Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөрітастағанның жұмбағын кім шешеді?

2635
Бөрітастағанның жұмбағын кім шешеді? - e-history.kz
Табиғаттың аялы қолымен жаратылған сондай таңғажайып құбылыстарынының бірі – Тарбағатайдағы Бөрітастаған

Өлкенің табиғат жаратқан құпия сырларының әлі де ашылмаған, зерттелмеген құбылыстары кездеседі. Табиғаттың аялы қолымен жаратылған сондай таңғажайып құбылыстарынының бірі – Тарбағатайдағы Бөрітастаған. Ерекше бітімді тастың атауына қатысты бірнеше нұсқа бар: біреулер «Бөрітостаған» десе, кейбірі «Бөрітастаған» дейді.

Отыншы жазған ой

Ол туралы ел жадында сақталған қиял-ғажайып әңгімелер әлі де айтылады. Кезінде осы өңірдің тумасы, алаш арыстарының бірі – Отыншы Әлжанұлы «Дала уәлаяты» газетіне Бөрітастаған туралы қызықты аңызды ықшам мәтінде жариялаған: «Тарбағатай тауының солтүстіктегі һәм Қалба тауының оңтүстіктегі бөктерлерінің ортасында Сарыдала деген жазық бар. Бұл даланың ортасында Бөрітастаған деген недәуір биік тау жартасы жападан-жалғыз тұрады. Ұшар басында үйілген тастар бар. Жұрт оны бұрынғы шамандар болған заманнан қалған деседі. Бұл оқшау тау турасынан ел былайша айтады.

«Бұрынғы заманда бір үлкен алып дәу Тарбағатай тауында ешкі бағып жүріпті. Бұл алыптың денесінің зорлығы сонша, Түйемойнақтың басында отырғанда мұның аяғы Ботамойнақта жатады екен. Күндердің бір күні бұл алып дәудің қосағы ешкілерін бағып, жіп иіріп отырғанда кебенектеріне қасқыр шауыпты. Оның бөрілерге қаперінде лақтырған ұршығы барып Сарыдаланының ортасына түсіп, сол арада тау болып қалыпты дейді...»

Туған елінің ерекше жерлерін аңыз желісінде әсерлеп суреттеуді мақсат еткен алаш зиялысы Толағай туралы ертегіні де қосып жазған. «Қалба жоталарынан бөлек бітіммен менмұңдалап көрініп, аңызға лайық сұранып тұратын Толағайды ел Тарбағатайдан көтеріп апарған» де­ген ертегі халықтың нанымына айналдырылған.  

Тас туралы аңыз

Бөрітастаған туралы ел арасында сақталған тағы бір аңызда «Тым ерте кезеңдерде осы Тарбағатай тауларының бірінде өте ірі денелі алып кейуана өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде жарықтық алып анамыз отарлы қойын жазыққа айдап салып қаперсіз жайып отырады.

Терең ойға берілген күйі бір уақ ыңылдап бір әннің қайырымын келтіреді. Ара-арасында ұршығын иіріп сол балалық шақтың қилы қызықтарын сағына еске алғандай сәтте тыныш жатқан отардың шеті  қайта-қайта дүр көтеріледі. Сондай жайсыз, әбден мазаны кетірген қапысыз кезде тау шатқалынан бейқам сәтте тосыннан шығатын көкбөрілерге жыны келген кейуана алдындағы отар тағы құлақтарын кере иіріліп қалғанда не істерін білмей, қолындағы ұршығын қияндап кеткен малға қайыру бермей мазаны алған бөрілерге құлаштап тұрып жіберіп кеп қалады.

Тыныш жатқан отарына да, бейқам отырған өзіне де маза бермеген қасқырларға әбден зығырданы қайнаған алып кейуана иіріп отырған ұршығының басын лақтырып көкжал біткенді үркітіп отырған деседі. Ұршықтың тасын көз алдыңызға елестетіп көріңіз», – делінеді.

«Құдайдың мөрі»

Бөрітастаған – таңқаларлық пошымды ашық түсты гранитты жартас. Шығыстан батысқа созыңқы келген, шеңбер бойы бір шақырымға жуық, ал биіктігі шамамен 19 м. Жартастын оңтүстік беті тік дерлік, ал солтүстік жағы кертпешті, төбесіне шығуға болатын жадағай жиегі бар. Қазақтар осы жерге жиі келіп құрбандық шалатын болған, жартас төбесінде өсетін бұталардың бұтағына немесе түбіне шыт байлап отырған, болмаса жай түйіп сол жерге тастап кетіп отырған.

Сарыдаланың жазығында қайраңдаған кемеге ұқсас Бөрітастаған жартасының ұзындығы 200, ені 50 қадамнан асады. Айналасы тік құз тәріздес, тек терістік батысы ғана жадағайлау, төбесіне саяхаттаушылар көбінесе осы жағынан шығады.

«Құдайдың ұмыт қалған қалған мөрі» (Несіпбек Айтұлы) Бөрітастаған жайлы жергілікті жерде алғашқы ғылыми-зерттеу жүргізген математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Тоқтар Нүрекенов болды. Елге келген кезінде жеке қызығушылығымен жүріп, ерекше тастар тауып алған. Бұл кездейсоқ олжаларда метеорит құрамына тән минералдар барлығын арнайы зертханада тексеру жүргізіп анықтаған. 

Кейін Бөрітастағанның оңтүстігіндегі Тарбағатай баурайындағы қызылтасты алқапқа Ресей ғалымдары зерттеу жүргізгені белгілі болды.

Заңғар КӘРІМХАН

Суреттерді түсірген Айдын ЖҮНІСХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?