Кіші жүз қазақтарының Сырымға дейін де, кейін де Ресейдің отарлау саясатына қарсылық көрсетіп, көтеріліске шығып отырғанын тарихтан білеміз. Өйткені Жайық казактары бұл жақта отарлау саясатын үнемі тізеге салып, озбырлықпен жүргізіп отырғандықтан, бойында қайраты бар ерлер ондайға шыдап отырмасы белгілі. Бірақ ондай көтерілістер өзара басбірлік жетіспей, шашыраңқы жүргендіктен нәтижесімен есте қалмағаны да аян. Міне, осы кезде тарихтың өзі Сырымды тудырды. Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілістердің басындағы көсем ретінде аталуы оның тек қолына қару алып, қайратына мінген батыр ғана емес, кейде салқын ақылға жүгіндіріп, мәмілеге келе білген саясаткер әрі соңынан қалың қолды ерте алған қолбасшы, он төрт жыл бойы күрестен шаршамаған айбынды ер болғандығында.
Батырдың ұлт үшін жасаған ерлігі мен еңбегі, өнегесі кейінгі ұрпақ үшін керек. Биыл Сырым батырдың туғанына 280 жыл толып отыр, осыған орай Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаевамен сұхбаттасқан едік.
СЫРЫМ ДЕГЕН ЕР БОЛҒАН,
ХАЛҚЫНЫҢ ҚАМЫН ЖЕР БОЛҒАН
(Ғ.Қараш)
- Сырым батырдың туғанына 280 жыл толып отыр, бұрындары батыр тойы керемет өткен кездер есте, Әбіш ағамыз келіп сөз сөйлеп, «Сырым батыр – даланың рыцарі» деп баға бергені есте. 265 жылдығында Сырым Датұлына арналған ауқымды ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, арнайы экспедицияның Хиуаға барып бір уыс топырағын әкеліп, батыр есімін жас ұрпақ есінде жаңғыртқан кездер болып еді. Бүгінде батыр есімін ұлықтауға қатысты іс-шаралар ішінде музейге қатыстысы бар ма?
- Иә, биыл батыр, би, шешен, тархан Сырым Датұлының туғанына 280 жыл. Дүбірлі тойлардың бәрі өтіп кетіп, базары тарқаған ауылдың орнында қалғандай күй кешеміз кейде. Себебі, Әбіш ағайлармен келген зиялылардың көбі арамызда жоқ. Барлық сөздер айтылып, бағалар беріліп, енді ешкім іздеп келмейтіндей. 2007 жылы Сырым залдары ашылғаннан соң барлық жұмыс «болды, бітті» деп ойлайды көбі. Бірақ музей бір орында тұрған зат емес, ол тірі ағза секілді өсіп-өнуі керек, оның жоқтаушысы болу керек. Экспозиция жұмысы жаңару керек. Үнемі жаңалыққа толы болғанда ғана өз жемісін береді. Сырымның тойын ұлықтау қарсаңындағы шаралар музейсіз өтті. Себебі, Сырым музейінің өз ғимараты жоқ, жаңартылмаған бұрынғы экпозицияны көрсете беру енді қызық емес.
- Айнагүл Мағауияқызы, жалпы өздеріңізде музей жөндеуіне қатысты мәселелер бар сияқты, осы жағын ашып, таратып айтып бересіз бе?
