Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алшынбай Кенесарыны ашық қолдамады – Тарихшы

2313
Алшынбай Кенесарыны ашық қолдамады – Тарихшы - e-history.kz

Биыл Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдық мерейтойы. Қазыбек би туралы айтқанда оның дипломатия саласында атқанған қызметі еске түседі. Бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деген атақты сөзін әр қазақ жатқа біледі. Қазыбек бидің шыққан тегі қандай және өзінен кейін ұрпағы қазаққа қалай қызмет етті? Осы және өзге де сұрақтарды А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих магистрі Нұртас Смағұловқа қойған едік.

– Биыл өзіңіз жақсы білесіз Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдық мерейтойы. Әңгімемізді айтулы бидің шыққан тегінен бастасақ...

– Қазыбек би арғын тайпасының Мейрамсопы деген атасынан тарайды. Келдібектен Қазыбек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген ағайынды алты ұл дүниеге келген. Қазіргі таңда аты аталған тұлғалар алты рулы елге айналды. Сондай-ақ Қазыбек бидің 5 ұлы да бір рулы елге айналып отыр. Бидің бабасы Шаншар абыз Есім ханның заманында өмір сүріп, ханның данагөй биі әрі әскер бастаған қолбасшысы болған. 1627 жылы Есім хан мен Тұрсын хан Ташкентте соғысқан кезде оның жанында Шаншар абыз болады. Есім хан абыздың майдандағы ерлігіне риза болғандықтан оған Тұрсын ханның Айбике, Нұрбике қыздарын береді.

Көпшілік Қазыбек бидің дипломатиялық қызметін жақсы біледі. Мысалы ол жоңғар қонтайшысына барған кезде «Руым қаракесек, халқым қазақ, әкемнің аты Келдібек» деп айтқан. Бұл сол замандағы өзін таныстырудың ең жоғары дәрежесі.

Өзім 1908 жылы дүниеге келген атамның қолында өсіп, Қазыбек бидің балалық шағынан бастап, есейіп ел ісіне араласқан кезде айтқан әңгімелеріне дейін жақсы білеміз. Мысалы «Біз қазақ деген ел баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деген сөзді 7-8 жасымыздан бастап атамыз арқылы жаттап өстік. Өзім туып өскен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында бір атаның балалары тұрады. Егіндібұлақ халқының бір ерекшелігі олар Қаз дауысты Қазыбек бидің арғы атасы Бошаннан тарайды.

– Көпшілігіміз Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биді жақсы білетіндей көрінеміз. Шын мәнінде үш бидің өмірбаяны мен қызметі туралы қаншалықты хабардармыз?

– Төле, Қазыбек және Әйтеке билер мемлекеттік дәрежедегі билер болған. Қазақ хандығының мемлекеттік саяси жүйесін сақтаудың бірден бір кепілі билер институты болды. Негізі әлі де болса, Қаз дауысты Қазыбек бидің халықаралық дипломатиядағы қызметіне баса назар аудару керек. Нақтырақ айтсам, Қазақ-Ресей, Қазақ-қытай және қазақ-қалмақ арасындағы қарым-қатынасқа Қазыбек би өзі тікелей қатысты. Екі елдің арасын бейбіт дипломатиялық келісіммен жарастыру миссиясын атқарды. Халықаралық бейбітшілік келісім-шарттар яғни, халқының шаруашылығы мен тұрмысын және дәстүрін жалпы алғанда мемлекеттің барлық ішкі саяси механизмдерін құру Қазыбек би секілді билердің қызметі арқылы қалыптасты.

– Қазыбек бидің қалмаққа барып, дауды дипломатиялық жолмен шешкенін жақсы білеміз. Ал Ресеймен арада қандай іске араласқан?

– Қазақ-орыс қарым қатынастары деген құжаттар бар. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді кезінде Қазыбек бидің екі хатын жариялаған болатын. 1767 жылы өзінің кенже ұлы Сырымбетті Сібір генарал губернаторына жіберген деген хат сақталған.

– Аманатқа жіберген бе?

– Жоқ, аманатқа емес. Өзінің орнына келісім-шарт жасауға жіберген. Қазыбек би ешкімге аманат бермеген. Өйткені ол барлық мемлекеттермен тең дәрежеде дипломатиялық іс жүргізген. Ал аманатты бағынышты болған адам кепіл ретінде жібереді. Негізі билер көшпенділердің бұрынғы дала өркениетінің заңды нормативті актілерімен жұмыс істеген.

