Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи сананың мәдени аспектілері

1257
Тарихи  сананың  мәдени аспектілері - e-history.kz

Сурет: news.arsu.kz

Бағзы замандарда пайда болған көшпелі тайпалардың әлеуметтік институттары мен рухани өмір тіршілігі арасындағы байланыс пен байырғы мәдениетінің бірлігінің болғаны туралы сөз болады. Сондықтан өркениеттік мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде рухани тұрғыда қазақтың төл мәдениеті оның заңды мұрагері болып табылады. Олай болса, қазақ халқы өз тарихында әртүрлі қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де, ол өз мәдениетін дамытып, оның сабақтастығын сақтай білді. Яғни, өткен мен бүгіннің арасында тарихи сабақтастықтың барлығы ақиқат. Сондықтан аталмыш мәселе бізді бұл процестің әлеуметтік және рухани құрамдас бөліктеріне үңіліп, оны бүгінгі күннің тарихи білімі талаптарына сәйкес зерделеуге мүмкіндік берері сөзсіз. 

Қазақтың дәстүрлі мәдениеті ежелгі дүниеден бастау алады. Бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген көптеген тайпалардың бұл процеске тікелей қатысы болғандығы да күмәнсіз. Олардың бай құндылықтарының қазақтың мәдени мұраларынан көрініс тауып, осы күнге дейін жеткендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сонымен қатар бұл байланыстар ерте кезеңдегі көшпелі тайпалардың мәдениетінің, қалыптаса бастаған әлеуметтік институтары мен рухани өмір-тіршілігінің өзара жақындығын, байырғы қазақ мәдениетінің ішкі бірлігінің беріктігін көрсетеді. Осындай сабақтастық үдерісін осы тайпалардың тарихи-мәдени бірлігімен қатар, олардың антропологиялық тұрпатының тұтастығынан да байқауға болады. . Біздің заманымызға дейінгі IX-VIII ғасырлар аралығында өмірге көшпелі қауымның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратын ортақ мәдениет пайда болды. Соның арқасында Ұлы Дала көшпенділері көптеген көрші отырықшы халықтармен тығыз мәдени қарым-қатынастар орнатып, біріншіден, солардың мәдениетінің кейбір элементтерін өз бойна сіңіріп отырса, екінші жағынан, бұл мәдениет әлемінің ішкі мазмұны көшпенділердің тәжірибесімен де байып, толыққанды сипат алды деуге негіз бар. 

Көшпенділер табиғатпен тығыз байланысты болып, тіптен онымен біте қайнасып, өздерін ешқашан табиғатқа қарсы қоймай, оның бір бөлігіне айналып кетті. Табиғат көшпенді үшін өз үйі іспеттес болды. Ол үнемі көшіп жүріп, жаңалыққа құмартып, табиғатты бағалап қана қоймай, оның тілін де түсінген. Ал жануарларды қолға үйретіп, жер шаруашылығының пайда бола бастаған кезеңінен кейін көшпенділердің табиғатқа деген көзқарасы мүлдем өзгереді. Бұдан былай ол қоршаған әлеммен тұтаса бірігіп, осындай ортада әлеуметтену үдерісінен өтіп, олар жан-жақты дамып, әлеуметтік тұрғыда үлкен тәжірибе жинақтады. Яғни, табиғатпен ықпалдастықтың арқасында көшпенділер өздерінің өмірлік қажеттіліктері мен рухани ұстанымдарын айқындап отырған. Бұл әлеуметтік практиканың негізі түптеп келгенде мәдениет болатын. Себебі аталмыш әлеуметтену үдерісінің өзі мәдени қарым-қатынасқа негізделді. Оның үстіне көшпенділердің дәстүрлі экологиялық мәдениеті табиғат пен адам әлемінің әу бастан-ақ етене байланыста болып, табиғатты сақтамаса, адамзат баласының жойылып кету мүмкіндігін олар жақсы  түсінді. Адамның табиғатпен осындай байланысының барысында көшпенділердің өзіндік өмірлік мінез-құлқы және сәйкесінше тиісті салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары дүниеге келді. Бұл тәжірибе мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде көбіне-көп өнерде көрініс тапты. Яғни, ол әлемді тану, өзін-өзі тану арқылы қазақтардың тек өзіне ғана тән болмысы қалыптасты дегенді аңғартса керек.  

