Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Концлагерьге айдалған адамдардың көбі елге оралмаған...»

1806
«Концлагерьге айдалған адамдардың көбі елге оралмаған...» - e-history.kz

Біздің елдің басынан талай нәубет өтті. Екі аты барды да бай-құлақ санап, қудалап, асыра сілтеу мен күшке салудың арты қандай қасіретке соқтырғаны белгілі. Ауыл шаруашылығын күштеп ұйымдастырғанннан кедейлер мен орташа шаруалар қолындағы барынан айырылып, күштеп көшіріліп не болмаса Сібірге айдалып кеткені жайындағы деректер мен мәліметтердің салмағы жазуға қалам көтереді дегеннің өзінде өте ауыр. Ұжымдастыру, колхоздастырудан кейін келген аштықтың салдарынан қаншама қазақтың өмірі күл-талқан болып,  шаңырақтар ортасына түсті, қаншама жас ұрпақ көктей солды. Бұның бәрін білуіміз керек. Күні ертең өсеміз, өркен жаямыз дейтін, өркениетті қоғам құрудан үмітті елдің үлкен-кішісі тарихты зерделеп, қазақ тарихының осындай қаралы даталары мен оқиғаларын біліп, халықтың басынан өткен қиыншылықтардан сабақ алуы тиіс. 

Осы мақсатта Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облыстық жұмыс тобының мүшесі Есқайрат Хайдаровпен сұхбаттасқан едік. 

-   Есқайрат мырза, сіз Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссия мүшесі екенсіз.  Бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылғанынан хабардармыз. Олай болса бізге осы зерттеу қорытындысы бойынша жасалған тұжырымдарды санамалап берсеңіз. 

-  Ия, мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссияның және зерттеу тобының мүшесі ретінде өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеумен айналысып жүрмін. Бұл бағыттағы жұмысымыздың жандануына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы жарлығы және 2021 жылы 31 мамырда халыққа арнаған үндеуі ықпал етті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесін үйлестіріп, зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуімізге БҚО әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы жан-жақты қолдау көрсетті. Осыған сәйкес 2021 жылдың тамыз айының ортасынан бастап БҚО полиция департаментінің мемлекеттік арнайы архивіндегі құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік алдық.

Зерттеу жұмысының қорытындысына келсек, өңірдегі кеңес билігіне қарсы наразылықтарды, баскөтерулерді, көтерілістерді біртұтас қарастыра отырып, 1928-1932 жылдары Батыс Қазақстан облысында халық көтерілістері болды деген тұжырым жасалды. Бұл кезеңдегі оқиғалар басында Орал округінің, кейінгі Батыс Қазақстан облысының Азғыр, Жымпиты, Бөрлі, Зауральный, Камен, Жаңақала, Ілбішін, Орда, Жәнібек, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарын қамтыған. Бұрын тарихта тек қана Жаңақала ауданы белгілі болса зерттеу барысында қосымша 10 ауданда халық наразылықтары болғаны анықталды. 

-    Сонда қанша адам қудалауға ұшыраған екен?

-   Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің құжаттары бойынша көтерілістерге қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққандары үшін 309 адамның жазықсыз саяси қудалауға ұшырағаны анықталды. 1930 жылдары Орал маңындағы аудандардан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген, қалғандары әртүрлі мерзімдерге концлагерлерге қамалса, кейбірі жер аударылған және біразы тергеу кезеңінде тұтқында болғандары ескеріліп қамаудан босатылған. Дегенмен саяси-қуғын сүргін құрбандарының саны мұнымен шектелмейді. Бұл қорытынды архивте іздену нәтижесінде біздің зерттеу нысанымызға іліккен нақты деректер болып табылады.

Жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған адамдардың барлығы 1989-1990 жылдары ақталған. Зерттеу жұмысының барысында көтерілістерді ұйымдастырды, жетекшілік жасады, наразылықтарға белсенді қатысты деп айыпталып, жазықсыз жазаланған азаматтардың аты-жөндері, оларға қатысты үкімдер алғаш рет жарияланып отыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері (1928-1932)» атты монографиялық еңбегімде және Батысмұра. кз сайтында бар. Халық қаһармандарының есімдерін қоғамға таныту, олардың бостандық, азаттық жолындағы күрестерін жас ұрпаққа дәріптеу саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың бір амалы деп білемін. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның да мақсаты – тарихшы мамандарға құпия құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беру, жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған адамдардың аты-жөндерін жариялау, оларды саяси жағынан толық ақтау және жаңа деректер бойынша кітаптар, жинақтар шығару. Бұл тұрғыдан алып қарағанда мақсатымызға жеттік деп есептеймін.

