– Отто фон Бисмарк деген қоғам қайраткерінен «Седан түбіндегі шайқаста немістер қалай жеңіске жетті?» деп сұрақ қойғанда, ол: «Жеңіске жеткен әскер емес, әскерді жеңіске жеткізген қарапайым мектеп тарихшысы» деп жауап берген көрінеді.
1970-80 жылдарда Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармалары қоғамдық санаға үлкен қозғау салды. Ол туындылар осыған дейін ескерілмей келген тарихымыздың алтын көмбесін ашып берді. Бүгінде қазақтың ұлттық тарихына көз аларта қарайтындар жеткілікті. Олар тіпті қажет болса, ұлттық тарихымызды қалай жазуды үйретпекші! Ресейлік Аджар Куртов деген саясаткер «Алақаннан қалдықтарды жалап үйренгендер енді сол қолды тістегісі келеді» депті. Сондағы айтпағы «аяқастынан тәуелсіз мемлекетпіз дейсіңдер, ал сендерде тарих жоқ». Ал Хидаятов деген «Қазақстан тарихшыларының барлығы жалған айтады, тарихта болмаған оқиғаларды ойлап шығаруда. Мәселен, Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш орнатылып, оларды қазақ ұлты мемлекетінің негізін қалаушы ретінде дәріптейді, шын мәнісінде олай болған жоқ» дейді. Бұл – Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин айтқандай, идеологиялық тұрғыда мылтықсыз майданның жүріп жатқанын көрсетеді. Сол майданда ұлт тарихының орны басым болып тұр.
Идеология саласындағы мылтықсыз майдан тек бізде ғана емес, ТМД елдерінде жүріп жатыр. ТМД тарихшыларын ұлт тарихын қайта зерделеуге кірісті. Тек өткен жылы ғана өзбектер 12 томдық ұлт тарихын, қырғыз ағайындар 6 томдық қырғыз тарихын жарыққа шығарды. Көп томдықтың жариялануына қаржылық демеушілік көрсеткен қырғыз жоғары кеңесінің депутаты Алтынбек Сүлейменов алдағы екі -үш жылдың көлемінде тағы да бес томдықтың жарияланатынын айтқан. Қырғыз тарихшысы, саясаттанушысы Зайнидиин Құрманов алғашқы бестомдықты дайындау кезінде Ресей, Венгрия, Қытай тарихшыларының еңбегі пайдаланғаны туралы бізге былай деді:
– Қырғыз тарихы – әлем тарихының құрамдас бір бөлігі. Сондықтан бізге жолымыз көбірек түйіскен елдердің тарихшыларының еңбегін пайдалануға тура келді. Бірақ тарих қоржынына келіп түскен деректердің бәрі сараптамадан өтіп, мүддемізге сай келетіндерін ғана пайдаландық, – дейді қырғыз саясаттанушысы. Жергілікті ұлт мүддесін бірінші кезекке қою тек қырғыз ағайындар ғана емес, орыстар үшін де күн тәртібінде тұрған № 1 мәселе екен. Себебі солтүстіктегі көршілеріміз де тарихын қайта зерделеуді қолға алғанына жылдан асып қалды. 2014-2016 жыл аралығында бас-аяғы 25 томнан тұратын Ресей тарихы жарық көрмек. Қазір орыс ғалымдары бай тарихын сүзгіден өткізіп, қажет деп тапқандарына ғана кәдеге жарататындарын ашық айтып отыр. Ресей ғылым академиясындағы тарих мәселесіне арналған басқосуда белгілі тарихшы Антолий Королев орыс тарихы Ресей мүддесімен жазылатынын және өзге елдердің тарихшыларының көмегіне аса мұқтаж емес екенін былайша түйіндейді. «Мен ресей тарихын өзге ұлттардың қолына сеніп тапсыра алмаймын!»
Демек, ресейліктер Ресейдің бай тарихына орыс мүддесі және «орыс көзімен» қайта зерделеп шығуға тас-түйін болып дайын отыр. Бізде ше?
«Қазақ тарихын қазақ мүддесі, қазақ көзімен қарап шығуға дайынбыз ба?» деген сұраққа біздің қоғам толыққанды жауап берген жоқ. Ел ішінде екіұдай пікір бар. Алғашқысы – «қазақ тарихы әлем тарихының құрамдас бөлігі. Сондықтан біз жан-жақтағы көршілеріміздің де пікірін ескеруіміз қажет» десе, екінші пікір «қазақ тарихы қазақ елі мүддесімен жазылуы керек. Сондықтан онда екінші тарапқа орын жоқ» деген пікірді алға тартады.
Біз осы ретте қазақстандық саясаттанушы, тарихшыларды әңгімеге тарттық.
Жедел сұхбат
Саттар МӘЖИТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі:
– Тарих ғылым ба, әлде саясаттанушылардың қолындағы құрал ма?
– Тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік нығайған сайын ұлттық құндылықтарға деген көзқарас міндетті түрде өзгеріп тұрады. Тарих ұлттық сананы қалыптастыратын ең басты сала. Қазіргі жағдайда ұлттық тарихты қайта қарастыруымыз керек деген қағида оны қайта жазуды талап етпейді. Ұлттық тарихты қайта-қайта көшіріп жазғаннан ол ұлттық болудан қалмайды. Мәселе бүгінгі таңда жаңа бір белестерге, сатыларға көтерілуде. Әлі де өз орнын ала алмай келе жатқан оқиғаларға мән беріп, олардың тарихи бағасын анықтау қажет. Тарихты ақтара салып бір күнде қайта жазып шыққан оңай. Бірақ оның арты қандай болмақ? Топтап кітап шығару бір мәселе. «Ал оның сапасы, ғылыми құндылығы, болашақ ұрпақтарға пайдасы қандай?» деген мәселе бүгін де, ертең де өзекті.
– Ұлт тарихын қайта зерделеген кезде өзіміздің тарихшылар ғана жазуы қажет пе, әлде өзге көрші елдердің тарихшыларын да қатыстырған дұрыс па?
– «Ұлттық тарих» дегеніміз кең ұғым. Ол бір ғана біздің ұлтпен шектелмейді. Жер бетінде өмір сүріп жатқан соң біздің ұлттық тарихымыз басқа да көршілес, алыста жатқан елдермен ұштасып жатқанын естен шығармаған жөн. Тарих – адамзатқа ортақ дүние. Кейде тарихымыздың ақсап жататыны сол басқалардың көзқарастарын мақұлдап немесе жоққа шығаруымыздан туындайды. Әрине, есі бар нағыз маманмын дейтін тарихшы басқа ұлттың тарихын жазуға оңайлықпен кірісе кетпейді. Әлемдік тәжірибеде ондай тарихшы-мамандар көп емес. Ең алдымен басқа біздің елдің тілін, менталитетін, салт-дәстүрін білу қажет. Керек болса, елімізде біраз уақыт бойы тұрып, жергілікті деректер мен құжаттарды талдап еліміздің тарихын жазуға кіріскені жөн. Ұлттық тарихты жазуда өзіміздің яки шетелдердің авторлары болғандағының бастысы – «Бояушы бояушымын деп сақалын бояпты» дегенге жол бермеу қажет. Бөліп алып «Мынау менікі, не істегім келсе, соны істеймін» немесе «Менікі жөн, сен тыңда» дегеннен ешкім еш нәрсе ұтпайды.
– Ресейде немесе Қытайда қазақ тарихын зерттеп жүрген тарихшылардың еңбегі біздің тарихтан орын алуы қажет пе?
– Көршілес елдердің зерттеушілері тәжірибесі мен ақпараттық қабілеті жетісіп тұрса, қатысқандары дұрыс. Тарих ең алдымен ғылым екенін ұмытпаған жөн. Кәсіби тарихи еңбек деректер негізінде жазылады. Оларды іздеп табу, анықтап сараптау тек қана мамандандырылған тарихшының қолынан келеді. Әуесқойлық тарихты бұрмалауға ұшыратады. Сол себептен тарихтың беттері аңызға айналып, дүмше тарихшылдық етек жаяды. Ал мұның басқа да қыры бар. Біз туралы шеттен жазылған деректердің бетінде жылтырап тұрған мәліметтердің бәрін шындық пен ақиқат деп қабылдау қисынсыз. Әрине, сыни көзқарас өте қажет. Тарих әділетті және объективті болу үшін бұл ауадай қажет. Дегенмен әр деректі сырттан жазатындар өз пайдасына немесе өзіндік көзқарасына айналдыратын болса, бұдан пайда шамалы. Айтайын, 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап мен «Тәуелсіз Қазақстан шетел сарапшыларының көзімен» атты кітапты «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шығардым. Сол басылымды дайындау барысында мынадай бір жағдай байқалды. Жан-жақтағы танымал, ірі шетелдік сарапшыларға ақпараттық хаттар жолдадым. Сонда «Иә, қатысамын. Мәтінімді беремін» деп жауап берген адамдардың саны әлгі жіберген хаттарымнан әлдеқайда азайып қалды. Кейбіреулері уақыт тапшылығына сілтеп, басқа да себептерді атап, бас тартқандары да болды. Бұл ненің нышаны? Ең алдымен олардың артын ойлады. Ұзақ уақыттан бері Қазақстан тарихымен айналысып, нағыз бұл істің нәтижесі мен сапасы жоғары болуды ойлайтын адамдар бірден іске кірісіп, біздің тарихымыз туралы құнды мәтіндерін беріп жатады. Тіпті әлемдік тәжірибеде мынандай да құбылыс кездеседі. Белгілі бір елдің немесе халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын көп жылдар бойы зерттейтін ғалымдар сол елдердің адамдарына ұқсап кетеді, азаматы болғанын аңсайды. Олар үлкен жауапкершілікті былай қойғанда, сол елдердің бір ерекше насихаттаушысына айналады. Ал планетааралық азамат болудың, басқа елдің тарихы мен мәдениетін біліп-танудың қандай жамандығы бар?
– Халықаралық тәжірибе не дейді? Мысалы, өзбек немесе қырғыз, ресей тарихы қалай жазылғандығынан хабарыңыз бар ма?
