Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына 70 жыл

1732
Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына 70 жыл - e-history.kz

Қазақстан Республикасы – астық өндіруші және өзін өзі астық өнімдерімен толық қамтамасыз ете алатын мемлекеттің бірі. Бұл да мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі. Бұл үлкен жетістіктің негізі 1954 жылы қаланған болатын. Биыл тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына жетпіс жыл толды. 

1954 жылы Кеңес Одағында Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім қабылданып, осының нәтижесінде Қазақстан мен Батыс Сібірдің ұланбайтақ өңірлері егістік алқабына айналғаны, жазық далада мыңдаған елді мекендер бой көтергені – кешегі тарих. Бүгіндері бұл науқанға түрлі бағалар берілуде. Әр нәрсенің жағымды, жағымсыз екі қыры болғандықтан да, бүгінгі тарих осы ғаламат науқанның екі түрлі бағасын беруі заңдылық.

Біріншіден, тың игеру жылдары Қазақстанға үлкен жетістіктер әкелді, осының арқасында Қазақстан әлемдегі астық державаларының біріне айналды.

Екіншіден, тың игеру жылдары Қазақстанға миллиондап өзге ұлт өкілдері ағылуы себепті қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, ұлттық мектептер азайып, біртіндеп орыстануға әкеліп соқты. Ең ауыр зардап – қазақ жері эрозияға ұшырап, жайылымдыққа ғана жарайтын алқаптар аяусыз жыртылып жарамсыз болып қалды.

Міне, тың эпопеясы аталған дәуірге қатысты айтылатын екі түрлі пікірлердің ауаны осылай. Біз аталған науқанның қалай басталғаны, қандай нәтижелер шыққаны туралы кеңінен баяндайтын боламыз.

Тың игеру жылдарының нәтижелері мен зардаптарына бүгінгі күні нақты бағалар беріле бастағандығын жоғарыда атап өткеніміздей, тарих-таразының заңды құбылысы деп білеміз. Дегенмен КСРО-дағы Еділ бойы, Орал, Батыс Сібір, Алтай т.б. өңірлермен қатар Қазақстанның да тың игеру алқабы ретінде қарастырылуы тегін емес. Осыған дейін көптеген себептерге байланысты Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы мүмкіндігі толық пайдаланылған жоқ болатын. Ауа райы ең қолайлы жылдары Қазақстанда тың игеруге дейін 100-150 млн. пұт немесе 1,6-2,4 млн. тонна астық өндіріліп келді. Бұл астықты алқаптар республиканың солтүстік, солтүстік-батыс облыстарында жатты. Осы орасан зор өңірдегі егіске жарайтын жерлерді пайдаланылмай жатқан, жыртуға жарайтын алқаптар ретінде қарастырылды.

Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1953 жылы қыркүйектегі пленумын шақырылды. Мұндағы басты мәселенің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру болды. Республика басшысы Жұмабай Шаяхметов осы мәселеге орай тың игеру науқаны алдында тұрған проблемаларды Одақ басшылығы алдында ашып көрсеткен болатын. Олар: өсіріліген астықты тасып әкетуге арналған көлік логистикасының жоқтығы, астық сақтауға арналған қоймалар мен өзге де жайлардың тапшылығы, қажетті техникалар мен мамандардың аздығы еді.

Ж.Шаяхметовтің бұл пікірлерін құр ақталу деп қабылдаған Н.С.Хрущев бастаған КСРО басшылығы Қазақстанның басшылығын ауылшаруашылық өндірісінде жіберген кемшіліктері үшін қатаң сынға алды. 

Н.Хрущев Қазақстанның ауыл шаруашылығын жақсарту мәселесін артта қалған дей келе, республикадағы жылқы шаруашылығын пайдасыз сала ретінде сынайды. «Қазақстанда тауық жылқыдан көбірек пайда әкеледі. Жылқы жайылымдарды таптайды, пішенді құртады, көп мөлшерде жұмыс күшінен айырады», - деп орынсыз, біржақты пікір білдіреді. Оның бұл пікірін қолдаған КОКПК ОК Төралқа мүшесі М.А.Суслов жалғастырып, Краснодар және Ставрополь облыстарындағы қой шаруашылығы көрсеткіштерінің Қазақстанмен салыстырғанда жоғары екенін «дәлелдейді». Мұның бәрі де келісілген түрде, Қазақстандағы мал шаруашылығының рентабельді еместігі себепті, астық өндіруді жолға қою, яғни жаппай тың игеруге көшуді бастау қажет дегенге келіп тірелген еді.

