Бүгін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысында елімізде жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу мекемелерінің: Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының, «Геоархеология» халықаралық зертханасының, «Дүние жүзі тарихын зерделеу» ғылыми-зерттеу орталығының, Популяциялық генетика зертханасының тұсаукесері болып өтті.
Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталығын құрудың негізгі мақсаты Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде әлемдік тарихнамадағы таным әдістерін сындарлы қайта бағалау тұрғысынан пысықтау болып табылады.
Орталықтың құрамына 5 сектор кіреді: Орталық Азияның дәстүрлі мәдениеттерінің тарихнамасы; көшпенділердің далалық империяларының тарихы; қазақ халқының этногенезі; Орталық Азия көшпенділерінің шектес көшпенді емес халықтармен өзара қарым-қатынасының тарихы; Дешті-Қыпшақ көшпенділер қоғамының әлеуметтік және этномәдени құрылымы.
Орталық жоғары білікті мамандармен жасақталған, олардың қатарында 13 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 PhD философия докторы, 6 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Түркиядан және Қытайдан келген ғалымдар бар.
Популяциялық генетика зертханасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Жалпы генетика және цитология институты» РМК базасында құрылған және Қазақстанның қазіргі халқының популяциялық-генетикалық құрылымдарын палеогенетикалық зерттеулер мен зерделеуге бағытталған. Зертхана археологиялық жұмыстар барысында табылған адам қалдықтарының палеогенетикасы, қазіргі қазақтардың ДНК-ларын жинау және талдау, жануарлардың шынайы қазақи тұқымдарының шығуын зерделеу сияқты бағыттармен шұғылданатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «Геоархеология» артефактілерді археологиялық даталау жөніндегі халықаралық зертхана құрылды. Негізгі міндеті – Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді зерделеу және даталау кезінде әлемдік тарих призмасы арқылы заманауи парадигмалар мен инструментарийлер негізінде жаратылыс тану-ғылыми пәндердің әдістерінің әралуандығын пайдалану. Кадрлық құрамы 88 адамнан жасақталған (7 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 4 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Германиядан, Ресейден келген жетекші ғалымдар).
Дүние жүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми орталық Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған. Орталықтың негізгі міндеті әлем тарихы дамуын заманауи парадигмалар мен инструментарийлер негізінде зерттеу.