар декорация үшін болмаса неге керек?»

Отқа оранып, қирап бара жатқан егіз сауда орталығын тікелей эфир арқылы тамашалаған әлем жұртшылығының көз алдында «сыртқы қатер» мінездемесі осылайша өзгеріп сала берді. Ең масқарасы сол, сол шақтардағы жаһандық барлауға жұмсалатын 33 млрд. долларға қарамастан АҚШ үкіметі өздеріне кімдердің, қандай мақсат қойып, қандай мотивпен шабуыл жасағанынан бейхабар болып шықты.

Шынтуайтында, батыс әлемі үшін сол сәтте адами және материалдық шығынның аса зор мөлшері емес, керісінше, дәстүрлі, әдеттегі «ұстап тұру» жүйесінің дұрыс жұмыс істемей қалғаны қорқынышты болды. Егер қарсыласың өзінің мұрат-мақсатының жолында өлуге бар болса, онда оны ешқандай да күштің шегіндіре алмайтыны айдан анық жайт. «Қырғи қабақ» соғыстың «қырғын қарап» соғысқа айналып кетпеу себебі, ең алдымен, «өзара жойылуға» жүз пайыздық кепілдіктің берілгендігінен болатын. Бұған екі жақтан да ешкімнің дауы жоқ еді. Бірақ, мінекейіңіз, «жүре берсең көре бересің» демекші, жазылмаған «аман қалу» инстинктіне пысқырып та қарамайтын адамдар тарих сахынасына көтерілді.

 Мәселенің мәдени-ділдік жағы

Бұл құбылыс еуропалық сана-сезімдегі адамдар үшін түсініксіз де сұмдық. Геодонистік құндылықтарға бой алдырған, өзінің жеке бас құқығын бәрінен артық көретін «өмір» культіндегі оларға терроршылардың жанқиярлығы жабайылық болып көрінді. Бір жағынан мұны өркениеттік аспекті арқылы да түсіндіруге болады. Әдетте батыс мәдениеті үшін адам өмірі жоғары бағаланады. Яғни, ең әуелі, тұлғаның рөлі, сонан кейін барып мемлекет, халық ауызға алынады. Екіншіден, батыс жұртшылығы негізінен солтүстік халықтары болғандықтан, географиялық ерекшелігіне қарай азсандылығымен ерекшеленеді. Ежелгі замандардан оңтүстік елдерімен салыстырғандағы солтүстіктік анағұрлым қатал табиғат жағдайлары Еуропада белгілі дәрежеде демографиялық көрсеткішті төменгі деңгейде ұстап тұратын.  Ортағасырлардың өзінде осы дәстүр қатаң сақталып, ең қанқақсатқан қақтығыстарда да  билеушілер табы мүмкіндігінше қарапайым еңбекші халықты арандатып алмауды көздейтін.

Бұдан бөлек, Еуропа мен АҚШ-да салтанат құрған неолиберализм идеологиясы патшалығында тұлғаның құны тым шарықтап кетті. Әсіресе, барша индустриалды дамыған мемлекеттерді сілкілеп жатқан бала туылымының құлдырауы қоғам санасында әрбір адамды шын мәнінде де қайталанбас та бірегей етті. Сондықтан да  болар, батыс жұртшылығы әскери қимылдар кезіндегі әрбір сарбаз шығынына азар да безер болады. Реті келсе, қаржылық шығынның бетіне қарамастан өз жауынгерлерінің бір тал шашының түспеуін қадағалайды. Мәселен, бітімдестіруші миссияда жүрген бір солдаттың шейіт кетуінің өзі қоғамдық айғай-шуды қоздыра алады. Немесе болып өткеніне 20 жыл да толмаған «Құмдағы дауыл» операциясына қатысқан ардагерлерге әлі күнге мемлекеттік жеңілдіктер мен компенсациялардің еселеп, үздіксіз төленіп тұратынын немен түсіндіруге болады? Югославияда, Ауғанстанда, Иракта өткен соғыс қимылдарын батыс баспасөзінің өткір сынға ұшыратып жатқанын да ең алдымен  осыдан деп ұққан жөн.

