Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуекел-бахадұр ханның ұлы жеңісі

2882
Тәуекел-бахадұр ханның ұлы жеңісі - e-history.kz
Мың жылдық мұрат мұрат жолына басын байлаған Тәуекелдің көкейінде жалғыз-ақ нәрсе тұрған. Ол — ұлттың мерейі, халқының баянды болашағы еді

Ұлыстың құты, Орданың мерейі, жауынгер әрі саясаткер Хақ-Назар ханның күтпеген қазаға ұшырауы туған жұртын, жорық үстіндегі қалың әскерді үлкен дағдарысқа түсіреді. Алдымен ес жиған Шығай сұлтан болады. Дабыл қағып, қол астындағы жанкешті жасағын атқа қондырып, Баба сұлтанға (бұрын Қазақ Ордасының одақтасы болған, бірақ бірге аттанған жорық үстінде сатқындық жасап, Хақ-Назар ханды опасыздықпен өлтірген Ташкент уәлаятының әміршісі – ред.) қарсы ұрыс ашады. Бірақ дүрбелең үстіндегі шабуыл ойдағыдай нәтиже бермейді.

Енді төтенше күш алған Баба сұлтан Сыр бойындағы, қазақтарға тиесілі біраз қонысты, Түркістан мен Сауран қалаларын басып алады. Бірақ Қазақ Ордасында бүліншілік, бұлғақ шықпайды. Беті қайтса да, жүрегі шайлықпаған қарт жауынгер Шығай ұлысқа оралысымен киізге салынып, хан көтеріледі. 

Шығай хан – Әз-Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның перзенті. Анасының есімі – Абайқан-бегім, қалмақ. Алпыс жыл бойы ат жалында болған тәжірибелі аламан, кәнігі саясатшы Шығай Қазақ Ордасы үшін дәл осы кезеңде екі майданда бірдей күресу – өте ауыр болатынын анық пайымдайды. Хақ-Назар ханның, Жалым сұлтанның, тағы қаншама бахадұрдың қанын арқалаған, Алаш жұртына еншілі қаншама қонысты жырып алған Баба-сұлтан жер басып жүрмеуге тиіс. Ендеше, қатерлі болса да, кектен тысқары Абдолла ханмен бітім жасаспай болмайды. 

Шығай сол кездегі қазақтардың тілімен айтқанда, Жағат (Шағатай) яғни Бұқар-Өзбек мемлекетінің ханы – Абдолламен бітімге келеді, бітім ғана емес, одақтастық шартын жасайды. Сөйтіп, Абдолламен тізе қоса отырып, Баба сұлтанға қарсы аяусыз соғыс қимылдарын бастайды. Осы уақытқа дейін құдіретті Абдолла ханның өзімен текетірес болып келген Баба-сұлтан соғысқа қазақтар араласқан сәттен бастап, жеңіліс үстіне жеңіліс табады. 

5149f0818c7f355da36941f26f611319.jpg

Бұл ұрыстарда қазақ әскерін Шығай ханның сүйікті ұлы Тәуекел сұлтан бастайды. Ант бұзып, аруақ аттаған қас дұшпанды биліктен айырып, ел-жұрттан аластаумен ғана шектелмей, оның басын найзаға шанышуды, тұқым-жұрағатымен тегіс құртуды ойлаған Тәуекел-бахадұр жорық жолында, тынымсыз шайқаста Шибан әулетінен тараған қаншама сұлтанның басын шабады. 

Ақыры, 1582 жылы жылы шілдеде Түркістан түбінде Баба сұлтанның қалың қолын тас-талқан етіп жеңеді. 

Биліктен біржола күдер үзген Баба сұлтан қырғыннан қалған шерігімен Сары-Суды өрлеп, Арқаға қарай қашады. Тәуекел сұлтан жеңімпаз жасағының ішінен мың қаралы ғана жауынгер таңдап алып, қосар-қосар атпен Баба сұлтанның соңынан қуып шығады. Күні-түні сүргіннен соң, Ұлытауға жеткізбей, Кеңгір өзенінің бойында, Жошы ханның мазары түбінде қуып жетеді. 

