Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ФИЛОСОФИЯСЫ

3385
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ФИЛОСОФИЯСЫ - e-history.kz
Әлихан Бөкейхан философиясының негізі – елге, жұртқа қызмет ету, адамзат баласына еркіндік рухының дәнін себу, яғни, энциклопедиялық масштабтағы дүниетаным

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді,  қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»

Әлихан БӨКЕЙХАН.

Әлихан Бөкейхан философиясықазақ саяси философиясының негізі, тұтас қазақ философиясының жаңа тұрпаттағы көрінісі. Әлихан Бөкейхан философияға ерекше құрметпен қараған, оған мынадай анықтама берген: «Оқудың ең қиыны – философия». Әлихан Бөкейхан философиясының негізі – елге, жұртқа қызмет ету, адамзат баласына еркіндік рухының дәнін себу, яғни, энциклопедиялық масштабтағы дүниетаным.

Әлихан Бөкейхан философиясының субстанциясы – қазақ халқының еркіндігі. Әлихан Бөкейханның еркіндік рухының философиясы субстанциялық дүниетанымында анық көрініс тапқан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»  Бұдан нені байқаймыз, тұлғаның шаһиттік өмірге (ұстараның жүзі) саналы баруы, өмірінің мәні – халқына жол көрсету. Елге, жұртқа ғұмырын арнау шешіміне жігер еркіндігі бар тұлға ғана бара алады. Философияда жігер еркіндігі – тұлғаның өз харекетін өзі айқындауы, өзінің харекет ету жолындағы еркіндігі мен мүмкіндігін өмір философиясына айналдыруы. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді» – бұл не? Бұл философиялық танымда – рефлекция, тұлғаның өткенді саралап, көкжиектің көркем болуын мақсаттауы. Мақсат, елдік дәстүрді жалғастыру: «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын». Әлихан Бөкейхан елге, жұртқа қызмет етудің үздік үлгісін рефлекциялық жолмен тарихи сананы жаңғырта еске түсіреді.

Әлихан Бөкейханның тарихи-философиялық еңбегінен тарихи сананы жаңғыртуға арналған екі мысалды келтірейік: 1. «Самый популярный среди киргизовъ, названный ими ханомъ, Абылай, тщательно избегалъ подчинениія киргизовъ чужой власти»; 2. «Въ сороковыхъ годахъ ХІХ века Киргизская степь въ последній разъ спомнила старину. Внукъ Абылай-хана Кенесары Касымовъ, затмившій въ народныхъ сказаніяхъ славу своего популярнейшаго деда, собралъ несколько тысячъ наездниковъ изъ представителей недовольныхъ и, объявитъ себя возстановителемъ былого величія киргизскаго народа, пытался поднять подъ свое знамя весь киргизскій народъ» [1; 2. Историческія судьбы киргизскаго края и культурныя его успехи.//Букейхановъ, А.Н. и др. Россія. Полное географическое описаніе нашего отечества. Киргизскій край, томъ 18, 156-175 стр. 1903 г. СПб. ]. Осы екі мысалдың алғашқысында Абылай ханның даналықпен ел-жұрттың еркіндігін ұстап тұрғанын көрсетсе, екінші мысалда, арыстан жүрек Кенесары ханның еркіндікке құштарлығын көрсеткен. Ә. Бөкейхан – осы екі мағынада да елдік дәстүрді саяси философия контексінде жалғастырушы бірегей тұлға.