– Көпшілік Төле, Қазыбек және Әйтеке биді сурет арқылы жақсы біледі. Бірақ кейбір адамдар үш би бірге кезеңде өмір сүрмеген деген сөзді айтып қалады. Жалпы үш тұлға бір-бірімен кездескен бе?

– Қазыбек бидің 350 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық экспедиция бойынша үш бидің басына барып келген болатынмын. Экспедиция аясында Түркістан қаласындағы Қазыбек би, Ташкент қаласындағы Төле би және Науаи облысына қарасты Нұратада Әйтеке бидің басына бардық. Негізі үш бидің ішінде ең үлкені алшын руынан шыққан Әйтеке би. Аталған бидің қайтыс болған жылына қатысты екі түрлі дерек бар. Бірінші деректе 1700 жылы қайтыс болды десе, енді бір деректе 1722 жылы 56 жасында өмірден озған делінеді.

Бізде бірақ бір келеңсіз мәселе бар. Мысалы бірінші орынға ұлы жүзді, екінші орта және үшінші орынға кіші жүзді қойғанымыз дұрыс емес. Үш би бір дәуірде өмір сүріп, бірін-бірі көріп, «Жеті жарғыны» жазған. Бірақ олардың ішінде ең үлкені Әйтеке би болуы мүмкін. Нұратаға барған кезде өзбектер бидің 1644 жылы қайтыс болған деп жазып қойыпты.

kartinka_dlya_sayta1.jpg

Ал Төле би 1756 жылы қайтыс болған деген дерек бар. Би қазақ-қытай соғысы кезінде Абылай ханға елші жіберіп, қытайға қарамауды сұраған дейді. Бұл Төле бидің Абылай ханға ең соңғы өтініші болса керек. Төле бидің жасы Қазыбек бимен шамалас немесе бір-екі жас үлкен болуы мүмкін. Ал Қазыбек би 1667 жылы дүниеге келген. Бір сөзбен айтқанда үш бидің дүниеге келген дәуірі бір.

Шамамен 1695 жылдары Тәуке ханға Ресейден орыс елшілері келеді. Орыс елшілері Тобыл губерниясында қазақтың екі азаматын ұстап алады. Осыған жауап ретінде олардың туыстары орыстардың шекарадағы бекінісін шабуып, қарсылық білдіреді. Осы оқиғадан кейін Түркістанға орыстың екі елші келеді. Елшілер орыс патшасының хатын оқығанда Тәуке ханға бас киімін қолына алып, тақтан тұрып тұруды сұрайды. Тәуке хан аяғының ауратынын сылтау етіп, «Парсы империясы мен Осман патшасынан қазақтың ханы Тәуке ханның қай жері кем? Олар да мен сияқты ғой» дейді. Айтса айтқандай Тәуке хан парсы мен Осман империясы секілді мықты болған.

Төле мен Қазыбек және Әйтеке би көл жағасында орыс елшілеріне не жауап айтамыз деп кеңеседі. Сонда Әйтеке би «Мына көлдің қазын атып алар ма еді? дегенде, оған Қазыбек би «Қазды атып алып қатерге тап болмайық» деп жауап береді. Осы сөз арқылы үш би «Елшіні өлтіру керек пе, жоқ әлде тиіспей еліне қайтару керек пе?» деген сөзді тұспалдап айтып тұр. Бір сөзбен айтқанда үшеуі замандас болған. Тарихшы Адамбеков 1993 жылы шығарған «Қазақ халқының би шешендері» деген кітапта үш би бір заманда өмір сүріп, бір-бірімен кеңесіп тұрғанын жазады.

– Атақты жазушы Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны» кітабында «Қайда барсам алдымнан үш шал шығады» деп жазғаны белгілі. Жазушы үш би хандық басқару жүйесін әлсіреткенін айтады. Бұған сіз не айтасыз?

– Мұхтар Мағауин біздің ғұлама ғалым, керемет энциклопедисіміз ғой. Негізі біздің ұлтық мәдениетіміз бен ұлттық рухымызды жазушының «Аласапыран» атты шығармасы оятты. Өзім тарихшы ретінде жазушының тарихи деректерді керемет білгенін айтар едім. Ол адамның қолы көп жете бермейтін сирек кездесетін кітаптар қорымен жұмыс істеген. Мұхтар Мағауиннің дүниетанымы мен тарих туралы таным-түсінігі терең. Атақты Шыңғыс хан туралы керемет кітап жазғандықтан оның ақыл-ойы империялық деңгейде.