-  Жалпы алғанда кеңес өкіметінің саясатына қарсы бағытталған халық нарызылықтары жайында тарихтан хабары бар жұртшылыққа мәлім ғой, дегенмен осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз, бұл қарсылықтар қандай сипатта көрінді? 

-   Елдегі халық көтерілістерінің пайда болуының тарихи алғышарттарын сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасуымен, социалистік құрылысты күштеп енгізу әдістерімен байланысты қарастырамыз. 1927 жылы желтоқсанда БК (б) П-ның ХV съезінде ауылшаруашылығында ұжымдастыру саясатын жүзеге асыру бағдарламасы жарияланып, астық, ет дайындау мәселесі көтерілді. Кеңес үкіметінің астық дайындау бойынша алғашқы нұсқауы 1927 жылы 14 желтоқсанда берілді, ал екіншісі екі аптадан кейін 24 желтоқсанда шықты. 1928 жылы қаңтар айының басында басшылықтың жаңа нұсқауы қабылданды. Сөйтіп, бұл ауыртпалықтың барлығын қарапайым шаруалардың мойнына артып қойды. 

1928 жылдың қаңтар-ақпан айларында И.Сталиннің астық дайындауды жеделдету үшін Сібірге сапарға шыққаны тарихта белгілі. Ол осы аймақта жүрген жерлерінде сөйлеген сөзінде заң саласы органдарына РСФСР-дың Қылмыстық істер Кодексінің 107 – бабын пайдаланып, астық дайындау жоспарын орындамаған шаруаларды жаппай соттауды талап етеді. Алғашқыда орталықтың қатаң нұсқауларына қарамастан негізінен астық дайындау кеңселеріндегі қызмет бабын асыра пайдаланғандарды және астықты қайта сатып, алыпсатарлықпен белсенді айналысушыларды ғана соттап келген. Ал 1929 жылға қарай  заң органдары әдептілік пен ар-ұяттан бас тартып, астықты тікелей өсіретін және оны қолында ұстап отырған еңбекқор шаруаларға қырғидай тие бастаған. 

Саяси науқанның идеологиялық тұрғыдан қыза түскені сондай газеттерде «Кулактарды түрмеге қамайық!», «Кулак пен байды қатал қыспаққа алайық!», «Кулактар мен байлардың құйыршықтарына соққы берейік!», «Тап жауларына қарсы аттан салайық!», «Астықты шіріткендерге өлім келсін!», «Астықты жасырғаны үшін түрме!», «Аштықты ұйымдастырушыларға – кулактар мен байларға өлім келсін!» және т.б. ұрандар қаптап кеткен

-   Ал Батыс Қазақстаннан кәмпескеге ілінген байлардың саны шамамен қанша? Олардың арасында бай еместер де кетті ғой…

-   1928 жылы 27 тамызда ҚАКСР-нің Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің «Бай шаруашылықтардың мүлкін тәркілеу және оларды көшіру» жөніндегі қаулысы шықты. Бұл қаулыға сәйкес  дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды. Мәселен, республика көлемінде барлығы 696 бай шаруашылықтар тәркіленсе, Батыс Қазақстан облысынан 71 бай кәмпескелеуге іліккен.

Кеңес өкіметі ұжымдастыру саясатын одан әрі тереңдетіп жүргізу және колхоз құрылысын жаппай енгізу мақсатында ауылдағы байлар мен орташалардың мал-мүлкін ортақ қоғамдық меншікке алды. Сөйтіп, ауылдағы қарапайым малшы шаруалардың алдындағы мал-мүлкін күштеп тартып алу арқылы колхоздар пайда болып жатты. 1928-1932 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы шаруашылықтар Жәнібек ауданында – 82%, Шыңғырлау ауданында – 98%, Жымпиты ауданында – 97%, Тайпақ ауданында - 70%, Орда ауданында – 66%, Орал ауданында – 90% -ға ұжымдастырылды.