Әлихан Бөкейханға дейін саяси философия контексінде ел тәуелсіздігі үшін күрестің жолын ешкім көрсете алмады. Әлихан Бөкейханның саяси дүниетанымына Еуразия кеңістігінде іштен де, сыртан да «жаулар» көп болған. Оған себеп: оның ерлік мінезі, терең білімі және ақсүйекке тән бас имейтін асқақ тұлғалық табиғаты және аса қуатты саяси концепциясы болатын. Абылай хан, Кенесары хан дәстүрін жаңа форматта саяси жолмен жалғастыру – тәуелсіздік санасының оралуы үшін күрес болатын. Әлихан Бөкейхан жоқты іздемеді, жаңа жолмен жоғалғанды іздеді. Әлихан Бөкейхан философиясы болмысының түйіні – елдің ертеңіне деген құштарлық болатын, басқаша айтсақ, жоғалып кетпеу философиясы, яғни бар болу танымы. Бар болу неден? Әлихан Бөкейхан соған жауап іздеген, саяси философияға ойшылдықпен келген. Қайтсем халқымды еркіндікке шығарам деген жолда философиялық-танымдық ізденісте болған. «Барды қалай жоғалтқан, бодан күйге қалай түскен, адамзат баласына ғажап өркениет әкелген түркі әлемі осыншама неге құлдыраған, одан шығар жол қайсы?»  деген сауалдарға жауап іздеген. Осы ізденіс жолында Әлихан Бөкейхан мінез философиясына ерекше ден қояды. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде Досмайыл ақсақал хатына қаратып жазған «Ашық хат» атты мақаласында философиялық ой толғаған. Онда Әлихан Бөкейхан: «Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйлетеді, я жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс – сырат көпірінен өтпей жұмысқа айналмайды» дейді [3. Қыр баласы. «Қазақ», 1913 ж., №2. Орынбор.]. Әлихан Бөкейханның философиялық танымы өте терең: «ақыл – сөз – іс» үштік танымның бірлігін шығару «қылкөпірден» өткенмен тең екенін айтады. Осындай философиялық үштік таныммен басталған еңбегінің түйін сәтінде өзгеше терең ұғым мінезге тоқталады: «Балқан соғысында екі жүз мыңнан аса адам өлді, бұл соғыс білімсіздіктен емес. Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден. Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған, онан бері білім отарба, телеграм, телефон, айроплан шығарды, жақсы мінезге тоқтаған адам аз, білім біліммен, мінез мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы бола ма, жаман бола ма, мұны құдай білер. Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білетіндерден көріп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімнен жақсы мінез шықса, бұл қалай?» (3. сонда.). Әлихан Бөкейхан мінез мәселесіне адамдық (адамшылық) қасиет тұрғысынан келіп, оған жауап іздеген. Өз мақаласындағы негізгі мақсат Досмайыл ақсақалдың сөзіне жауап беру болғандықтан Әлихан Бөкейхан өзі қойған терең сауалдың жауабын ашық қалдырған. Мақаланың түйін сөзінде Әлихан Бөкейхан былай дейді: «Бүгін Досмайыл ақсақалдан сөз айыруға қысқартып жаза салдым, құдай бұйырса, тағы неше бұл сөзге айналармын». Әлихан Бөкейханның «бұл сөзге неше айналармын» деуі мәселенің тереңдігін көрсетіп отыр. Автор мақаласында «Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған» дей келе, сол мінезді білім де түзей алмауы неліктен деп ізденіске түскен. Бұл тереңдігі жағынан Шәкәрімнің «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» сауалына ұқсас. Шәкәрімнің бесінші сауал-сөзі мынадай: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?». Оған академик-философ Ғарифолла Есімнің философиялық-толғау жауабы жарық көрді. Бұл қазақ философиясындағы жаңа сөз болды. Соған назар аударайық: «Бұл – Шәкәрімнің өз заманындағы қазақ оқығандарына қойған соңғы бесінші сауалы. Бұл сауалдағы негізгі проблема – адамның адамшылығы туралы. Мен адамшылықты не жақсы, не теріс дей алмаймын, ол бәрін қамтитын – феномен. Шәкәрім анық біліп отыр. Заман озған сайын білім молығып, адамдар білімді бола бастайды. Бірақ, мәселе сонда, сол білім адам табиғатын кемелдендіретін, яғни адамшылық ізгі қасиеттерді молықтыратын қуат бере ала ма? Әлде білім молыққан сайын адам болмысы қақпанға түсіп, оның басы дауға қала ма? Демек, Шәкәрім сауалы да заман озған сайын әр хакімнің айтқан тұжырым-ойларымен толыға түспек, бірақ сірә де толық жауап бола қоймас, себебі адамның соты адам емес, оның Жаратушысы болғаны табиғи түсінік пе деген пікірдемін» [4. Ғарифолла Есім. Бес Сауал. // «Шәкәрім» энциклопедиясы. 2008.].  Шәкәрімнің сауалы да, оған Ғарифолла Есімнің жауабы да антропологиялық философияның мәселесі. Біздің айтпағымыз, осы мәселені ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейханның да көтергені болып отыр. Ол да субстанциялық мәселерді, оның ішінде мінез мәселесін көтерген мақаласын мына сөздермен түйіндеген: «Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы бола ма, жаман бола ма, мұны құдай білер» [3. сонда].  Өкінішке қарай, Әлихан Бөкейханның совет дәуіріндегі торға қамалған арыстандай болған өмірі ойшылдыққа қайта оралуына мұрсат бермеді, мол мұрасы «жабулы қазан» астында қалды. Сондықтан Әлихан Бөкейханның дүниетанымы қазақ (ол кезде қазақстандық – Т.Ш.) философиясына жол бола алмады.