Классикалық «еуропалық соғыс» тұрғысынан бұл қасиет америкалық мемлекеттік қайраткер һәм саясаттанушы Патрик Дж. Бьюкенен айтпақшы, «батыстың специпикалық әлсіздігі» болып тұр. Яғни, еуропалық әскердің басты кемшілігі – жанқиярлықтың жоқтығында болса, керісінше, оған қарсылас болуы мүмкін тараптардың әсіре жанқиярлығы мен фанатизімі қауіп ойлатпай қоймайды. Бірақ батыстық әскери стратегтер «мұның орнын жоғары дәрежелі технологиямен толтырамыз» деседі. Олардың ойынша, АҚШ пен Еуропа өз қарсыластарынан техникалық тұрғыда әлдеқайда артық. «Ал бүгінгі таңдағы заманауи соғыстарда адамдардың емес, техникалардың текетіресетінін ескерсек, жеңіс біздің жағымызда болады» дейді. Дегенмен батыстың осы өле алмау әлсіздігі қарсылас жақ тарапынан «террористік» деп аталатын әскери стратегияларда  жемісті қолдануға итермелеуде.

«Камикадзе» идеясы

Шығыстың бірде-бір державасы тап қазір батыс әлемімен ашық қарсыласуға шыдас бере алмайды. Бірақ оның қай-қайсысының да рухы биік, ішкі қуаттары бекем, парыз бен қарыздың парқын шамалаған, керек болса ұлы идеал жолында жанкештілікке баруға әзір. Міне, батыстың зәресін алып отырған да осы нәрсе. Егер ертең (құдай сақтасын дейік) С. Хантингтон болжаған «өркениеттер қақтығысы» бола қалса, адами тұрғыдан ұтылыста екенін біледі. Тіпті өткен ғысырдың өзінде оларға шығыстық жанкештілікпен кездесуге тура келген болатын. «Камикадзе» деген сөзді асқан үреймен оларға алғаш сонда естуге тура келді.

«Камикадзе» деп жапондықтар 1281 жылы моңғол ханы Құбылайдың теңіз флотын суға батырған ғаламат күшті дауылды атайды. Жапония аралдарын жаулауға аттанған басқыншы қалың қосыннан табиғат қаһары оңай құтқарған жапондар оны кейіннен «қасиетті жел» деп дәріптеп, ұлттық құндылық дәрежесіне дейін жеткізгені мәлім.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғына қарай, өздерінің жеңіліс табатынынын аладын-ала сезе бастаған Жапон басшылығы ұшқыштардың ерекше бөлімдері – камикадзелер баталондарын құрды. Олар өз ұшақтарына бомбалар мен жарылғыш заттарды сықып тиеп алып, Америка кемелерін соққылайтын. Соңғы кездегі зерттеулерге сенсек, кей кездері қайта оралуды мүлде мүмкін етпес үшін ұшақтарды шассисіз де ұшырып жіберетін болған-мыс. Әйтсе де, АҚШ флотына камикадзелер айтарлықтай зиян келтіре алмады, сондай-ақ, мұндай әдіс арқылы соғыстың бағытын өз пайдасына шешу де мүмкін болмады. Есесіне жеңіс үшін ажалға қарсы жүретін, профессионал өлімге бас тігушілер идеясы жаңа заман тарихында бірінші рет шынайы өмірде жүзеге асып, жарық дүниеге жол тартты.

