ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда ағартушылық пен білім беру саласының дамуы үлкен маңызға ие болды. Қазақстан мен Орта Азияның Ресей империясының құрамына толық қосылғаннан кейін, 1867-1868 және 1891 жылғы әкімшілік реформалардан кейін ағартушылық пен білім беру ісі тек қана орыс ұлтты азаматтар арасында ғана емес өзге ұлт өкілдері оның қазақтарда да кең етек жая бастады. Егерде 60-жылдарға дейін Қазақстанда мұсылман конфессионалдық мектебі басты рөл атқарса, ендігі жерде қазақ-орыс мектептері құрылып ашыла бастады.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында мұсылмандық руханият әкімшіліктің назарындағы басты мәселелердің бір болып тұрды. Аталған руханият өкілдерінің қарапайым халық арасында қадірі мен құрметін аңғарған өкімет бұларды өздеріне тарта отырып, заңдастырып алу жағында ұмытпады. 50-60 жылдары Ішкі істер министрлігі мұсылмандардың рухани істерімен айналысатын бірыңғай басқару жүйесін құрмақ болды, сөйтіп бұл басқару жүйесін Орынбор рухани жиналысы мен Таврическ рухани басқармасының қол астына қаратпақ болды. Бірақ жүйе толық құрылмады.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында мұсылман аймақтары әкімшілігінің өкілдері мұсылмандық рухиният ісі саясатқа кері әсерін тигізеді деп есептеп оларды оқшаулау мен мүмкіндіктерін шектеуді ұсынды, атап айтқанда молдалардың билігін шектеу, арнайы мұсылман өкілі деген атақтардан айыру. Дегенмен билік басындағылар мұсылмандардың шабына тиіп кетпеу жағында естен шығармады. Осы тұрғыда жоғарыдағылар руханият ісінде ақырын жүріп, анық бас саясатын ұстанды және басты ұстаным мұсылмандық қызмет өкілдерін өз уыстарынан шығармауды ойлады, ол үшін заңдастырып қайткенде де өздерінің көз алдарында ұстауды мақсат етті. Кейіннен қосылған облыстарда бұл тактика басқаша жүргізілді. Мұсылмандық рухани өкіл ол жерде тек сенім қызмет етушілер деп есептеліп оларға арнайы атақ берілмеді.
Ақмола, Орал, Торғай облыстарын басқару туралы Уақытша ережеде дамудың негізгі принциптері мен Қазақстандағы ағартушылықты алға жылжыту мәселесі бекітілген. Қазақтар қоғамдық келісім бойынша өз еріктерімен қаржы жинап оны ағарту саласына немесе басқа да қайырымдылық ісіне жұмсауға еріктері болды. Молдалар жергілікті халықты мұсылмандық сауатын ашу жолында уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керектұғын және сонымен қатар мешіт жанында діни оқытудан басқа сауат ашу ісімен айналысуға да рұқсат берілді, бірақ қаржы халық есебінен болды. Әрбір уезд басқармасында міндетті түрде ұлтына қарамастан алғашқы білім беру бойынша мектеп болуы тиіс болды. Мектеп бағдарламасы Халық ағартушылық министрлігі келісімімен генерал-губернатордың бекітілуінен өтуі тиісті. Оқытушыларға жергілікті билік өкілдерінің рұқсатымен қазақ балаларын өз үйлеріне шақырып оқытуға да рұқсат берілді.
