Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлкей Марғұлан мұрасы дәріптелді

1820
Әлкей Марғұлан мұрасы дәріптелді - e-history.kz

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы 3 сәуір күні Ғылым күніне орай бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім талапкерлеріне және ғылымға қызығатын жастарға Ашық есік күнін өткізді. Академик Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына ұйымдастырылып отырған іс-шарада қатысушыларға мол ақпарат берілді.

Ашық есік күні бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім талапкерлеріне және ғылымға қызығатын жастарға «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы туралы ақпарат беріліп, ғылыми орталықтың ғалымдары мен мамандарынан қолжазбаларды жинақтау, жүйелеу және зерттеу жұмыстары туралы ғылыми әдістемелік кеңес ала алды. Университеттің тарих факультетінде білім алатын шәкірттер қатысып, қызығушылық танытты. 

Білім алушылар үшін Академик Әлкей Марғұлан кабинетіне (университеттің ғылыми кітапханасы, 204 каб) «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ғалымдары зерттеген қолжазбалар мен зерттеулер, баспадан шыққан кітаптар көрмесі қойылды. 

Ғылыми орталық басшысы т.ғ.д. Д. Махат, бас ғылыми қызметкер, ф.ғ.д. Т. Жұртбай, бас ғылыми қызметкер, шығыстанушы, көне қытай, қытай және басқа да қолжазбаларды оқитын сирек маман Е. Сыламхан, бас ғылыми қызметкер, араб және парсы тілдерінің маманы, шығыстанушы Б. Мұстафаев, алаштанушы жас ғалым З. Кәрімхан, т.б. орталық қызметі мен жұмыстары жайлы айтып өтті. 

Ғалымның есімімен аталатын кабинетке қойылған кітаптар көрмесін ғылыми кітапханасы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінің басшысы М. Ермағанова қордағы қолжазба мұралар туралы баяндады. 

Іс-шараның екінші бөлімінде академик Әлкей Марғұланға хат жазған ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы қасиетті Ұлытау өлкесінің өрені Ахметов Мақсұт Қыздарбекұлымен кездесу өтті.  Профессор Тұрсын Жұртбай Әлкей Марғұланның ғылыми қызметі жайында сөз сөйлеп, болашақ тарихшыларға тарихты жазу методикасына ойларын айтты. Ол ғалымға жолуы үшін он бес күн дайындалғанын баяндады.

Тәп-тәуір төсек тартып жатсам да, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы деген соң сүлдерімді сүйретіп, алдарыңа кеп қалдым. Аз сөйлеймін бе, кем сөйлеймін бе, білмеймін. Көптің алдына шығуға мүмкіндік шектеулі. Бүгін көргенді ертең айту ғайыптың дүниесі. Бірақ Әлекең туралы үш-төрт нәрсені қайырып айтқым келеді…

Әлкей Марғұланмен он бес күн дайындалып сексен төртінші жылы кездестім. Содан өмірінің соңына дейін әр он бес күн келіп тұрасың, мына екі креслоға отырамыз дейтін. Содан қолыма қағаз бен қалам алсам, үндемейді. Әбден қуғынды көріп сескеніп қалған ғой. Содан газет оқығандай болып, негізгі сөздерін жазып қоямын. Әңгімесі таусылмайды. Жастығынан бастадық, өмір тарихы, одан анау-мынау. Кейін КГБ-ның офицерінің фамилиясын көрсетіп: «Осыған барып көрсетші, ұят болды, сен қате істедің, Әлкей Марғұлан әлі тірі!» деп көзін шұқып көрсетші» дейтін. 

Сондай бір аңғал адам болатын. 

Дәнелді шақырып алып, «Дәнел, мынау менің ұлым!» дейтін. Дәнел апай көп сөзге жоқ қой. 

Әлкей Мағжанның түрмесіне барып тұрған. Сонда НКДВ жазған екен. Ол – Мағжан өнерінің табынушысы. Сендер қазір «фанат» дейсіңдер ме, нағыз сол. Осы әрекеті үшін жындыханаға қамаған. Мағжанның әйелі кепілдік беріп, 1936 жылы шығарып алған. Зылиханың хатында бұл бар дерек. Ақша апарып тұрған. 1938 жылы Мәскеудің тарих институына кетеді. Ленинградтағылар іздесе таппайды. «Ол бізде жоқ, Мәскеуге оқуға кеткен» дейді. Мәскеуге іздеп келсе, «тіркелген, бірақ ғылыми жұмыспен өз жағына кеткен» дейді. Сонда ол Мәскеудің тарих институтында күзетші болып істейді. Кейін Ғылым академиясының президенті Коморов шақырып алады. «Болды, науқан бітті. Еліңде Академия ашылады. Сонда бар. Академияны құрасың. Сәтбаев сонда» деп айтқан екен.

Ғылыми зерттеу жұмыстары барысында табылған академиктің ғылыми-эпистолярлық мұрасы, «Ашық есік» күніне арнайы шақырылған Ә. Марғұланға хат жазған №1 Ұлытау орта мектебінің оқушысы, бүгінгі ел ағасы Ұлытау ауданы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ахметов Мақсұт Қыздарбекұлының хаты таныстырылып, естеліктерімен бөлісті. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?