XX ғасырдың аяғына қарай жаңа техникалық құралдардың жетілгені себепті, осынау тәсіл аздап мазмұндық өзгеріске ұшырай отырып, соғыстан жеңілуші яки саяси-экономикалық тұрғыдан мешеу халықтар арасында қанат жая түсті. Бәрінен де оны батыстың тізесі қатты батып отырған үшінші әлемнің елдері сүйікті күрес дәстүрі етіп алды. Мысалы, Таяу Шығыстың өзінде палестиналықтар Израильге қарсы осы әдісті пайдалануда. Бүкіл батыс әлемінің қолдауына ие болып отырған Израиль дәл бүгінде әскери тұрғыда айналасындағы мұсылман көршілерінің қайсысын болсын жайпап жіберердей құдіретті. Ал оны өзімен санастырудың бірегей жолы – өмірін қию арқылы үстемдік алу жолы ғана болып отыр.

Ережесіз соғыс

Батыс ареалы «шектеусіз терор» стратегиясы алдында жаңа туған баладай қорғансыз. Дәл осы шақта, ол, кез-келген жерде, кез-келген сәте өзін жарып жіберуге әзір мыңдаған басын өлімге тіккен ажалмандарға қарсы түкті де қарсы қоя алмайды.  Батыс әлемінің магазиндері, мемлекеттік ұйым ғимараттары, әуежай-вокзалдары, ұшақтары, ірі фирмалардың офистері күшейтілген қырағы күзет жүйесіне қарамастан террорлық әрекеттер алдында дәрменсіз. Алдын ала келісілген 9/11 тектес бірді-екілі акцияның өзі, өткен жарылыстар тәжірибесі көрсеткендей, бүтін мегаполюстерді кернеп кетуі мүмкін үрей тудыра алады. Егер мұндай террорлық актілер жиілейтін болса, батыс әлемі тәртіп пен тұрақтылықтан айырылып, мемлекеттік жүйелер жұмысының апатқа ұшырауы кәдік.

Жалпы, егер сандық тұрғыдан қарайтын болсақ, АҚШ әскеріне Иракта т.б әлемнің түпір-түкпірлерінде елеулі шығын келтіретіндер – ажалмандар. Олар орыс жазушысы М. Веллер жазғандай, жанкешті ондаған америкалық әскери қызметкерлер тұрған жерге келіп, өзін жарып жіберуі мүмкін. Нәтижесінде бір өлімге жау жақтан он өлім болмақ. Ал мұндай инциденттерді болғызбауға Американың ғарыштық үстемдігі де, жоғары технологиялары да көмектесе алмайды.

АҚШ генералдарының кейде осындай акцияларға көңіл толмаушылықтарын білдіріп, теледидар арқылы «шын ер болса, ашық алаңға соғысуға келмей ме» деп күйіп-пісіп жататынын да сондықтан ба дейсің. Қалай десек те, кезінде Ресейге басып кірген Наполеон да «орыстар маған қарсы ереже бойынша соғысып жатқан жоқ» деп шағынған екен. Тарихқа үңілсек, орыс мұжықтары құраған партизан отрядтары тылдан шабуыл жасап, әскерлер арасындағы коммуникацияны үзіп, қару-жарақ қоймаларына жойып, материалдық һәм адами контингентті аяусыз шығынға ұшыратқан көрінеді. Ал ол дәуірдегі салтанат құрған дүниетаным бойынша, қарапайым азаматтар, яғни бейбіт тұрғындар әскери қимылдар кезінде үйінде тыныш отыруы керек болған. Кейін қай жеңгенінің иелігіне өту еш қиындық тудырмаса керек. Бірақ орыс ағайындардың не істегенін басқа-басқа біздер бес саусағымыздай білеміз ғой. АҚШ-ның әскери теоретиктері жанкештілерге қарсы қандай «сюрприздер» дайындап жатыр? Әзірше мұның емін таппағанын көріп отырмыз. Атышулы оқиға өткелі бергі аралықта атап өтерліктей бірде-бір усойқыны байқамадық. Қалай десе де, бұл енді алдағы жылдардың еншісіндегі іс.

Ерболат МАМЫРАЙХАН

  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?