Әлихан Бөкейхан – тұлғасы әлемдік саясат пен мәдениет тарихында үлкен құбылыс. Әлихан Бөкейханды қазақтың ғана емес, адамзаттың ұстазының бірі десе артық айтқандық емес. Бүгін қадірі білінбегенмен ертең білінер. Осы тұрғыдан алғанда Әлихан Бөкейханды қазақтың саяси философиясының негізін қалаған ірі тұлға ретінде ғана емес, адамзатқа ортақ саяси қайраткер, философ-ғалым ретінде қарастырған дұрыс. 1905 жылы Қарқаралыда көтеріліс болды, оны жаншып тастау қажет деген желеумен империялық жүйені арқаланған генерал-губернатор күш көрсетуге қазақ даласына казактардың отрядын жібергенде, азулы аждаһаға арыстандай айбат көрсеткен Әлихан Бөкейхан болды: «Казахи пока не знаютъ и не чтутъ имена, величія борцовъ за свободу Россіи, начиная отъ Пестеля, кончая настоящими узниками Шлиссельбурга. Не умножайте свои преступленія, могильшики приказного строя! Ваши дни сочтены. Съ вами мы разсчитываемся въ русскомъ представительномъ собраніи» [5. Ә.Б. «Семипалатинскій листокъ», №264, 13.12.1905 г. Семипалатинскъ].   Әлихан Бөкейхан – бұл жерде қазақтың ғана емес, тұтас Россияның танымал тұлғасы ретінде сөйлеп тұр. Халықпен от ойнаған мемлекеттік жүйеге «сен қылмыскерсің, сенің күнің қараң» сендермен демократиялық жолмен басқаша сөйлесеміз деп айта алу асқақ мінезді, терең білімді, сол кездегі тұтас Россияға танымал ірі тұлғаның, көрнекті саяси қайраткердің ғана аузынан шығатын сөз. Тұрақты әскердің өзін «жендетке, жаналғышқа айналдырдыңдар» деп өткір айтқан да Әлихан Бөкейхан болатын: «Армія развращается правительствомъ. Вместо защитника родины изъ арміи делають ея палача» [6. Букейхановъ, А.Н. Омскъ, 2-го сентября. // «Иртышъ, №36, 02.09.1906 г. Омскъ.»].

Әлихан Бөкейхан мемлекеттік жүйенің демократиялық танымнан соншалықты алшақтағанын ашып көрсете білген. Осындай қиын кезеңде  «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұстанымдағы Әлихан Бөкейхан өз мақсатын іске асыру харекетіне жүйелі түрде кіріскен. Алып империяға мінезбен, біліммен қайрат көрсеткен. Әлихан Бөкейханның «Қарқаралы петициясын» ұйымдастыруы, «Қазақтар», «Қазақ тарихы», т.б. жүздеген іргелі еңбектерінің жарық көруі қазақ даласына саяси күштің келгенін, оның пассионарлық қуатты басшысы барлығын Еуразия кеңістігіне танытты. «Бөліп ал да билей бер» саясатының бет-пердесін ашып, ел болып бірігудің жолдарын әр еңбегінде халқының жүрегіне еге білді: «Мұнан бұрын «Қазаққа» жазылған еді: «Учредительное собраніе» құдайдан соңғы күшті, мұның ісін бұзатын үкімет жоқ», – деп. «Бұл барша Россия мемлекетінің негізгі законын басқарады», – деп. «Мұнда барша қазақтың да ісі қаралады», – деп. Біздің алаштың баласы «Уредительное собраніе»-ге партия жасамай, барша алаштың шешенін, білгішін, таза пікірлесін сайлағаны алаштың пайдасы болады. Осы ақыл жұрт пайдасы-ау деп біз Жалпықазақ сиезінің бюросы қазақ жұртынан депутат болатын жігіттердің атын атамақ болдық. Бұл жігіттер Жалпықазақ сиезіне салынады. Сиез ұнатқан жігіттерді тәмам қазақ бөліп алып сайлайды. Енді депутат сайлауға облыс, ояз, болыс, туған жер арасы жоқ» [7. Қыр баласы.Қазақ депутаттары. // «Қазақ» газеті, №235, 1917 жыл. Орынбор қаласы.].