- Сырым музейі 2004 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің бөлімі болып қызмет жасап келеді. Музей екі жерде орналасқан. Негізгі Сырым залдары мен аудан тарихы мәдениет үйінің екінші қабатында, алаш тарихы «Алаш үйі» тарихи ғимартында. Музейге беріледі деген екі қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, дайын тұр. Енді барлық адам ойлайды, «ғимарат бітті, музей көшуі керек» деп. Алайда музейдің ішкі экспозициялық жұмыстары туралы шамалы адам түсініп болмайды. Тіпті кейде бөгде тілде сөйлеген адамды да түсінеді ғой, неге музейдің тілін ешкім түсінбейді? деп налисың. Расында музейдің өз тілі бар. Жоғарыда айтқанымдай, ол – тірі ағза, ол өзгеріп, толығып, жанданып тұруы шарт. Музей экспозициясы тұтас дәуірлерден сыр шертетін құнды тұрақты көрме. Оны жасау үшін көп қаражат керек. Шетелдердегі қымбат әйнектерді сұрап жатқан жоқпыз, өзімізде бар материалдармен кілтке салынатын жалтыраған музейдің витриналарын, бояуын, әрлеу жұмыстары арқылы жақсылап ұсынуымыз қажет. Музейге келген үлкенді-кіші осынша бай тарихты бойына сіңіріп алатындай жұтынып тұратын эстетикалық талғам керек. Әйтпесе бізде ойлайды, «қазіргі тұрған, тозығы жеткен витриналарды көтеріп апарып неге қоя салмайсыңдар, кейін дұрыстап жасап аласыңдар» дейді. Музейде кейін деген ұғым болмайды. Енді... ол менің түсінігімде, алайда жоғарыдағы адамдар асығатын емес, қайдан білейін?! Жылдан аса уақыт бойы бос тұрған ғимарат қайтадан аза бастады. Жөндеуден кеткен қателіктер де көріне бастады. Терезелері мен төбесінен су кетіп, есіктің жақтаулары бүлініп, көптеген ақаулар көрініп жатыр. Бізге нақты заңды берілмеген ғимаратқа сыртынан ғана иемденіп, қорғаштап отырған жәйіміз бар.
- Жазушы Қажығали Мұхамбетқали ағамыз Сырым туралы роман жазды, одан бөлек Сырым батырдың бүкіл өмір жолы толық зерттелді деуге ерте, біз білмейтін дүние қаншама... мысалы, батырдың өз ұрпақтары арасынан да қоғамға елеулі орны болған адамдар шығыпты, бір ұлы Жүсіп тархан болыпты, бір ұлы Қазы би болып ел басқарыпты дейді, ұрпақтарынан қалған жәдігерлер бар ма?
- Тархан би болатын Қазы деген баласы. Оның ұрпақтары болу керек. Жерленген жері өзіміздің Жетікөл ауылында. Ұрпақтарына қатысты кейбір жәдігерлер бар. Кілемдер, күміс әшекейлер, сүгіреттер... Қажығали ағамыздың еңбегіне келсек, ол кісінің Сырым батыр есімін насихаттауға қатысты еңбегі зор, бүгінде Астанада Сырым атында көше бар, №44 көше Сырым батыр көшесі деп аталады, сол көшені Қажығали ағай сұрап жүріп, ақыры алып беріп кетті. 2013 жылы «Тар кезең» романы жарық көргенде елге келіп таныстырылымын жасаған болатын, сол кезде осы жаңалықты да айтып, «Астана көшелері» деген үш тілді кітапты табыстаған болатын.
- Сырым деген кісі өте ірі, тұлғалы болыпты дейді, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанында» Есенейдің Сырымның жиені екендігі, Сырымнан қалған белбеуге сол ие болған дегендей дерек айтылушы еді, сол белбеу сіздің музейде емес пе?
- Бір қарындасы Ақнұрдан атақты Есеней батыр туса, Сырымның асы берілгенде ол бес жаста болатын. Сол асқа анасы Сырымның жиеніне берген белдігін сән-салтанатпен елге әкеліп қайтарғаны туралы ел аузынан жеткен аңыз-әңгімелер арқылы білеміз. Ол туралы кезінде Серік Мәшімбаев жазған. Ол енді таза күміспен күптелген, не де болса салмақты, ауыр кемер белбеу болу керек. Өкінішке орай, ол сақталмаған, музейде Сырымға қатысты түпнұсқа ештеңе жоқ. Алматыда бір адамның қолында бір үзеңгі бар, «Сырымның үзеңгісі» деп өзі болмайды, мен барып көргенмін. Музейге берем деген уәдесі де бар. Бірақ әлі бере қоймады. Биыл елге шақырып едік ауырып жүр екен, келе алмады. Суреті бар.