Тәуекелдің әскері Баба-сұлтанның қасындағы әскерден әлдеқайда аз еді деп жазады сол заманның тарихшылары. Бірақ ыза мен кек буған қазақтар жауға аш бөріше ұмтылады. Қазақ аламандарының бірі алыстан тартқан өткір жебе ат үстінде жұрт қатарлы айқасқа ыңғайланған Баба сұлтанға тура тиеді, болат сауытын талқан қылып, қара жүрегін қақ айырады. Қызу жүргізілген келте ұрыста қалған жасақ та қирап жеңіледі. Орта Азияның атақты ғұламасы – Хафиз Таныштың айтуынша, тарихтың 982 жылы, рәджаб айының 17-сі күні, қазіргі есеп бойынша 1582 жылдың 7 тамызында Тәуекел-бахадұр қараниет Баба сұлтанның кеселді, кердең басын Абдолла ханның аяғының астына әкеп тастайды. 

Жұлдызды жеңіске жеткен, даңққа бөленген Тәуекел сұлтан айрықша құрмет, сый-сияпат көрді деп жазады Хафиз Таныш. Баба-сұлтанның басы кесілген соң, өзінің бар парызы өтелді деп есептеген, сексен жасқа келіп отырған Шығай биліктен бой тартып, пір жолын таңдайды, әулиелі Бұқара-шәріф шегіне қоныс аударып, өзінің жеке иелігіне берілген Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Көп ұзамай-ақ, сонда көз жұмады. Шығай ханның сүйегі Бұқара түбіндегі Күміскент деген шаһарда, Ғали-Ата әулиенің саясында жеке күмбезге жерленді. 

«Шығай ханның қатындары мен құмарлары көп болды, бірақ бас бәйбішесі үшеу еді» деп жазады Қадырғали Жалайыр. 

Әуелгісі – Байым-бикем, одан – Сейітқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым туады. Бұл Ондан – орыс және батыс тарихында кеңінен танымал Ораз-Мұхаммед Касимовскийдің әкесі, кейінгі Көкжал Барақ сұлтанның, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бабасы. 

Шығайдың екінші бәйбішесі Жағат әулетінен шыққан Яхшым-бикемнен – Тәуекел хан, Есім хан және Сұлтан-Сабырбек ханым туған. Мұндағы Есім (Ес-Мұхамед) – қазақтың ұлы ханы, Салқам Жәңгірдің әкесі, содан бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы барлық қазақ хандарының бабасы. 

Шығай ханның үшінші бәйбішесі – Бұрындық ханның немересі Дадым ханымнан – Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрайым сұлтан, Шағым сұлтан туады. Өз тұсында бұлардың ішіндегі ең атақтысы – елбасы әрі қолбасы Шағым (Шах-Мұхамед) сұлтан болды. Бірақ сол заманның өзінде осы, жұртқа тұлға, жауға айбар сегіз ұлдың ішінде Тәуекел сұлтанның орны бөлек еді. 

d1e432f9074db7fe80967b92fd8a6131.jpg

Тәуекел жас кезінен-ақ әскердің алдыңғы сапында – маңдайда болады. Әкесі Шығайдың тірі кезінде қол бастайды. Атақты тарихшы Хафиз Таныш жас Тәуекелдің мінезін, көркін, ақыл-парасатын тамашалай келіп, оның жүзіктің көзінен жебесін өткізген мергендігін атап айтады. «Бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқы шыққан Тәуекел сұлтан ерлігі жөнінен де, мәрттігі жөнінен де, қажыр-қайраты жөнінен де әлемде теңдесі жоқ, дара туған жан», – деп сыпаттайды. 

Міне, осындай заманынан асып туған жас Тәуекелдің атақты тарихшы толық аңдамаған, аңдаса да жете бағамдамаған ең ұлы қасиеті – оның Отанын сүйген ұлы жүрегінде, ел-жұртының болашағын нақты пайымдаған көреген көңілінде болатын. 

Мың жылдық мұрат мұрат жолына басын байлаған Тәуекелдің көкейінде жалғыз-ақ нәрсе тұрған. Ол – ұлттың мерейі, халқының баянды болашағы еді. 