Әлихан Бөкейхан – әрбір сәтті тамыршыдай дәл тани білді, алаштық таным, алаштық сана арқылы әр алаштықтың рухын оятты: «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына үлкен жүк. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» [7. сонда.]. Әлихан Бөкейханның көпқырлы дарынына, көкжиектің көркем болатынынын көре білген «ақыл көзіне» таңырқамасқа амал жоқ. Кейінгі үрім-бұтақтан не алғыс, не қарғыс алмас үшін не істеу керек, соның жолын көрсетіп отыр. Алаш Елі «жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп көрегендікпен айтып, ол үшін бірлік керек дейді.

Әлихан Бөкейхан ел тағдыры үшін отқа да күйді, суға да түсті. Жасымады, сондай кездің өзінде мінезбен, біліммен өзін қамаққа алғандардан биік тұрды: «Мой арестъ носитъ характеръ личной мести со стороны генерала Сухотина, не разъ послужившаго благодарнымъ матеріаломъ для моихъ корреспонденцій въ дни свободы, когда предлагалъ отдатъ его подъ судъ за нарушенія 1 пункта Манифеста 17 октября. У насъ нетъ ни суда, ни судей, ни закона, а всехъ ихъ заменяютъ кругъ овалъ-плетка» [8. Алиханъ Букейхановъ. Дзянь-Дзюны казахской степи. // 20 февраля 1906 года. Павлодаръ. Тюрма]. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға өшіккен Сухотин кім еді? Ол сол кезде Дала өлкесінің генерал-губернаторы, Сібір әскери округі әскерінің басшысы, Сібір казак әскерінің атаманы болатын. Қазақ даласы, Сібір өлкесі, тіпті тұтас Еуразия кеңістігіндегі Әлихан Бөкейханның беделінен түнде түсінде көріп шошып оянатын, күндіз ас батпайтын Сухотин осындай биліктің иесі еді.

Ә. Бөкейхан – негізгі күш санада деп білді. Ұлы Даланы мыңдаған жылдар мекендеген түркілердің ұрпағын ұйытатын ұран – Алаш ұраны екенін жақсы білді. Сондықтан оны саяси философияның туы ретінде халқына ұсынды: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ сиезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек» [9. «Алаш» партиясы. // «Қазақ», қыркүйек, 1917 жыл. Орынбор қаласы.]. Әлихан Бөкейхан екі оттың арасынан (ақтар мен қызылдардың) халқын аман алып шығу үшін небір саяси амал-тәсілдер қолданды. Адаспас үшін, кімнің кім екенін дер кезінде атап, халқына жеткізіп отырды: «Ленин жолдастарымен неміс жалдаған болып шықты, өзі қолға түспей Германияға қашып кетсе керек. Бірнеше жолдасы абақтыға алынды, сотқа берілді» [10. Қыр баласы. Мемлекет халі. Саяси шолу. // «Қазақ» газеті, №237, 20 шілде, 1917 жыл. Орынбор қаласы.]. Кейіннен «идеалға айналмақ» тұлғаның кім екенін көрегендікпен халқына жеткізу ел болашағының ойлағандықтан, ақиқатттың негізін, субстанциясын тануға, сондай-ақ болашақ өмірдің айнасын талдап көрсетуінде жатыр.