Қазан төңкерісінен кейін күштеп отырықшылыққа көшірген солақай саясаттың кесірінен қазақ мәдениеті көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып, күйзеліске ұшырады. Табиғатпен үйлесімді өмір кешіп, үнемі қозғалыс пен даму үстінде жүрген қоғам бір сәтте қатаң саяси қыспаққа түсіп, оның әлеуметтік өрісі тарылды. Өйткені бұл процесс эволюциялық жолмен емес, революциялық күштеу тәсілдері арқылы іске асырылды. Қазақ мәдениеті осындай аласапыран замандарды басынан өткеріп, әртүрлі тауқыметті көріп, зұлматтық сынақтардан өтсе де тарихи сахнада өзін сақтап қалды. 

Көріп отырғанымыздай, мәдениет адамзаттың тек қана рухани тәжірибесі емес, ол сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бір алғышартына айналуда. Адамдардың рухани өміріндегі оның алатын әлеуметтік рөлі де артуда. Сондықтан әлеуметтену үдерісінің өзі  мәдени қарым-қатынасқа негізделуде. Ендеше мәдениет мәдени болмыстың тірегі ретінде тарихи-мәдени процестің мәйегіне айналып отыр. Яғни, адам руханилығының дамуы мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты екен. Ол адам тәжірибесін жинақтап, сақтап және оны ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге таратып, жеткізеді. Мәдениет адамзаттың әлеуметтік жадына айналып, оның тарихи танымын кеңейтіп, адамды тұлға қылады, оларды біріктіріп, қоғамның бірлігін нығайтады. 

Алайда, бір жағынан алғанда, жаһандану заманы халықтардың мәдени бірегейлігіне нұқсан келтірсе, екіншіден, ол халықтар арасындағы байланысты күшейтті, мәдени қарым-қатынастар мен көші-қон процестеріне екпін берді. Осымен бір мезгілде тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның алдында күрделі міндеттер пайда болды. Мемлекет құрып, оны аяғынан тік тұрғызу үшін экономикалық және әлеуметтік мәселелерге көңіл аударып, елдегі қайта құруларға азаматтарды тікелей тарту арқылы азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімге қол жеткізу керек болды. Бір өкініштісі қоғамды демократияландыру үдерісі Қазақстанда тек батыстық үлгілерге ғана бағдарланып, түрлі тарихи себептерге байланысты үзіліп қалған дала демократиясының құндылықтары ескерусіз қалды. Қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы ретінде пайда болған демократиялық сипаттағы саяси-құқықтық жүйесі сол дәуірдегі қоғамдық-саяси өмірдегі мінез-құлықтық стандарттар мен сот билігінің үстемдігін көрсетті. Әрине, біз бұл жерде «далалық» демократияны асыра мақтап, оны идеялизациялаудан аулақпыз. Оның үстіне қоғамда және ғалымдар арасында ол туралы сан-алуан пікірлердің барлығы да жасырын емес. Ғалымдардың осы тақырып төңірегіндегі ізденістерінен қазақ даласында белгілі дәрежеде болса да «демократияның» сол дәуірге сай ерекшеліктерін аңғарып, оның кейбір элементтерін байқауымызға болады. Мәселен, адамның жеке басын қорлауға жол берілмеуі, хандардың сайлануы, хан сайлауына арналған жиналысқа қолына қару ұстай алатын еркін азаматтардың қатысу мүмкіндігінің болғандығы, ақын-жыраулар сөйлегенде оларға халықтың мүддесінен басқа ешбір шектеулердің қойылмағандығы, өлім жазасының сирек қолданылуы, оның тек халықтың жалпы жиналысының ғана құзырында болғандығы, дауларды шешу барысындағы қарапайымдылық пен қолжетімділік, сот процесінің ашықтығы мен бейтараптығы, дәлелдеудің еркіндігі, оның бәсекелестік негізде өтуі, екі жақтың өкілдерінің сотқа қатысуына шектеудің болмауы, оның шешімін орындауға қоғамдық пікірдің ықпал ету мүмкіндігі көп нәрсені аңғартса керек. 