Билік байлар мен орташалардан артық астықты қабылдау, малдарын ортақ меншікке алу науқандарын жүзеге асыру барысында кедейлерді және ауылдық кеңестің қызметкерлерін кеңінен пайдаланды. Артық астықты тапсыру міндеткерлігі және колхоз меншігіне малдарды алу мәселесі ауылдың жалпы халықтық жиналыстарында шешілді. Жергілікті биліктің өкілдері кедейлер мен батырақтарды, комсомол жастарды байларға қарсы қойды. Ауылдағы халық наразылықтары, таптық араздықтар, бүліктер, дау-жанжалдар осындай жиындарда пайда болып, кеңес билігінің әділетсіз саясатына қарсы ауыл тұрғындарының өшпенділігін өршіте түсті.

Осылайша Батыс Қазақстан облысында ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылықтары, баскөтерулер, қарсылықтар, тұтастай алғанда халық көтерілістері орын алды. 1928-1932 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістерінің ортақ ерекшеліктеріне мынадай сипаттама беруге болады. Ұжымдастыруға қарсы халық көтерілістерінің себептері: сталиндік әкімшіл-әміршіл басқарудың, тоталитарлық жүйенің үстемдігі; күштеп ұжымдастыру саясатының ауыртпалығы; артық астық тапсыру міндеткерлігінің ауыртпалығы; кәмпескелеуге, колхоздастыруға қарсылық; қабылданған малға өтемақының уақытында берілмеуі; жергілікті билік өкілдерінің жандайшаптығы; таптық шиеленіс. 

Халық көтерілістерінің қозғаушы күштері ауылдың бұрынғы байлары, малшы-шаруалар, орташалар, кейбір жағдайда кедейлер болды. Сонымен бірге наразылықтарды ұйымдастыруда қоғамдағы алдыңғы қатарлы топ ретінде ишан-молдалардың ықпалы күштірек болды. Кеңес өкіметіне қарсы халық наразылықтары жасырын жиналыстар өткізу; байлардың ұйымын құру; артық бидай тапсырудан бас тарту; астықтарын жасыру; малдарын жаппай сатып жіберу; кедейлер жиналыстарында бүлік шығару; колхоздарды таратып жіберу; кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізу; ауылдық кеңестің, колхоздың басшыларын, астық жинау науқанына жауапты адамдарды ұрып-соғу; құжаттарын тартып алу; жергілікті билік органдарына өз адамдарын қою; колхоздың малын айдап әкету; қоныстарынан көшіп кету; Жаңақала және Ілбішінде көтеріліс штабтарын құру, жазалаушы отрядпен шайқасу түрінде жүрді.

-  Жымпитыға қатысты да зерттепсіз, осы жерде Жаһанша Досмұхамедұлының туған ағасы Ғаббас туралы айтып беріңізші. Бұл кісі бай болған ба? Күн батыс Алашордаға қандай да бір қатысы болғаны туралы дерек кездесті ме?

-  Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатының салдары Орал округіне қарасты Жымпиты ауданының ауылдарына да әсер еткен. Архив қорларымен жұмыстану барысында 1929 жылғы Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарының байлары мен атқамінерлерінің баскөтерулері жөніндегі құжаттарды қарадым. 90 жылдан астам уақыт құпия архивтерде сақталған бұл құжат «Досмұхамедов Ғаббас және басқаларын РСФСР-дің ҚК-нің 58-8, 58-9, 58-10, 58-11 баптары бойынша айыптау ісі» деп аталады. 

Бұдан басқа  Жымпиты ауданының №6 және №11 ауылдарының байлары мен ишан-молдаларының ұйымы жөнінде құжаттар табылды. Бұл архив құжаты «Қожамжаров Әділ және басқаларын, барлығы 30 адамды ҚК 58-11, 58-13 баптары бойынша айыптау ісі» деп аталады. Бұрынғы Бұлдырты және Өлеңті болыстарының кеңес билігіне қарсы шыққан азаматтары өздерінің жеке дүние-мүліктерін қорғап, бостандықтары үшін күрес жүргізген.

Ғаббас Досмұхамедовты Жымпиты ауданының №15 ауылындағы байлар мен атқамінерлердің ұйымының жетекшісі деп көрсеткен. Досмұхамедов Ғаббас, 61 жаста, партияда жоқ,  қазақ, үйленген, шала сауатты, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, ҚК 61 бабы бойынша артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған,  Батыс Алаш Орданың бұрынғы төрағасының ағасы, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, осы уақытта иелігінде 2 түйесі, 19 жылқысы, 5 сиыры, 2 бұқасы,  28 қойы, бір жер үйі, бір киіз үйі, бір шөп шабатын құрылғысы, бір соқасы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылының тұрғыны деген жеке басына қатысты дерек бар. 