Әлихан Бөкейхан көсемсөз философиясының негізін қалады. Көсемсөз философиясы медиялық құралдың ажырамас бөлігі, негізі ретінде өз арнасында философиялық танымның мәдениеті мен методологиясын қалыптастырады. Көсемсөз философиясының негізін қалаған Әлихан Бөкейхан бұл саланың халық өміріндегі мәнін терең түсініп, өзі де тікелей араласқан: «Өзінің ғұмырында Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде: «Иртышъ», «Омичъ» және «Голось степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды. «Жаңа мектеп» журналының кейін «Қазақстан мектебі», ал «Әйел теңдігі» журналының «Қазақстан әйелдері» басылымына айналғанын ерекше айта кеткен маңызды» (11. Сұлтан-Хан Аққұлы. Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында. // Бөкейхан Әлихан. – Толық. екінші бас. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016.). Сондай-ақ, мақала авторы Әлихан Бөкейханның мерзімді басылымда жарық көрген еңбектерінің географиясы Еуразия кеңістігін қамтитынын, тіпті, француздардың ықпалды «Фигаро» газетінде жарық көріп тұрғаны туралы мәліметтердерді де келтіріп өткен» [11, сонда.].

Әлихан Бөкейхан қазақ философиясының негізгі құндылық-арнасы жер-ландшафт философиясының негізін қалады. Ландшафтық ойтаным әр этностың өсіп-өнген жерімен (туған жер, туған ел) тығыз байланысты. Ландшафтық ойтаным жоғалса, этностың жан тамыры үзіледі. Әлихан Бөкейхан философиясындағы ландшафтық ойтаным – субстанциялық тереңдігімен, реминиценциялық санасымен, пассионарлық ұмтылысымен ерекшеленеді. Адам мен жер – мың тамырмен байланысқан феномендік құбылыс. Ана-Жер-Ана деген ұғым бар, бұл бекер емес. Оған Асан Қайғының «Жер-Ұйықты» іздеуін қосыңыз. Жер – тіршіліктің тірегі. Қазақ жері қазақтың болашағы екенін терең түсінген Әлихан Бөкейхан оған алдымен қазақтардың өзінің құрметпен қарауын талап етті. Философияда – жер философиясы, ол – үрей философиясы деген де түсінік бар. Ол да бекер емес. Жерден айырылған халықтың күні қараң. Соны терең таныған Әлихан Бөкейхан жер философиясына өзгеше жауапкершілікпен келіп, халқына түсіндірген: «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі – негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң» (12. Қыр баласы. Жер комитеті. // «Қазақ», №227,1917 жыл. Орынбор.). Осы қысқа сілтемеде қанша философиялық ой жатыр: «зорлық көп», «дірілдемесе болмайды», «ғұмыр мәселесі», «ақылмен, сабырмен атқарған оң». Философиялық терең байламдар. Әлихан Бөкейхан жер мәселесіне аса жауапкершілікпен келу қажеттігін айтып отыр. «Байбаламның» қауіптілігін де ескерткен. Бүгін де қазақ жерін байбаламсыз мінезбен, біліммен көздің қарашығындай сақтау керек. Ол – ең алдымен билік басындағылардың басты міндеті. Әлихан Бөкейхан – өз кезінде қазақ жерін мың желеумен Ресей империясы «тырнақ батырып» алып жатқанда, үндемей қалу өліммен тең екенін халыққа ескертіп, оған қарсы күресудің жүз тарап жолын үйреткен, өзі бел шешіп жер үшін күрескен: «Мұжыққа жер алғанда «артық» деп алып отыр. Қазақ жұрты бұған дауласу керек» (13. Ғали хан. Петроград хаты. // «Қазақ», №188, 1916 жыл.); «Қазақ жерін мұжыққа алғанда қазаққа көп кемшілік келтіреді, бұрын жерді қазақтан жері жоқ мұжыққа береміз деп алушы еді. Енді қазақтан алған жерді Еуропада өз жері көп дворян-помещиктерге беріп жатыр» (13, сонда);  «Казахамъ нужно землеустойстьво при участіи самихъ казаховъ и ихъ земства» (14. Букейхановъ, А.Н. Омскъ, 6-го августа. // «Иртышъ, №17, 06.08.1906 г. Омскъ).

