Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.
-Айеке, алғашқы сұрағымызда әкеңіздің қандай тарихи тақырыптарға қалмам тартқандығы жайында сұраған едім? Осы сауалды сәл қаузай кетсеңіз?
-Сөз жоқ ол кісі нағыз тарихшы қаламгер. Ол – осынысымен сирек, осынысымен де қымбат.
Жазушының тарихқа ден қойған негізгі тақырыптары Абылай, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Нысанбай, Бопай ханым, Жәпек батыр, Науан Хазірет тәрізді ұлы тұлғалар болып келеді. Сонымен бірге, поэзияда Махамбет, Абай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Сәкен сері Жүнісов, Кәкімбек Салықов, тағы басқадай тұлғалар бейнелері Төлеген туындыларының жаңа қырларынан жарқырай көрінді.
Төлеген Қажыбайдың аса бір зор сүйсініспен жазып келген басты кейіпкерінің бірі – Кенесары Қасымұлы. Тіпті 2002 жылы оның 200 жылдығына «Алдияр» деген атпен жеке кітап арнап жазды. Мұнда толғаулары мен дастандары, драмалары топтастырылған.
Алдияр! – ұлылыққа табыну, елтұтқасына құрмет, халық қаһарманына тағзым деген сөз.
Төлегеннің халқымыздың азаттығы жолында он жыл бойы ат үстінен түспей табандылықпен күрескен, сол жолда қаһармандықпен шаһид кешкен Кенесары Қасымұлының 200 жылдығына арнаған кітабы ұлы хан Абылай, оның тұстастары қарауыл Қанай би, шапырашты Қарасай батыр, Абылайдың жорыққа мінген Шалқұйрық тұлпары жайлы желі тартады; Хан Кене, оның інісі Наурызбай, қарындасы Бопай, бас батырлары Ағыбай, Бұқарбай, жырау Нысанбай тұлғалары қаламгер толғаулары мен драмаларының діңгекті ұстын тұстары. Алмағайып заманда империялық саясаттан қорықпай, төбелерінен жай түскендей етіп, Мағжан ақын Кенесары тұлғасын шалқыта жырлап еді. «Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп оны халықтық үлкен тұлғаға бағалауы – сол заманда көзсіз ерлікпен барабар еді. Бірақ Мағжан «Оқжетпестің қиясында» поэмасында Кенесарының халық қамын ойлап толғанған бірер сәттік бейнесін ғана береді ғой. Іс-әрекет, күрес үстіндегі Кенесары тұлғасы танылмайды. Және поэма өте қысқа қайырылған. Соған қарағанда, цензураның қолымен күзеліп басылған деп те ойлаймын. Әрине, бұл арада оғлан ақынға кінә артудан аулақпыз. Кенесарының атын атаудың өзі қауіп тудырған заманда осының өзі үлкен ерлік еді. Төлеген, міне, осы жоқтың орнын толтырғандай хан Кене тұлғасын келістіре, жан-жақты толымды еңбектер жазған. Кенесары ханның аса күрделі тұлға екені белгілі. Оның бейнесін сомдау үлкен дайындықты қажет етер еді. ХІХ ғасырдағы Ресей мен Қазақстан арасын тегіс білуің қажет. Көтерілістің шығу себептерін дұрыс ажыратуың керек. Төлегеннің оыс кітабында Кенесары ханның өзі ғана емес, інісі Наурызбай, Бопай ханым, Ағыбай батыр, сөздің қысқасы, ханның төңірегіндегі туыстары мен серіктестері тегіс қамтылған. Сондықтан мен бұл жинақты тек бірыңғай Кенесары хан мен серіктері туралы поэзиялық толғаныс, драмалары ғана емес, үлкен тарихи танымдық еңбек деп бағалар едім. Автордың зор ізденіске барғаны, хан мен оның төңірегін, Ресейге қатысты мәселелерін шұқшия зерттегені байқалады.
Алғысөз орнына берілген «Алашта Кенекемдей ер болмайды» зерттеуінде Т.Қажыбай Кенесары көтерілісі хақында жан-жақты тоқтала кетеді. Мен «зерттеу» деп кездейсоқ алып отырған жоқпын. Төлеген мұнда кәдімгі кәнігі тарихшыларша көтерілістің себеп-салдары, қаһармандық шайқастың барысы туралы терең пәлсапалық әрі танымдық дүние жазған.