Куәгерлердің бірінің жауабында айтқаны бойынша Қызылорда қаласында қызметте жүрген Жаһанша Досмұхамедов ағасы Ғаббасқа жазған хатында: «4 жылқы, 4 сиырдан басқа малдың барлығын сатып, одан түскен ақшаға үй ішіне қажетті дүниелер мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын алуға» кеңес берген екен. 

1929 жылы 15 ақпанда Ғаббас Досмұхамедовтың үйінде №15 ауылдың (бұрынғы Бұлдырты болысы) байларының ең алғашқы жасырын мәжілісі өткен. Онда үкіметке астық тапсыру мәселесі қарастырылып, бірауыздан артық астықты тапсырмаймыз деп шешкен. Мұндай бағыттағы жасырын жиналыстар бірнеше қайтара өткен. 

Сол жылы наурыз айында өткен жиналыстардың бірінде бұрынғы Батыс Алаш Орданың көшбасшысы Жаһанша Досмұхамедовке хабаршы жіберу жөнінде шешім қабылданып, оған туысы Вильдан Ізмағамбетов пен Ғаббас Досмұхамедовтың ұлы Нұғман Ғаббасовты аттандырады. Сөйтіп, Ғаббас Досмұхамедов немере інісі Вильдан мен өзінің ұлы Нұғманды ауылдан тысқары жерге шығарып жіберіп жазадан құтқарып қалған. Өйткені, ОГПУ-дың жандайшаптары қанша іздесе де екеуін таба алмаған. Вильдан Ізмағамбетовтің ұрпақтарының айтуы бойынша екеуі Ресейге қарай қашып, бой тасалаған екен.

Ғаббас Досмұхамедовтың Күн батыс Алаш Ордаға қандай да бір қатысы болғаны айтылмайды. Оны байланыстыратын Батыс Алаш Орда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың туған ағасы болғаны. Құжаттарды зерделеп қарағанда байқағаным тергеп-тексеру барысында құзырлы органдардың тарапынан Жымпитыдағы кеңес өкіметіне қарсы наразылықтарға Жаһанша Досмұхамедов жетекшілік жасады ма деген күдіктерінің болғаны. Мәселен, ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің уәкілдері Жымпиты ауданындағы жауапты өкілдеріне телефонограмма жолдап, бұл іске Жаһанша Досмұхамедовтың қатысы бар ма, оның ауылдың байларымен және атқамінерлерімен қандай байланысы болған деп сұрау салған. 

1930 жылы 15 наурызда ОГПУ-дың уәкілдер өкілдігі жанындағы үштіктің отырысының шешімімен 16 адамға ҚК 58-8 және 58-10 баптары бойынша үкім шығарылған. Ғаббас Досмұхамедовпен бірге барлығы 5 адам ату жазасына кесілген, 1 адам қамаудан босатылған, қалғандары әр түрлі мерзімдерге концлагерге айдалған және жер аударылған. 1989 жылы 16 мамырда жазықсыз жазаланған жандардың барлығы Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен ақталған. 

-   Сіздің еңбектеріңізді шолып отырып, «Орда ауданы байларының ұжымдастыру саясатына қарсы бас көтеруі 1928-1932 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістерінің құрамдас бөлігі» деген түйініңізді көзіміз шалды  яғни халықтың колхоздастыруға қарсылығы  Жаңақала ауданынан басталып, Ордада жалғасып, одан әрі белең алған сияқты, осыны таратып айтып жібересіз бе? Бұған қатысты деректер мен құжаттарды да БҚО полиция департаменті архивінен алып отырсыз ба?