Туған халқының бар жақсы қасиетін бойына сіңірген Тәуекел іргелес көршілерін де жете біліп өседі. Ата-бабаларының әскер өнерін, ел басқару ісін игерумен қатар, болашақ дұшпаны — Бұқар хандығының да соғыс өнері мен жұрт ұстау жүйесін танып-меңгереді. Абдолла хандығының ішкі саяси жағдайын, күш-қуатымен қатар, осал бунақтарын да зерделеп тоқығаны күмәнсіз. Яғни, 1583 жылы хан көтерілген шағында Тәуекел жастығына қарамай, тәжірбиелі әскербасы әрі білгір саясатшы, кемел тұлға болатын. Тәуекел таққа мінген күннен бастап-ақ, Қазақ Ордасы өзінің ежелгі күш-қуатын қайта табады. 

Тәуекел хан ең алдымен Ресей басқыншылығына ұшыраған Сібір хандығындағы ежелгі түрік қоныстарына қарай қанат жаяды. Сібірдің құлауы – Қазақ Ордасындағы бұлғақ кезеңіне тұстас болуы, ал қарақшы Ермактың қазасы – Тәуекел хан ел билігіне жеткен алғашқы жылға сәйкес келуі кездейсоқ емес. Қазақ Ордасы жауығып жүрсе де, аталас Сібір жұртын жауға бермес еді, көмек жасар еді, тізе қоса соғысар еді. Бірақ Ермак Орал тауынан асып түскен кезде өздері де кешегі ойран-топаннан әлі оңалмаған, қару көтерер ер-азамат түгелімен Баба сұлтанға қарсы соғыста жүрген. Енді, орданың саяси жағдайы оңалар-оңалмастан-ақ қазақтар Сібір тарабына назар аударады. Сол замандағы орыс шежірелерінде Сібір хандығына Қазақ Ордасы көмектесе бастады деп жазылған. 

Ермактың көзі құрыды, бірақ Тәуекел кеше ғана Абдолланың одақтасы болған Көшім ханмен келісімге ұмтылмайды. Көшіммен таққа таласушы – баяғы керей Уан ханның әулеті Сейдақ бекті қолдайды, соның билікке жетуіне мүдделі болады. 

Қазақтардың көмегімен Көшімді ығыстырған Сейдақ бек Сібірдің астанасы Ескер қаласына келіп орнығады. Ал шайқалған шаңырақтан ірге бөліскен біраз ру барлық мекен-қонысымен Қазақ Ордасының құрамына енеді. 

Тәуекел хандығының алғашқы кезеңінде, 1585 жылы қалмақтармен арада үлкен соғыс болғандығы аңғарылады. Бұл соғыста Тәуекелдің ағасы Ұзын оқты Ондан сұлтан шәйіт болады, бірақ Қазақ Ордасы үлкен жеңіске жетеді. Жауынгер қалмақтар таяудағы жиырма жыл бойы тыныштық сақтайды, тіпті, бұлардың үлкен бір бөлігі Тәуекелдің дәргейіне бас ұрып, өздерін Қазақ Ордасының құрамындағы бір ұлыс деп санауға мәжбүр болады. 

Тәуекел хан айналасы төрт-бес жыл ішінде қазақ жұртын бұрынғы күш-қуатына жеткізеді, беймаза көршілер батыста да, шығыста да, терістікте де тыныштанады. 

Бірақ Қазақ Ордасының өрісі тарылған еді. Хақ-Назар ханның кездейсоқ қазасынан соңғы шапқын нәтижесінде, алмағайып күрес күндерінде Оңтүстік өңірдегі мәуелі аймақ жауланып кеткен. 

Баба сұлтанның басы жойылды, бірақ Бұқар-Өзбек хандығы бұрынғыдан әрмен күшейген, қазақ жұртына тиесілі – Түркістан, Сауран, Отырар, Сайрам, Ташкент сияқты ежелгі шаһарларды, бүкіл атырап-аймағымен өзіне қаратқан Абдолла хан бұл қалалардың барлығына өзінің даруға-бектерін отырғызды, мойнына ауыр салық салды. 

008c164ac5dac2fe97a0fef0879ed6d5.jpg

Қазақ халқының үлкен бір бөлігі кіріптарлыққа түссе, еркін ұлыс – ордалы жұрт қандас бауырларымен қатынаса алмайды, тіпті, қазақ саудагерлерінің керуен тартып, Сыр бойына аттап басуына тыйым салынады. Бұдан бұрын Қазақ Ордасын біржола құрту ниетімен қанды жорықтар ұйымдастырған, бірақ елді тәуелсіздігінен айыра алмаған Абдолла хан бейбіт күндердің өзінде қатал тәртіп орнатады, кіріптар Алаш ұлын саяси және рухани қысымда ұстаса, сырттағы қазақтарға экономикалық блокада жасайды. 