Қазақ халқының сауат ашып жолында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарда табылды, осы жолда мұсылмандықты ұлағаттап, игі бастамашылардың, Қазақстанда діни сауат ашуда тың өзгерістер әкелген Исмағұл бек Гаспралы болды. Еуропа және мұсылман елдерінде болып, ұлттық мәселемен жете танысқан И.Гаспралы 1876 жылы Бақшасарайға келіп, өзінің осы мақсатты істерін бастады. «Ұлттық езгіден құтылудың негізі - өзіңді танудан басталады» - деген ұстанымды басшылыққа алған И.Гаспралы алдымен мектепті жолға салу қажеттігін терең түсініп, алғашқы кезекте мектеп-медресе мәселесін шешудің бағдарламасын жасады. Ұлт тәрбиесін қалыптастыруды мектептен бастау негізін араб әрпіне өзгерістер енгізу арқылы шешуге кірісті. Араб әліппесі негізінде түрік тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне лайықталған «усул-и-жадид» жазуын жасап, бұл өзгерістерді қолдануды өзі шығарған «Тәржіман» газетінде қолдана бастайды. Сөйтіп, осы жаңа әдіске бейімделген мектептер ашуды қолға алды.
Қазақ даласындағы дін исламды білім-ғылым арқылы тануды «Айқаптың» 1912 жылғы 1 санында М.Кәшімов «Әулиеата хабарлары» атты мақаласында Әулиеатадағы оқу жайларын, мәдениетін басқа қалалармен салыстырып, Әулиеатаның артта қалғандығын сөз етіп, бірақ «ұсұл жәдидше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хош көрінеді»,- деп аяқтайды. Ал, «Қуанып жазушы бір мүсәпір» деген бүркеншік есімді автор: «Қазірге қазақтың көзі ашылған көрінеді. «Төте оқу білмесең, ұстамаймыз»,- дейді. Қанша сандалып жүрсем де, молдалыққа орын таба алмадым»,- деп қадымшылардың күні біткенін жеткізеді.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап тағы бір тың жаңалық ислами әдебиеттер басып шығарыла бастады, шығармалар шағатай және қазақ тілдерінде басып шығарылды. Шағатай тілінде алғаш жарық көрген шығармалар қатарында Қожа Ахмет Иассауи мен Сүлеймен Бақырғани секілді ортағасырлық сопы ақындардың кітаптары бар. XI-XII ғасырларда Кіндік Азия жерінде исламның аскеттік қанаты – сопылық ілім қанат жайғаны мәлім. Имамға қол тапсырған сопының мақсаты «құдайға жақындау». Сол үшін дүние қызығын тәрк етеді, өзін өзі ұмытып, құдай жолына түсіп мүрид болады. Бұлардың поэтикалық тілі де өзгеше келеді. Көбінесе айтайын дегенін тұспалдап, жұмбақтап жеткізеді. Қожа Ахмет Иассауидің «Диван-и Хикмәт» (Даналық сөздер) атты атақты кітабы 1986, 1901, 1912 жылдары қазақ тілінде үш дүркін басылды.
Шығармашылық өмірбаяндары XIX ғасырдың соңғы онжылдықтарын және XX ғасырдың алғашқы отыз жылын қамтитын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858-1931), Ақыт Үлімжіұлының (1868-1940), Омар Шораяқұлының (1878-1974), Тұрмағамбет Ізтілеуовтің (1882-1939), Жүсіпбек Шайхисламұлының (1852-1936) және т.б. ақындардың шығармашылығындағы діни-исламдық дастандар ұлттық әдебиетіміздегі үзілмей келе жатқан исламдық дүниетаным аясындағы көркемдік дәстүр үрдісінің тамырын тереңге жіберген болмысын танытты.
Патша өкіметінің отарлау саясатына қарамастан Қазақстанда діни сауат ашу, мұсылмандық руханият белгілі дәрежеде өз деңгейін ұстап тұрды, әрине солақай саясаттың кесірі де болды, бұл тұрғыдан алғанда жоғарыдағылардың өз есеп-пайымдары болса, діни сауат, мұсылмандық жолындағы жанашырлардың өз діттегендері болды. Сол қиын-қыстау кезеңнен дініміз де, тіліміз де, ұлттық құндылықтарымыздың барлығы бүгінге жетті. Енді оны қадірлеп-қастерлеп болашақ аманат ету біздің парыз.
Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)