Елшілік қызметкерлері күтіп алып, қонақ үйге жайғастырған соң, Будапешттегі Ғылым академиясының қызметкері және қазақ тілінің білгірі Дәуіт Шомфай Қарамен сұхбат құрып, Қарсақ қаласына жол тарттық. Әйгілі ғалым Қоңыр Мандокидің шәкірті болған Шомфай Қараның әкесі неміс, анасы қыпшақ. Жүрек қалауымен ғылымға келген ол бүгінде қазақтардағы бақсылықты зерттеп жүр.
Будапешт қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Қарсақ қаласы Мажарстандағы қыпшақтардың астанасы болып саналады. Яс-Надькун-Сольнок облысына қарасты қалада 20 мыңға жуық адам тұрады. Бір қызықты дерек – 1999 жылы еліміздің Жамбыл облысы, Мерке ауданының орталығы Мерке елді мекенімен бауырлас қала құжатына қол қойған Еуропалық қалалардың бірі – осы Қарсақ.
Қыпшақтардың Еуропаға қоныс аудару картасы
Күллі түркі жұртына танымал ғалым Иштван Қоңыр Мандоки осы қаланың тумасы. Мандоки деген тегін осы Қарсақ қаласының маңындағы «Маңдықты» деген жайлау атауынан алған.
Қарсақ қаласындағы ең көрікті мұралардың бірі – IV Бела король мен Қотан ханға қойылған ескерткіш. 1239 жылы моңғол шапқыншылығынан ығысқан қыпшақтар мадьярлар еліне қоныс аударады. 40 мың, кей деректерде 60 мың қыпшақты бастаған Қотан хан мадьяр королінен көшіп баруға рұқсат сұрайды. «Шығыстан бауырларымыз келді» деп оларды құшақ жая қарсы алған Бела король оларға жер беріп, Мажар еліне орналастырады.
IV Бела король мен Қотан ханға қойылған ескерткіш
Қыпшақтар мұнда келген соң, еркін көшіп-қонуға ыңғайлы, өмір сүруге лайықты жазық далалы жерлерге қоныстанады. Жаңа жерге қоныс аударған қыпшақтар мажар корольдігіндегі атты әскердің негізгі күшін құрайды және дворян титулына ие болады. Ал, жергілікті халық қыпшақтарға «кун» деген атау береді. Қазіргі кезде Мажарстанда өмір сүріп отырған 100 мыңдай қыпшақ сол «кундардың» ұрпақтары. Қыпшақтардың келуімен Мажар елінің картасында «Надькуншаг» – «Үлкен қыпшақ жері» және «Кишкуншаг» – «Кіші қыпшақ жері» деген жер атаулары пайда болды. Дунай мен Тиса өзендерінің арасын еркін жайлаған қыпшақтар бертінге дейін тілдері мен дәстүрлерін сақтап келеді.
Ал, Иштван Мандоки Қоңырдың жазуынша, қыпшақтардың тілі ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталады.
Қарсақ қаласындағы музейге кіреберісте балбал тас қойылған. Мұндай ескерткіштер қыпшақ жерінде көптеп кездеседі. Аңдап қарасаңыз, балбал тастар мұрт қойған ер-азаматтың кейпінде құйылған.
Музейдегі балбал тас көшірмесі
Қарсақ музейінің ғылыми қызметкері және PhD докторы Шандор Берештің пікірінше, мұндағы қыпшақтар түгелге дерлік мұрт қойған. «Мажарстандық қыпшақтарда жауласқан адамның басын кесіп алмай тынбайтын, «қанға-қан» дейтін дәстүрлері болған. Егер де басымды дұшпаным сәтін тауып, кесіп алған жағдайда, жүзім айбарлы көрінсін деп мұрт қойған» деп жауап түсіндірген Шандордың сөзіне таңырқамасқа шарамыз қалмады.
Балбал тас пен қыпшақтардың келген уақытын көрсететін интерактивті тақта
Бізді музей ішімен алып жүрген мекеме директоры Др. Молнар Надь Миклош орыс тілін тәп-тәуір біледі екен. Иштван Дьөрфи атындағы Надькуншаг (Үлкен) қыпшақтар музейінің жай-күйімен таныстырып, толық жұмыс істеуімізге бар жағдайды жасады. 1906 жылы іргесі қаланған музейге биыл – 111 жыл. Надькуншаг өңіріндегі қыпшақтарға қатысты барлық мұраны жинаған деуге болады.
Көшпенділер өмірінің ажырамас бөлігі – киіз үй. Бертін келе отырықшылық өмірге біржола бет бұрған қыпшақтар ата-салттан біржола бас тартады. Киіз үйдің қасындағы саман үйдің көшірмесі соның бір көрінісі.
Ұлы Даланың бір көрінісі – обаны мұндағы қыпшақтар әлі ұмыта қоймаған. Елге сыйлы азамат пен батырларды мұнда да обаларға жерлейтін болған.
ХІІІ ғасырға тиесілі белдік. Қыпшақ батырлары тұтынған белдікке арыстан бейнесі бедерленген. Әрбір әулет пен тайпаның өз елтаңбалары болатын еуропалық дәстүрге сай, мажарстандық қыпшақтарға арыстан белгісін салуға корольдің өзі рұқсат берген. Бұл – ержүректік пен батырлықтың символы болған.
Мажарстандық қыпшақтар балық аулап, қақпан құруға да кетәрі болмаған секілді. Бірақ бұл заттардың жасалу уақытына қарасақ, мұның барлығы бертінде қыпшақтар отырықшылық өмірге бет бұра бастаған кезде жасалған секілді.
Көшпенді өмір салтты аңсаған қыпшақтар, өткенімізден қол үзіп қалмайық деген үмітпен мына арқандарды әдейі қойса керек. Келгендер шамасы келсе байлайды, болмаса бір орап кетеді екен. Ауылдағы әкем үйреткен «күрмеп байлау», «гүлдеп байлаудың» тәсілдерін еске алып, біраз еңбектенуге тура келді.
Қыпшақ әйелдері тұтынған сандық
Қыпшақ шаруалары тұтынған шаруашылық құралдары
Қарсақ өңіріндегі қыпшақ отбасыларының ас-үй жабдықтары
Тұрмыстық-шаруашылық заттар
Сондай-ақ, фоторепортаж барысында Яс-Надькун-Солнок облысы кеңесінің Төрағасы Шандор Ковач мырза музейге арнайы келіп, National Digital History of Kazakhstan порталына арнайы сұхбат беріп кетті. Аталған сұхбатты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.
Суретте: сол жақтан бірінші Шандор Ковач, Шандор Береш және Др.Молнар Надь.
Шандор Береш ептеп қазақша біледі екен. Кетер сәтте: «аманат», «аманат» деп аудармашылық жасап жүрген елшілік қызметкеріне өз тілінде біршама сөйледі. «Қазақстанға барғанда мен үшін бір түп жусанды иіскесінші» деп аманат айтқаны екен. Бейбарыстан бастап, Берешке дейін арман болған бұл аманатты орындамасақ, қиянат болары анық еді.
Қарсақ қаласынан шығып, елдің оңтүстігіндегі Сегед қаласына жол тарттық. Мақсатымыз – қазақ тілін үйреніп жүрген мадьяр студенттерімен және қыпшақтардың салт-дәстүрімен сай өмір сүретін Жаннет есімді этнограф ғалыммен сұхбат құру.
Олжас БЕРКІНБАЕВ
Астана- Будапешт-Қарсақ-Сегед-Будапешт-Астана
Суреттерді түсірген автор
Мақаланы әзірлеу барысында қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігіне Алғыс білдіреміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)