Әлихан Бөкейхан земстводан үлкен үміт күтті. Жерге ие болудың және тәуелсіздік сананың қалыптасуына, тұлғаның өсіп шығуына земство үлкен роль атқарады деп сенді. Ғылым философиясы ХХ ғасырдың екінші жартысында өз орнын философияда нық алса, «ғылым философиясы» ұғымының ғылыми айналымға енгеніне ғасырлар өткен. Әлихан Бөкейхан оны анық білді. Жоғарғы оқу орны болса ғылым болатынын және ол қоғамның негізгі басым бағыттарын алға шығаратынын Әлихан Бөкейхан терең білді: «Край нуждается въ открытіи высшаго сельскохозяйственаго и ветеринарнаго института, такъ какъ земледеліе и скотоводство состовляютъ краеугольный камень его экономическаго благосостоянія; отсутствіе же ученыхъ и практиковъ-спеціалистовъ по этимъ отраслямъ отзывается весьма неблагопріятно какъ на ихъ теперешнемъ состояніи, такъ и на ихъ дальнейшемъ развитіи» (15. Историческія судьбы киргизскаго края и культурныя его успехи. // Букейхановъ, А.Н. и др. Россія. Полное географическое описаніе нашего отечества. Киргизскій край, томъ 18, 156-175 стр. 1903 г. СПб.). Әлихан Бөкейхан қоғамның дамуының негізгі тірегі білім, әрі ғылымның алғышарты да білім екенін анық танып, осы салада өзі бел шешіп еңбек етті, әрі үлкен насихат жүргізді. Әлемдік білім философиясының дәстүріне сай Алаштың білім философиясы институциальды тұтастықта дамыды. Ұлы Дала төсінде мектептер, басқа да білім ошақтарын ашу, оқулықтар жазу, газет-журналдар ашу, білім мен тәрбиеге қатысты танымдық-әдістемелік мақалалар жазу, түрлі бірлестіктерде білім мәселелерін, білім теориясы мен концепциясын талқылау, т.б. көптеген мәселелерді қарастыра келіп, соның нәтижесінде ұстаздық философияның жаңа бағыттарын көрсету, теориялық білімнің іргелі құндылықтарын ашу – Әлихан Бөкейхан қалыптастырған Алаштың білім философиясының метаконцепциясы болды.

Әлихан Бөкейхан – білім мәселесін сол қоғамның басты құндылығы ретінде қарастырды: «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктердің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізге түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай – өтер. Олар өтіп кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» (16. Қыр баласы. Қазақша оқу жайынан. // «Қазақ», 1913 ж., №14. Орынбор.). Әлихан Бөкейхан жастарға үміт артты, өз халқының қабілетіне ерекше сенді, генетикалық дарындылығына күмән келтірмеді: «Қыр халқы... өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақыл-санасы болған соң...» (17. Қыр ұғлы. Баспаханаға хат. // «Дала уалаятының газеті», №24, 16 маусым. 1889. Омбы.) . Әлихан Бөкейхан білім саласында болып жатқан әр жаңалықты қағыс жібермей, содан қазақ халқының сусындағанын қалаған. Петербор қаласында өтпекші мұғалімдер сиезінен қазақ мұғалімдері қалмауы керек деп халыққа қаратып сөз айтқан, оның мәнін түсіндіріп берген: «Алдымызда осы қыс Петерборда мұғалімдердің бас қосуы – сиезі болады. Бұл сиездің басында неше білгіш ғылымды профессорлар болады. Оқуды жақсылап оқытатын Жапон, Америка, Норвегия сияқты жұрттардың қалай бала оқытып отырған үлгісін жиылған мұғалімдерге көрсетеді. Біздің қазақ мұғалімі бұл сиезге бармаса болмайды. Халық болып көп аз демей қазына жиып, талапкер қазақ баласын оқытатын мұғалімдерді Петербор сиезіне жіберу – үлкен мақсат. Мұғалімдерді Петербор сиезіне жіберетін ақша қазақтан табылмаса, міне, жұрттан қалғанның белгісі. Қиналып тапқан ақылды толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!» (18 Қыр баласы. Мұғалімдер жиылысы. // «Қазақ», 1913 ж., №40. Орынбор.).