Мен бұл талдауды оқып отырып, әкемнің білдей бір тарих зерттеушісі болардай қырын аңғардым. Мұнда көптеген халыққа беймәлім мәліметтер де кездеседі. Кенесарының ақыл-парасаты, әкесі Қасым және оның әйелдерінен кімдер туғаны, көтеріліске қазақтың қай руларынан қатысқаны туралы, Наурызбайдың асқан батырлығы туралы қызықты әрі тың деректер бар.
Мәселен, Кенесарының Есенгелді мен Саржаннан басқа да Құдайменде, Әбілғазы, Уақ, Шуақ, Сапақбай деген бауырлары болғанын, Наурызбайдың бір шешеден жалғыз туғаны біз кездестіре қоймаған мәліметтер. Сонымен бірге біз Бопайды ғана білеміз де, ал олардың Бопай, Бопан, Бопыш атты үш апалы-сіңлілі болғанын біле қоймаушы едік.
Төлеген Қажыбайдың алғысөзіне енген мына тың дәйек-деректер де бұрын-соңды ешбір жерде аты аталып, түсі түстелмеген еді: «ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарын қамтыған азаттықтың күрес шеңбері барынша кеңіп, Арғын, Қыпшақ, Керей, Төртқара, Бағаналы, Тама, Табын рулары Кене ханның қасиетті туы астында бас біріктірді. Кенесары әскер жасақтаудың өз заманындағы озық үлгісіне сүйенді. Мыңдық, жүздіктерге бөліп, оларды мың басы, жүз басыларға басқартты. Үш жүздің Ағыбай, Иман, Басығара, Бұхарбай, Бұғыбай, Жекебатыр, Бәйсейіт, Сұраншы, Саурық тәрізді ұлы батырлары Кенесары қолын қиян кескі шайқастарға бастап, талай ірі жеңістерге қол жеткізді, ерліктері аңызға айналды, дала жырауларының шабытты жырларына арқау болды. Осылайдың ішінде ағасының оң қолы болған Наурызбай жайлы бірер пікір білдіре кеткен жөн болмақ.
Наурызбайдың қара басының қаһармандығы ала-бөтен болды. Жауға жалаң шекпен, шолақ найзамен шабатын талай жүрекжұтты батырларды батылдығымен таң қалдырды. Алдынан қарасаң шалқақ, артынан қарасаң еңкек болып көрінетін сүйріктей сұңғыла бойлы сұлу Науан Басығара батырдың оққа ұшқан тұсында батыр қаны жау табаны астында қор болып қалмасын деп қамалға өзі бастап кіргенде өзін қоршап алған мылтықты 12 қазақты ес жиғызбай найзаға іліп кеткен деседі. Майтөбенің етегінде қолға түскен Кенесары ағасын жау қолында қалдырып кетпеймін деп өз еркімен қырғыздар қолына берілуін қазір көзсіздік десек те, алып жүректі Науанның хас батырлығы демеске мүмкін емес. Есіл ер жау қолынан 25 жасында опат болды.
Күйеуінің қарсылығына қарамай отбасын тастап, қасына алты баласын ертіп ағасының қасынан табылған Бопай ерлігін де еске алмасқа болмайды. Құрамында 600 сарбазы бар ерекше топқа басшылық еткен Бопай ханшаның ерлік істері аңызға айналған. Оның ұлы Нұрхан, Кененің інісі Әбілғазылар да азаттық жолында аянбай күрескен, Кенесары таңдап алған тайғақ жолдан табан аудармаған сенімді батырлар еді.