- Бүгінгі істен гөрі сөз бен дабыра көп уақытта елдің өткен тарихына қатысты әңгімелерге кезек тимей қалатындай. Айнагүл Мағауияқызы, сұрағымыз келгені – сіздің аудандағы ашылғанына биыл он жыл болып отырған «Алаш» музейінің өзінде іздеген адамға көп дүние бар көрінеді. Алыстан осы жәдігерлерді арнайы іздеп келіп, керегін тауып жатқан ғалымдар бар шығар?
- «Алаш музейі» деген статус – халық берген атау. Келушілер солай атап кетті, негізінде Сырым музейінің Алаш залдары. Ал ғимарат 100 қасиетті нысандар тізіміне енген алаш арыстарының табаны тиген республикадығы үш тарихи орынның бірі. Біріншісі – Семейдегі «Әуезов және алаш арыстары» музейі, екіншісі – Алматыдағы кеше ашылған Ахмет Байтұрсыновтың музейі болған тұрған үйі, үшіншісі – біздің Батыс Алашорда үкіметі жұмыс жасаған «Алаш үйі» болып тұр. Бұл залдарға екі қайтара экспозиция жұмыстары жүргізілді. Республикаға танымал десек те болады.
Көптеген ғалымдарымыз арнайы бір емес, бірнеше рет іздеп келетін музей десек артық айтқандық емес. Олардың қатарында үнемі іздеп келетін Ж.Ақбаев, Д. Сүлейменова, Р.Мажитов сияқты жерлестерімізден бөлек Т.Жұртбай, Т.Хазіретәлі, М.Қойгелдиев, М.Тәжмұрат, Ә.Сарайдай ұлтымыздың тарихын түгелдеп жүрген аға ұрпақты үнемі айтып отырамыз. Арамызда жоқ Ә.Кекілбай, Ф.Оңғарсынова, Қ.Мырза-Әлі, С.Мәшімбаев, Қ.Мұқамбетқалиұлы ағаларымыздай жанашырларымыз болды. Олардың әрбір айтқан сөздері, тапсырған кітаптары мен берген бағалары бүгінде тарихқа айналып барады. Олардың сыртында ауданымызға келетін ақын – жазушыларымыз, өнер адамдары мен алаш тарихына қызығатын студенттер мен алашты зерттеп жүрген ғылыми қызметкерлеріміз де бар.Шетелден де ғалымдарымыз келіп тұрады, олардың ішінде мәскеулік Д.Аманжоловамен екі рет келген ол Томахико Уйяма болмаса Елдос Тоқтарбай секілді жас тарихшыларымыз да бар. Әрине, оның сыртында туристер мен отбасылық қонаққа келген шетел азаматтарын қоспағанда…
- Музей ашылғалы бері Жаһанша Досмұхамедұлына қатысты жаңа деректермен немесе құжаттармен, алашшылдарға қатысты бұйымдармен толықты ма? Осыған қатысты қызықты деректеріңіз бар ма?
- Алаш үйін екі рет жаңғырту барысында көп ізденуге тура келді. Өкінішке орай Жаһанша атамыздың қолымен ұстаған бір түйір жәдігері болмады. Интернетте жүрген жалпыға ортақ бес-алты сүгіретінен басқа қолымызда ештеңе жоқ болды. 2018 жыл алашқа қатысты жаңа жәдігерлер табылды. Оның бағалысы – Жаһанша мен Ольганың Мәскеуде тұрған үйінде төселген түкті кілемі 1964 жылдары Қазақстанға келіпті. Оны Қанипа Шәріпқызы деген қайын сіңлісіне Ольга анамыз өзі беріпті. Содан ол кілемді сақтаған олардың ұрпақтары Маржан Қадырқызы 2018 жылы біздің музейге тапсырды. Бүгінде Жаһанша Досмұхамедұлынан қалған жалғыз жәдігер – біздің құнды экспонатымыз. Одан бөлек архив құжаттарын таптық.
Сол арқылы бұрын біз Бутырка түрмесінде деп келсек, атамыздың Таганск түрмесінде отырғаны анықталды. Өзі тұрған үйінің қазіргі мекен-жайын да білдік. 1918 жылы мамырдағы құрылтай туралы тың деректер табылып, сол күндері ойналған скрипка аспабын үйлерінде құрылтай өткен Иван Федяниннің немересі тура жүз жылдан соң 2018 жылы біздің музейге тапсырды. Осындай алаш ардақтыларына тиесілі түпнұсқа көп болмаса да бірнеше құнды жәдігерлеріміз бар.
