Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бозорги шығармашылығындағы миниатюра

2348
Бозорги шығармашылығындағы миниатюра - e-history.kz
Бұл – сәуле мен көлеңкесі жоқ кескіндеме. Бейне өте нәзік сызықтық суреттің және таза әрі үйлескен түстік таңбалардың негізінде салынады

2018 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен ирандық миниатюра «МАВЛАНА мен САМА» атты көрме ашылды. Көрме Ирандағы Ислам революциясының 39 жылдығын мерекелеуге арналған мәдени шаралар аясында ұйымдастырылып отыр.

Орта ғасырларда Таяу және Орта Шығыс елдерінде шарықтау шегіне жеткен миниатюра өнері Иранның көркем өнерінде ерекше орын алды. Бұл – сәуле мен көлеңкесі жоқ кескіндеме. Бейне өте нәзік сызықтық суреттің және таза әрі үйлескен түстік таңбалардың негізінде салынады. Шығыс поэзиясындағыдай, миниатюрада да кеңінен танымал сюжеттер мен көркемдік әдістерді қайталау дәстүрі қалыптасқан. Сонымен бірге, миниатюра дүнияуи өнер ретінде шындыққа неғұрлым жақынырақ болды.

Көрмеде атақты суретші, ирандық кескіндеменің түрлі техникаларының оқытушысы, Өнерді дамыту институтының құрметті мүшесі Бехзад БОЗОРГИДІҢ миниатюралары жұрт назарына ұсынылады.

Көрмені ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай САТЫБАЛДИН қазақ пен иран халқының арасындағы тығыз мәдени байланыс бағзы замандардан келе жатқанын, олар аңыздарда, поэзия, ертегі, археологиялық ескерткіштерде, өнер туындылары мен тілімізден байқалатындығын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастар саясат, экономика, мәдени салада қарқынды дамып келе жатыр. Миниатюра үлгісіндегі ирандық кескіндеме бүгін Иранда қайта жанданып жатыр. Осы жанрда жұмыс істейтін көптеген талантты суретшілер бар, солардың бірі – Бехзад  БОЗОРГИ.

Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба ДАМИРЧИЛУ мырза музей басшылығына іс-шараны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауына алғыс білдірді.  

– Көрме Ирандағы Ислам революциясының 39 жылдығын мерекелеуге арналған мәдени шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Көрменің мақсаты – Қазақстан мен иран халықтарының бір-бірін танып-білуі үшін екі халықты жақындастыру. Ирандық миниатюра – бұл ирандық мәдениет түрлерінің бірі болып танылатын Иранның ертеден келе жатқан көне өнерінің бір көрінісі. Миниатюра өнері қоғамда болып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық процестерді көрсетеді. Миниатюраларда Иран мен оның көршілерінің тарихын аша түсетін оқиғалар бейнеленген.

Кеңесші Масуд ШЕЙХ ЗЕЙНЕДДИН Мавлана туралы қызықты тарихты әңгімелеп берді.

Мавалана Қазақстанда Руми ретінде, ал Иранда Мавлана немесе Маулави ретінде белгілі. Мавлана Жәлел ад-Дин Руми Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх қаласында өмірге келген. Ол 12 жасында отанын тастап, қажылыққа аттанады. Меккеге бара жатқан жолында ол Ирандағы бір қаладан өтіп бара жатып, бір діндарға кездеседі, болашақта осы бала үлкен жетістіктерге жетеді деген екен. Қажылығын аяқтаған соң Жәлел ад-Дин Руми сол кезде Рум деп аталған қазіргі Түркияның аумағына бағыт алады. Конья қаласына тоқтап, Румда өмір сүргендіктен сол уақыттан бастап Руми деген атпен белгілі болды. Ол факих, яғни құқық саласындағы ислам маманы болған. Оның өзінің мектебі болған, ол жерде ол ислам заңы, шариғаттан сабақ берген.  38 жасында Шамса Тебрезимен кездескен. Осы кездесуден кейін ол Шамсе Тебрезиге 60-қа жуық бәйіт (өлең) арнаған.  Бұл оның өмірбаянындағы маңызды кезең. Кейбіреулер Румидің «Маснави» кітабын парсы тіліндегі Құранмен салыстырған. Пакистандық белгілі ақын-жазушы Ихбал Лагури «Маснави» жырлары – бұл парсы мен пехлеви тілдеріндегі Құран деп өлеңмен жырлаған.

Бехзад БОЗОРГИ Қазақстанда осымен екінші рет өткізіліп отырған көрмесіне қызығушылық танытқандарға алғысын айтты. Бұл көрме – Мавланаға арналған үш жылғы еңбектің жемісі.

– Бізде миниатюра өнері маңызды орын алады, бұнда сызықтар мен түс маңызды. Бұл көрме пәлсапалық әрі тылсым сипатқа арналғандықтан, мен түрлі түстерді мейлінше аз қолдануға тырыстым. Бұл жерде негізінен, ақ, алтын және қара түстер көрсетілген. Мен сызықтарды қолданып, төртбұрыш емес, дөңгелек тәрізді фигураларды қолдануға тырыстым. Дөңгелек емес, сопақша сызықтар қолданылатын кескіндеме – шығыс кескіндеме өнері тәсілдерінің бірі. Миниатюрада жуан және жіңішке сызықтарды қолданып, өнерді сол арқылы көрсетуге тырыстым.

Көрменің ресми ашылу салтанатынан кейін Тегеран мектептеріндегі кескіндеменің түрлі техникаларының оқытушысы Бехзад Бозорги Иранның кескіндеу өнерінің шеберлік сыныптарын өткізді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?