Әбу Наср әл-Фараби (Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ Тархани) – Аристотельден кейін дүниежүзілік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған данышпан, ойшыл, энциклопедист ғалым. Әл-Фараби Сырдария бойындағы Отырар қаласында 870 жылы туып, Шам (Дамаск) қаласында 950 жылы дүние салған. Отырар қаласын арабтар Фараб деп атаған. Осыған байланысты ұлы ұстаз Фараби (әл-Фараби) деп аталған. Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» атты әйгілі еңбегінде «Фараб қаласының түрікше атауы – Қарашоқы» деп жазады. Ал, арабтың Х ғасырда өмір сүрген әйгілі саяхатшы-географ ғалымы Әбу-л-Қасым ибн Хаукал өзінің «Саяхаттар мен мемлекеттер» деген еңбегінде «бұл шаһар – атақты философ әл-Фарабидің туған жері» деп көрсетеді.
Әл-Фараби заманында ислам мәдениетінің дамып, өркендеуіне араб, парсы халықтары сияқты түркі жұрты да елеулі үлес қосты. Соның жарқын бір айғағы – Қазақ даласынан шыққан әл-Фараби.
Әл-Фараби сауатын Отырар қаласында ашқанымен, одан әрі тынымсыз ізденіп, Бағдат, Мысыр, Шам, Халеб қалаларында білімін жетілдірген. Өз заманындағы білім, ғылым, өнер салаларының бәрінде де өшпес із қалдыра білген. Ол – астрономия, астрология, математика, логика, музыка, дәрігерлік, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия-риторика, философия сияқты ғылым салалары бойынша жүзден астам ғылыми трактат жазған ғалым.
Қазақ халқы әл-Фарабидей данышпан жерлесін лайықты мақтан тұтады. Қазақстандағы ең іргелі оқу орны – Алматыдағы ұлттық университет әл-Фараби есімімен аталады.
* * *
Бір күні әлде кім Әбу Наср әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?»
Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!» – деп жауап берген екен.
* * *
Тарихшы Мұхаммед Хусайни еңбегінде Фараби өміріне қатысты мынадай бір қызық жайды баяндайды. Әл-Фараби бірде Дамаскідегі (Сирия) шығыс базарын аралап келе жатып, терлеп-тепшіп етік тазалап отырған балаға көзі түседі.
– Балақан, осынша қиналып, маңдай теріңді төккенде күніне қанша дирхам (ақша) табасың? – дейді Фараби. Сонда бала:
– Екі-ақ дирхам, – дейді мұңайып.
Ұлы ғалым баланы аяп кетеді де, өзіне күн сайын Сайф ад-Даула жіберіп тұратын төрт дирхамды береді.
Кейінірек сол бала Фарабидің ең жақсы шәкірттерінің бірі болған екен.
* * *
Әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) былай деп сұрақ қояды:
– Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім, сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме?
Сонда әл-Фараби:
− Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен.
* * *
Ғылымның мәні туралы әңгіме өрбіген бір отырыста әл-Фарабиге «Данышпан кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әл-Фараби:
– «Данышпан кім?» деген сұраққа мен алдындағы өмірін ұмытпаған кісі деп жауап берер едім. Менің алдым – тұңғиық. Бүгін халифаның қадірменді қонағы ретінде төрдемін. Егер сынықтан сылтау шықса, ертең көрдемін ғой. Ғылым мен сопылық біріне бірі қарама-қарсы нәрсе. Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат, – деген екен.
Бұл кез Бағдат халифасы Мұттақидан әл-Фарабидің зәбір көріп, қуғынға түсіп, бас сауғалап жүрген кезі болса керек.
* * *
Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап, оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ, ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған шәкірттердің саны көбейе түседі.
Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде, оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді:
– О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер – қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі десе, енді біреулер – қорашыл төбетті бөрбасар атаса да тазы болмас деп, мазақ етеді.
– Жақсы, балам, есімің Әбу-Наср екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби.
– Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады.
– Дұрыс, – дейді Фараби, – Әбу Наср Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу-Наср оқытты, екінші Әбу-Наср оқыды, онда тұрған не бар. Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйт ел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші жауһариді оқыттым деп, мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар?
– Ол кісі бабаммен – туажат екен, әкеммен – жүрежат, менімен – тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы. Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала.
Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп, «Сыхақ фи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу-Наср Исмаил бин Хаммед әл-Жаһари (937-1003 жылдар шамасы) өз заманының белгілі қайраткері де болған.
* * *
Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен.
Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.
– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан.
Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады.
– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.
– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.
– Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан.
Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:
– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар!
Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:
– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.
– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.
– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.
– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.
* * *
Туған жерден шалғайға жүріп, бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне:
«Айналайын атам қыпшақ,
Туған жерім сағындым.
Өз атыңа, үрметіңе
Қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.
* * *
Бір жолы әмір сарайында әкімдер, ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан сыр-сұхбат кеші өтіп жатса керек. Осы кешке жұпынылау киінген әл-Фараби тап болады да, елеусіз ғана бір шеттен орын алады. Небір тапқыр сөз сайыстары болып, небір арқалы өнер түрлері дебеле қоздырған кезде жиынды басқарушы:
– Қонақтың қандай өнері бар екен? – деп әл-Фарабиге тіл қатады.
Сонда әл-Фараби өзі жасаған «Қыпшақ» деп аталатын домбырасын қоржынынан алып, құлағын күйлеп тарта жөнеледі. Алғашқыда ортекедей ойнақтаған ерке күй жиналған жұрттың бәрін күлдіріп, еліктіріп әкеткендей болады.
Мұнан әрі домбырасын басқаша күйлеп, сұңқылдата зарлатқанда тыңдаушы қауымның әрқайсысы өз басындағы қайғы-мұңмен қауышқандай, көздеріне жас алыпты дейді.
Келесі бір тыныста, қыпшақ-домбыраның құлақ күйі қоңыр сазға ауысып, жанға рахат үнмен бесіктей тербегенде тыңдаушылар маужырап, қалғи бастайды. Сол кезде «Бұл күйлерді тартқан – қыпшақ әл-Фараби» деп бір парақ қағазға жазыпты да, әл-Фараби сарайдан шығып жүре берген екен дейді.
* * *
Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды:
– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді.
Сонда әл-Фараби:
– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.