Шынында да, Абдолланың билігіндегі Бұқар-Өзбек хандығы, қазіргі шекаралық бөлініс жүйесімен айтсақ, Иранның терістік шығыс бөлігі мен Ауғанстанды түгелге жуық, Пәкстанның біраз жерін және Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанды тұтасымен қамтып отырған. Бұл — бұдан екі ғасыр бұрынғы жыртқыш Ақсақ Темір империясының қайта қалпына келген көрінісі болатын. Сол заманның тарихшылары Абдолла ханды шебер саясатшы, құдыретті әмірші, жеңімпаз қолбасы деп мадақтай келе, оның сарайындағы сән-салтанатты тамашалайды, осыншама бай, құдыретті әмірші көңілі қаласа, арада апта өтпей, бес жүз мың әскер шығара алар еді деп жазады. Бұл – ақиқат сөз болатын. 

Тәуекел хан Бұқар империясының ішкі-сыртқы саяси ахуалын да, әскери жағдайын да жете танып білді. Күрестің ауыр болатынын, өлшеусіз шығынға түсерін де анық байыптады. Бірақ Қазақ Ордасы іргелі ел болуы үшін, қазақ жұрты мәңгі жасауы үшін топырағы май, суы бал, күні шуақ оңтүстік өңірді қалай да қайтарып алу қажет еді. 

Тәуекел қатерлі күреске бел буады. Халқының қажыр-қайратына ғана емес, өзінің ақыл-парасатына да нық сенгенін көреміз. 

Алтын Орда заманындағы ерлік дәстүрінен айырылмаған Қазақ Ордасы Тәуекел хан күрес жолын таңдаған алғашқы күндерден бастап-ақ бар тіршілігін әскер әсіне бағыттайды. Соңғы жылдардағы қорғаныс тәсілін өзгертіп, белсенді ұрыс қимылдарына көшеді. 

1586 жылы Тәуекел ханның өзі бастаған қазақ аламандары Орта Азияға қарсы алғашқы жорыққа аттанады. Сол заман тарихшыларының жазбаларынан аңғарылатындай, алдарынан шыққан Бұқар әскерін оп-оңай тапап өтеді де, Сайрам түбіне келіп аялдайды. Ташкент пен Түркістан, Сауранды қайтарып алуға жағдай туғандай көрінеді. Бірақ Тәуекел оқыс іске бармайды. Ұзақ майданға түспей, Абдолла ханның жекелеген жасақтарын қиратып, мол олжамен Сары-Арқаға оралады. Бұл – ауыр жорық емес, шұғыл шапқын еді. Жауына сес көрсеткен Тәуекел Абдолланың бұғауына түскен бауырларына күш беріп, ой тастап қайтқан. 

Шынында да, арада бір ғана жаз өткенде, 1588 жылы ежелден-ақ қазақтар мекендеп отырған және қазақ қонысы болып саналатын – Ташкент, Шахруийа және Ходжент өңіріндегі жұрт Абдолла ханның жасауыл әскерлерін талқандап, әкімдерін қуады, Жан-Әлі деген қазақ сұлтанын өздеріне басшы етіп тағайындайды. 

Көтерілісшілерге көмекке көп әскермен Хақ-Назар ханның ұлдары Маңғытай мен Дін-Мұхамед сұлтандар аттанады. Сірә, жердің шалғайынан Арқадағы қалың қол жетіп үлгермесе керек. Жау табанында қалған қазақ рулары бастаған көтеріліс қанға бояп жанышталды. Бірақ бұл оқиға Алаш жұртына рух беріп, Тәуекелге күш құйғаны күмәнсіз. Сонымен қатар, саны мол, қаруы қапысыз дұшпанмен күреске тыңғылықты дайындық қажеті де белгілі болды. 