– Өз басыма келсем, мені басқа елдердің тарих немесе қоғамтану саласындағы мекемелерге шақырып тұрады. Екі-үш жылдың ішінде Үндістан, Ресей, Түркия, Әзірбайжанға барып қайттым. Басқа да тарихшыларымыздың сондай дәрежеде екенін білемін. Мәселе кәсібилікте, маман болу қажет. Басқа елдердің тәжірибесінде шетелдерден мамандарды шақыру кең тараған. Көбінесе оларды өздерінің тарихын әлемдік деңгейдегі орнын анықтау үшін шақырады.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, саяси шолушы:
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қазақ тарихшыларының алдына үлкен міндеттер қойғаны қоғамда үлкен серпіліс жасады. Қазір ұлттық тарихи санамызда сілкініс жүріп жатыр. Осыдан 15 жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен «Тарих жылы» деп жарияланып, біраз дүниемізді түгендегендей болғанбыз. Бірақ тәуелсіздік алғанымызға небәрі 5-ақ жыл болғандықтан бізбен өзгелер түгілі, көршілер де аса санаса қоймаған еді. Қазіргі жағдай басқаша. Біздің жылнамаларымыз сақталған Қытаймен де, Ресеймен де өте жоғары деңгейдегі дипломатиялық қатынастар орнатылған. Бұл бізге тарихымызды түгендеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жуырда Қытай төрағасының мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында мәдениет, ғылым, білім саласындағы жаңа келісімге қол қойылғанын өз көзіммен көрдім. Енді ғалымдарымыз осы мүмкіндікті пайдалану қажет деп есептеймін. Осындай сілкіністерден кейін қазақ тарихы қалыңдай түсетініне күмәнім жоқ. «Қазақ тарихын жаңа көзқараспен қайта жазу мәселесінде өзге елдің ғалымдарын тарту дұрыс па?» деген сұраққа «жоғымыз қазақ мүддесіне сай түгенделуі қажет» деп жауап берер едім.
Иә, Орталық Азияның өзге мемлекеттері тарихын өз ғалымдарына жаздырды. Біздегі жағдай сәл басқаша. Қазақтың ежелден мекендеген атақонысы Абылай ханның тұсында, КСРО кезінде белгілі һәм белгісіз себептермен Қытайдың саяси картасында бейнеленіп кетті. Қытай жері болғанмен, өткен тарихы қазаққа қатысты. Бізге ол дүниелерді алу қажет. Қытай ғалымдарының да осындай сәттерде қажет болатын шығар. Себебі көрші елдің тарихшылары ежелгі қазақ жері екенін жоққа шығармайды. Ресеймен де дәл осындай жағдай қалыптасқан. Бірақ ол қытайдың, орыстың көзқарасында зерттелген дүниелер болмауы тиіс. Себебі санасы таза ұрпақ өсіп келе жатыр. Олар дүбәрә зерттеулерді қабылдамайды. Балтық елдеріндегі жағдайға қызығушылық танытып көрдім. Содан бір мысал келтіре кетсем, жуырда «Эстония тарихының» екінші томы жарыққа шықты. Тартулық университеттің Тарих және археология институты шығарған томдық ұлттың 800 жыл бұрынғы тарихи кезеңін қамтыған екен. Жергілікті ғалымдар аталған фундаментальды еңбек қоғамда түрлі пікір туғызғанымен оның эстон бірегейлігін қалыптастыру үшін орта ғасырдағы тарихқа жаңаша көзқараспен жазылған еңбек деп баға беріп отыр. Ливон ордені кезеңін қамтитын тарих биылдан бастап Эстон университеттері мен мектептерінде оқытыла бастады. Жаңа тарихтың баяндауы бойынша Эстония ешқашан еркіндігін жоғалтпаған. Тек қана кейбір кезеңдерде құқықтық тәртіп қана өзгеріп отырған. Бұрындары сол кезеңін олар Неміс кресшілері жаулап алып, Ливонияны құрамына қосып алған деп оқып келген болатын. Скандинавиялық деректерде викингтердің 1-мыңжылдықтың соңы – 2-мыңжылдықтың бас кезінде Эстонияның жағалауларына, ал XI ғ-дан бастап эсттердің Дания мен Швецияға жорық жасағанын, XIII ғ-дан бастап неміс, кейіннен дат басқыншыларының нысанына айналды деп келген эстондар енді жаңа тарихы бойынша ешқашан еркіндігін жоғалтпаған, өте ертеде қалыптасқан ұлт екенін көрсетіп отыр. Финн тайпалары эсттер мен ливтердің, жергілікті рулар одағының барлығын Эстон ұлтының бірегейлігі жолында пайдаланды. Сондықтан біз де дәл осылай өткенімізді түгендеп жатсақ, темірқазығы нық біртұтас ұлтқа айналамыз деп ойлаймын. Қазақтың тарихы терең болғандықтан, оған жұмылдырылатын ғылыми әлеуетті тарылтуға болмайды деп есептеймін.
Түпнұсқа: http://baq.kz/kk/news/35913