Көне түркі дәуірі (III, V, VIII ғғ.)
Көне түркі дәуіріне жататын жазба мұраларға Түрік қағанатының қайраткерлері мен ел қорғаған қолбасылары Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін, Мойыншордың басына қойылған ескерткіштердегі жазба мұралар жатады. Аталмыш ескерткіштерде қазіргі түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде қолданылатын көптеген сөздер, жер-су атаулары, аспан денелері, кісі есімдері тәрізді ономастикалық атаулар молынан ұшырасады. Қазақ тіліндегі қосымшалардың, сөз тіркестерінің тарихы көне түркі дәуіріне, тіпті одан да арғы кезеңдерге барып тіреледі.
Орта түркі дәуірі
Бұл дәуір екі кезеңнен тұрады: Қарахандар және Алтын Орда кезеңі. Аталған дәуірлердің бастапқы кезеңінде түркі жұртшылығына ескі ұйғыр жазуы деген атаумен найман жазуы тарала бастады.
Қарахандар кезеңі. Осы кезеңдерде араб мәдениеті әлемдік мәдениетің көш басында болып, ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің ізгілік пен даналықтың өрістеуіне жол ашты. Ислам мәдениеті түркі халықтарының мәдениетіне, тіліне ықпал етті. Түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне ғалам, хакім, ғылым, рақым, махаббат, ғарыш т.б. болып жатқан дерексіз ұғымдағы атаулар енді. Араб мәдениетімен тығыз байланысты бұл кезеңнің ерекшеліктерін сипаттайтын араб графикасына негізделген жазба дүниелерге Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») поэмасы, Махмұд Қашқаридың «Диуани луғат-ат түрік» («Түрік сөздігінің жинағы») түркі тілдерінің салыстырма сөздігі, Ахмет Иүгінеки «һибит-ул-хакаик» («Ақиқат сыйы») атты еңбегі, Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») атты шығармалар жатады. Мерзімі жағынан бұл кезең Х-ХІІ ғасырларды қамтиды. Сол дәуірдегі тілдік ерекшеліктерді көрсететін Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Құтбтың «Хұсрау-Шырыны» Саиф Сараидың «Гулистан –бит-туркиі» («Түрік тіліндегі Гүлстан»), Рабғузидің «Қисса сұл әнбиясы», қыпшақ жазбаларының бірі – «Кодекс куманикус» сөздігі жатады. Бұл кезең мерзімдік жағынан XII-XV ғасырларды қамтиды. Бұл кезеңдегі көркем туындылар XV-XIX ғасырлардағы қазақ жыраулар мен ақындарының сөз байлығы мен сөз өрнегіне ерекше әсер етті. Әсіресе көркем әдебиет тілі жаңа мазмұндағы тұрақты сөз орамдары мен бейнелі тіркестермен байи түсті. Бұл кезеңдегі жазба туындылар, сондай-ақ қазақ қоғамындағы араб-әліпбиіне негізделген ескіше жазба тілдің қалыптасуына игі әсерін тигізді. XV ғасырлардан бастау алатын қазақтың ескі жазба тілі ХХ ғасыр басына дейін қолданылып келді де, халықтық негіздегі жазба тілмен ұласып кетті.
Жаңа түркі дәуірі XV ғасырдан қазірге дейін
Жаңа түркі дәуірінің бастапқы кезеңінде (XІV-XV ғ.) көптеген түркі этностары тайпалық одақтар мен ру-тайпалық бірлестіктер ұлт болып қалыптаса бастады. Осы кезеңнің өзінде-ақ қазақ тілінің халық, ұлт тілі ретіндегі бейнесі айқындала түсті. Алтайдан Атырауға дейінгі күллі қазақ ру-тайпаларының бәріне ортақ сөздік қоры мен сөздік құрамы, сөйлем жүйелерінің түрлері, дыбыс құрылысы болды. Басқаша айтқанда, халықтық, ұлттық тілдің біртұтас сомдалған өзегі қалыптасты. Әрине, халық тілінің сомдалған өзегінен тысқарылау жатқан, әр жерде әртүрлі дыбысталатын (киізм – кигіз, құман – құмған) әртүрлі ұғынылатын там «үй» там «мола» т.б. тәрізді элементтер кездеседі. Халық тіліндегі ортақ элементтерге қарағанда қолданылатын шекарасы бар шеткері элементтердің саны мүлде аз, жеті-сегіз пайыздан аспайды.
Жаңа дәуірдің бастапқы кезеңінде қазақ қоғамында араб жазуы қолданыла бастады. Жазу-сызудың бұл түрі Орта түркі дәуіріндегі, Алтын Орда кезеңіндегі жазба ескерткіштер тілінің негізінде пайда болды және сол кезеңдердің емле үлгісімен жазылды, яғни халық тілінің, сөйлеу тілінің дыбыс жүйесіне негізделмеген болатын, лексикалық жүйесінде жұртшылыққа бейтаныстау араб, парсы сөздері көп кездесетін. Дегенмен бертін келе халық тілінің, сөйлеу тілінің элементтері аталмыш тілдің дыбыс, сөз жүйесіне бірте-бірте ене бастады. Сөйтіп, қазақ қоғамында ескі қазақ жазба тілі деп аталатын тіл қалыптасты.
Ескі қазақ жазба тілі
Араб әліпбиі негізіндегі қазақтың ескі жазба тілі шамамен XV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықта қызмет етті. Ол негізінен Қазақ хандығы іс-қағаздарында дипломатиялық қарым-қатынас ісінде қолданылды. Қадырғали Жалайыридің «Жамиғат тауарихы», Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре түрки» атты тарихи жылнамаларын сол жазу үлгілеріне жатқызуға болады. Ескі қазақ жазба тілінің үлгілеріне Махамбет Өтемісұлы, Әбілқайыр ханның Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбалары, Ш. Уәлихановтың хат-қағаздарының тілі, т.б. жатады. Мүрсейіт қағазға түсірген Абайдың қара сөз түріндегі шығармаларының тілін ескі қазақ жазба тілінің үлгілері деп тануға болады. Ескі қазақ жазба тілі – әдеби тілдің негізін қалап, жаңа тұрғыда дамуына жол салды. Ыбырай Алтынсарин жалпыхалықтық тіл мен ауызша қызмет өткен төл әдеби тілдің нормаларын арқау ете отырып, проза жанрының, ғылыми стильдің, ал Абай өз қарасөздері мен поэзиясында публицистика мен көркем әдебиет стилінің негізін салды. Сөйтіп, олар әдеби тілдің жанр жағынан түрлене түсуіне зор үлес қосты.
Советтік кезең. Әдеби тіл халыққа білім берудің, мәдени, рухани мұраларды жасаудың қуатты құралына айналды. Қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік қызмет етті. Көркем сөз зергерлерімен қатар ғылым, мәдениет қоғам қайраткерлері де әдеби тіл нормасының тұрақталуы, қызметінің жан-жақты күшейе түсуіне белсене атсалысты. Әдеби тілдің жазбаша түріне сәйкес шаршы топ алдына (жиналыста, радио мен теледидар алдында, сахнада т. б.) сөйленетін ауызша түрінің де қызметі кеңейе түсті. Әдеби тілдің бірсыпыра нормалары кодификациялау арқылы тұрақты сипат алды: қазақ тілінің грамматика жазылып, емле ережелері белгіленді, орфографиялық, орфоэпиялық және түсіндірме сөздіктері құрастырылды. Сөйтіп, әдеби тіл нормаларының тұрақталуына саналы түрде араласу жан-жақты сипат алды.
Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)