Геродоттан бастау алып, Вольтер ғылыми айналымға енгізген тарих философиясы бүгінде тарихи танымның методологиясын айқындауда басым бағытқа ие. Алайда, отандық тарих ғылымына негізделе жазылған тарих философиясы туралы  іргелі еңбек бүгінде жоқтың қасы.  Оған көп жылдар алаш танымының жабық болуы кері әсерін тигізді. Ұлттық тарих философиясының басында Әлихан Бөкейхан тұрды: «Тарих – елдің айнасы, тарихтан ел өткен уақыттағы мінін көреді. Айна жоқ болса адам бет-аузын көре алмайды. Тарих жоқ болса, ел өткен күнін һәм мінін көре алмайды. Мінін көре алмаған соң, өмірін оңдай алмайды. Оңдамаған соң мәжнүн болып, құдыққа құлайды. Олай болса тарих қажет. Тарих болса ел өсіп, өнеді. Тарих болмаса ел жоғалады. Бұл хақ нәрсе» (19. V. Тарих керек. // «Қызыл Қазақстан», 1922 жыл, №10. Орынбор.). Тарих философиясының ақиқаттығын Әлихан Бөкейхан осылай ашып көрсеткен. Тарихтың этнос өмірінде, оның адамзат тарихында алатын орнын айқындаудағы ролі туралы айтқан  пікірі де бүгінде өзектілігін жойған жоқ: «...Біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы жазылған жоқ. Бұ күн Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қанша миллион қазақтың тарихы көмескі қалыпта тұрған жайы бар» (20. Түрік баласы. «Қазақтың тарихы». // «Қазақ», 1913 ж., №3. Самар.). Әлихан Бөкейхан тарих ғылымына, тарих философиясына жүйелі түрде барған. Елден тыс ғылыми ортада оның тарихи танымы ерекше белгілі болған. Әлихан Бөкейхан тарихтың генезисіне өзінің іргелі еңбектерінде ерекше тоқталған: «Остановимся несколько подробнее на памятникахъ этого древняго народа. До нас дошли, какъ мы уже сказали, остатки городовъ курганнаго племени. Это небольшія сооруженія изъ глины, дерева(срубы) и камня: такія «городища», открыты во многихъ местахъ – по берегамъ Иртыша, Тобола и Ори, по берегамъ Илека и Урала. Въ нихъ найдены медныя и бронзовыя орудія и разнообразныя глиняная и бронзовая посуда(чаши и урны); последняя всегда изукрашена различными узорами. Некоторыя городища имели видъ укрепленій и помещалисъ на неприступныхъ местахъ(например въ окресностяхъ Каркаралинска); другія расположены по берегамъ рекъ и озеръ и имели деревянныя и земляныя постройки. Находили въ городищахъ шорныя изделія (удила и стремена съ бронзовыми и медными насечками и пр.) и орудія для обработки полей. Но особенно развито было горное дело. ...Много осталось и памятниковъ релігознаго культа. Въ этомъ отношеніи богатый материалъ даютъ курганы и могильгики» (15. Историческія судьбы киргизскаго края и культурныя его успехи. // Букейхановъ, А.Н. и др. Россія. Полное географическое описаніе нашего отечества. Киргизскій край, томъ 18, 156-175 стр. 1903 г. СПб.). Әлихан Бөкейхан өзінің іргелі «Қазақ тарихы» мақаласында мәдениет философиясына да методологиялық жол ашқан: «Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзінің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (20. Түрік баласы. «Қазақтың тарихы». // «Қазақ», 1913 ж., №3. Самар.).Тағы бірде Әлихан Бөкейхан былай дейді: «Оқымай мәдениет жоқ. Мәдениетсіз ел қандай көп болсын, күшті болсын, ұлтшыл болсын, ұлттығын сақтап табанды ел болып тұра алмайды» (21. Әлихан Бөкейхан. Қазіргі керек екі нәрсе. // «Абай», №8, 01.08.1918 жыл, жылан. Алаш (Семей) қаласы.). Мәдениеттің этнос өмірінде алатын орнын анық ашып берген, мәдениетін сақтамаған, қадірлемеген халықтың «ел болып тұра алмайтынын» анықтап айтқан.

