Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазіргі Қазақстан Республикасының шекарасы қалай белгіленді?

5516
Қазіргі Қазақстан Республикасының шекарасы қалай белгіленді? - e-history.kz

Сурет: el.kz

Қазан төңкерісі жеңіске жетіп,  Кеңес Одағы құрылған соң құрамдас 15 республиканың бірі – Қазақ АКСР-ның шекарасын анықтау қажет болды. Дәл осы кезде бұрынғы империялық Ресей құрамында өмір сүріп келген қазақтардың қоныстану, яғни, орналасу территориясы  2960 мың шаршы шақырымға жетіп, құрамында 6 губерния, Адай уезі, Қарақалпақ облысы сыйып жатты. Яғни, қазіргі территориядан (2 724 мың шаршы шақырым) 236 мың шаршы шақырым көп болған.  Бұл РКФСР бойынша аумағы бойынша Якутиядан кейінгі екінші орын (1928 жылғы КСРО атласы құжаттамасынан). 

Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Автономиясы құрылған соң республика басшылары РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатына «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің территориясы мен шекарасы» атты құжат ұсынды. Дәл осы тұста Қазақияның жер көлемі (оңтүстік өңір қосылған жоқ) – 2 285 26 шаршы верст (1 верст - 1 км) болды. Халқы 4 068 920 адам. Қазақтар – 2 441 360 адам немесе халықтың 60 пайызы. Орыстар – 1 627 560 адам, халықтың 40 пайызын құрады. 

Жоғарыдағы ұлан-байтақ жерді қазақтарға беруге басқалар қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, қазақтың байырғы жерлерін бір ғана Қырғыз (Қазақ) Автономиясына беру – тек буржуазиялық ұлтшылдардың күшеюіне  әкеп соғатынын ескертіп, Қазақ республикасына қарасты Орал облысының Гурьев, Лбищенск және Орал уездерін, Торғай облысынан Қостанай уезін, Ақмола облысының Петропавл, Омбы, Көкшетау уездерін қоспауды ұсынды.

Осылай бұрынғы империялық Ресей бұғауынан босанған жұрттар арасында жер бөлісу, яғни, территория анықтау таласы туындады. Сол үшін қыруар комиссия құрылды. Айтыс-тартыс орын алды. 

1920 жылғы 9-10 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы жанынан Қырғыз (Қазақ) АКСР мен Ресей Федерациясы шекарасын нақтылау туралы мәселелер талқыланды. 

Жоғарыдағы жиынға Қазақ АКСР атынан: С.Пестковский,                Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский, Қазақстанның облыс орталықтарынан: С.П.Милютин, Д.Темірәлиев, Ә.Ермеков, Оразаев, РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатының төрағасының көмекшісі, Түркомиссияның Орталық Комитеті мүшелері Г.И.Сафаров, Т.Рысқұлов, БОАК мен РКФСР ХКК төрағалары, Жер Халық Комиссариатынан, Сібревком, Омбы, Астрахан, Челябинск облыстық атқару комитетінің басшылары және басқа да жауапты адамдар қатысты. 

Қазақ АКСР басшылары болса, патша заманында  қазақ жері Жайық-Орынбор-Ор-Ертіс шептерімен (Горькая линия) қоршалған және осы құжат негізінде Ресей мен Қазақия шекара сызығын белгілеу қажет деген заңдылықты алға тартты. Осы ұстаным Қазақ АКСР шекарасын нақтылап, белгілеуге негіз болды. 

Жас ғалым Шахкәрім Садуақасовтың зерттеуін негізге ала отырып айтар болсақ, облыс орталықтарынан шақырылған өкілдердің бірі - Әлімхан Ермеков мамыр айының басында Орынбор қаласына жетеді. Орынборда өткен жиында Ә.Ермеков Семей мен Ақмоланың Қырәскериревкомы құрамына қайтарылуы жөнінде баяндама жасайды.