Әуел баста жазалаушы отрядпен-ақ Кенесары қозғалысын басып тастармыз деген патша әрекеті тым әлсіз болып шықты. Олар тез арада-ақ шебер қолбасшы, тәртібі темірдей батыл да батыр күшке кезіккендерін аңғарды, аңғарды да қалың қол жасақтады. Мынау Көкшетауда сонау Қоқан хандығына дейін өкшелеп отырып ұрыс салуға мәжбүр болды. Сан рет жер қақпан жеңілістерге ұрынды. Далалық ұрыстың нелер ұтымды әдістерін қолдана білген Кенесары қолы жау қоршауын бұзып-жарып, Бетпақтың безерген даласынан аман өтіп еді. Сөйтіп, 1846 жылы Жетісуға табан тіреп еді. Бұл арада Ұлы жүз рулары негізінен Кене ханды мойындап қана қойған жоқ, оның әділетті күресін қолдайтындықтарын білдірді. Діні бір қырғыз манаптарыман бірлесіп, ұзақ жыл қазақтарға үстемдік құрып келген Қоқан хандығына ұрыс ашу мақсаты түсіністікпен қабылданды. Тайшыбек, Сұраншы, Саурық сияқты батырлары өз қолдарымен келіп қосылды, сандаған ұрыстарға қатысты. Алайда сұлтан Рүстем мен Сыпатай 12 мың қолмен бір түнде хан қосынын тастап шегініп кетті, жай кеткен жоқ, осы жымысқылықтарын қырғыз манаптарына сыбырлап кетті. Он жыл бойы үздіксіз соғыстан қажыған әрі Көкшетаудай ата жұрттан қол үзген сарбаздар титықтап қалған еді. Оның үстіне жығылғанға жұдырық – Сыпатай сатқындығы Кенесары қозғалысын тұйыққа тірегені тарихи шындық болатын. Кекілік-сеңгір тауының етегінде Майтөбе деген жерде қырғыз қолымен ақтық рет айқасқа түсті. Үш жақтан қоршауда қалған қазақ сарбаздары қатты шайқасып, батыл қимыл танытқанымен күш тең емес еді. Сөйтіп Жамбыл жырау айтқандай, «Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді. Ол етектен алған иттерден жеңілді ғой».
Осы арада кейбір қалам ұстағандардың мақалаларында Кенесарының қырғыздармен қақтығысын Наурызбай тентектігінен, яғни, көрді талқандап, найзасын өлікке қандағаннан кейін соғыс болып кетті дейтін келте пікірлердің де бас көтеріп қалып жүргендігіне назар аударғымыз келеді. Ол пікір, өкінішке қарай, «Хан Кене» кітабындағы кейбір авторлардың очерктерінде көрініс берген. Жеңіл, жосықсыз пікір қашанда тарихқа қиянат!
Жоқ, біз мұндай жеңіл-желпі айтыла салған парықсыз пікірмен келісе алмаймыз. Тарихи дәлел-дәйектемесі жоқ мұндай пікірдің астарында әрі қойсақ ұлт араздығын қоздыру, бері қойсақ Кенесары қозғалысының тарихи аспектілеріне терең үңілмеу, саяси-әлеуметтік құбылыстың мәнін бағамдай алмаушылық дегенге саямыз. Олай десек алдымен Кенесары-Наурызбай аруағын жер ету, екіншіден, туған халқының азаттығы жолында бастарын бәйгеге тіккен он сан батырлар арманына топырақ шашу болып шығар еді. Осынау қазақ даласын күрескерлік рухымен он жыл бойы сілкіндіріп тұрған азаттық қозғалысының мәнін ұғыну, сырлы сипатын танып білу үшін тағы да талантты тарихшы Е.Бекмахановтың пікіріне жүгінелік. Ол: «В 1947 году Кенесары вторгся в пределы Киргизии. В этой борьбе Кенесары преследовал основную цель – борьбу с господством Коканда, как врага казахов и алатауских киргизов и против киргизских манапов, являвшихся верными союзниками кокандских беков. Поэтому поход в Киргизию он рассматривал как ответ на действия манапов, передавшихся на сторону Коканда», – деп атап көрсетеді. Бүгін Кенесары қозғалысының тарихи мәні мен маңызын түсінгісі және шынайы ақиқатын білгісі келетіндер болса көрнекті ғалымның осы бір мәнді пікірімен санасса дейміз.
Кенесары күресінің ақиқаттығын алдымен халық ақындары түсініп, кезінде келелі жыр толғап, әділ бағаларын бергендігін де ескерсек керек. Сонау соғыстың басынан аяғына дейін бірге болған Нысанбай, Рүстем-Сыпатай сатқындығын бүкпесіз айтқан Жамбыл, қырғыз Қатағанмен айтысында бұл күреске зор баға берген Сүйінбай жырлары тарих ақтаңдақтарын толтыра алатын құнды деректер деуге толық негіз бар. Сонда Сүйінбай не деген еді, оқып көріңіз:
«Кенесары – Наурызбай,
Қаһары қара дауылдай.
