Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дәулет Сейсенұлы: Абай сөзі бүгінгі идеологиямыздың түп қазығы болуы тиіс

2130
Дәулет Сейсенұлы: Абай сөзі бүгінгі идеологиямыздың түп қазығы болуы тиіс - e-history.kz

Жазушы-журналист Дәулет Сейсенұлы 1949 жылдың ақпан айында бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Саржал ауылында туған. Ұлылар елінің тумасы ұлылар тақырыбынан сырт қалмаған. Айталық, қаламгердің «Шәкәрім» деп аталатын деректі кітабы дала данышпанының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында алдымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға», бұдан соң Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрді. Ұлыларды ұлықтаған осы және басқа еңбектерімен ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанып, Күлтегін, Абай, Шәкәрім және Әуезов медалдерімен марапатталды.

Екі жыл бұрын яғни Хакім ақынның 175 жылдығында журналист-жазушы Дәулет Сейсенұлының көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханов туралы «Ер қазақ» деп аталатын көлемді деректі кітабы Алматыда жарық көріп, Әуезов музейінде өткен кітаптың тұсаукесерінде белгілі абайтанушы ғалымдар Дәулет Сейсенұлының бұл еңбегіне лайықты баға берген. Абай жылында қаламгер хакім ақынның және абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың мерейтойлық медалдерімен марапатталып, «Ер қазақ» деректі кітабымен Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері атанды. Ал ел тәуелсіздігінің отыз жылдығында ол ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің нәтижесімен мемлекет тарапынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Абай атамыздың туған күні қарсаңында Дәулет Сейсенұлына бірнеше сұрақ қойған едік.

– Кезінде Қайым Мұхамедхановтан алған сұхбатыңызды білеміз, ол сұхбатта Абай мұрасын насихаттай түсуге қатысты біраз дүние айтылды, одан бері жиырма жыл ішінде не өзгерді? 

– Алғашқы сұрақты менің көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановпен жүргізген сұхбатымнан бастаған екенсіз. Бұл өзі бір емес, бірнеше сұхбат болатын. Және соның бәрі ел басылымы «Егеменде» жарияланып, соңынан жылдың үздік материалы есебінде аталған газеттің жыл сайын шығып жататын «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» деп аталатын жинағында да жарық көрген-ді.

​Бірақ сол кезде шыны керек мен болашақта абыз абайтанушы, кемеңгер Әуезовтің шәкірті һәм сенімді серігі Қайым ақсақал туралы көлемді деректі кітап жазамын деп ойлаған жоқ едім. Қалай болғанда да сол сұхбаттар сериясы мені осы игілікті іске жетелеп алып келгені рас. Ал бұл еңбегім хакім ақынның 175 жылдығы қарсаңында алдымен Алматыда, соңынан Астанада жарық көрді. «Ер қазақ» деп аталатын сол кітабыммен өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығын иеленсек, мұны өз басым ұлыларға құрмет деп қабылдадым.

photo1660035838.jpeg

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовке сыйлас інілерінің бірі: «Мұқа, сіз ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты мәселелердің бәрін қамтыған адамсыз» деген мағынада мадақ айтыпты деседі. Сонда кемеңгер жазушы: «Пәлі, о не дегенің? Абай түпсіз тұңғұйық мұхит емес пе? Ал мұхиттың суын қайтып тауысасың?» деген екен. Сондықтан Абай тақырыбы шеті, шегі жоқ өзінше бір әлем. Ол ендеше болашақ ғалымдар мен шығармашылық адамдарына таусылмас рухани азық деп білемін.

– Бүгінгі тілі екіге жарылған, ой-санасы да екіге бөлінген ұлтқа Абайды жақындатудың жаңаша амалдары бар ма? Әсіресе, келешек жастардың Абайы қандай болуы керек?

