Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сыбызғы өнері және Мұсайып Құсайынұлы шығармашылығы туралы

2473
Сыбызғы өнері және Мұсайып Құсайынұлы  шығармашылығы туралы - e-history.kz

Қазақ халқының өнері тарихы – ұлт тарихының бір бөлшегі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық музыка өнерінің бағзыдан жеткізер сыры да ерекше. Тым көне дәуірлерден елес беретін сыбызғы күйлері – сол кезеңде өмір сүрген адамдардың музыкалық ой өресінен хабар береді. Қазақтың байырғы саз аспабы сыбызғы аспабының, онымен ойналатын күйлердің өзіндік дамып, жетілу кезеңдері тарихы бар. Қазақ халқының сыбызғышылық өнері қазіргі күні кең қанат жайып келе жатыр.

Сыбызғышылық дәстүрді сақтап, сыбызғы күйлерін жинақтап, зерделеп жүйелеп, ұлтымыздың рухани қазынасына мәңгілік табыстаған тұлғалар туралы тоқталу, қалың жұртшылықтың жадында жаңғырту ләзім. Осындай жандардың бірі – Мұсайып Құсайынұлы. Мұсайып Құсайынұлы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сыбызғышы, күйші, арнайы оқыған жоғары білімді музыка маманы, композитор, сыбызғы күйлерін жинап, нотаға түсіріп, кітап қылып бастырушы, өнертанушы ғалым. Өнертанушының көптеген еңбектері ішіндегі ең толымды, көрнектісі – Қабыкей Ахмерұлымен бірігіп дайындаған «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра сыбызғы күйлері» (2018 ж). Мұнда әсіресе, сыбызғы күйлері туралы біршама толық мәліметтер жинақталған.

Сан қырлы тұлға Мұсайып Құсайынұлымен театр сахнасында көп жыл қанаттаса қызмет еткен, «Монғолия қазақтарының театр тарландары» атты көлемді энциклопедиялық еңбек жазған белгілі өнертанушы, актер, жазушы Тайф Тәукейұлымен осы бағытта сұхбат өрбіткен едік. Сұхбатқа кірісер алдында Мұсайып Құсайынұлы туып өскен Баян-Өлгий қазақтарындағы музыка өнерінің даму жол туралы тоқталып өтпекпіз.

 AI9I0894.jpg

Қазақ халқының үлкен бір шоғыры ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Монғолияда өмір сүріп жатыр. Монғолиядағы қазақтар – біртұтас қазақ әлемінің құрамдас бөлігі болумен қатар, тіл, салт-дәстүр, музыка т.б. салалар бойынша өзіндік ерекшелігі бар. Монғолия қазақтары арасында сыбызғышылық дәстүр жақсы сақталған. 

1921 жылы Монғолияда Халық төңкерісі жеңді. Дүниежүзінде Ресейден кейінгі коммунистер билік басына келген екінші мемлекеттегі қазақтар саяси жүйенің жүргізген нәубет, зұлматтарға ұшырап, көптеген қиыншылықтарды бастан өткергенімен, осы кезеңде мұндағы жұрттың өмірінде прогрессивті жаңашылдықтар да аз болмағанын атап өткен жөн. Яғни жеке ұлттық әкмішілік бірлігі Баян-Өлгий аймағы құрылды, ұлттық кадрлар жасақталды, қазақша білім беру жүйесі қалыптасты, ақпарат, мәдениет саласының негізі қаланып, өркендеу жолына түсті. Қызыл бұрыш болып алғаш құрылған мәдениет ошағы музыкалды-драма театрына айналды. Жергілікті, отандық, қазақстандық, әлемдік драмалық туындылар сахналанды. Ұлт аспаптар оркестрі, ұлттық саз ансамблі құрылды. Монғолия жазушылар одағының Баян-Өлгий бөлімшесі құрылып, онда қазақ жазушыларының үлкен шоғыры еңбек етті. «Шұғыла» журналы, «Жаңа өмір» газеті – қазақ қаламгерлерінің үнжариясы болды. 1940-1992 жылдар арасында қазақ ақын-жазушылары бірнеше роман, ондаған драмалық туындылар, поэмалар жазып оқырмандарына ұсынды. Баян-Өлгийлік әдебиеттанушы ғалымдар Монғолия қазақтарының ауыз әдебиеті, жеке тұлғалардың шығармашылығы туралы монографиялық еңбектер жазып, Қазақстанда әр жылдары ғылыми диссертацияларын қорғады.