Тәуекел хан бүкіл Орталық Азияға қарсы күресте әскери ғана емес, дипломатиялық тәсілдерді де кеңінен қолданды. Сібірдің қалай жаулағаны туралы толық мағлұмат ала отырып, орыстарды, бүкіл батыс жұртын қуатқа жеткізген от қаруды қолға түсіру жолдарын қарастырады. 1594-1595 жылдары Мәскеуге екі мәрте арнайы елшілік жолдап, отпен атылатын, қандай сауытты болмасын бұзып өтіп, қандай қамалды болмасын талқандайтын мылтық, зеңбірек алу жөнінде келіссөз жүргізеді, сонымен қатар, орыстарды Хажы-Тархан тарабына қол соза бастаған Абдолламен соғысқа киліктіруге тырысады. Ортақ жау – Бұқар хандығына қарсы әскери одақ жасау ниетімен Иран шахы Аббасқа елші жібереді. Бұл екі елшіліктің алғашқысынан нәтиже шықпайды, соңғысы, яғни, Иранмен арадағы келіссөздер туралы нақты дерек шахиншахтар архивінде сақталған, әзірше біздің қолымызға түспей отыр. 

0e7c6636f782ec4db72a9e3f935c8cca.jpg

Тәуекелдің зор майдан алдындағы дипоматиялық шараларының ішіндегі ең жемістісі — Бұқар хандығының боданында қалған қазақ руларымен байланыс, баяғыда, бұдан жүз жыл бұрын Шәйбани ханмен бірге Мәуреннахр шегіне қоныс аударған, жергілікті, отырық жұртпен толық сіңісіп кете алмаған, жаңа өлкедегі отандастары өзбек-қазақ, тіпті, ешқандай анықтамасыз кәдімгіше қазақ деп атайтын, сірә, өздерін қазақ деп сезінетін қарындастарды бауырға тартқаны болса керек. Жанама деректерге сүйене отырып топшыласақ, бір кезде Шәйбани ханға еріп кеткен, бірақ өздерін қазақтардан бөтен санамайтын Алаш ұлдары – керей, найман, қоңырат, қыпшақтар Шахруийа, Ходжент, Әндижан, Ахсы өңірлеріне жиын орналасқан сияқты. Бұхар хандығы мен Қазақ Ордасы арасындағы күресте дәл осы өлкелердегі жұрттың қазақтармен тізе қоса қимылдауы кездейсоқ емес. 

Осымен қатар, Тәуекел хан Шибан әулетінің бірмойын, қатал әмірші Абдолла ханға наразы жекелеген сұлтандарының да тілін тауып, аузын алады. Бұқар хандығындағы саяси жағдайды жіті қадағалап отырады. Қазақ әскерін шыңдап, қайрап, үнемі жортуылға әзір жағдайда ұстайды. 

Ақыры, үлкен дайындық, қиғаш шапқын, аңдысқан арпалыс үстінде арада он бес жыл өткенде, 1598 жылы, ақпан айының аяқ кезінде жеңісті жорықтың сәтті сағаты соғады. Атадан асып туған Тәуекел-бахадұр хан тоқсан мың әскермен Бұқар хандығының шегіне келіп кіреді. Бар ісіне сенімді Абдолла хан қазақтарға қарсы таңдаулы жүз мың әскерін аттандырады. Шешуші шайқас наурыз айының бас кезінде, Ташкент пен Самарқан аралығында болады. Екі жақ та өршелене ұрысқан қанды майданда аруақ көтерген қазақ аламандары Абдолланың өзбек, түрікпен, тәжік, пұштұн сарбаздарынан құралған даңқты әскерінің ту-талақайын шығарады. Қырық жыл бойы жеңіліс дегеннің не екенін білмеген, бір жақта Қорасанды, бір жақта Қашқарды ойрандаған, Иранды талқандап, Ауғанды тізе бүктірген Абдолланың өркеуде он түмені түгелге жуық қырғын табады. Қуанышты хабар күтіп, Самарқанда отырған Абдолла ханның алдына азып-тозып, құты қашып, қансыраған он мыңдай ғана сарбаз жетіпті. 

Сарбаздары да, кейінгі тарихшылар да екінші Ақсақ Темір атандырған құдіретті Абдолла хан қаралы хабарды, ауыр жеңілісті көтере алмайды. Мұрттай жығылады. Сол заманның шежірешілері: «Сайыпқыран Абдолла хан күйіктен өлді», – деп жазады. Қазіргі дәрігердің тілімен айтсақ, инфаркт миокарда, қан тасып, жүрек жыртылу нәтижесінде келген хас өлім. 

