
Бүгін Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне 2015 жылы табылған археологиялық олжалар топтамасын тапсырды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музей директоры Д. Мыңбай, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры А. Хазбулатов және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері К. Байпақов және-де қала қонақтары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай музейге қосылып отырған құнды жәдігерлердің ұлт тарихында алатын орны мен оның ғылыми зерттеу арнасына түсетінін мәлімдеді.
«Біз қазіргі таңда ұлттық музейдің қорын толықтыру үстіндеміз. Бұл бір күнгі әрекет емес, жылдарға созылатын, тоқтамайтын шаралардың бірі. Өйткені Ұлттық музей ұлттық құндылықтардың барлығын жинайтын жер. Сондай-ақ сол жиналған экспонаттарды ғылыми зерттеу арнасына түсіретін жер. Оларды халыққа көрсететін орталық»,-деді Д.Мыңбай.
2000 жылдары қаланың маңында зерттеу жұмыстарын академик К. Байпақов пен А. Нұржанов жүргізді. Өткен жылдың тамыз айында билеушінің сарайындағы орталық ғимарат зерттелді. Бірегей қабырғадағы жапсырылған өрнектің сақталуы мамандардың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Өрнектелген композиция С.Ш. Ақылбектің сөзі бойынша сол уақытта әртүрлі дін мен мәдениеттің болғандығын дәлелдейді. Ескерткіш шамамен алғанда, VII–VIII ғасырларға жатады.
Сондай-ақ К. М. Байпақовтың жетекшілігімен Отырар қалашығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ерте орта ғасырға жататын елуден астам мәдени және тұрмыстық жәдігерлер табылған. Археологиялық құнды олжалар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің коллекциясын толықтырып, болашақта көрмелерде көрсетілетін болды.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