Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әзірбайжан Республикасына 100 жыл

3137
Әзірбайжан Республикасына 100 жыл - e-history.kz
1918 жылы мұсылмандық Шығыста тұңғыш мұсылмандық демократиялық республика құрылып, ол Әзірбайжан Демократиялық Республикасы деп аталып тарихқа енді

Небәрі 23 ай тұрған парламенттік республика барлық мемлекеттік институттарды құрып, өз қарулы күштерін жасақтап, шекаралас мемлекеттерде елшіліктерін ашуға қол жеткізді. Ғасыр басында өмір сүрген Әзірбайжан Республикасының елтаңбасы мен туы – қазіргі Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік атрибуттары.

1991 жылғы 18 қазанда Әзірбайжан Республикасы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы хабарлады және өзін ӘДР-ң құқықтық мұрагері ретінде жария етіп, сол республиканың елтаңбасын, гимні мен туын мемлекеттік деп таныды.

Мамед Магераммов 1895 жылы дүниеге келген, Санкт-Петербург Императорлық университетінің медицина факультетінде оқыған, кейін білімін Мәскеу университетінде жалғастырған. 1918 жылы Әзірбайжан парламентінің жұмысына қатысқан. 1919 жылдың қаңтарында кеңесші ретінде Париж бейбіт конференциясына жолданады. 1920 жылғы сәуір төңкерісінен кейін Парижде қалып, Парижде жұмыс істеген Кавказ халықтары делегациясының жұмысына белсене қатысады. «Прометей» ұйымының белсенділерінің бірі болған. 1929 жылдан 1939 жылға дейін Әзірбайжан ұлттық орталығының мүшесі осы құрылымның қазынашылығын да басқарған. Көне кітаптар мен антиквариат коллекциясын жинаушысы ретінде белгілі, Парижде шағын дүкені де істеп тұрған. Өмірінің ақырына дейін Әзірбайжан тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру үшін күрескен.

Бірінші дүниежүзілік соғыс біткеннен соң, 1918 жылдың қарашасында, әлемдік ірі қарулы қақтығыстардың алдын алу үшін, жеңімпаз елдердің бастамасымен құрылған Париж бейбіт конференциясы шақырылды.  Бірінші дүниежүзілік соғыс жеңімпаздары шын мәнінде,  конференцияда әлемнің геосаяси картасын қайта бөлуді бастады. конференция жұмысына 27 елдің делегаты қатысты, бірақ, әлемнің соғыстан кейінгі тағдырын ірі державалар шешті. Парижге келердің алдында АҚШ президенті Вудро Вильсон тарихқа «Вильсонның 14 тармағы» деген атпен енген өзінің танымал сөзін жариялаған еді. Жаңа принциптер тәуелсіздік жолына енді тұрған аз халықтардың еркіндігі мен тәуелсіздігін алуға үміт берді.  Қағидаттардың бірі былай деді: тең үлкен және кіші елдердің саяси тәуелсіздігін кепілдендіру үшін Ұлттар Лигасы құрылуы керек. Әзірбайжан өз атын Ұлттар Лигасында көргісі келді. Жас республика әлемдік ірі державалар тарапынан тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығының кепілдендірілуін қажет етті.

Әзірбайжан үкіметі 1918 жылдың аяғында-ақ Париж бейбіт конференциясына делегация құра бастады. Делегация мүшелерінің уәкілеттіліктері туралы ресми мандатқа 1919 жылдың 7 қаңтарында қол қойылды. Тізімде А. Топчибашевтан басқа М. Гаджинский, А. Агаев, Э. Шейхульисламов, М. Магераммов, М. Мехтиев және Д. Хаджибековтар болды.

Делегация мүшелері Еуропаға Константинополь арқылы барулары керек болды, бірақ, алдымен жеңімпаз елдердің өкілдерінен рұқсат алу керек болды. Келісім алу процесі ұзаққа созылып, олар Константинопольде біраз кідірулеріне тура келді. Сол кезде Әзірбайжан делегациясымен қатар Константинопольге бұрынғы Ресей империясының құрамына кірген бірқатар аз ұлттардың өкілдері де келген еді. Парижге апаратын барлық жолдар  Константинополь арқылы болды және тек жеңімпаз елдердің келісімімен ғана конференцияға қатысуға рұқсат етілетін.