Негізінен, бұл жүйе даулар мен қақтығыстардың алдын алуға бағытталған болатын. Ал даулар шығып жатқан жағдайда қоғамда қалыптасқан практикаға сүйеніп, оларды тез арада және дер кезінде шешіп отырған. Сондықтан ол жүйенің басты тұлғасы ретіндегі бидің рөлі жоғары болған. Оған қатаң талаптар да қойылған. Олар сайланған жоқ. Билерді халықтың арасынан қоғамдық өмірдің өзі шығарған. Өз қызметінде олар атына кір келтірмейтін мінсіз қызметі, ар-намысы мен қадыр-қасиетіне сүйенді. Билер үшін беделдің маңызы ерекше болды, өйткені ол қоғамдық пікірге тікелей байланысты еді. Сот төрелігінің  негізгі мақсаты – қорқыту және жазалау емес, керісінше, екі жақты татуластыру болған. 

Далалық демократияның осындай өзіндік сипаттары дәстүрлі көшпелі қоғамның табиғатынан бастау алады. Ол осы әлеуметтік субъектілерді өмір сүрудің оңтайлы алғышарттарымен қамтамасыз етіп отырды. Сондықтан осылардың нақты бір дәлелі ретінде Жеті жарғыдан халық аузында мәтел сөздер ретінде сақталған мысалдар да баршылық: «Халық қаласа, хан түйесін сояды», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Дау мұраты – бітім», «Қара қылды қақ жару», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Әділ билік – алтын таразы», «Ханға хандық, биге билік», «Иілген басты қылыш кеспейді», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жан алып жат болма» және т.б. 

Жалпы алғанда, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілді сақталуын қамтамасыз ету, сөз, жиналыс, ұйым құру бостандықтары; әлеуметтік-саяси плюрализм; жариялылық; жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жоғары билік органдарын сайлау және олардың халық алдында есеп беруі; мәселелерді көпшілік дауыспен азшылықтың пікірін ескере отырып шешу және т.б. қазіргі заманның талаптарына сәйкес демократияның маңызды сипаттарының қатарына  жатқызуға болады.

Сонымен ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы сөз қозғағанда ұлттық рухымыздың, рухани мәдениетіміздің бір парасы ұлы Абайдың даналығына жүгініп, бүгінгі күнгі қазақ қоғамында орын алып отырған кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу мәселесіне, оның келеңсіз тұстарына көңіл аударған жөн сияқты. Қалай болғанда да, көп мәселе ұлттық және тарихи санаға келіп тірелері сөзсіз. Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму да, азаматтық қоғам мен демократиялық үрдістердің тереңдеуі де осыларға байланысты. Сондықтан болар Абай өзін ойландырған проблемаларды жан-жақты түсінуге және сол түсінгенін елге түсіндіруге тырысты. Ол айналасындағы дүниені сезімге берілмей, түйсік пен ақылға сүйене отырып тануға тырысты. Ақын адам бойындағы көптеген мінездік ерекшеліктер мен сипаттарды көре білді, оларды ұғынып, түсінді де. Ойшыл Абай олардың табиғатына да зер салып, терең үңіліп қарады. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында көрініс тапқан еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттерді қазақ халқына тән, туа біткен қасиеттер деп емес, керісінше, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары деп қарастырды. Ол оқу, ғылымды тарату және ағартушылық жұмыс жүргізу арқылы халықтың сана-сезімін өзгертуге болатындығына кәміл сенді. 