-   Азғырдағы кәмпескелеуге қарсы наразылықтарды, Жымпиты көтерілісін, Орал маңындағы селолардағы оқиғаларды, Жаңақала және Ілбішін көтерілісін, Орда байларының бас көтеруін, Күйгенкөлдегі колхоздастыруға қарсылықты, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарындағы кеңестік билікке бағынбаушылықтарды біртұтаста қарастыра отырып, 1928-1932 жылдары Батыс Қазақстан облысында халық көтерілістері болды деген тұжырымға келіп отырмыз. Орда байларының өздерінің дүние-мүліктерін және бостандықтарын қорғау жолындағы баскөтеруінің мақсат-мұраттары қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысымен де үндесіп жатыр. Сондықтан Орда ауданы байларының баскөтеруі 1928-1932 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Сонымен бірге Орда ауданындағы баскөтерулердің Жаңақала көтерілісімен байланысының болғандығы анық байқалады. Өйткені Жаңақала көтерілісіне қатынасқан және тергеуден босаған адамдар Орда ауданына келіп қоныстанған, одан әрі Астрахань округіне, Қалмақ облысына қарай қашқан. Қажығали Сұлтанғалиевтың, Омар Жетібаевтың, Медекеш Зайналиевтің және т.б. Жаңақала өңірінен шыққан көтеріліске қатысушылар екендігіне архив деректері дәлел болады. Міне, осындай белсенді көтерілісшілер Орда ауданы байларына идеялық қолдау көрсетіп, кеңестік билікке қарсы күресте оларға демеу болып отырған. 

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров

1930-1932 жылдары Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарындағы байлардың кеңес өкіметіне қарсы баскөтеруі орын алған. Оған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы архивінен табылған құжаттағы деректер айқын дәлел болып отыр. Архивте Сырымбеков Құлбай, Өтәлиев Үмбетәлі және басқаларын ҚК 58-10, 59-13 баптары бойынша айыптаған құжаттық іс сақталған. 

1930-1932 жылдары бай-кулактарды тап ретінде жою бағытында өткізілген ұжымдастыру науқанын жүзеге асыру кезеңінде Орданың байлары белсенділік танытып, Кеңестік билікке қарсы бүліктер жасаған. Олардың контрреволюциялық және антикеңестік қызметтері колхоздарды ыдырату, Кеңес билігінің жақын арада құлайтындығы туралы қауесет сөздер тарату, Қазақстаннан тысқары аймақтарға жаппай көшіп кетулерді ұйымдастыру түрінде көрініс беріп, ақыр соңында Кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жүргізуді мақсат еткен. 

-   Осы қарсылықтан кейін сотталған адамдар туралы деректеріңіз де бар шығар?

-   Ия, 1932 жылғы 28 желтоқсандағы ОГПУ уәкілдер өкілдігі жанындағы үштіктің отырысында Құрмашев Қаби және басқаларына, барлығы 9 адамға қатысты ҚК 58-10, 59-13 баптары негізінде үкім шыққан. Сырымбеков Құлбай, Өтәлиев Үмбетәлі, Айтқалиев Құбай, Мүлхайдаров Төлепқали, Жанғалиев Омарғали, Бектеміров Лұкпан – он жыл мерзімге концлагерьге қамалған. Кұрмашев Қаби,  Жәрдемов Шәкір, Сырымбеков Өтеғұл – бес жыл мерзімге концлагерьге қамалған. Барлығының мүлкі тәркіленген. Үмбетәлі Өтәлиевтің ұрпағы Ерлан Нуфтугалиевтің ауылдағы көне көз қариялардың айтқандарынан естуі бойынша сотталғандардың бірде біреуі елге қайтып оралмаған. 1989 жылы 13 шілдеде жазықсыз айыпталған Орда ауданы азаматтарының барлығы Орал облыстық соты Президиумының қаулысымен ақталған.

-  «Азғырдың Пензаға айдалған азаматтары» деген мақалаңыз бар екен, Азғырдың байларының тағдыры не болған?

-   Азғыр аумағы бұрыннан Бөкей Ордасына қарап келсе, 1926 жылдан Орал округінің құрамында Азғыр өз алдына аудан болып құрылған. Азғыр ауданы тараған кезде ауылдары Орда, Жаңақала аудандарының құрамына еніп кеткен. Бүгінгі таңда Азғыр және оның төңірегіндегі кейбір елдімекендер Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайды. Міне, сол кездегі Азғыр ауданына қарасты Таубұйрат, Толыбай, Жиделі, Шалқар, Үштаған және басқа да ауылдарында кәмпескелеу саясатының кесірінен дүрбелең етек алып, байлардың мал-мүлкі талан-таражға түседі. Тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов «Таубұйрат» атты еңбегінде Орал округінде кәмпескелеудің алғашқы кезеңінде 67 байдың тізімі жасалғанын, сол тізімдегі байлардың көпшілігін Азғыр ауданынан шыққандар құрағанын атап көрсеткен.