 AI9I0867.jpg

Баян-Өлгийде кәсіби музыканттардың бірнеше буыны қалыптастып, шағын сазды туындылардан бастап, көлемді симфониялық туындылар, опера, балетке арналған музыкалық шығармалар жазып, аймақ режиссерлері мен әртістерінің күшімен сахналады. Тек аймақ орталығында ғана емес, сұмын-сұмындардағы мәдениет үйлері де халыққа даяшылық жасап, ондағы бірнеше ұжым «Халықтық театр» атағына ие болды. Заманауи электронды саз аспаптарын шебер меңгерген эстрадалық топтар қалыптасты. Осындай үлкен жетістіктер – Монғолиядағы азғана қазақ шоғырының тілін, мәдениетін сақтап дамытуына зор ықпал жасады. Бұл жетістіктер – мемлекет билігі тарапынан қолдаумен қатар, маман кадрлардың арқасында мүмкін болды. Осындай танымал мамандардың бірі – Мұсайып Құсайынұлы еді. 

- Тәйіф аға, Мұсайып Құсайынұлымен Баян-Өлгий аймақтық музыкалды драма театры сахнасында ұзақ жылдар қоян-қолтық қызмет еттіңіз. Мұсайып ағаның өмір жолы туралы айтып берсеңіз.

- Мұсекеңмен көп жылдар бірге қызмет істедік. Бұл кісі де ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өнерпаз әулеттен ғой. Мұсайып Құсайынұлы Монғолияның Баян-Өлгий аймағы, Аққол сұмынының Сарықарын деген жерінде дүниеге келген екен. Ата-бабасынан өнерге бейім әулеттен шыққан соң да, жастайынан өнерге бейім болып өскен Мұсекең Өлгейдің алғашқы театр тарландарының өнеріне қызығып, солардай болсам деп бала қиялын тербеп өседі. Мұсайып – Бай-Өлке аймағының музыкалды драма театрының іргетасын қаласқан, ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы музыканттарының бірі. Аймақтық драма театрына маманды музыканттар ауадай қажет еді. Осы мәселені шешу үшін ел астанасы Ұланбатырға, Қазақстанның астанасы Алматыға, Мәскеу, басқа да қалаларға жастарды оқуға жіберіп оқыту мәселесі әр жылдары шешіліп отырды. Мұсайып 1963 жылы Қазақстанға оқуға аттанады. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, 1967 жылы халық аспаптар оркестрінің дирижері мамандығымен бітіреді. Монғолия қазақтары арасынан Құрманғазы консерваториясын тұңғыш рет бітірген кəсіби дирижёр.

 AI9I0974.jpg

Музыкалық жоғары маман иесі болып туған жеріне оралған Мұсайып Құсайынұлы Монғолиядағы қазақ музыка өнерін кәсіби деңгейде дамыту жұмысын жолға қояды. Аймақтық драма театрдың 60 жылдық тарихында музыка сыныбына 19 жыл ұстаздық етіп, көптеген шəкірттер тəрбиеледі. Көп жыл театр директоры қызметін атқарды. Монғолиядағы қазақ музыка өнері тарихында алғаш рет опера, балет, симфониялық шығармалар жазып, сахналады. 1967-1992 жылдары Монғолия композиторлар одағының қазақ бөлімшесін басқарды. Монғолия мен Қазақстанның өнер қайраткері, екі елдің де Композиторлар одағының мүшесі. Мүсекең оның шығармашылық еңбегі туралы "Монғолиядағы қазақ театры" еңбегімде жан-жақты талқылап жазған болатынмын. Жалпы Мұсайып Құсайынұлы – қазақ халқының ән-күйлерін жинақтап, нотаға түсірумен тұрақты айналысып, мол мұра қалдырды. «Алтай-Қобда домбыра күйлері» (Алматы, 2011, Қабыкей Ахмерұлымен бірлесіп «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» (Алматы, 2018) атты еңбектерін жинақтап шығарды.