Бүгін 17 қазан, ал біз әлі Парижге шыққан жоқпыз. Бакуден алыстаған сайын, делегацияның әлсіздігі қаттырақ сезіле түседі. Біздің көршілеріміз делегация құрамына ең белгілі әрі беделді деген 12 қайраткерін кіргізіпті. Оның үстіне Лондон мен Парижде де өз адамдары, өз комитеттері бар. Делегация құрамын күшейту туралы мықтап ойланғандарыңыз жөн және біздің материалдық жағдайымыз да мәз емес. Ірі қаражатың болмаса, Парижде бірде-бір істі істей алмайсың дейді бізге. Біз жүрегімізбен ұлттың берекесін ойлаймыз, біздің жалғыз мақсатымыз – тәуелсіздік.

 

А. Топчибашев.

Алимардан-бек Топчибашев 1865 жылы өмірге келген. 1888 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін тәмамдаған. 1902-1905 жылдары Баку қалалық думасын басқарған алғашқы мұсылман, «Каспий» газетінің редакторы, Ресейдің Бірінші Мемлекеттік Думасының депутаты және оның мұсылман фракциясының төрағасы болған. Әзірбайжан тәуелсіздігін алған сәттен министр мәртебесінде Түркияға елші болып жіберіледі, ал, 1918 жылғы 7 желтоқсанда Парламент төрағасы болып сайланады. 1918 жылғы желтоқсанда Париж бейбіт конференциясының төрағасы болып тағайындалады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Бакуге қайтып оралмаған. Өмірінің ақырына дейін Әзірбайжан тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру үшін күрескен.

Әзірбайжандық делегация үнемі қаражат тапшылығын сезінумен болды. Өйткені, Грузия мен Арменияға қарағанда Әзірбайжан Еуропада  аз танымал еді. Сондықтан да, А. Топчибашев ірі насихат жұмысын жүргізді. Әзірбайжан туралы түрлі басылымдарда, түрлі газеттерде, журналдарда мақалалар шығуы үшін әзірбайжандық делегация бәрін істеді.

Францияға бара жолдың бөгелуі таза саяси сипатқа ие болғандығы еш күмән келтірмейді. Аз ұлттардың өкілдерін Парижге жібермеуге тырысты.

Әзірбайжандықтар қиын жағдайда қалды, өйткені, оларды бұрынғы Түрік империясына жақын халық деп санайтын, демек, олар жеңілген жаққа жатады деген сөз. Оның үстіне барлық Кавказ халықтары өкілдерінің ішінен армяндар Антантаның одақтасы болып саналатын. 1919 жылдың 1 қаңтарында армян делегациясы Парижге алғашқылардың бірі болып келіп, әзірбайжандықтардың Константинопрольде ұзағырақ қалуы үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Кавказда Әзірбайжанмен көршілес Грузия, Армения мен Солтүстік Кавказ үкіметтерінің делегациялары рұқсат алып, олардың бір бөлігі парижге жетіп те алған еді.   

1919 жылғы 7 сәуірде Парижге баруға тек үш адамға ғана: Гаджибековке, Магераммовқа және Гаджинскийге рұқсат етті. Конференцияға қатысу үшін Әзірбайжан үкіметі тіпті осы нұсқаға да келісті. Осы рұқсатты алған соң, Сыртқы істер министрі Зиятханов Тифлистегі Әзірбайжанның дипломатиялық өкілі Джафаровқа жеделхат жолдады:

«Константинопольдегі Топчибашевқа радио арқылы келесі жеделхат жіберуді сұраймын: Үкімет делегация мүшелеріне бөгелместен, дереу Парижге шығуды ұсынады. Егер сізге Париж конференциясына баруға болмаса, онда үкімет төрағалықты Гаджинскийге беріп, қандай жағдай болса да, делегацияны Парижге жіберуді ұсынады».