-   Кәмпескеге ұшыраған байлардың саны қанша, олардың аты-жөні сақталған ба?

-   Орал округіндегі кәмпескелеу науқанына қатысты деректер БҚО мемлекеттік архивінің №992 қорында сақталған. Архив құжаттары бойынша Азғыр ауданынан кәмпескелеуге ұшыраған 22 бай мыналар: Шәрмен Омаров, Сәти Балқашев, Шамақ Досқалиев, Шәпен Омаров,  Бомаш Болдиянов, Қожантай Хайрлиев,  Бектілеу Алғазиев, Латып Омаров,  Мақаш Исенбаев, Иманғазы Ғаббасов, Әбубәкір Мәмбетов, Халық Мәшекенов, Мұхамедияр Мұқатов, Өтешқали Мұқашев, Ғұсман Досқалиев, Қажыбай Абсатыров,  Көптілеу Алғазиев, Мұсағали Тоғайбаев, Бақи Өтегенов, Зұлқаш Шұбаев, Қаби Үмбетов. Осы байлардың ішінен Бектілеу Алғазиев, Мұхамедияр Мұқатов, Өтебала Баянасов, және Латып Омаров  құзырлы органдардың бақылауына бұрынырақ түскен. 1928 жылы бай шаруашылықтарды кәмпескелеу және оларды тұрғылықты мекендерінен көшіру шаралары барысында құзырлы органдардың назарына, әсіресе, ханның ұрпақтары мен бұрынғы болыс правительдер ілікті. Осы науқан қыза түскен уақытта ОГПУ-дың Орал өңірлік бөліміне Омаров Латып (Соқыр Латып),  Алғазиев Бектілеу  және Мұқатов Мұхамедияр үшеуіне қатысты ҚК 58-10, 58-13, 59-3 баптарында көрсетілген «қылмыстарға» айыптаған құжаттық іс келіп түскен. Бұл құжат бүгінгі таңға дейін БҚО Полиция департаментінің арнайы архивінде сақталып келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссияның және зерттеу тобының мүшесі ретінде аталған архив құжатымен танысып көрдік.

Шаң басқан архив құжаттарын зер сала қарағанда байқағанымыз, Азғыр ауданының №5 ауылы, Шалқар және Таубұйрат ауылдарының аталған ауқатты бай адамдары кәмпескелеу кезеңінде дүние мүліктерін жасыруға тырысты, Кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, патша үкіметі дәуіріндегі өмірлерін дәріптеді, жергілікті кеңестік билік аппаратын өздеріне бағындырып алды және билік органдары өкілдеріне қарсылық танытты деп айыпталған.

1929 жылы 15 наурызда ОГПУ алқасының арнайы отырысында ҚК 58-10 бабы бойынша  Омаров Сакур-Латыпқа, Мукатов Мухамедьярға, Алгазыев Бектлеуге қатысты №69040 айыптау ісі қаралып, үшеуін Ленинград, Мәскеу, Киев,  Дондағы Ростов, Одесса, Харьков губерниялары мен округтарында және Орталық Азия аумағында тұру құқығынан айырып, 3 жыл мерзімге Қазақстаннан жер аударуға шешім қабылданған. 1929 жылы сәуір айының соңында оларды Пенза өңіріндегі бай-кулактарды қабылдайтын елді мекенге жөнелткен. 

Азғыр ауданынан жер аударылған азаматтардың кейінгі тағдыры белгісіз, олар туралы қолымызда қандай да бір дерек жоқ. Дегенмен еліміздің егемендігінің арқасында 1999 жылы 29 сәуірде жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған Бектілеу Алғазиев, Латып Омаров, Мұхамедияр Мұқатов Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының қаулысымен ақталып шыққан.

Азғыр ауданының аса ірі байлары Кеңес үкіметінің байларды тап ретінде жоюға бағытталған солақай саясатының құрбандарына айналып, саяси қуғын-сүргінге душар болады. Шын мәнінде олардың еш кінәсі жоқ еді, олардың бар кінәсі ықпалды ірі бай болғандары, ақгвардияшыларды қолдағандары. Ал азамат соғысы кезеңінде елдің екіге жарылып, бірі-бірімен соғысуы тарихи заңдылық. Алашордашыларға, бұрынғы патша үкіметіне қызмет еткен шенеуніктерге бастапқыда кешірім берген Кеңестік билік кейін олардан қауіптенеді, оларды қоғамнан аластатып, саяси жағынан қудалауды, жаппай соттауды өздеріне мақсат етіп қояды. 