1954 жылы 17-18 ақпанда Қазақстан Компартиясынын VII съезі өтгі. Содан кейін жалғасқан пленумда «ауыл шаруашылығын нашар басқарғаны үшін» деген желеумен бірінші хатшы Жұмабай Шаяхметов пен екінші хатшысы Иван Афонов лауазымдық қызметтерінен босатылды. Олардың орнына бірінші хатшы болып партизан қозғалысының белгілі қайраткері, Белоруссия компартиясын көп жылдар бойы басқарған П.Пономаренко, екінші хатшылыққа КСРО Қорғаныс министрлігі Бас саяси басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған Л.И.Брежнев тағайындалды.

Осы кезден бастап Мәскеудің пәрменімен Қазақстанда тың игеру науқаны кеңінен өріс алады. Сол кездегі мұрағат деректеріне, кейінгі зерттеушілердің еңбектеріне зер салып қарағанда Жұмабай Шаяхметовтің орнынан алынуы оның біліксіздігі емес, тың игеру науқанының желеуімен басталғалы тұрған дүрбелең көшке, аяусыз жыртылғалы тұрған жерге деген іштей қарсылығы себеп болғанын аңғарамыз. 

Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына аса үлкен мән беріліп, КСРО көсемі Н.С.Хрущев бұл науқанды өзінің басқару кезеңіндегі аса үлкен жетістік ретінде тарихқа таңбалауды көздеді. В.А.Смышляевтің «Жалпыхалықтық ерлік» («Всенародный подвиг») атты мақаласында мынадай цифрлар мен деректер келтіріледі: «КСРО ОК пленумы республика алдына астық өндіруді еселеп өсіру үшін, 1954-1955 жылдары 6,3 миллион гектар тың жерлерді игеру туралы міндет қойды. Осылайша, тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру – тың эпопеясы басталып кетті. 1954-1955 жылдары Қазақстанның егіс алқабы көлемін әлденеше есе арттыру міндеті алға қойылды. Игеріледі деп жоспарланған 13 миллион гектар алқаптан 1100-1200 млн. пұт астық алу көзделді. Мұның ішінде 800-900 млн. пұты таза тауарлық дән болуға тиіс және мұндағы егін өнімділігін гектарына 14-15 центнерге жеткізу көзделді. Орталық комитеттің үндеуімен басталған тың игеру қозғалысы қарқын алды. 1954 жылы елдің түкпір-түкпірінен Қазақстанға 48,9 мың адам келді, оларға МТС-тердің жанынан механизаторлар дайындайтын курстар ашылды. Онымен қатар, республика ауылшаруашылығының механикаландыру училищелері 50,8 мың жас механизаторларды оқытып бағыттады». Мінеки, осылайша байырғы қазақ даласында, әсіресе солтүстік бөлігінде тың игеру науқаны қарқынды жүріле бастады.

Бұл орасан зор науқан Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін енді ес жиып келе жатқан тұсында басталған алғашқы ірі жобасы болды. Елдің ішінде, әсіресе еуропалық бөлігінде жұмыссыздық мәселесі тиісті деңгейден артып кетпеуі үшін де мұндай ірі жоба қажет болды. Астық өндіріс, соның ішінде ел қазынасын валютамен толтыратын сұранысқа ие қатты класты бидайды молынан өндіру де қажет болатын. Ал ондай сапалы бидай сорты Қазақстанда ғана өндірілу мүмкіндігіне ие болатын. 