Бір сөзбен айтқанда жазушы мемлекетшілдік пен жауынгерлік рухты жақсы біліп тұр. Ал үш биді айтқан кезде қолдан би немесе батыр жасау еске түседі. Ол жершілдік пен рушылдықтан зәрәзәп болған ғой. Менің ойымша, ол үш биден бөлек, әр түрлі билерді қолдан жасап алғанымызға қынжылысын білдіріп тұр. Сондай-ақ ол қазақ бойындағы мемлекетшілдік, жауынгерлік рухтың әлсіреп бара жатқанын сынаған болуы керек.

1995 жылы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітап жазады. Аталған еңбекте «Тәуке ханның басты кінәсі «Жеті жарғыда» үш жүздің билігіне жауынгер сұлтандарды емес, үш биді алып келді. Үш би қазақтың жауынгерлік дәстүрін ұмыттырды», - деп жазады. Бірақ бұл жерде сол кездегі жағдайды ескеру керек секілді. Ол кезде заман мүлде өзгерген болатын. Біз мылтық пен зеңбірекке ие болған әрі жан саны көп отырықшы елдердің технологиясына қарсы тұруымыз қиын еді.

Мысалы іргеміздегі орыс пен қытайдың әскерінің саны бізбен салыстырғанда әлдеқайда көп болды. Бірақ соған қарамастан қазақтардың жауынгерлік рухы түскен жоқ. Бар мәселе біздің әскеріміздің саны аз әрі заман талабына сай қару-жарағымыздың болмағандығына байланысты болды. ХV ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы толық тоқтады. Себебі еуропалықтар теңіз арқылы сауда жасауға өтіп кетті. Ал бұрын қытай мен Еуропаның арасындағы сауда керуені Ұлы Жібек арқылы өтіп жүрді. Егер еліміз ірі транзиттің жолында болсақ, бізге оқ-дәріден бастап мылтық пен зеңбірекке дейін келіп тұратын еді. Бізде мылтық технологиясы болғанымен оны ары қарай дамыта алмай қалдық. Өйткені халықаралық сауда жолынан ажырағаннан кейін технологиялық тұрғыдан ұтылып қалдық. Ал отырықшы елдер технологиялық жағынан бізден озып кетті. Бар мәселе осында. Жұрттар мылтық пен зеңбірек шығарып жатқанда біздің қару-жарақ шығару деңгейіміз кенжелеп қалды. Халықтың әлеуметтік әл-ауқатынан бөлек, әскери қуаттың мықты болуы халықаралық сауда жолына байланысты. Ал халықаралық сауда жолы Атлантикаға ауысып кеткеннен кейін бізге жаңа технология мен өндіріс келмей қалды. Көшпелі ұлыстардың әлсіреуінің бірден бір себебі осы болды.

– Кенесары ханның жеңілуіне себеп болған да осы жағдай ғой. Жалпы Хан Кененің әрекетіне қандай баға бересіз?

– Кенесарының әрекеті бірден бір дұрыс жол болды. Ол біздің мемлекетшілдігіміз бен ұлтшылдығымыздың және халық болып сақталуымыздың соңғы серпілісі болды. Хан Кененің кезіндегі қазақтар қазіргідей қорқақ емес, батыл болған. Ол кезде бойымызда Алтын орда дәуірінен қалған жауынгерлік рух болған. Қателеспесем орыстың зеңбірегі атылғаннан кейін арада 5 минут үзіліс болады. Кенесарының әскері сол уақытты есептеп, басқыншыларға қарсылық көрсетіп тұрған. Бұл да әскери көрегендіктің бір белгісі болса керек.

Кенесары қозғалысы жалпы алғанда ұлттық рухтың көтерілісі болды. Өз басым орыс империясына қарсы бүкіл түркі халықтарының басын қосқан тегеурінді көтеріліс деп білемін. Егер Хан Кене бастаған көтеріліс жеңіліске ұшыраса, онда біздің ұлы дала отырықшылардың табанының астына түсіп, құл болар еді. Мұны Кенесары хан жақсы түсінді және оны барлық қазақ қолдады. Кейбір байлар мен ірі сұлтандар Ресей шекарасына жақын тұрғандықтан оны ашық қолдамаса да жасырын ниеттес болды. Адамдарын жіберіп, азық-түлік жағынан көмектесті және жазалаушы орыс отрядтарының бағыт-бағдарын Кенесарыға хабарлап отырды. Кенесарының жеңілмей ұзақ уақыт соғысуының бірден бір себебі осы болды.

