Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайғының пайдасы

2604
Қайғының пайдасы - e-history.kz
Кейде трагедияның ұлттың пайдасына жұмыс істейтін кезі болады. Көп жерден айырылып, тар жерге тығылған тұста қазақ құдды серіппедей сығылды. Содан кейін...

1609 жыл. Қытайды жаулап, күшін мың еселеп алған Мәнжүр тайпасы империя шетіндегі моңғол-қалмақ ұлыстарын өзіне қаратпақ болады. Мәнжүр қалмаққа тиіседі, ал қалмақ қазақты кеп ұрады. Құдды домино ойыны секілді. Ал қазақ жұрты, алапат соғысқа дайын болмай шығады. Амал жоқ, Сарыарқаны жоңғар-ойратқа қалдырып, қазақ хандығының өсіп шыққан ұясы Шу бойына, Қаратауға қайта келеді. Ол заманды тарихшылар «кіші моңғол шапқыншылығы» немесе біздің әдебиетте «бастапқы ақтабан» деп атайды. Осылайша жүз жылдай, қалмақ арқаны жайлап, «жақын көршіміз» болды. Олардың саны аз еді, бірақ жауынгер болды. Қазақ шежіресінде Сарыарқаның қалмағын «кіші қара қалмақ», шығыстағы қалмақты «қара қалмақ», батыстағы торғауытты «құба қалмақ» дейді.

Қаратаудың тар бауырына барып қамалу – қазақ үшін трагедия еді. Бірақ пайдасы да болды. Бұрын жер кең тұста, ханға өкпелеп қалған ру-тайпалар Ұлы Даланы тастап, басқа хандыққа кетіп қала беретін. Былайша айтқанда, қазақтың «ноғайға» яки «өзбекке» айналуы оп-оңай еді. «ҚАЗАҚ» деген сөз – ұлт атауынан гөрі әлі де болса өмір сүру салттың аты еді (Қазақ сөзі – еркін, ешкімге бағынбайтын деген мағына береді дейді ғой білетіндер.) Жоңғар Арқаны алып қойды да, өздерін қазақпыз дейтін ру-тайпа Қаратаудың бауырына жөңкілді. Дәл осы тар жер ҚАЗАҚ деген біртұтас, енді басқа жұртқа сіңіп кетпейтін ұлтты жасады.

Қаратаудың алақандай жазығына жиылған қазақ жұрты әйгілі «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» заңын түзді. Заң пайда болды дегенің ханның құзіреті, билігі артты деген сөз. Бұрын хан деген тек соғыс уағында ғана күллі құзіретті қолына алатын. Ал былайғы уақытта сыйлы азаматтың ар жақ-бер жағы ғана еді.  Тар жер – ханның билігін күшейтті. Салық жинаушылар тобы жасақталып, сыртқы елдермен байланыс, сауда мәселесіне жауапты уәзірлер тобы құрылды. Былайша айтқанда, білдей үкімет, министрлер кабинеті пайда болды деген сөз ғой. Қазіргі танымдағы мемлекеттің нышандары анық көріне бастады.

Не керек, Қаратаудың тар бауыры – мемлекеттігімізді нығайтып қана қоймай, әскерімізді күшейтіп алуға, жаңа соғыстың тәсілдерін үйренуге мүмкіндік берді. Осы арада соғыс өнерін шыңдау деген тұсты тарқата кетсек. Бұрын кең жазирада әр ру әр жақта жайылып жүретін. Әр тайпа өз білгенінше жігіттерін ұрысқа машықтандыратын. Көбінде көкпар ойыны – соғыстың репетициясы ретінде қарастырылатын.

Бірақ қалмақтар майдан даласына жаппай мылтықпен қаруланған әскер шығарды да, мың жылдық соғысу тәсілі түбірімен өзгеріп кетті. Мылтығы бар армия енді саған көкпар жасауға мүмкіндік бермейді. 50 метрге жақындатпай, атып тастай салады. 

Не істеу керек? Мылтықты армияға қарсы мылтығы бар әскер ғана қарсы тұра алады. Оның өзінде барлық сарбаз бір сәтте, бірге сатырлатып оқ жаудыруды білуі керек еді. Жаңаша соғысқа үйрену үшін үлкен әскер, бір жерде ұзақ дайындалуы керек еді. Бұрын, әр ру кең даланың әр бұрышында жатқанда бұл мүмкін емес еді. Енді бар қазақ бір жерде шоғырланып қалды. Адами ресурс жақын жерде, ас-ауқат жақын жерде. Әр ауылдан он шақты жігіт ал да, маневрдің түр-түрін үйрете бер.

Қаратаудың бауырына қашып тығылған қазақ осылайша заманауи соғысты үйренді. Ең бастысы мемлекеттігін күшейтті, ұлт ретінде ұйысты, соғысудың тәсілін меңгерді. Сөйтті де, Сарыарқаны кері қайтарып алу жорығына шықты. Пассионарлық дейтін «кие» енді қазаққа ауды. Бар-жоғы 50 жылда қалмақтан күллі территориямызды тазартып, Жоңғардың түп мекеніне баса-көктеп кіре бастадық.

Әрине, 90-100 жыл мекен еткен Сарыарқаны тастап қашу қалмаққа да оңай болған жоқ. Қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді» дегенге сарындас,  енді қалмақтың зарлы жыры пайда болады. Ол «Сарыарқамен қоштасу» деп аталатын өлең еді.

P.S. Кейде трагедияның ұлттың пайдасына жұмыс істейтін кезі болады. Көп жерден айырылып, тар жерге тығылған тұста қазақ құдды серіппедей сығылды. Сосын соңғы шекке жеткенде, атып кеп жіберді. Осы серіппедей атылған қазақтың күші бізге қазіргі ҚАЗАҚСТАНның территориясын сыйлап отыр емес пе?! 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?