«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 22 жылдығына орай «Менің Елім – Моя страна» атты мотожорық ұйымдастырған болатын, мақсат еліміздің 25 тарихи киелі орындарына арнайы саяхат жасап, тарихи құндылықтарға тағзым ету.
Сығанақ қаласы туралы алғашқы дерек X ғасырдағы «Худуд әл-Әлемде» деген парсы шығармасында бар Қала 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен алғаш белгілі болды. Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 шақырым). Сол кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп атаған. Ал мұсылман ғалымдары деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді.
Өйткені, Сығанақ ХІІ ғасырдың соңы ХІІІ ғасырдың басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол – ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазыпты. Б.з.б. 128 жылы төтенше тапсырмамен Сыр бойына келген қытайлық Чжан Цян тек бір ғана Ферғана өңірінде ірі 70 қала бар деп жазыпты. Зерттеушілер тек Жошы ұлысы қарамағында 150-200 қала болғаны жайлы айтады. «Х ғасырдағы атақты араб жағрафиятанушы, ғалым Ал-Идриси Сырдария бойындағы ғұндардың (оғыздардың) қалаларының көптігін жазып, олардың ішіндегі «Сауран, Сүткент, Сығанақ қалаларын ірі қалалар еді. Ал Сығанақ нағыз сауданың қайнаған ортасы» деп ерекше көрсеткен», – дейді қала тарихын зерттеген ғалым, профессор Сәйдін Жолдасбаев. Махмұт Қашқари «Сығанақ – оғыздар еліндегі қала» деп, ал Әбілғазының жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан.
Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары Кедейдің елшісі Хасан-Қажыны өлтіріп, моңғолдармен барынша қарсыласты» деп жазған. Сығанақтың жайнаған, құлпырған кезін көрген Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазады. Сол деректе белгілі болғандай, күніне 500 түйе сойылатын аса ірі шаһарда дала көшпелілері алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған. Қаланың атақты болуындағы тағы екі себеп: біріншіден, қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болса, екіншіден, қандай шапқыншылық болса да, өмір қайта жанданып отырғандығы. Әрине, оның Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы да үлкен даңққа бөлеген. Сығанақ өз тарихында талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Бұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Сығанақты 1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алса да, Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған, Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап, ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті.
Бірақ, Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. Кейін қазақ ханы Бұрындық Сығанақты алуға келгенде қаланың әкімі Қазы Садыр әл Ислам, тағы да басқа көрнекті адамдар, ақылдасып, бұл қала бұрыннан Бұрындық ханның ата-бабаларының қолында болған, сондықтан қаланы оған берсек тыныштық болады деп, беріледі. Міне, осы кезден бастап Сығанақ қаласы қайтадан Қазақ хандығының астанасына біржолата айналады. XVII–XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. Қаланы алғашқы зерттеушілердің бірі археолог П. И. Лерх 1867 жылы қала орнында болып, қалай, қайда орналасқандығын анықтаған. Ал 1892 жылы өлкетанушы Е.А. Смирнов Ташкенттен Қызылордаға жасаған барлау жұмысы кезінде Сығанақта болып, қаланың суландыру жүйесі туралы ғана хабарласа, 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А. Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап қалдырған. В. Каллаур «Пратаколы Туркестанского кружка любителей археологии» жинағында: «Сунақ-атада ең алдымен күйдірілген қыштан соғылған екі құрылыс назар аудартады. Олар осы жердегі қаламен тұспа-тұс болуға тиіс. Көлемді үлкен құрылыс үш бірдей тіреу есігі бар екі бөлмеден тұрады. Бұл бөлменің ұзындығы мен ені 9 кез», – деп жазады. ХХ ғасырдың 70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі Кемал Ақышев пен Карл Байпаковтар Сығанақ қаласының топографиялық тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытынды жасайды. Сығанақ жерінде халық салдырған мешітті шамамен 1937-1938 жылдары «Авангард» колхозының корейлері қиратып, мешіттің кірпіштерін үй, монша, т.б. құрылыс материалдарына пайдаланған. Ел аузындағы, аңыздар бойынша мешіт қабырғасына балта шапқан адамдар сол жерден құлап өлген.
Ал кейбірі ауруға шалдыққан. Қаланың қазіргі орны 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Бұл жер Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық темір жол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан. Қаратау жотасының оңтүстік батыс етегінде жатқан Белқар үстіртінде жатыр.