1958-1992 жылдар аралығында Баян-Өлгий аймақтық қазақ музыкалды-драма театрында қызмет еткен Мұсайып Құсайынұлы қатардағы музыканттан дирижер, театрдың көркемдік жетекшісі, басшысына дейінгі жолдардан өтеді. Осы мерзімде жүзден астам авторлық және халық күйлерін, классикалық шығармаларды ұлт аспаптар оркестріне өңдеп түсіреді. Сонымен қатар өзі де композитор ретінде шығармашылықпен шұғылданып әндер, романстар, кантаталар, көлемді симфониялық туындылар жазады. 1966 жылы А.Хандсүрэннің либреттосы бойынша «Тың қызы» атты бір актілі балетін, 1970 жылы Б.Лхасүрэннің либреттосы бойынша «Бүркіт» 4 актілі балетін, 1991 жылы Б.Имашханның либреттосы бойынша 4 перделі, 6 суретті «Керім-ау, айдай» операсын аймақтық театр сахнасында халыққа ұсынды. Мұсайып Құсайынұлы 7 симфониялық шығарма, 70-ке жуық кантата, поэма, әндер, хорлар, романстар, 30-дай концертітк би музыкаларын жазумен қатар, «Шайқас алдында» көркем фильміне, «Домбыра сазы», «Бүркіт» деректі фильмдеріне музыка жазды. Бұл – бір адамның шығармашылық ғұмыры үшін аса үлкен еңбек деп бағалауға болады.

 AI9I1003.jpg

- Мұсайып Құсайынұлы мен Қабыкей Ахмерұлының жинақтап бастырған «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» атты кітаппен мұқият танысқаныңыз туралы айтқан болатынсыз. Кәсіби музыка мананы ретінде осы еңбек туралы баяндап берсеңіз? 

- Иә, бұл тамаша, толымды еңбек. Айтпақшы бұған дейін 1989 жылы «Туған жер» авторлық əндер жинағын, «Алтай-Қобда домбыра күйлерінің» алғашқы кітабын шығарған болатын. Сөз етпек, «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра сыбызғы күйлері» кітабын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты 2018 жылы 1000 данамен бастырып шығарыпты. Көлемі – 75,6 табақ, 718 беттік, салмағы 2.5 килограмм бұл қалың кітап Мұсайып Құсайынұлы мен Қабыкей Ахмерұлының атынан мөрленіп, мұқабасының соңғы сыртқы бетіне фотоларымен қоса, қысқаша өмір деректері беріліпті.

- Аталған жинақтың ішкі құрылмы, ондағы ақпараттық мазмұнды ұсыну ерекшеліктері туралы не айтуға болады? 

- Жинаққа жалпы саны 140 күй нотасымен, əрбір орындаушыларымен қабат жазылған екен. Сондай-ақ жеке күйлердің шығу тарихына байланысты аңыздармен әфсаналар да жіктеліп қоса басылған. Қамтылған күйлердің шертпелік үлгісі де көрсетілген. Мысалы: 1-бөлімде Қобда шертпесі – 105 күй. 2-бөлім шертпенің Алматылық үлгісі – 35 күй. Бұлар – жалын күйлердің домбыра сыбызғымен қосқандағы аудио жазбасының тізімі. Сонымен қатар барлық күйлерді жеке жанрларға жіктеп тəпсірлегені музыкада күй өнерін зерттеушілерде бұрын соңды болмаған үрдіс.

 AI9I0965.jpg

1. Əдет-ғұрып, тұрмыс салт күйлері.

2. Тарихи күйлер.

3. Жылқы жəне жануарлар туралы күйлер.

4. Көңіл-күй, табиғат туралы күйлер.

5. Авторлық күйлер. 

Олардың ұзын саны – 22. Қай-қай жағынан алып қарасаң да аса құнды еңбек, ғылыми жаңалыққа пара-пар дүние. Иісі қазақтың күй жəне күйшілік өнеріне қосқан өлшеусіз үлес екені даусыз. Өстіп, Мұсекең Алтай-Қобда қазақтарының күй жəне күйшілік өнерін кəсіби тұрғыда зерттеп жинақтап ғылыми айналымға енгізді. Бұл дегеніңіз қазіргі жəне болашақ музыка саласының зерттеушілер үшін оқулықпен тең қазына болмақ. Яғни, Қабыкей Ахмерұлымен бірлесе отырып жарыққа шығарған «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра жəне сыбызғы күйлері»атты көлемді академиялық еңбек – ұлттық музыка өнері тарихына қосқан үлкен еңбек, зор қазына деп білеміз.