WhatsApp Image 2022-04-19 at 16.39.18.jpeg

Биыл Кенесары ханның 220 жылдық мерейтойы. Осындай айтулы тұлғаны ұмыт қалдырмай, оны барынша ұлықтауымыз керек. Кенесары орыс империясына қарсы ақылмен ойластырылған әрі стратегиялық қадамдармен мақсатты түрде соғысты. Мұны біз Кенесары көтерілісі емес, қазақ-орыс соғысы деп айтуымыз керек. Барлық күш қуатын біріктіріп, өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әскери дәстүрін мақсатты жолға қойып, Ресей империясымен соғысты. 1840 жылдары патша үкіметінің 1 миллионнан астам әскері болды. Аталған империя Кенесарымен соғысып жүргенде Еуропаның жандармы ретінде ондағы азаттық қозғалыстарын тұншықтырып отырған.

Осындай миллионға жуық тұрақты әскер ұстаған орыс империясымен соғысқан Кенесары ханның ерлігі шынында ерен. Қазақтар Кенесарыны рухани және әскери көсем ретінде танып, оның маңайына топтасты. Кенесары болмағанда Сібір халықтары секілді шоқынып немесе қазақ жерін отарлаудың процестері ертерек басталып кетерме еді? Кім білсін. Әйтеуір біздің бір білетініміз Хан Кене соғыста жеңілгенімен Ресей империясының қазақ жеріне отарлау саясатын тоқтатты.

– Кенесарының Ресей империясына қарсы соғысын Қазыбек бидің ұрпағы Алшынбай және Құнанбай секілді айтулы қазақтар қолдамағаны белгілі. Сіз жаңа Кенесары ханның әрекеті көтеріліс емес, қазақ-орыс соғысы деп жақсы айттыңыз. Соғыс жағдайында Алшынбай секілді қазақтың би сұлтандары Кенесарыны неге қолдамады? Бұл олар тарапынан жіберілген қателік емес пе?

– Бұл қателік емес. Қаз дауысты Қазыбек би орда би болды. Орда билік баласы Бекболатқа, одан кейін оның баласы Тіленшіге өтті. Тіленші орда бидің соңғы биі болды. Өйткені 1822 жылы Орта жүзде хандық билік жойылған кезде Тіленшінің билігі тоқтайды. Ал бізді әр дуан немесе округке бөліп тастаған кезде Алшынбайдың билігін округтік деңгейде шектеді. Бірақ соған қарамастан Алшынбай би Қаз жауысты Қазыбек бидің ұрпағы ретінде ел арасындағы келісімді, бейбітшілікті сақтады.

Халық арасында Алшынбайдың Кенесарыны қолдағаны туралы нақты дерек болмағанымен олар ханды жасырын қолдаған. Өйткені Алшынбайдың туысы Тәттімбет Қазанғапұлының Кенесарыға жазған хаты бар. Бірақ оның жазған хатының жылы сәйкес келмейді. Ол хаттың жазылған уақыты 1848 жыл деп көрсетілген, ал Кенесары 1847 жылы қайтыс болып кетті. Кенесары кейбір ірі рубасылармен тең дәрежеде хат-хабар алысып отырған. Алшынбай көтеріліске қатыспағанмен оған хан тиіспеген. Өйткені бидің атақ дәрежесі мен абыройы және халық алдындағы дәрежесін Кенесары ескерген.

Егер Кенесары «Алшынбай мені ашық қолдамады» деп әрекет етсе, онда ханның ұлт азаттық көтерілісінің ішкі бірлігін ыдыратар еді. Хан Кене мұны жақсы түсінді. Сондықтан да ол Алшынбай секілді билермен тең дәрежеде хабар алып отыруы мүмкін. Өкінішке қарай біздің қолымызда нақты деректер жоқ. Бірақ бұл Алшынбай Кенесарыны қолдамады деген сөз емес. Менің ойымша, Алшынбай Кенесарыны астыртын қолдаған. Алшынбай секілді билердің қолдауының арқасында Хан Кененің қозғалысы ұзаққа созылды.

Кейде өзіме «Біздің Қарқаралы өңірінен, нақтырақ айтсам Алшынбайдың маңайында жүрген батырлардың ішінен Кенесарның сапында жүрген адамдар неге болмады?» деген сұрақтар қоямын. Бірақ Алшынбай секілді билер Ресейдің күшті екенін біліп Кенесарыны ашық қолдамады. Мүмкін олар Хан Кенені жасырын қолдаған шығар. Әйтсе де Алшынбайдың Хан Кенені ашық қолдамағын анық.

– Әңгімеңізге көптен көп рахмет.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?