1919 жылғы 22 сәуірде делегация итальяндық пароходпен Парижге жүріп кетті. 2 мамырда Лилльге жетіп, әрі қарай Парижге апарар жолды жүрдек пойызбен жалғастырды. Әзірбайжан делегациясы Парижге 1919 жылғы 9 мамырда жетті. Париждегі қонақүйге орналасқан делегация мүшелері өздерінің ресми міндеттерін орындауға кірісіп кетті. Конференцияға қатысушы елдердің өкілдерімен кездесулер басталып, Әзірбайжанды насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды.

Бұл сурет мамырдың сол күндері Париждегі Клариж қонақүйінде түсірілген. Жігерлі жастардың жұмысқа құлшыныспен кіріскендері көрініп тұр.

Мамырдың өзінде елеулі табысқа қол жеткізгендерін айта кету керек. Атап айтқанда, Антанта елдерінің көшбасшыларымен кездесулер өткізілді және 28 мамырда АҚШ президенті А. Топчибашевті қабылдады. Бұл кездесуде Алимардан-бек Ресей империясының бұрынғы шекарасын қалпына келтіргісі келетін Колчак, Деникин болсын немесе басқа біреу болсын, Әзірбайжан үкіметінің ешкімді де мойындамайтындығы туралы батыл мәлімдеме жасады. Әзірбайжандықтар үшін тек қана Әзірбайжан Үкіметі мен Әзірбайжан Парламенті ғана бар.

Парижде бір ай тұрып, АҚШ Президенті Вудро Вильсонмен кездескен әзірбайжандық делегация мүшелері ұлы державалардың шынайы себептерін жақсы түсіне бастады. Батыс державалар көптеген шағын мемлекеттердің құрылғанына мүдделі емес. Кавказ халықтары Кавказ конфедерациясын, яғни біріккен Кавказды құру туралы ойлаулары керек еді.

Маусымның басында одақтастардың ақгвардия адмиралы Колчактың үкіметін мойындау мүмкіндіктері туралы сыбыстар тарай бастады, демек, Әзірбайжан қайтадан Ресейдің құрамында қалуы мүмкін еді. Сондықтан да 5 маусымда Париж бейбіт конференциясының төрағасы мен одақтас елдердің премьер-министрлеріне наразылық нотасын ұсынады. Құжатта былай делінген:

Ресейдің билік басына кімнің келгеніне қарамастан, өз үкіметі мен өз парламенті бар Әзірбайжан Республикасы Ресей құрамына енбейді.

Дәл осы күндері делегация мүшелері Вудро Вильсонға Әзірбайжан Тәуелсіздігі туралы меморандумды табыстады.

Меморандумда бір мезет болды – елдің географиялық орналасу жағдайын жіті зерделеген кезде Әзірбайжанның Ресейден Кавказ тауларының тізбегі арқылы бөлініп тұрғанын көруге болады. Халықтың Мәскеу мен Ресейдің славян халықтарымен ортақ ештеңесі жоқ, этнографиялық тұрғыдан да солай.   

Алайда әлемдік державалардың көшбасшылары басқа ойда болды. Одақтастар «Ақ қозғалысқа», яғни, бөлінбес, біртұтас Ресейдің жақтастары, Колчакқа, Деникинге сенім артып, большевиктердің жеңілісінен үміттенді. Ал, халықтардың тәуелсіздігі оларды аса бір толқытып, ойға батырған жоқ.

Бастан кешкен қиындықтары мен мәселелеріне қоса, ирандық делегация мүшелері конференцияға Әзірбайжанның бүкіл территориясына қатысты наразылық Меморандумын ұсынды.

Кавказдағы Азамат соғысы қатты алаңдаушылық туғызды. Сондықтан, делегация мүшелері, Деникин әскерлерінің Грузия мен Әзірбайжан үшін тудырған қауіп-қатеріне байланысты, конференцияға 4-ші наразылық нотасын ұсынды. Делегация мүшелері жұмысының тағы бір бағыты – Әзірбайжан  туралы үгіт-насихат материалдарын дайындау. Бұл жұмыс жақсы деңгейге қойылып, Әзірбайжан туралы француз тілінде бюллетень шықты, көптеген брошюра, газет мақалалары жарық көрді.  