Олай болса, ұлы Абайды қазақ қоғамындағы болып жатқан көптеген процестер алаңдатпай қоймады. Олардың қатарына кедейшілік, қайыршылық, қараңғылық, патша үкіметінің озбырлығы, болыстардың парақорлығы мен байлардың сараңдығын, сол сияқты жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, қулық-сұмдық, ұрлық пен орынсыз күлкіні, алтыбақан алауыздықты, надандықты, арсыздык пен ұятсыздықты жатқызуға болады. Ендеше, ағартушы, философ Абайдың адамгершілік, мораль мәселелері, адам психологиясы және бала тәрбиесі, имандылық тақырыбы, жаман мінез бен әдеттер, адамгершілік жайындағы өсиеттері осы күндері де өзінің маңыздылығын жойған жоқ.

Өйткені Абай жақсы менен жаманды айыруға, өзгенің сөзін тыңдап, босқа ауызбен орақ ормауға, бос мақтанға салынып, бекер көкірек кермеуге және  адал жүріп, адал тұруға шақырды. Ол ел арасына іріткі салу мен  оның сиқын  бұзуға жол бермеу керектігін түсінді. Гуманист Абай ар мен иман, арсыздық пен халықты алдау, жастардың болашағына балта шабу сияқты қылықтардың түбінде жамандыққа әкелерін ескертті. Өйткені бұл елді бұзып, шайтанның торына түсіріп, өршіл, өсек-аяңшыл, жалақор, арызқойлар мен әртүрлі  пысықайлардың жақсыны тірісінде аңдып, өлсе өкіріп жылайтындардың заманын тудырған-ды. 

Демек, ұлы ойшыл Абайдың рухани мұрасы – қазақ халқының ұлттық және тарихи санасын қалыптастырудағы баға жетпес құндылық. Ал оны бүгінгі күннің талабы мен міндеттері тұрғысында қарастыру, одан тәлім-тәрбие алу – өмірлік қажеттілік. Бұл мәселенің өзектілігі әсіресе қазіргі әлемдегі жүріп жатқан жаһандану  процестері мен демократияның қазіргі үлгісінің сынға ұшырап, оның қосарланған стандарттарға жол беріп отырған кезеңінде арта түспек. Мұндай аласапыран заманда адамның мәйегі мықты болу үшін оған ең алдымен рухани-мәдени негіз қажет. Адам өзінің кім екендігін түсініп, етек жеңін жинап, алды-артына қарамаса, азғантай ат төбеліндей трансконтиненталдық халықаралық корпорациялардың жемтігіне айналып кетуі әбден мүмкін. Көптің бірі болып, заман диірменінің тасына түсіп, ұнтақталып жоқ болып, күлге айналып кетуге де болады. Сондықтан ұлттық және патриотизм сезімінен жұрдай болып, тіптен деструктивті күштердің ықпалына түсіп, айдауына көніп солардың соңынан еріп кетпес үшін адамға бай ұлттық негіз керек-ақ. Ендеше, туындап отырған проблемаларды шешу үшін түбегейлі бетбұрыс қажет. Ол бізге тарих сахнасынан ғайып болып кетпей тұрып өзімізді-өзіміз адам ретінде, ұлт ретінде сақтап қалуымызды талап етеді. Өйткені, XXI ғасырға бет бұрған көшке берекесі әбден кеткен, жартыкеш мәдениет қосыла алмайды. Сонымен бірге тәуелсіз Қазақстан үшін халықтардың өзіндік ерекшеліктерін дамытатын және әртүрлі елдердің арасындағы мәдени құндылықтар алмасуының құралы болатын мәдени әртүрлілікті сақтау үдерісі тұсында бәсекеге қабілетті бола алатындай әлеуеттің болғандығы да аса  маңызды. 

 

 

Жапсарбай Қуанышев, 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім Министрлігі 

Мемлекет тарихы институты

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?