– Абай тақырыбына қалам тартып жүргенмен мен өзімді абайтанушымын, ғалыммын деп есептемеймін. Рас, ұлы ақынның бас шәкірті, данышпан Шәкәрім қажы туралы деректі кітабымда, әрине Абайдың өзінен кейінгі шәкірттеріне қамқорлығы, яғни Абайдың ақындық мектебі туралы мәселелерден аттап кеткен жоқпыз. Біздің сол кітабіміз қажының 150 жылдық мерейтойында Астана мен Алматыда жарық көрді. Шәкәрім тегінде Абайға өлең арнаған тұңғыш ақын. «Кел, жастар, Абайға біз баралық» деп аталатын бұл өлеңді жазғанда оның жасы жиырмада ғана болса, ал Абайдың жасы отыздан енді асқан болатын. Демек Шәкәрім сол кездің өзінде немере ағасының данышпандық қасиетін танып, бағалай білген ғой. Иә, кейінгі толқынды Абай сөзімен, Абай нәрімен сусындата білу бүгінгі идеологиямыздың түп қазығы болуы тиіс. Сонда ғана ұтысқа шығамыз.

– Білуімізше, «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» жаяу жорық экпедициясының тұрақты мүшесі екенсіз. Осы туралы қысқаша айтып кетсеңіз. 

– Бұл жаяу жорық аталмыш басылымның ардагері Мамадияр Жақыптың бастамасымен хакім Абайдың 150 жылдығында басталған болатын. Семейден шыққан жаяу жүргіншілер Жидебайға дейін бес жарым күнде жеткен еді. Кейінде осы акция ЮНЕСКО-ның күн тізбесіне енген Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев, Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрім, Сүйінбай, Түркістанның 1500 жылдығы, Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылуының 20 жылдығында өз жалғасын тапты. Біздің ұсынысымызбен соның төртеуі Абай елінде өткізілді. Еліміздің шығысы мен батысы, оңтүстүгі мен солтүстүгін тұтасымен қамтығын бұл сапардың жалпы қашықтығы 1600 шақырым. Сапар барысында оған қатысушылар жолдағы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұлылардың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға да уақыт таба білді.

– Бүгінде оншақты деректі кітаптың, жеті драмалық пьесаның авторы екенсіз. Абайға қатысты пьесаңыз бар ма? 

–Әрине, Абайға қатысты пьеса бар. Пьесалардын бірінде Абай мен Шәкәрімнің («Абай-Шәкәрім»), яғни ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық – жасы үлкен ағаның ініге қамқорлығы, жеке басының үлгі-өнегесі, ал іні тарапынан аға өсиетіне адалдығы сөз болса, ал «Мұхтардың мұраты» деп аталатын келесі пьесада атынан көрініп тұрғандай «соқтықпалы, соқпасыз жерде өскен» хакім ақынның өмір жолын ашып көрсетудегі заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезовтың басты мақсат-мұраты болғандығын айғақталады. Абай мен Шәкәрімге қатысты пьесам «Театр» журналында жарияланды. Енді өз қолы өз аузына жете бастаған Абай облысында пьесамыздың жолы ашылып, абғы жана ма деген үміттемін. Жалпы Семейдегі Абай театрында бұған дейін екі пьесам қойылған болатын. 

– Абай сайтына жазған бір мақалаңызда Абайдың Ақылбайынан туған ұрпағы шетте жүр екен деп жаздыңыз, кейін олармен тілдесудің сәті түсті ме? Бұл өзі анықталған дерек пе? 

– «Абай ұрпақтары» деп аталатын мақалам 2007 жылы «Егеменде», соңынан басылымның дәстүрлі жинағында жарияланды. Бұл өзі жай долбармен айтыла салған сөз емес-ті. Бірақ біз өтінгенмен мақаламызға орай хабарласқан ешкім болмады. Ал одан кейінгі жерде мен Алматыға қоныс аударып кеттім де, мұнымен түпкілікті айналысуға мүмкіндігім болмағаны рас. Қалай болғанда да, шындық алмас кездік секілді түптің түбінде қапты жарып шығатындығына сенемін.