Бұл жайлы Ә.Ермеков өз естелігінде: «Баяндамамда мен азамат соғысының аяқталуына байланысты Семей мен Ақмола облыстарын енді Қырәскериревкомның қарамағына қайтару керектігін атап өттім. Және осы мәселені талқылау кезінде болашақ автономиялық республика құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселелер көтерілді», - дейді  (Қазақ үні газеті. Шахкәрім Садуақасов, «Әлімхан Ермековтің қазақ шекарасын анықтаудағы ерен еңбегі», 20 наурыз. 2016 ж).

Екі күнге созылған бұл мәжілісте болашақ Қазақ автономиясының территориясы мәселесі төңірегінде тиянақты шешім болмайды. Ақырында 14-тамызда болашақ Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Республикасын құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселені 17-тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өтетін БОАК мен ХКК-нің біріккен отырысында талқыға салу көзделді.

Осыған байланысты Ә.Ермеков Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу мәселелері бойынша Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісіне дайындалады. Мәжіліс 1920 жылдың 17-тамызында өтеді. Төрағасы В.И.Ленин болған ХКК-нің осы отырысында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Республикасын құру туралы жоба жасалды.

Бұрын В.И.Ленинмен телефон арқылы сөйлесіп (1918 ж. наурыз) таныс болған Ә.Ермеков енді оның алдында баяндама жасау мүмкіндігіне ие болады. 

Бірінші болып Кеңестік Түркістан Республикасында, әсіресе, Жетісу өлкесінде жер реформасын жүргізу туралы белгілі коммунист, орталық үкіметтің уәкілі Г.И.Сафаров баяндама жасаған. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясат кезінде, әсіресе, Столыпиннің басқыншылық, озбырлық саясаты тұсында қазақтың шұрайлы егіндік, шабындық жерлерінен айырылған еңбекші бұқараның атамекендерін, мәйектерін, жайлауын, күзеуін өздеріне қайтарып, ондағы орыс кулактарын көшіру қажеттігін алға тартқан  (Қазақ үні газеті. Шахкәрім Садуақасов, «Әлімхан Ермековтің қазақ шекарасын анықтаудағы ерен еңбегі», 20 наурыз. 2016 ж).

Сафаровтан кейін сөз алған Ермеков өз баяндамасында, Каспий теңізі теріскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақырымға, Нарын құмына дейін созылған, шаруашылыққа тиімді шығанақ-бұғаз орыс помещиктеріне, алпауыттарына әперілген, басқаша айтқанда, П.А.Столыпиннің мемлекеттік думада «Қазақ жерін игеру» науқанынан кейін «Миллионный фонд» деп аталған өңірді және Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағын, он шақырымнан қатарластыра кесіп алып, сібірлік орыс-казактарға тартып әперген жерлерді болашақ Қазақ Республикасына қосу керектігін айтқан  (Орталық Қазақстан газеті. Жайық Бектұров: «Үш Әлекең». 3-қыркүйек. 1989 ж). 

Ермеков жоғарыдағы Каспий-Атырау жағасындағы Астрахан жақ алаптағы бұғаз-шығанаққа тоқталып, осы аймақты болашақ Қазақ автономиясына қосу мәселесін көтергенде бұл ұсынысқа партияның көрнекті қайраткерлері Ш.З.Элиава, Н.П.Брюханов, Н.Н.Крестинский, Астрахань губаткомының төрағасы ашық қарсы шығады. 

Бұл жерлердің қалай да Ресей құрамында қалуын көздеген олар: «…қазір Ресейде аштық әлі қабындап тұр. Атыраудың балығы астанамызға - Мәскеуге, Петроградқа қажетті азық-түлік. Сондықтан бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек», - деп негіздеген.

Бұл пікірге Ә.Ермеков «…аймақта тұратын халықтың көпшілігін қазақтар құрайды. Бұлардың негізгі кәсіптерінің бірі балық аулау. Табыс табу үшін бұрын жалданатын, егер бұл жағалау енді өз иеліктеріне көшсе, орталыққа беретін өнімді екі, үш есе арттырады», - деп тұжырымдайды (Орталық Қазақстан газеті. Жайық Бектұров: «Үш Әлекең». 3-қыркүйек. 1989 ж).