Наурызбай тірі жүргенде,
Дұшпанның кеткен мазасы.
Шек келтіріп өлімге,
Кәпір болдың, Қатаған.
Ол құдайдың қазасы.
Қатаған сенің мініңді,
Бастан-аяқ терейін,
Аққу құстай ұшайын,
Аяғыңды тұсайын», – деп толғамаушы ма еді. Осынау жолдарда ұлы ақынның күрескерлер рухына құрмет лебі есіп тұр емес деп кім дау айтар».
«Түркістан тарихы» еңбегінің авторы Н.Павловтың «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын, талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол тегі аса ірі дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерінің бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да мен оны «түздің соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнә жасадым дей алмаймын», – деген сөздерін келтіруі де тың ізденіс қырын танытады. Орыс генералдарының Кенесарыға берген әртүрлі қайшылықты пікірлері белгілі, бірақ олардың ешқайсысы дәл осындай мойындауларға бармаған. Ең жылы пікір айтқаны – Кенесарының патша ұлықтарына талап қойғандығы туралы ғана. Жоғарыдағы Н.Павловтың сөзі маған Кенесарының қадір-қасиетіне зор баға беру болып көрінді. Өзі орыс ұлтының өкілі бола тұра, әділ баға беріпті.
«Шалқұйрық» дастанында Арғын-Қарауылдың Жақсылық тармағынан тараған Дәулетбай деген кісінің Әбілмансұр-Абылайханға Шалқұйрық атты жылқысының ішінен таңдап берген оқиға сөз болады. Былай қарағанда болмашы ғана осы бір деректен үлкен оқиға тудырып, дастан жазып шығу – ақындық қиялдың жемісі деп ұғамыз. Анау-мынау емес, ханның өзіне серік болған лайықты ат сыйлау – үлкен мәрттік. Осы аттың үстінде ұрыс салған Әбілмансұр «Абылай» атанған.
Сол Дәулетбайдың Шалқұйрық атты Әбілмансұр-Сабалаққа мінгізу оқиғасын ақын әсерлендіре, әрлей жырлайды.
-Әйгілі «қарауылдың Қанай биі» мен «Бопай ханым» да дастанға арқау болған адамдар емес пе?
-Дәл солай. Дастанға арқау болған тағы бір кейіпкеріміз – алты алашқа аты мәлім Қанай би. «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» (Мағжан) Абылайды «хан ием!» деп басын иіп, елін билеуге әбден лайық көрсе, Төлегеннің Қанай биді бағалауы да биік. Барша қазақтың атынан Қанай биді мұншалық мәртебелі әрекетке баруы хан сайланған Абылайдың абыройынан төмен болып тұрған жоқ. Шығарманың түйінді жолдарында осы күнгі заманымызға да бір Қанай бидің жетіспейтіні орынды айтылған. Осы күнгі халықтың қалаулылары – министрлер, депутаттар болса, олардың көп іс-әрекетінің халық тілегімен сәйкес келе бермейтіні ащы да болса шындық. Қанай би сияқты халық сүйген тұлғаларды өнеге қылып отыру – Төлегеннің ақындық басты ұстанымдарының бірі еді.
Автордың келесі тарихи кейіпкері – «Бопай ханым» дастаны. Поэма қызықты сюжетке құрылған. Бопай ханымның тек ер азаматқа тән ерлігі ғана емес, адамгершілігі, сүйгені Жанайдарға деген адалдығын сақтай білуі тартымды өріліп отырады.
Көрнекті ақынымыз, Төлегеннің жерлес, сыйлас ағасы Кәкімбек Салықов «Бопай ханым» толғауына жоғары баға берген.
Міне, осылайша Кенесары хан мен оның жақын серіктері, інісі Наурызбай мен қарындасы Бопай, жолдас серіктері Нысанбай жырау, Ағыбай батыр бейнелері арқылы сонау Абылай бабаларынан басталған жорық жолдарын, өнегелі істерін циклді жыр тұтастырып шығарған. Әрине, Кене хан басты қаһарман болғандықтан оған көп орын берілуі де түсінікті.
«Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деп Мұқағали ақын айтпақшы, көкейдегі сөзіңді еркін айтып, шығармашылық құлашыңды кеңге жайып өткенге не жетсін?! Ұлтының жақсылығын айтқысы келмейтін, тарихына, өткеніне үңілмейтін, елдік мақтаныш сезімі жоқ қаламгер – қаламгер ме? Ал сол қаламгердің айтарын айтқызбай тіліне кісен салған, бұғаулап ұстаған жоғары биліктен не үміт, не қайыр?! «Тіліңе кісен салдырып, сөйлетпей ұрар ұртыңа» деп жырлаған Бұқар бабамыз қандай көреген еді?
Тәуелсіздік таңы атысымен, лықсып тұрған тығынның ауызы атылғандай болып, ақын-жазушыларымыз батыл көсіле бастады. Бұл халық үшін үлкен серпіліс, бақыт деп ұғамын. Әрине, қаламгерлер шығармаларынан өкініш, ашыну, мұң сарыны көбірек сезіліп жатса, оны да түсінеміз. Өйткені, қаламгер өткенін жазбай тұрмайды, ал қазақтың өткен асуларында өкінішті, шерлі сәттер аз болған жоқ. Қазіргі қоғамымыз да тәуелсіздікке бойын үйрете алмай жатыр. Қоғамдық формацияның ауысуынан, жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, ес жиып, етегімізді жаба алмай жатқанда, елді өркендетуге үлес қосқаннан гөрі өз есебін түгендеп жатқандар көп. Осыны қоғамның көзі мен құлағы болар қаламгер айтпай тұра ала ма енді?
-Төлеген Қажыбайдың айтпай кетпейтін жоталы туындысының бірі «Жәпек батыр» тарихи дастаны ғой?
-Рас, тұлғасы зор бола тұра, Абылай ханның өзіне оң қол болған серіктікке жараған Жәпек батыр туралы, өкінішке орай, көп дерек сақталмаған. Ш.Уәлихановтың қалмақтардың Абылай ханды тұтқындағанда қасында болған серіктерінің бірі Жәпек болғанын айтқан мәліметі, сосын Толыбай ақын мен Мағжан Жұмабаевтардың жыр жолдарында аты аталып өтетіні ғана. Бірақ осы аз ғана деректердің өзі Жәпек батырдың қандай зор тұлға болғандығын танытады. Ақындық, қаламгерлік бағытында ел тарихын көп зерделеген Төлеген Жәпек батыр жайында түбірлей зерттеп, тың деректер тауып, оны поэзия тілімен төгілдіре жырлауы үлкен азаматтық ұстаным жемісі. Өзге елдер жоқтан бар жасап жатқанда, біз барымызды таныта алмай келе жатырмыз. Жәпек батырға тікелей қатысты тұлға болғандықтан ең әуелі Сабалақ-Абылайдың Төле бидің түйесін баққан бозбала құл шағынан бастаған. Ақыры сезімтал би оның тегін жан емес екенін аңдап қалып, Сабалақ аталық Оразбен бір түнде қашып шыққан оқиғасы көпке белгілі. Бірақ бұл оқиға өріліп өлеңге түскенде баурап алардай тартымды сипатқа ие болыпты. Ақыры Түркістанды тастап, Сарыарқа бойына жеткен болашақ хан Атығай ортасынан пана тапқан. Осында келіп Жәпек батырмен де танысады. Бірін-бірі ұнатып, жолдас болып, жорықтарда, аңшылықта жұптарын жазбайды. Бір күні аң қуып жүріп, қалмақ тұтқынына түседі.
Қалмақтар көлмен қайыққа түсіп, қос тұтқынды әкеле жатқанда қайық аударылып, Абылай хан су астына кете жаздағанда, оны Жәпек батыр құтқарады. Қасындағы екі қалмақ өз бастарын сауғалап қашады. Осы оқиғаны қандастарынан естіген Қалдан Серен өзінің екі сарбазының басын алдырып, еліне Жәпекті үлгі қылады:
«Шарыш жоқ, опырылды белім дейді,
Қанға-қан, қайтар ма екен кегім дейді.