– Бүгінде хайп қуып, Абайға ауыз сала бастағандар шықты, бірі Абай қазіргі заманда туса көп болса блогер болар еді дейді, біреуі Абай қарасөздерін өзі жазбаған дейді, ұлттың маңдайын тіреп отырған көсемін қорлағандары үшін біз оларды неге сотқа бермейміз, әлде еркіндіктің жөні осы екен деп әркім аузына келгенін айта бере ме? 

– «Атыңды шығарамын десең жер өрте» деген кеселді сөз бар. Иә, Абайдың қарасөзін Әлихан жазған екен деп айды аспанға шығарып көсемсіп жүргендер баршылық. Бір жақсысы, ондай сөзге белгілі алаштанушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай бауырымыз жауап жазып, жарияға шығарды. Мұндайларға «ит үреді, керуен жүреді» дейсің де қоясың.

– Баласына Абай есімін беретін қазақ көп. Бірақ, ол баланың көбі қазақша білмейді, көбі Абай туралы біле бермейді.

– Ия, сөзіңіздің жаны бар. Осыған қатысты бір қызық әңгіме айтайын. Біз оңтүстік астанадағы «Құлан» тұрғын үй кешенінде тұрамыз. Бір қабат төмен тұрғанмен, бұрынырақта да қазақ, мұсылман жолымен сәлемдесіп, үлкенге деген ілтипатымен жүрегімізді жаулап алған бір жас жігіт бір күні дәл іргеміздегі аумағы кеңірек пәтерге көшіп келе қалсын! Сол күні дәл есік аузында кездесіп қалған мен оны жаңа қонысымен шын жүректен құттықтап бола бергенде ол қашанғы елгезек мінезімен: «Ата, бұйырса әлі қоныс тойымызда боласыздар» деп үлгерді. Қажетті жерінде үлкенмен де, кішімен де қалжыңдаса беретін мен болсам: «Жоқ, олай болмайды» дегенімде жаңа көршім, құдайы көршім «неге, ата» деп сасқалақтап-ақ қалған. Ал мен: «Алдымен ерулік деген бар емес пе?» дегенімде ол да ағынан жарылып, ақтарыла күлген. Содан кейін мен оған атымды атап, қолымды созғанмын.

– Дәулет ата, менің атым – Абай, – деді ол аздап күмілжігенмен, күлімсірей сөйлеп. 

– Бәрекелді, – дедім мен шын сүйсініп, – сені алдымен Алла, одан кейінгі жерде аттас Абай атаңның аруағы қолдасын! 

Жақсы сөз – жарым ырыс деген емес пе?! Жаңа күмілжи сөйлеген жас арыстаным енді батылданып: 

– Ата, менің толық аты-жөнім Абай Құнанбаев, – десін. Ал мен болсам: «Солай ма?» деп шын мәнісінде таңырқап тұрдым да: «Олай болса мен жаңадан жаңғырып ашылып жатқан Абай облысындағы Абай ауданының қазағы боламын» дегенімде ол бастап, мен қостап, өзімізше мәз болғанбыз.

...Ал одан кейінгі жерде мен де, ол да сөзімізді ұстап, жақын танысып араласа бастағанбыз. Жаңа көршіміз Бағдагүл келінмен, бала-шағасымен біздің үйде отырғанда қазірде қасиетті Түркістан облысының Мақтарал ауданының сот төрағасы болып қызмет істейтін әкесі Құнанбай ұлымен видео арқылы байланысқа шыққан. Ал ұлы көрші атаның үйінде отырмыз деген соң маған телефон арқылы сәлем берген. Кейінен Құнекең бауырымыз Алматыға келгенде де тілдесіп, тағы да бір қызықты жайттарды естіп, таңырқап-ақ қалғанбыз.

Яғни, он баланың ата-анасы атанған Әбибулла ақсақал мен Хадиша апаның ұлдарының біріне – Құнанбай, ал кенже ұлға Жабай есімі беріліпті. Біздің «неге, неліктен» деген тұрғыдағы қызығушылықпен қойған сұрағымызға ол бұның себебін былайынша түсіндірген.