Қысқасы,  патша заманында Астрахан губерниясының иелігіне көшкен Нарын құмы жағалауын Қазақстанға қайтарып беру жөніндегі талас қызған кезде Ленин: «Қай халық көп болса, соған берілсін», - деген уәжі ұстанады. Сөйтіп, Нарын өңірінде қазақтар көп болғандықтан, өңір қазақ АКСР құрамына беріледі. 

 

Сібірліктердің қазақ даласына таласуы

1919 жылы 27 тамызда Сібір өлкесін басқару үшін Сібір Төңкеріс комитеті дейтін әкімшілік (Сібір республикасы) құрылып, оның орталығы болып Омбы қаласы белгіленді. Кезінде патшалық Ресейдің қазақ даласын басқарудың ошағына айналған Омбы үкіметі бұрын «Сібір қазақтары» мекендеп келген Орта жүз аумағын өздеріне қосып алуды көздеді. 

Олар атап айтқанда, қазақтар тығыз қоныстанған Сарыарқа даласын, яғни, бұрын орталық басқаруы Омбыға қарап келген Ақмола облысын және оның құрамындағы Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы уездерін, сонымен қатар, Павлодар, Қарқаралы, Зайсан және Өскемен уездерін Сибревком өзінің құрамына қосып қойды  (kk.wikipedia.org. Орта Азия республикаларының аумағын межелеу).

Қырревкомның басшылары С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровскийлер Сибревкомның жоғарыдағы шешіміне қарсы тұрды. Төңкеріс комитетінің өкілі В.Н.Соколовтың естелігінде, Сибревком мен Кирревкомның өкілдері арасында екі елдің аумағын алып жатқан Ертіс бойына таласу дауын жазады. Қазақтар Ертіс байырғы біздің өзен десе, сібірліктер бұрынғы отарлау шебі осы өзен бойымен өткенін, жер орыстікі екенін алға тартады. Ақыры шекара қазақтар айтқан дәлел негізінде тоқтады, дейді.

Сөйтіп, 1920 жылы 9-10 тамызда Лениннің төрағалық етуімен БОАК-тың президиумында барлық мүдделі жақтың қатысуымен қазақ өлкесін басқару, оның шекаралары, Ресей Федерациясымен қарым-қатынастарының мәселелері қаралды. Сібірліктер әуелі Ақмола мен Семей облыстары Қазақстанға берілген жағдайда жергілікті халықты басқа ұлт өкілдерінің құқына нұқсан келеді-міс деген сылтауды алға тартты. 

В.Ленин едәуір алауыздық жағдайында бірден-бір дұрыс жол табуға тырысты. Бұл ретте ол даулы жер мәселесін, шекара белгілеуді құрылғалы тұрған Қазақ Республикасының пайдасына шешудің қажеттілігін дәлелдеп берді. Тамыздың 17-24 арасында бүкіл талқылау аяқталған соң Омбы уезінің жері қақ бөлініп, бір бөлігі Сібірге, екінші бөлігі Қазақстанға қарады. 

1920 жылы 4 тамызда “Сібірді аудандарға бөлу” деп аталатын қаулы қабылданды. Қаулы бойынша Павлодар уездерінің солтүстігіндегі 10 болыс, 12 тұзды көл мен бірнеше аудан толық Омбы уезіне өтіп, Павлодар қаласының төңірегіндегі елді-мекендер тұз өндірілетін көлдері мен ормандарына қоса Славгород уезіне қосылды. Осы мәселеге байланысты басталған екі жақты талас-тартысты шешу үшін 1920 жылы тамызда Ленин бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылатын Қазақ автономиясы Республикасына тұтас қалпында қосуға нұсқау берді (Сибирский революционный комитет (Сибревком), тамыз 1919 – желтоқсан 1925. Сб. документов и материалов. Новосібір., 1959 ж).

Нәтижесінде, Есіл уезінің шығыс жағындағы бес болыс Ақмола облысының Петропавл уезіне берілді. Кейінірек, дәлірек айтқанда, 1921 жылы қарашаның 10-да Омбы уезінің 15 болысы Шалқар уезіне беріліп, Ақмола губерниясына қосылды. Сібір ревкомының үстем пиғылы орындалмады (Тілеу Көлбаев. Отарлау ойраны: басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы… http://alashainasy.kz).

Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 жылы 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-ына қосымша Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы беріліп, онда 4-12 қазан аралығында Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай сиезі болып өтті. Орынбор қаласы (1920 -1925) – Қазақстанның алғашқы астанасы болды 

Шекара дауы бұнымен шектеліп қалмады. 1920 жылдан 1922 жылға дейін Қазақстанның Сібірмен арасындағы шекара мәселесі партияның Орталық Комитетінде В.И.Лениннің қатысуымен бірнеше рет қаралды. Мұндай талқылау РК(б) П Орталық Комитетінде 1920 жылы ақпанда және 1922 жылы ақпан мен мамырда, БОАК-те 1922 жылы қаңтар мен ақпанда болып өтті.  Осындағы жиындар барысында, Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 жылы 26 қаңтарда ұланбайтақ жерлер толығымен біржола қазақтарға берілді.

 

Батыс өңірдегі шекара мәселесі

1921 жылы 19 сәуірде Қазақ  АКСР-сы Орталық Атқару комитетінің декреті бойынша Жайық пен Ертіс өңірінде бұрын орыс-казактарға тартып әперілген он шақырымдық шеп құрған жерлер қазақ халқына қайтарылды. Бұл оқиға қазақ жерін билеп-төстеп үйренген кейбір шовинистердің қарсылығын туғызды. Олар республиканың құрамынан жекелеген уездерді, тіпті губернияларды бөліп әкетуге әрекеттер жасады. 

Мысалы, 1921 жылы маусымда Орал губкомы орыс-казақтардың құқығын қорғау деген желеумен Жайықтың сол жақ жағалауында қазақтарға қайтарылған он шақырымдық шеп құрайтын жерді бермеу туралы шешім қабылдап, орталыққа Орал губерниясының Қазақ АКСР-інен бөлінетіндігі туралы хабарлайды. Алайда, партияның Орталық комитеті мұндай өтінішті қабылдамай тастады. 

Қостанай губерниясының кейбір басшы қызметкерлерінің тарапынан да шовинистік әрекеттер көрінді. Олар Қостанай уезін Қазақ АКСР-ның құрамынан бөліп Челябі губерниясына қосу туралы талап қойды. Алайда, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, Ә.Досов басқарған арнайы комиссия Қостанай губкомының жұмысын зерттеп, басшы қызметкерлер тобының шовинистік көзқарасын айыптады. Сөйтіп, губкомның хатшысы Шафрет бастаған бұл топ қызметтен қуылды.

Қазақтардың санының аздығын желеу етіп, 104 мың шаршы шақырым жер (оның ішінде Орынбор қаласында бар) Ресей қарамағына алынды. Орынбордың Ресейге өтуіне байланысты Қазақстан астанасы Ақмешіт қаласына көшірілді. 

Алайда, 1925 жылы көктемде Қазақстан астанасы Ақмешітке (Қызылорда) көшуіне байланысты Орынбор мен Магнитогор болыстарының оңтүстік-шығыс шекарасы Қазақстанның осы тұстағы солтүстік-батыс шекарасы болып белгіленді. Орал тауының оңтүстік салпысы Магнитогор қаласын ортаға ала отырып, болашақ индустрия дамитын аймаққа айналмақ болды. Ондағы жұмысшы қауымды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыратын егіншілік пен мал шаруашылықты өлке де керек деген желеумен Ақтөбе губерниясы құрамындағы Ақбұлақ ауданы Орынбор облысына қаратылды да, республика шекарасы оңтүстіккке қарай жылжытылды. Шекара одан әрі бұрынғы Ор шебі бойынша тартылып, Ащылыөзек шебімен жалғастырылды (Қалмұқан Исабаев. Патшадан шен алған қазақтар. «Өлке», 2007 ж.7-б).

 

Жетісу және Түркістан өлкесіндегі шекара мәселесі

Қазақ автономиялы республикасы құрылғаннан кейін Түркістанға қарасты Жетісу мен Сырдария облыстарын Қазақстанға беру процесі де бірнеше жылға созылды. Тұрғындары мидай араласып жатқан Түркістан өлкесінде шекараны белгілеу расында, оңай шешіле қоймады. Әуелі, халықтар арасына түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді. Өйткені, Ташкент маңын мекендеген қазақтар Қазақстанды қаласа, Шымкент және Ош өңіріндегі өзбектер Өзбекстан республикасын таңдады. 