- Аталған кітапта сыбызғы күйлеріне, жалпы сыбызғышылыққа үлкен орын берілген екен. Бұл орынды да ғой. Қабыкей» ақсақал да, Мұсекең де қазақтың дәстүрлі музыка өнерін жинақтап, заманауи үлгіде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосып кеткен қадірменді тұлғалар. Осы ретте кітаптағы сыбызғы аспабымен орындалатын күйлерге қатысты деректер туралы айтып өтсеңіз.

- Бұл кітаптың үшінші бөліміне сыбызғы күйлері топтастырылған. Ондағы сыбызғы күйлерінің саны – 42. Бұл кітапта жеке бөлім ретінде Алтай, Қобда дəстүрінде елеулі із қалдырған күйші-сазгерлерге де орын беріпті. Жалпы осы ретте Алтай-Қобда өңіріндегі сыбызғышылық туралы айта кеткен орынды деп ойлаймыз. Сыбызғышылық өнер әлмисақтан, қазақ – қазақ болғалы келе жатқан киелі әуен. Мүмкін, осы сыбызғышылық домбырашылықтан бұрын пайда болғанға ұқсайды. Аталған кітапта сыбызғы күйлері мен аңыздары қоса берілген. Кітаптағы және бала күнімізден тыңдап өскен сыбызғы аңыздарына қарағанда ежелде сынық қурайдың ызылдаған үнін естіген малшы жігіт алғаш тартыпты деген аңыз бар ғой. Соған қарағанда сыбызғы ішкі жан дүниені қозғауда домбырадан да өтімді десек болады.

AI9I0941.jpg 

Кітапты «Алтай-Қобда қазақтары» деп егіздеп алуының да өзіндік мәні бар. Себебі, Алтай мен Қобда қазағының музыка өнері, соның ішінде сыбызғышылығының төркіні біреу. Өйткені, ол – бір қазақ. Тағы бір ескерерлігі, бұл өңірдегі сыбызғышылық өнер қазақтың сыртында батыс монғолдарда да жақсы дамыған. Соның ішінде мынау ұраңқайларда бұл өнердің көрінісі айқын. Олардың аты-жөнін мен өз кітабымда да атап өткен болатынмын. Ұраңқайлармен қатар, тываларда да сыбызғышылық бар. Біз жасымыздан тывалармен бір ауылда өскендіктен, олардың Тотай, Қуақ деген сыбызғышыларының өнерін жақсы білетін едік. Олар да өздерінің цуурларында күйлерді күңірентіп тартатын. Ұраңқайдың сыбызғысының айырмашылығы – оның ұзындығында ғана. Ұраңқайлардың сыбызғысы қазақтың сыбызғысынан қысқарақ, 30-40 сам шамасында болады. Жіңішкерек болады. Күйлері бірдей болатыны ұраңқай сыбызғышыларының сабақ алған ұстаздары қазақ сыбызғышылары болған. Ал осы ұраңқай мен тываның тартатын күйлері қазақтыкімен бірдей. Анау «Балжыңкер», анау «Арвиян қоңыр», «Жорға аю» деген күйлерді ұраңқайлар да ойнайды. Қабаң мен Мұсекеңнің кітабында да осы ортақ күйлерге орын берілген екен. 

- Қазақтың сыбызғысын алғаш зерттеушілердің, оны ғылыми айналымға енгізушілердің бірі де бірегейі – Мұсайып Құсайынұлы десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймын. Осы жөнінде пікіріңізді бөліссеңіз.

- Әлбетте, бұл пікірдің жаны бар. Себебі, Мұсекең «Сыбызғы сазы» деген ұлт-аспаптар ансамблін құрған адам. Алғаш Қабыкей, Нәсіретхан, Райхан, қатарлы алты сыбызғышы қосты. Осы ретте шегініс жасап, сұрақтан аздап ауытқыған да дұрыс болар. Жалпы мынау театр, өнер саласы – бақталастық жиі болатын қатерлі орта ғой. Мұсайып та сол бақталастықтың зардабын көп тартқан өнер адамы дегенді айту – парызым.