*** 

Тәуекел-бахадұр хан ұлы майданда қаһарлы Абдолла ханның ең негізгі күштерін талқандағаннан соң, Сыр-Дарияның екі жағасы бүкіл атырабымен, ондағы Түркістан, Сауран, Арқұқ, Отырар, Сайрам сияқты қалалармен қоса, Қазақ Ордасының құрамына енеді. Осымен де тоқтауға болар еді. Бірақ бұл өңір бұрын да талай рет қолдан қолға өткен. Мұрат орнына келіп, түйін біржола шешілуі үшін түпкілікті, баянды жеңіс қажет еді, Мәуреннахрды біржола тізе бүктіру қажет еді. 

Сондықтан да, Тәуекел хан қолдағыны қанағат тұтпайды, жорық жолынан ат басын бұрмайды. Тоқсан мың әскерден құралған қалың қол уақыт оздырмай, Орта Азияға бойлап енеді. Ферғана жазирасына көктей өтіп, Ахсы, Әндижан қалаларын алады. 

Көп ұзамай, бүкіл Орталық Азиядағы ең сәулетті шаһар, бір кездегі Хорезмшахтардың, одан соңғы Ақсақ Темірдің астанасы – Самарқан қаласының қақпасы ашылады. 

Осының бәрі айналасы төрт-бес айдың ішінде болған іс. Қазақ тарихындағы ең ұлы жорық, бүкіл Орталық Азия тарихындағы аса ірі оқиға. Сол замандағы, Абдолла ханның төңірегінен нәр алған, иә сол әулетке тілектес, парсы немесе шағатай тілінде жазған тарихшылардың өзі де бұл деректерді аттап кете алмайды. Бірақ осыншама жер, қаншама шаһар қалай алынды – бұл туралы ешқандай мағлұмат жоқ. Қорғандар өзінен өзі құлап, қақпалар өзінен өзі ашылып жатқан сияқты. Әрине, олай болған жоқ. Бір, екі емес, әлденеше ұрыс өткерілгені анық. Соның бәрінде де жеңімпаз қолбасы Тәуекел-бахадұр хан басым шықты. 

ea34c2a28b7f7121ef677a6a8efeac05.jpg

Бірақ бұл да соғыстың соңы емес еді. Тәуекел хан жиырма мың әскермен туған інісі Есім сұлтанды Самарқанда қалдырып, өзі ұлы жорықты біржола тәмамдау үшін жетпіс мың қолмен Бұқара қаласына аттанады. Алдан шыққан әскер атаулыны жеңіп, ығыстырып, астана шаһардың өзін қоршауға алады. 

Қаруы қапысыз Бұқара-шәріф түбінде Тәуекел хан, кейбір деректер бойынша он екі күн, енді бір деректер бойынша жиырма күн тұрады. Сол заман тарихшылары қаланы қорғаушылардың саны қазақ қосынымен салыстырғанда әлдеқайда аз еді деп атап көрсетіледі. Бірақ өліспей беріспеуге бел буғаны күмәнсіз. Ең бастысы – Бұқараның қамалы әрі берік, әрі биік еді. Құдіретті Шыңғыс ханнан соңғы жерде тура шауып ешкім ала алмаған. Қазақтар да қамал түбінде бөгелуге мәжбүр болады. 

Қорғанды шеңгелдеген ауыр ұрыс таңнан кешке озады. Бірақ қала берілмейді. Ақыры, қоршаудың әлде он бірінші, әлде он тоғызыншы күні түнгі ұрыста ұрпағының жолына басын байлаған аруақты Тәуекел-бахадұр хан тура тиген жау жебесінен ауыр жараланады.

Ажал оғына ілінгенін аңдасымен шұғыл жарлық береді, қоршауын алған жетпіс мың әскер қараңғы түнде мың сан от жағып, кең далаға шығады. Ескі дәстүр бойынша, жорық үстінде көсемнің ауыр жарадар, немесе айықпас сырқат халі құпия ұсталады. 

Бұқара алынбады, қазақтар кері шегінді деген әуелгі дақпырт жеткенде қатты кейіген Есім сұлтан анық хабарды ести салысымен шұғыл аттанып, жиырма мың аламанымен негізгі шерікке келіп қосылады. Және сол сәтінде-ақ бас қолбасының міндетін арқалайды. 

Бұл кезде жауға Ауғанстан тарабынан қалың әскер келіп жеткен еді. 