Әлихан Бөкейхан философиясының өзекті саласы –  тіл философиясы. Тіл – ой мен білімнің кілті. Мәскеуде сөйлеген сөзінде тіл мәселесіне заң тұрғысынан келіп өзекті мәселені көтерген әрі оған үлкен саяси маңыз берген: «Ближайщей нуждой киргизовъ является свобода въ употробленіи родного языка, особенно необходимая въ виду предстоящей выборной агитаціи, и я присоединаюсъ къ предложению техъ товарищей, которая просили съездъ высказаться за немедленную отмену всехъ ограниченій въ правахъ местныхъ языков» (22. А.Н. Букей-Хановъ. «Семипалатинскій листок», №239, 08.12.1905 г. Семипалатинскъ).

Әлихан Бөкейхан энциклопедиялық білімнің иесі ретінде аса күрделі дін философиясына да ерекше батыл, әрі терең талдау жасай отырып барған. Діннің халық өмірінде алатын маңызды орнын талдап көрсеткен, сондай-ақ, «шала молла дін бұзарын» да білген. Әлихан Бөкейхан мынадай терең танымды сөз айтқан: «Молла міндетті – халыққа білім беруге» (23. Әлихан Бөкейхан. Қ. оязындағы моллалардың баяны. // «Дала уалаятының газеті», №19, 12.05.1889 ж. Омбы). Молла халыққа білім беруге міндетті деп кесіп айтқан. Бірақ, сол міндет ойдағыдай ма, міне, мәселе осында. Сондықтан халыққа түсінікті болу үшін өмірден алып, дін мәселесіне қатысты көптеген еңбектер жазған. Соның бірі – Әлихан Бөкейханның: «Қ. оязындағы моллалардың баяны» мақаласы: «Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені білмейді Һәм солар надан болған соң, қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады» (23. сонда).

Дін саласындағылардың қатып қалған догмамен жүрмеуін, діннің тереңіне бойлап дұрыс түсіндіруін де талап еткен еңбектер жазды: «что среди наших магометанъ есть такіе хамелеоны, которые въ совещаніяхъ идутъ с народомъ за одно, а когда разойдутся по домамъ начинаютъ стоять задругое. Для этой цели они не останавливается ни передъ чемъ: совершенно превратно толкують стихи Корана и поученія Пророка, возстають безъ всякихъ границъ противъ мусульман-прогрессистовъ, проклинаютъ всехъ, кто стоитъ за науку и за светское образованіе»(24. Мусульманинъ. Изъ семипалатинскаго мусульманскаго міра.// «Семипалатинскьй листокъ», №69,18.08.1906г. Семипалатинскъ). Олардан дінді ғылым мен білімге қарсы қоймауын талап етті, сондай-ақ, тіпті басқа дін өкілдерінің адамдық харакеті бар ісі болса, соны да үлгі етті: «Кедров Һәм Тасветков деген екі поп жұталмаған жұрттан ақша жиып, Қостанай оязындағы қазақ жеріне жаңа келіп орныққан мұжықтарға ас пісіріп беріп, өлімтік, үш көтеремін асырады. 

Әлгі екі поптың апарған дәрігерлері 20-шы марттан 1912-ші жылғы 1-ші августке шейін 8 мың 292 мұжықты қарапты. Көліксіз мұжыққа ат сатып әперіп, кісі жалдап, жерін жырттырғаны үшін 10 мың сом шығарыпты. Үлгі алсаң, қазақ моллалары, осылардан ал!» (25. Қыр баласы. Моллаларға!// «Қазақ», 1913 ж., №11. Самар.). Әлихан Бөкейхан өзінің танымында дін философиясының концепциясын талдап көрсетті: «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқасты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойғаны оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства» дейді» (26. Ғали хан. // «Қазақ», №59(260), 1918 жыл. Орынбор).

Әлихан Бөкейханның философиялық танымы кешенділігімен, концепциялық ауқымдылығымен, адамдық қасиетімен ХХ ғасыр басындағы қазақ философиясына өзгеше пассионарлық қуат берді, негіз болды: «Я живу, дышу, существую внутренными делами своей родины, для меня судьбы ея превыше всехъ благъ, какія только можетъ датъ жизнъ» (27. А.Б. 5 августа 1906 года. Омскъ). Сондықтан Әлихан Бөкейхан философиясы мәңгілік.

 

Тұрдықұл Қасенұлы ШАҢБАЙ,

 Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Семей қаласы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?