 

Мұсайыптың өнер жолы – еш қиындық, кедергісіз, тақтайдай тегіс болды деуге болмас. Адам болған соң, мұндай қиындықтың бәрі болады. Тек оған мойымау керек. Мұсайып – сол мойымағандардың қатарынан. Ол қаншама қиыншылықтарды бастан кеше жүріп, «Сыбызғы сазы» ансамблін құру мақсатынан айныған жоқ. Өзі Алматыдан оқыған азамат. Көзі тірісінде әйгілі Болат Сарыбаевпен де байланысы болған, атағы дүрілдеген «Отырар сазымен» де байланысы бар.

- Сонда Мұсекең «Сыбызғы сазын» құру үшін Алматыдан сыбызғы аспаптарын алдырған ба? 

- Иә, солай. Мұндағы анықтап айта кетерлігі – сыбызғыны Өлгейде әйгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы өзі жасап қамтамасыз етіп отырды. Өзге де сыбызғышылар бар дегендей. Фольклорлық ансамбль – тек сыбызғыдан ғана тұрмайды ғой. Өзге де аспаптар керек. Ол – тек Алматыда ғана бар. Және ол заманда, қазіргідей шекарадан әп-сәтте асып барып, керегіңді арқалап келуге мүмкіндік жоқ. Ұшқан құс әрең өтетін қиын кез. Әрі осы кезде Алматыда Желтоқсан көтерілісі болып, іш пен сырттағы қазаққа ел-елдегі коммунистік биліктер күдікпен қараған жағдай және бар.

 AI9I0813.jpg

Сонда да үкілеген үмітін өлтірмес үшін Мұсайып Желтоқсан көтерілісі өткеннен кейін-ақ шекара асты. Бірақ Алматығы баруға рұқсаты болмайды. Арлы-берлі жүріске бақылау бар. Сондықтан бергі Өскемен қаласында жатып, аспаптарды бір-бірлеп тасытып жүріп, сонда жинақтайды. Мұсайыпқа қажетті аспаптарды тасымалдап жеткізуге сол кезде Алматыда музыкалық мамандық бойынша оқитын жерлесі Көпжасар Рыстанұлы көп көмек көрсеткенін білеміз. Көпжасар – елгезек, сергек азамат еді. Осылайша Мұсекең шаңқобыз, сазсырнай, асатаяқ, тастаяқ т.б. аспаптарды Өскеменге жинатып алып, одан соң Семей – Барнауыл – Горно-Алтайск, Қосағаштатып жүріп ақыры Өлгейге жеткізді. Айтуға ғана оңай болғаны болмаса, ол кезде бұл – ауыр машақат сапар. 

- «Сыбызғы сазы» ансамблі қай жылы ашылды? Өзіңіз ашылуына куә болған шығарсыз?

- Иә, қатыстым. Ол кезеңде мен «Мұрагер» ансамблін құрып, сол бағытта жүр едім. Ұзақ дайындықтан соң, 1989 жылы ансамбльдің ашылуы болды. Қолдау көрсетіп құттықтау үшін бардым. Сегізінші наурыз, әлде бірінші мамырға арналған, белгілі әнші, бишілер қатысқан мерекелік концерттің екінші бөлімі ретінде «Сыбызғы сазы» ансамблінің ашылуы, өнер көрсетуі болмақ екен. 

Сондай керемет әсер, лепеден кейін жұрттың алдында ұлт аспаптары концертін қою оңай болмайтындығын Мұсайыптың жыларман қапалы жүзінен аңғаруға болатын еді. Бұл – Мұсекеңнің өнеріне, шығармашылығына деген қырын көзқарастың белгісі еді. Қалай болғанда да сол кеште Мұсекең бастаған фольклорлық ансамбль ұлт аспаптарының үйлесімі арқылы тамаша бағдарлама ұсынды. Әлі есімде, мәдениет, театр басшылығы, өзге ұжымдастар арасынан суырыла шығып құттықтау айтушылардың қарасы онша көріне қоймады. Әлдебір салқын сыздың әсері барлығы сезіледі. Мұсекеңе құттықтау сөз айтуға мен сахнаға көтерілдім. Менімен қатар ақын, партия комитетінің өкілі Мұрат Пұшатайұлы көтерілді. Мен шамамша сөз сөйлеп, «Сыбызғы сазы» ансамблі ұлт аспаптар оркестрінен кейінгі халқымыздың өнерін насихаттайтын, жаңашыл ұжым екендігін, мұны барынша қолдау қажеттігін айтып, табыс тіледім. «Түйеге әйт-шу деген де медеу» дегендей, сахнадағы менің бұл қолдауыма Мұсекеңнің тебірене толқығанын көрдім. Осыдан кейін бұл ансамбль аяғынан тұрып кетті. Шалушылар құлата алмады. Мұсекең жеңіп шықты.