Кең далада кезек шабыс, тынымсыз ұрыс басталады. Орта Азия тарихшылары соғыс қимылдары тепе-тең жағдайда жүріп жатты деп жазады, бірақ бұдан соңғы оқиғалар ыңғайына қарағанда, басымдық қазақтар жағында болғаны байқалады. 

Күн озған сайын Бұқар-Өзбек хандығының жағдайы қиындай түседі. Енді оңтүстік-батыс тараптан Иранның Аббас шахы жойқын шабуылға шыққан еді. Тәуекел ханмен одақтастық келісім өз алдына, осыдан бұрынғы сәтсіз соғыстарда Иран бүкіл Қорасан уәлаятынан айрылған, Мешхед сияқты қасиетті қаласын тастап шыққан болатын. Енді Қазақ майданында ауыр жеңілістерге ұшыраған Бұқар мемлекетін біржола талқандау, Иранға тиесілі ежелгі мекендерді қайтарып алудың сәті туған. Осы дүрбелең үстінде, кешегі Абдолла ханның орнын басқан, әкесіне тартпай туған Әбдімомын хан қазаға ұшырайды. Бұқар мемлекетінің билігіне қазақ әміршілері сияқты, олар да Жошы ханның он үшінші ұлы – Тоқай-Темірден тарайтын, тарихта Хажы-Тархан нәсілі аталатын жаңа әулет келеді. Бұл әулеттің басы Пір-Мұхамед хан мен Бақи-Мұхамед сұлтан қазақтарға бітім туралы сөз салады, араға елшілікке Орта Азия түріктеріне ортақ пір Бахауиддин Нақышбенді әулиенің жолын қуған дін өкілдері жүреді. 

Осы мезгілде ажалмен арпалысып, Ташкентте жатқан, ақыры, ауыр жарадан оңала алмаған Тәуекел-бахадұр хан мәңгілік сапарға, өзінің ұжмақ төріндегі құт мекеніне аттанған еді. Ұлы жеңістің түп мұраты туралы өсиетін айтып, тағдырына ризашылықпен көз жұмғаны күмәнсіз. 

Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы күзде Бұқар мемлекетімен бітім шартын жасасады. Бұл шарт бойынша, арыдан тартсақ Мәуреннахр мен Дәшті-Қыпшақ арасындағы мың жылдық талас, беріде, жүз елу жыл бойы тынымсыз жүргізілген алмағайып күрес біржола және бүгінгідей көшпенділердің пайдасына шешіледі. 

Алаш ұлы Сыр-Дарияның ұзына бойын түгелге жуық иеленетін болады, бұл өңірдегі Түркістан, Отырар, Сауран бастаған отызға жуық шаһармен қоса, Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен Қазақ Ордасының құрамына енеді, сонымен қатар, қазақтар Әндижан қаласымен бірге Ферғана жазирасының солтүстік бөлігін алады, Қызылқұмнан аса төгіліп, егіз дарияның орта аралығына дейін қанат жаяды. 

Міне, осындай ұлы жеңіс бұрынғы-соңғы тарихи әдебиетте қалай бағаланыпты? 

Арғы замандағы, парсы немесе шағатай тілінде жазған мұсылман тарихшылары өздері куә болған елеулі, нақты деректерді жасыра алмайды, бірақ оңнан теріс қорытынды шығарады, Абдолла хандығының жеңілісін кездейсоқ себептердің нәтижесі деп есептейді. 

Ал бұрнағы, өз тілдерімен айтқанда, «отырықшы мәдениетке» бас ұрған, керісінше, көшпенді жұртты, оның ішінде түрік қауымын тағы, жабайы деп есептейтін Еуропа оқымыстылары толып жатқан сылтау, ілгішек табады. Бірде Абдолла көшпенділердің күшін жете бағаламай, қапыда қалды дейді, бірде оның өз баласымен арадағы алауыздығын алға тартады, кейде, тіпті, әуелі Тәуекелдің шапқаны, Иранның Аббас шахы одан көп кейін, жаз ортасында аттанғаны туралы нақты деректі көпе-көрнеу бұрмалап, Бұқарды алдымен ирандықтар талқандады, қазақтар осы жағдайды пайдаланды деп жазады. 