Азғыр ауданы бойынша кәмпескелеуге ұшыраған 22 байдың Пензаға айдалған үшеуін қоспағанда көпшілігі оңтүстікке қарай Алматы облысына жер аударылғаны белгілі. Солардың ішіндегі Омаров Шәпен 1937 жылы 3 қарашада РСФСР-дың ҚК 58-10 бабы бойынша кеңес билігіне қарсы шыққаны үшін ең жоғарғы ату жазасына кесілген. 1989 жылы 26 тамызда Қазақ КСР-і прокуратурасының қаулысымен ақталған.

-  Сол концлагерьлерге айдалған адамдардың аман қалып, елге оралғандары бар ма екен? Олардың ұрпақтары аталары туралы қандай да бір мағлұмат іздестіріп, осы мәселені зерттеп жүрген тарихшы ретінде сізге хабарласатын шығар?

-  Саяси қуғын-сүргін құрбандарының сотталғаннан кейінгі тағдырлары қатты ойландырады. Олардың кейбірінің ұрпақтарымен тығыз байланыс орнаттық. Үмбетәлі Өтәлиевтің ұрпағы Ерлан Нуфтугалиевпен, Омаровтардың ұрпағы Жарылқасын Өтешқалиевпен кездесіп видео-сұқбат алдым. Мақаш Өтешевтің ұрпағы Марат Мақашевпен әлеуметтік желі арқылы үнемі байланысып отырамыз. Алматы қаласында тұратын Омаров Шәпеннің келіні болып келетін Шапинова Сәуле Әбдірахманқызымен де телефон арқылы сөйлестім. Ол апай Омаров Шәпеннің ұлы Мәулекеш туралы біршама мәлімет берді. Мәулекеш атамыз саяси қудалаудан қашып Өзбекстанға қарай кетіп, кейін елге оралған. 

Ордадан сотталып кеткен 9 адам елге оралмаған деп айттық. 1930 жылы Ордадағы бас көтерулерге қатынасып, бірақ 1942 жылы сотталған Мақаш Өтешевтің ұрпағы Марат Мақашев атасының түрмеде өлгені туралы ресми түрде хат алған. Жаңақала көтерілісіне қатынасқан  Әлім және Маха Балмулдиндердің ұрпағы Мұнайдар Балмолда екеуінің де із-түзсіз кеткенін айтып отыр.  Жаңақала көтерілісіне қатынасып, он жыл мерзімге концлагерге кесілген Жүсіпов Қараның ұрпағы Қайрат Амангелдіұлының айтуынша арғы атасы Қара түрмеден қашып шығып аман қалған. Жаңақала көтерілісіне қатынасып, он жыл мерзімге концлагерге айдалған Такешев Ибраштың ұрпағы Такешев Аманжан Әділханұлының айтуы бойынша атасы елге оралмаған.   

Архив құжаттарын қараған кезде тергеу изоляторында өлгендер туралы деректер кездесті. Мысалы, Жаңақала және Ілбішін көтерілісіне қатынасқандардың ішінен тергеу кезеңінде 70-ке жуық адам өлген. Олардан басқа да өлгендер бар. Ол адамдар соққыдан, аурудан, аштықтан өлулері мүмкін.  Концлагерьлерге айдалған адамдардың көпшілігі елге оралмаған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары да аталарының қашан, қай жерде өлгендерін, қайда жерленгендерін білгілері келеді. 

-  Тарихшы ретінде соңғы кездері өзіңізді көбірек толғандырып жүрген мәселе қандай? Жұмыс жоспарыңыз туралы білсек.

-  Алдағы уақытта 1930 жылдары халық көтерілістеріне қатынасып сотталған адамдардың кейінгі тағдырларын анықтап, түрмеде өлгендердің қайда, қашан өлгендерін, қай жерде жерленгендерін нақтылау және олардың ұрпақтарымен байланыс орнату жағын қарастырамыз. Сонымен бірге 1920-1930 жылдары «бандалық топтарға» қатысты архив құжаттарын қарап, БҚО аумағында қанша «бандалық топтың» болғандығын айқындау, жетекшілерін және ұйымға қатынасқан адамдарды анықтау көзделіп отыр. Ол үшін Астана, Қарағанды, Алматы қалаларындағы архивтерде отырып еңбектену қажет. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?