Ыбырай Алтынсарин – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы. Қостанай облысының Қостанай ауданындағы Арақарағай деген жерде 1841 жылы туып, осы өңірдегі Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.
Ыбырай 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектеп бітірген соң 1857-1859 жылдар аралығында Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады. Ыбырайға 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтік қызметі осылай басталды. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.
Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән берді. «Қазақ хрестоматиясы» («Қазақ нұсқалығы» – Р. Нұрғали енгізген термин) атты оқулық, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазады. Бұл кітаптарындағы оқушыны отансүйгіштікке, еңбекке, кісілікке тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.
Ыбырай сонымен бірге, сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге де сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазады. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
* * *
Ыбырай Алтынсарин мен Нұржан Наушабаев төс қағысқан жақын дос болыпты. Мұның екеуі де өз заманының көзі ашық, оқыған, ел қамы мен халық тағдырын ойлаған, игі жақсы атанған адамдар. Ыбырай қазақ халқының тарихындағы алғашқы ағартушы болса, Нұржан (1857-1919) Троицк медресесін бітірген, өз тұсындағы дарынды ақындардың бірі. «Ат аунаған жерінде түк қалады» дегендей бұлай болатын қисыны да бар. Нұржанның руы қыпшақ болғана, нағашы әкесі қазақтың айтулы ақпа ақыны Шал болған. Қазақ шежіресінің өлеңмен жазылуын үлгі еткен адам да осы Нұржан. Мұнан басқа «Сапарғалимен жұмбақ айтысы» деген кітабы 1908 жылы, «Алаш» деген кітабы 1910 жылы жарық көрген. Шығыс ақындарының ықпалымен, әсіресе, Аллаяр сияқты софыларға еліктеп жазған Нұржанның кітап болып шықпаған өлеңдері де қыруар.
Бірде Ыбырай өзінің ауқатты құрдасы Қауменнің үйіне құдалыққа барады. Ыбырай сол заманның дәстүріне бағып топталып бармайды, жанына жалғыз Нұржанды ғана ертіп барады. «Құдам келеді» деп, қапысыз қамданып жүрген Қаумен бұл жағдайға қоңылтақсыңқырап қалса керек. Сөз ыңғайында: «Уа, Ыбырай, мені кедей деп кемсіткенің бе, жоқ әлде ырысым ортаяр деп жаның ашығаны ма?! Көп кісімен ата салтына бағып неге келмедің?» – депті Қаумен.
Сонда Ыбырай отырып: «Е-е, Қаумен, ата салтының асылы да бар, жасығы да бар. Құда болып жүз көрісудің мұраты ат шығару емес, балалардың бағын ашу болса лазым емес пе! Оның бергі жағында, аз адаммен келіп отырған мен жоқ. Біле-білсең дуалы ауыз шешенді, дарыны тасқан ақынды, күміс көмей әншіні, көкірегі кеніш күйшіні, жауырыны жерге тимес балуанды ертіп келдім!» – депті.
Шынында да Қауменннің ауылындағы сыны көп, бәсекесі мол жиын-думанда Нұржан алдына жан салмай, үлкен абырой-құрметке бөленіп қайтқан екен дейді.