292ac5effd1997682996d6ac041a4aac.jpg

Кейінгі, советтік шовинизм санасындағы орыс тарихшылары одан да асып түседі, астана шаһар Бұқараның құламағанын, Тәуекел ханның қаза тапқанын тілге тиек ете отырып, жорық сәтсіз аяқталды деп жазады. 

Өйткені, ең алдымен Қазақстанды жалмап жұтуды ойлаған коммунистік отаршылдық қағида бойынша, қазақта тарих болмауы керек, қазақтар қашан да сәтсіздікке ұшырауы шарт. Ноғайдан жеңіліп, бүкіл Жайық бойын алады, моңғолдан жеңіліп, Жетісуға орнығады, қалмақтан жеңіліп, Алтай-Тарбағатай асады, ылғи жеңіле берген себепті, төңірегіндегі дұшпанын тегіс ығытсырып, осыншама ұлан-байтақ жерге ие болады. Ғажап емес пе?! 

Осы жүйемен совет тарихшылары елеусіз қалдыратын, тіпті сәтсіз деп бағалайтын ұлы жорық нәтижесінде Қазақ Ордасы сол замандағы аса қуатты империя – Бұхар хандығын талқандап, жер көлемі Еуропадағы Франция және Швейцария, Бельгия сияқты тағы бірнеше мемлекет сыйып кететін кең-байтақ жерді, ата-бабаға тиесілі тарихи мекенді қайтарып алды. 

Бұл арада іс мәнісі – территорияның ұлғаюында ғана емес, қазақтардың құт мекен, құйқалы қонысты бауырға басуында. 

Ежелгі түрік жұртының Алтай тауынан соңғы ұлы анасы – Сыр-Дария алқабы болатын. Суы мол, топырағы құнарлы, байсын өңір. Дарияның екі жағасы – қалың тоғай, ну қамыс. Бүкіл Қазақ Ордасының жазғы жайлауы – Арқа бетте болса, Сыр бойы, оның пішені мол, ықтасын ұйықтары – қысқы қыстау болатын. Қазақты қазақ қылған мыңғырған мал осы Сыр бойында еселеніп өсетін. Әзірет Сұлтанның дүрбесі тұрған ежелгі Түркістан, қамалы берік Сауран мен Отырар, тағы қаншама гүлденген шаһар жауға қарсы бекініс-тірек қызметін атқарады, сонымен қатар, елдің экономикасы, шаруашылығы, сауда-саттығы мен мәдениеті тұрғысынан алғанда өмірлік мән-маңызы айрықша. Сыр-Дарияның екі жағасына берік орналасқан ел бар мұратын табар еді. Қазақ халқында басқа мекен-қоныс болмаса, тек Сыр-Дария бойында ғана отырып орда тігуіне, іргелі ел болуына мүмкіндігі жетер еді. Ал осыншама құтты Сыр бойы – Тәуекел ханның Ұлы Жеңісі арқасында қазақ халқының мәңгілік мекеніне айналған байтақ өңірдің бір бөлігі ғана болатын. 

Есім хан мен Пір-Мұхамед хан арасындағы бітім шарты бойынша, 1598 жылғы ұлы жорық нәтижесінде Тәуекелдің дәргейіне бас ұрған шаһарлар мен уәлаяттар ішінде Бұқар-Өзбек хандығына тек Самарқан қаласы ғана қайтарылады (Кейін, арада ондаған жылдар өткенде мәуелі Ферғананы да тастап шығыппыз). 

Орта Азиядағы, тіпті, Қазақстанның сыртындағы, күні бүгінге дейін қазақтар қоныстанып отырған жерлердің барлығы да сол Тәуекел хан заманында еншімізге тиген болатын. Сол кездегі Алаш ұлының қажыр-қайратының жемісі, ел бастаған, қол бастаған Тәуекел-бахадұр ханның кемеңгерлігінің арқасы. 

Көреген саясатшы, ұлы қолбасы Тәуекел-бахадұрдың басшылығымен жүргізілген он бес жыл бойғы ауыр күрес, даңқты жеңіс нәтижесінде Қазақ Ордасы құтты қонысқа біржола бауыр басты, ұлтымыздың өрісі кеңейіп, өмірі өркендеді,тіршілігі жаңа арнаға түсті. 

Жаны жаннатта болсын ұлы бабамыз Тәуекел-бахадұр ханның! 

Мұхтар Мағауин, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?