Өз ханын жауға бермес жампоз неме,
Жәпектен үлгі алыңдар елім дейді».
Дастандағы әрі қарайғы оқиға былайша өрбиді. Қалмақ қыстап отырған жерде алай-дүлей боран басталып, малы жұтай бастайды. «Қырылып өлгеніміз бе» деп сасқан Қалдан Серен қазақ тұтқындарының арасынан сәуегей іздейді. Бақтарына қарай Рай атты сәуегей шығып, «түс ауа боран басылар, алдан жақсылық күтіңіз» деп қалмақ қонтайшысын сабырға шақырады. Ақыры оның айтқаны дәл келіп, Қалдан Серен кеңшілік танытып, Абылайды бас қылып, тұтқындарды босатады. Осы оқиға кейде басқаша да баяндалатыны рас. Бірақ Төлеген ақын жалпы әңгіме желісін бұзбай, аздап көркемдік қиялмен өңдеп, дастан желісіне лайықтап жазып шыққан. Сонымен бірге тың мәліметтер де жоқ емес. Әсіресе, басты кейіпкері Жәпек батырдың Малайсарының Кежек деген қарындасын алғанын, одан арыстай бес ұл сүйгенін екінің бірі біле бермейді.
«Сейтен ер, Құткелді мен Жауқай, Жарты,
Жортушы қол бастаған ата салты.
«Жәпектің бес бөрісі» атаныпты,
Атығай-Қарауылға жетіп даңқы», – делінеді дастанда олар туралы. Дастанның оқиғасы, тілінің шұрайлылығы оқырманды жетектеп отырады.
Қалмақтың Кәбін батырын жекпе-жекте жеңіп, қалмақтың алақұйрық туын алып келгенде Абылай хан «О, Жәпегім, жампозым, жарадың!» деп сүйсінген екен. Бұл оқиғаның да барысын ақын үлкен шабытпен бейнелейді.
«Жәпек батыр» дастаны хақында ыстық лебіздер аз айтылған жоқ. Кәкімбек Салықов, Сәкен Жүнісов, Сарбас Ақтаев секілді үлкен қаламгерлер сүйсіне жазып, ақынды зор табысымен құттықтады.
Жалпы жоғарыда тілге тиек еткен ақынның «Шалқұйрық-дастан», «Қанай-дастан» және «Жәпек батыр» үш дастандағы Абылай жəне басқа хандар тұлғасының бейнеленуін жинақтай келе мынадай ғылими тұжырымдар жасауға болады: Біріншіден, дастандар Абылай жəне басқа билеушілер бейнесі сомдалатын тарихи аңыздар мен тарихи жырлардағы, қаламгерлер тарихи туындыларындағы тарихи оқиғаларды жəне тарихи əдебиеттегі деректерді негізге алатыны байқалады; Екіншіден, «Жəпек батыр» дастанындағы Əмір Темірдің бейнесін беруде тарихи шындықпен қатар, ақиқаттан ауытқып, тым əсірелеп көтермелеу де орын алғанын айта кету керек. Қожа Ахмет Яссауидің діни-софылық көзқарасын, əдеби мұрасын бағалап, оның атына Түркістан шаһарында əсем кесене салдырып, қаланың «төрт құбыласын бүтіндеп», түркінің Меккесіне айналдыруы, түркінің астанасы етуге ұмтылысы, сол жолда неше бір қиындықтарға, қаталдыққа барғаны, сөз жоқ, «Темір қаһар» бейнесіне жарасып тұр. Сонымен қатар тарихтан белгілі жайттар: 1) «ақсақ қаханның» өз қандасы Баязитті күйретіп, Осман империясы ықпалында болған Таяу, Орта Шығыс мұсылман елдерін əлсіретіп, Еуропа христиандарына жем қылғаны, 2) Тоқтамыс əскеріне қайта-қайта соққы беріп, туыс түркі-мұсылман Алтын Орда империясын бас көтерместей құлдырауына ықпал жасап, соның арқасында орыс князьдіктері бас қосып, күшейіп, оңтүтігіндегі түркі елдері мен халықтарына үлкен қасірет болғаны дастандағы «Исфахан қылышындай қайран Темір, Түркіні қосамын деп терін төккен» деген жолдарға тіпті