1919 жылғы қыркүйекте Парижде қол қойылған экономикалық келісімдер туралы есеппен М. Гаджинский Бакуге жіберілді. Ол екі айдан кейін Парижге қайтады деп күтілген еді, бірақ Гаджинский Бакуде қалды.

1919 жылғы 17 қарашада Премьер-министр Дэвид Ллойд Джордж Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде Әзірбайжанды екі рет аузына алады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Полкпен әңгімесі кезінде Ллойд Джордж біртұтас большевиктік Ресейдің Еуропа үшін қауіптілігін айтып, сондықтан, «Грузия, Әзірбайжан, Украина, Бессарабия, Прибалтика, Финляндия және, мүмкін, Сібірдің де тәуелсіздігін мойындау керек шығар» деп ескертеді.

Большевиктер тарапынан Кавказға туған қауіпті ескере отырып, лорд Керзон Әзірбайжан мен Грузияның тәуелсіздігін дереу де-факто мойындауды ұсынады.

Одақтастардың Жоғарғы Кеңесі «Одақтас және біріккен мемлекеттер бірлесе отырып Әзірбайжан мен Грузияның тәуелсіздігін де-факто деңгейде мойындайды» деген шешім қабылдады.

15 қаңтарда Франция СІМ-де Франция СІМ-нің Бас хатшысы Жюль Камбон, ағылшын өкілі Филипп Керр мен Италия өкілі маркиз де ла Торрет Әзірбайжан мен Грузияның өкілдерімен кездесті. А. Топчибашевқа Әзірбайжанды де-факто мойындау туралы шешім тапсырылды. Әзірбайжан мен Грузия ресми түрде және халықаралық заң нормаларына сәйкес тәуелсіз мемлекеттер деп танылды. Осы актімен республикалар Ресейден бөлек, егемен мемлекет деп саналады.  Осы күні Әзірбайжан делегациясы Грузия, Эстония, Иран, Үндістан, Лозаннадағы Украина бюросынан,  «Франция-Кавказ» комитетінен және басқалардан көптеген құттықтау жеделхаттарын алды.

1920 жылғы 10 қаңтарда Германия және 4 одақтас ел (Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония) ратификациялаған соң Версаль бейбіт келісімі күшіне енді. Жеңілген елдердің ішінде бұл құжатқа өз одақтастарымен бірге, оның ішінде Түркия да бар, тек Германия ғана қол қойды.

Өкінішке орай, 1920 жылғы 28 сәуірде елді большевиктердің басып алуы Әзірбайжан Республикасының тәуелсіздігін мойындау процесін тоқтатып тастады. Биліктің ауысуына байланысты Париж бейбіт конференциясына қатысқан делегация мүшелері отанына қайтып орала алмады. Парижге жасаған уақытша сапарлары олар үшін өмір бойына созылған іссапарға айналды.  

2016 жылғы қаңтарда Әзірбайжанда Гейдар Алиев қорының қолдауымен дайындалған «Өмір бойына созылған іссапар» атты деректі фильм шығарылды. Бұл фильм 1919 жылы Париж бейбіт конференциясына іссапарға жіберілген әзірбайжандық делегацияның тағдыры туралы баяндайды. Шығармашылық топ Баку, Тбилиси, Мәскеу, Санкт-Петербург пен Париж мұрағаттарында зерттеулер жүргізіп, Франциядағы әзірбайжан эмиграциясы  бойынша ғалымдармен, мамандармен кездесті. 

Бір қызығы, «Өмір бойына созылған іссапар» фильмінде Париж бейбіт конференциясына Сібірдің, Орта Азияның делегаттары қатысқаны туралы бірнеше рет айтылады. Бәлкім, ол жерде қазақ зиялылары қызметінің ізі бар шығар? Олай болса, 100 жылдық тарих жаңа қызықты жалғасын табуы мүмкін!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?