- Осы Күнбатыс Алашорда үкіметі болған ғимараттың өзі кезінде саудагер Таракановтың үйі болған ескі ғимарат екен, оның жағдайы қалай, жөндеу қажет емес пе?
- Иә, көпес Таракановтың үйі 1867 жылы салынған. Оның көне құжаттары да бар. Ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған. Ауданда ондай 3 ғимарат бар. Бір түсінбейтініміз – мемлекеттік қорғауға алынған осындай тарихи ғимараттарды қорғау жұмыстары мүлдем жүрмейді. Олардың уақыт өте келе азып-тозып құлауға шақ қалған күйінде тұрғандары да бар. Оның біреуі алаш дәрігерлері қызмет жасаған алғашқы аурухана. Біздің музей ғимараты да араға бес жыл салып өзіміздегі аудандық мәдениет үйінің қарамағында болған соң қал-қадіріне қарай жөндеу жүргізіледі. Басқалай қолдау көрмедік.
- Ана жылдары яғни бес жыл бұрын алашордашылар ізін анықтай түсу бағытында Жымпиты-Семей, Жымпиты-Мәскеу деген экспедиция ұйымдастырылып еді, Сырым батырдың да Хиуа хандығына сапарларының саяси маңызы өте зор болған ғой, бұл бағытта жаңа идеялар болмады ма?
- 2017 жыл біздер үшін ең табысты жыл болды. Үлкен 3 экспедиция ұйымдастырдық. Әр сапар құнды деректерге толы болды. Әсіресе, Мәскеу сапары. Сырым атамыз жатқан Гүрленге және Жаһанша атамыздың атылған жері Бутоваға барып бастарына құран бағыштап, ұрпақ парызын орындадық десек те болады. Елден бір уыс топырақ бұйырмаған ұлтымыздың біртуар ұлдарының тарихта алатын орны айтпаса да түсінікті. Тың жобалар жетіп артылады. Бұл жұмыстар жалғаса бермек, өкінішке орай қаржы мен қолдауға мұқтажбыз.
- Бүгінгі жас ұрпақ музейге жиі келе ме, қызыға ма? Оларға тағылымды әңгіме айтатын шежірелі адамдар ел ішінде бар шығар? Алаш зиялыларымен араласқан Федяниннің үрпағы әлі де сол ауылда тұра ма?
- Алаш зиялыларымен араласқан Иван мен Николай Федяниндер. Бүгінде олардың ұрпақтары Николайдың ұлы мен қызы бар. Надежда Николайқызы Ақсайда, Ким Николайұлы осы Жымпитыда тұрады. Біздің музейдің жанашырлары және біздегі ғана емес аудандағы өтіп жататын барлық мәдни шаралардың құрметті қонағы. Айтары бар абыз ақсақалымыз, аман болсын деп отырамыз. Себебі, есті әңгіме айтатын үлкендер қалмай бара жатыр. Олар өткен ғасырдың тірі куәгерлері. Осындай аға буынмен музейіміз үнемі байланыс жасап келеді. Олардың айтқан тәлім-тәрбиеге толы әрбір әңгімелері біз үшін баға жетпес қазына. Сондай бір ақсақалымыз жақында 80 жасында өмірден өтті. Абдолла Жұмағалиевтің туған бауыры, жоқтаушысы ұрпағы Шайдолла Жұмағалиев ағамыз. «Қартың болса ауылда жазулы тұрған хатпен тең» деп бекер айтпайды дана халқымыз. Алайда өкінішке орай ата буынның кеудесіндегі алтын көмбе тарихты сұрап қалудан, жазып алып қалудан әлі кеш қалып келеміз. Абай айтқандай қолымызды кеш сермеп кешеуілдетіп жүрміз. Ал уақыт алғанын қайтып бермейді, өлгендер қайтып келмейді. Олармен бірге бір дәуір көшіп жатыр. Осы ой мені көп мазалайды. Жалпы музей туралы, аудан тарихы туралы сағаттап айтуға болады.
- Әңгімеңізге рахмет.