«Әбибулла екі жасында әкесі Исадан жетім қалып, әкесінің ағасы Мұсаның қолында өсіпті. Абай заманында өмірге келген Мұса атамыз ескі тарихқа жүйрік, оның сыртында аса діндар адам еді. Оның сыртында бір қиырда, Шыңғыстауда ғұмыр кешкен, қарадан шығып хан атанған, Абайдай алыпты өмірге келтіріп, ұлынының сол қарт Шыңғыстың шыңына көтерілуіне бірден бір себепкер болған Құнанбай сынды кемеңгердің атақ-даңқы, есім-сойы біздің елге де ежелден белгілі болған. Туған баласындай қолында өскен Әбибулланың бір ұлы маған Құнанбай, екіншісіне Жабай есімін қойған сол Мұса атам екен. Бұл кісі өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың ортасында өмірден озды. Ал жыр алыбы Жамбылдың әкесі Жабай да қандай құрметке болсын лайық екендігіне ешкім шек келтірмесе керек. Сол себептен де атам ең алдымен құрметті екі алыптың әкесінен бастауды жөн көрген секілді. Ал әкем Әбибуллаға келетін болсақ, ол кісі оқу, білімнің соңына түспегенмен, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Сондығы болар, ерекше кітапқұмар адам болатын. Соның айғағындай, жақсы кітапті тіпті Ташкенттен сатып алдырып оқитын. Сол себептен де, ол әке орнына әке бола білген Мұса ағасының әлгіндей ұйғарымына қуана келісіпті».

– Абай есімін, қазақтың ұлыларын ардақтайтын әулетпен көрші болған екенсіз ғой.

– Ия, шынымен де солай. Жаңағы әңгімемді жалғайын, Құнанбай солай дей келіп, 2007 жылы Мекке-Мәдине жағына сапарлап барып, үлкен қажылық парызын өтеп келгенін, сол жиырма шақты күнде жиырма киләдей салмақ тастап қайтқанын, ал арғы заманда аттасы Құнанбай баба көздеген басты мақсатына небір қиыншылықпен жеткеніне қарамастан тек қажылық парызын өтеумен шектелмей, сол жақта қандас бауырларына арнап тәкие-қонақ үй салдыруға мұрындық болғанына қайран қалып отырды.

Содан әріде ұлыларға құрмет бұл әулетте былайынша жалғасқан көрінеді. Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетін тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай бітірген бүгінгі күннің Құнанбайы жолдамамен кешегі заманның аузымен құс тістеген дуалы биі атанған Құнанбай еліне, шығыс өңіріне, нақтылап айтқанда Тарбағатай ауданына ат басын тірейді. Ал бұл шақта хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы тек бір өңір, тіпті бір елмен шектелмей, әлемдік деңгейде аталып жатқан-ды. Сондықтан 1995 жылдың мамыр айында өмірге келген немересіне Хадиша апаның хакім есімін беруі қай жағынан болса да жарасып тұр деуге болады. Ал екінші бір ұлы Жабайдың арада екі айдан кейін өмірге келген нәрестесіне Жамбыл есімі берілуі де заңдылық. Бұл шақта өмірден озып кеткен Әбибулла ақсақалдың аруағы тебіреніп, бір аунап түскен де болар.

– Сіз Семейдің тумасы, өзіңіз жазушы-журналиссіз, дегенмен Абай туралы зерттеп жүретін сияқтысыз. Абай мұрасына қайта үңілген кезде жаңадан байқаған дүниеңіз бар ма?

– Абайды қайыра оқыған сайын тың жаңалыққа тап боласың, асыл сөздің астарын түсінесің. Жоғарыда айтқан Қайым ұстазымыз өмір бойы хакім ақын шығармаларының текстологиясымен айналысқан адам. Қазірде бұл мәселемен Тұрсын Жұртбайдың түбегейлі айналысып келе жатқаны қуантады. Осы орайда бұрында қате жазылып кеткен бір сөз ғана емес, бір әріптің өзі оқырманды адастыратыны анық. Сондықтан қай-қайсымыз болмайық, Абайға абайлап бару керек деген сөзге тоқталғанымыз жөн деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?