үйлеспей, боямасыз нағыз «Темір қаһардың» бейнесін ашып тұр; Үшіншіден, дегенмен ақын Абылай тұлғасын кейіптеуде белгілі хан өміріне байланысты жайттармен шектеліп қалмай, хан бейнесін сомдауда тарихи шеңберден онша көп алыстамайтын едəуір жаңа дәйек-деретер мен оқиғаларды қосу (Абылай бастаған қазақ тұтқындарының Қатынсудан өтуі, Қалдан ордасындағы кенеттен соққан боран жəне Райдың жаурыншылдық қасиеті), бұрынан белгілі жайттарға жаңаша реңк беру (Көптеген фольклорлық үлгілердегі Төле бидің Сабалақққа қамқорлығы суреттелетін эпизодтар, керісінше Төле бидің секемшілдігі жеңіп, жігітті үйінен қашуға мəжбүр етуі) сияқты батыл қадамдарға барған; Төртіншіден, бұл үш дастандағы Абылай хан бейнесі ұлы хан өмірінің тарихи əр кезеңдерін суреттейді. Бұл тұрғыдан сөзсіз «Шалқұйрық-дастанның» тарихи кезеңі бұрынырақ – дастан Абылайдың жас балаң жігіттік «Сабалақ» атанып жүрген кезін баяндайды. «Қанай-дастанда» Қанай сынды дана қарттың Абылайды көп ішінен көре білген, ерекше қасиеттерін тани білген, ақ киізге көтеріп хан көтеріскен заманын суреттейді. Бұл шығарма Абылай хан тұлғасының тарихи бейнелуінің мезгілі жағынан екі дастан арасынан орын алады. «Жəпек батыр» дастанының уақыт диапазоны əлдеқайда кең – ханның жас жігіт (Сабалақ) шағынан Абылай ханның дəуірлеп тұрған шағындағы соңғы бір айқастағы көрінісі суреттеледі. Бұл дастан соңғы кезде жазылған, сондықтан тарихи кезең жағынан «Шалқұйрық-дастанның» тарихи кезеңін толық қамтып тұр; Бесіншіден, бұл үш дастанды бұлай орналастыру Төлеген Қажыбайдың Абылай туралы дастандарындағы Абылай хан тұлғалық бейнесінің эволюциялық даму процесін анығырақ көрсетуді жеңілдетеді. Бейненің даму жолын дəстүрлі схемалық тізбекпен көрсетсек ол мынадай түрде өрнектеледі: Сабалақтың Дəулетбай үйіндегі қызметі – Шарышты жеңуі («Шалқұйрық-дастан») – Абылайдың көп ішінен танылып-таңдалып, ақ киізге көтеріліп хан сайлануы («Қанай-дастан») – Сабалақ Төле би есігінде – Сабалақ Арқада Абылай атанып хан көтерілуі – хан көп күйшінің жүйрігі – тұтқын Абылайдың аударылған қайықтан аман шығып – жау ордасына өзі келген мəрттігі – Абылайдың босағаға отырмай, тектілігін танытуы – Шарыш өліміне айыпты еместігін мойындатуы – Қалдан ордасында боран соғып, мал қырылғанда Абылай жаурыншысының қалмақ елін аман сақтап қалуға септігі – Абылайдың Кəбін бастаған қалың қолын жеңердегі қолбасшылық шеберлігі – Абылай ханның Жəпек батырмен достығының шынайылығы («Жəпек батыр») дер едім.
Жалпы алғанда әкемнің әр туындысы қазақ халқының тарихымен тікелей байланысты.
Жазушының поэзиядан басқа үлкен шеберлігін танытар салалары – сөз жоқ, прозасы мен драматургиясы. Әдебиеттің осынау жанрларында да тарихи тақырыптарды көп қаузалаған. Дегенмен, бұл шығармалардың бәріне кеңінен тоқталу, жілігін шағып, майын тамыза талдау шағын сұхбатымыздың көлеміне сыймас. Осының бәрі қыруар уақыт пен қомақты парасат пайымды қажет етеді. Бәлкім, болашақта өрбейтін сұхбат-әңгімелерде бұлардың әрқайсысына жеке-дара талдау беріп өтетін боламын...