 AI9I1047.jpg

- Расында да көп жылдық жанкешті еңбектің түпкі нәтижесінде Мұсекеңнің жеңіске жетіп, «Сыбызғы сазын» биіке шығарғаны ұлттық өнеріміз үшін де үлкен ұтыс болғаны анық . Мынау толымды еңбек те сол жылдардың жемісі ғой. Мұсекеңнің кейінгі шығармашылық ғұмыры туралы не айтуға болады?

- Мұсекең өмір бойы өзінің сүйікті ісі – музыкамен айналысып өтті. Атажұртқа келгенде де қарап отырған жоқ. 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып келіп, Талдықорған (қазіргі Алматы) облысындағы Сарқанд гуманитарлық колледжінде ұстаз болып қызмет істеді. Шәкірттер тәрбиеледі. 

Мұсайып Хұсайынұлы – қазақ музыка өнерін кəсіби деңгейде дамыту ісіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер деп сеніммен айта аламыз. Оған соңында қалған еңбектері куә. Мұсекең 2011 жылы Алматыда, 2016 жылы Талдықорған қаласында шығармашылық кештіктерін өткізді. 2017 жылы Баян-Өлгий аймағындағы бұрын өзі қызмет еткен Құрманхан Мұқамəдиұлы атындағы музыкалды-драма театрында тағы бір мəрте шығармашылық кештігін өткізіп көрермен ықыласына бөленіп туған халқына соңғы жылдары атажұртта шығарған шығармаларынан шашу шашқан болатын. Осы жолы «Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы» атағымен марапатталып, «Баян-Өлгий аймағының құрмет белгісі» төсбелгісін омырауына қадап қайтқан еді. 1986 жылдан соң екеуіміз екі бөлек салада қызмет еттік. Сондай-ақ қазақ еліне келген соң да көп жылдар бойы кезіге алмадық. 2020 жылы Алматыға арнайы іздеп барып, кеңінен толғай отырып әңгімелескен болатынбыз. Бұл – соңғы кездесуіміз екен. Мұсекең 2021 жылы 12 қаңтар күні өмірден өтті. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын, жарықтық. Мұсекең туралы айтқанда осындай. 

AI9I1080.jpg

- Белгілі өнертанушы, композитор, ұлт аспаптарында орындаушы Жарқын Шәкәрім өзінің «Көне дүние күмбірі» атты кітабында қазақ саз аспаптарының жоқшысы Болат Сарыбаев туралы былай деп жазады: «Әрбір адам армандайды. «Адам боп келдім өмірге. Адам боп кету – арманым» деп ойшыл әнші Жәнібек Кәрменов айтқандай, Болат Сарыбаевтың үзбей армандайтыны екеу еді. Біріншісі: Халық музыка аспаптары мұражайын ашу. Бұл арманының орындалғанын жоғарыда атап өттік. Екіншісі: Көне музыкалық аспаптардан құралған оркестр ұйымдастыру. Осы екі арманы жолында ол өмірде ағыл-тегіл асығып өтті. Ынтығып өтті. Талпынып өтті. Күресіп өтті. Күрсініп өтті.» Иә, ұлттық өнерді жағыртып, өрістету үшін аянбай еңбек еткен жанкешті жандардың шығармашылық жолы оңай болмаған. Мұсайып ағаның ұлт аспаптар ансамблін құру арманының орындалғаны қандай игілікті болған еді десеңізші. Ғасырдан ғасырға ұласқан қазақтың төл өнері, саз әлемі жасай берсін. Кеңінен толғай отырып берген сұхбатыңыз үшін рақмет! Ғұмырыңыз ұзақ, шығармашылығыңыз шалқар болсын!

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?