Қазақ АКСР-інің басшылығы РК(б)П ОК-нен Жетісу мен Сырдария облысының қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. 1924 жылы 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлуге әзірлеу комиссиясын құрды. 

1924 жылы 27-28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ облысы комитетінің (Қазобком) II пленумы болды. Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожановтың “Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы” баяндамалары тыңдалып, талқыланды.  Сөйтіп, 1924 жылдың 27 қазан айында КСРО ОАК-нің екінші сессиясында «Түркістан АКСР-нің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлер Қазақ АКСР-іне қосылсын» дейтін қаулы бекітілді. Нәтижесінде, Орта Азия аумағының 45,7 пайызы, яғни, 797,9 мың шаршы шақырым жері Қазақ АКСР-іне қосылды. Оның ішінде 112 мың шаршы шақырым Қарақалпақ автономиялық округі де бар еді. Бұл окург 1930 жылы шілдеге дейін Қазақстанның құрамында болды (Нусупбеков А.Н., Объединение казахских земель в Казахской Советской Социалистической Республике, А-А., 1953).

Жоғарыдағы шешімнен кейін қазақ-өзбек шекарасы Ташкент және Мырзашөл уезі арқылы белгіленді. 1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде шекара межелеу мәселелері тағы да қаралып, өзбек ағайындардың өтініші бойынша Ташкент өңірін Өзбекстанға  беру  туралы ұйғарым жасалды. Ал, Қазақстанға: Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент пен Әулиеата уездерінің басым бөлігі, Самарқанд облысының Жизақ уезінің алты көшпелі болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Пішпек уезінің Георгиевка, Шу, Қарақұныс болыстары қосылды (Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 1998 ж, VII том).

Сайып келгенде, Түркістан республикасының 600 000 шаршы шақырым жері Қазақстан жеріне өтті. Бұл аз ба, көп бе? Әлбетте, бастапқы шешімге қарағанда бұл едәуір олқы көрсеткіш. Өйткені, алғашқы құжат бойынша, Қазақстанға 2,5 млн. тұрғыны бар 900 000 шаршы метр жер берілуі тиіс еді (Тілеу Көлбаев. Отарлау ойраны: басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы… http://alashainasy.kz).

1930 жылы Қарақалпақ автономиялы облысы Мәскеудің нұсқауымен Өзбекстанның құзырына кетті. Кейінірек, әкімшілік басқару тұрғысынан қолайлы деп Бостандық ауданы да Өзбекстанға берілді. Араға тағы біраз уақыт салып Мақтарал, Жетісай, Киров, Ильич аудандары Өзбекстанның қанжығасына байланды. Осынау алыс-берістің бірде-біріне халық ықылас білдірген жоқ. Бәрін шешуші – Мәскеу, бәрін реттеуші – Компартия. Осындай қиғаштық салдарынан Қарақалпақстанда, Бостандық ауданында, Ташкент, Самарқан, Бұқара, Жизақ және тағы басқа облыстарда қазақтар өз республикасынан тысқары мемлекеттерде қалып қойды. (Тілеу Көлбаев. Отарлау ойраны: басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы… http://alashainasy.kz).

Республикамыздың геосаяси және экономикалық-географиялық жағдайы да біршама өзгеріске ұшырады. Бұрындары Қазақстан азғантай ғана бөлікте Қытай мемлекетімен шектессе, енді Орта Азия республикаларының межеленіп, бөлінуі нәтижесінде оның мемлекеттік шекаралық сызығының ұзындығы 2200 шақырымға дейін ұзартып, сол кездегі одақтың шетелдік мемлекеттермен шекаралас шеткергі аумақтарының біріне айналды. Мұндай өзгерістер және қазақ халқының бір мемлекет шеңберінде толық жинақталып, кейін Кеңес құрамында одақтас республика болып құрылуына себептігі тиді. Оның сыртында 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздік алған тұста Қазақстан Республикасы жоғарыда Ленин бекітіп берген шекарасын сақтап қалды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?