«Тың өлкесіне Ресей, Украина, Белоруссияның және басқа да одақтас республикалардың колхозшыларының, өндірістік мекемелері мен кәсіпорындары жұмыскерлерінің отбасылары қоныс аударды. Екі жылдың ішінде Қазақстанға мыңдаған отбасы келді, мемлекет оларға көшіп келіп, жаңа орындарға жайғасулары үшін жеткілікті мөлшерде қаржылай және материалдық көмек көрсетті. Тыңның алғашқы жылында республикаға 600 мың адам келді. 1956 жылға дейін Қазақстан қалаларынан 10 мыңға жуық мамандар жіберілді. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың жерлеріне 20 мыңнан астам отбасы қоныс аударды», - деген деректі ұсынады, жоғарыда аталған автор. Бір отбасында орта есеппен бес адам бар деп санайтын болсақ, алғашқы екі жылдың ішінде ғана Қазақстанға КСРО-ның еуропалық бөлігінен бір миллион адамның көшіп келіп орналасқанын көреміз.

Тың игеру науқанына алғаш үн қосқан бүкілодақтық тұрғындар арасында жас мөлшері, мамандықтары әртүрлі адамдар болды. Олар: механизаторлар, құрылысшылар, маман дайындаушы мұғалімдер мәдениет және сауда қызметкерлері болды. Армиядан босаған жауынгерлер эшелон-эшелон болып келіп жатты. Бұл адамдардың қатарында осы уақытқа дейін белгілі бір мамандыққа ие болған адамдар да аз емес еді. Бұдан кейінгі жылдарда тың игеруге адамдар толасыз келіп жатты. Осы уақыт ішінде барлығы екі миллионға жуық адам келді. «Тың эпопеясы» аталғған бұл дәуір үлкен энтузиазм мен романтикаға толы еді.

Оларды алдан романтикалық өмір емес, климаттық өзгермелі жағдайдағы ауыр еңбек күтіп тұрған еді. Советтік үгіт-насихат тыңгерлерді осы қиындықтардың бәрін жеңіп шығуға үндеді. «1954жылдың боранды наурыз күндерінде алғашқы қоныстанушылар мінген трактор поезд қарға көмілген алақандай разъезден 90 шақырым жердегі әлі картада белгіленбеген нысаналы жерді бағытқа алып жолға шықты. Бұрыштарына мұз қатқан жасыл вагондарда осынау беймәлім қиырға Москва мен Ярославльден, Сочи мен Краснодардан шыққан жігіттер мен қыздар келе жатты. Олардың ең жасы он алтыда, ал ең үлкені жирмадан жаңа ғана асқан», - деп жазылған екен, газет материалдарынан дерек ала отырып «Нан – ұлы ғажайып» атты жинақта.

Жоғарыда атап өтілгендей, мемлекет көшіп келушілерге қаржылай, материалдық көмектер көрсеткенімен, туған елі мен жерінен мұнда қоныс аударып келіп орналасу оңай болмағаны да анық. Тың және тыңайған жерлерді игерудің орасан зор жобасына атсалысушы кеңес адамдары сол жылдары үлкен төзімділік пен қайсарлық танытты деп бағалауға болады. Шалқар даланың төсінде бұған дейін түрен түспеген жаңа жерлерді игеріп, егін салып, сол маңда жаңа елді мекендер тұрғызып, тұрмыс пен тіршілікке қажетті инфрақұрылымды өздері бірлесе жасауларына тура келді. Бұған жергілікті атқарушы биліктің көрсеткен көмегі орасан болғанын мұрағат деректері дәлелдейді. Алғашқы 1954-жылдың өзінде-ақ әрқайсысында 25-30 мың гектар игермелі жері бар 337 астық совхоздары құрылған. Бұған дейін жұмыс істеп келген жергілікті совхоздар ұйымдастыру-шаруашылық жағынан ірілендіріліп, біріктірілді. Осының нәтижесінде 1955 жылдың аяғында Қазақстанда 631 совхоз, 2702 колхоз жұмыс істеп тұрды және оларға 464 МТС қызмет көрсетті. Бұл орасан жобаның алғашқы екі жылының өзінде мллиардтаған сомның қаражаты игерілді. Нақтылай айтқанда КСРО қазынасынан тың игеру құрылысына 10.814 мың сом жұмсады. Нәтижесінде 1954-1955 жылдары Қазақстанда 18 млн. гектар тың жер игерілді. Бұл ел аумағындағы игерілуі тиіс жердің 60,6 пайызы еді. Бұл сан мөлшері жыл сайын арттырыла түсті. 1956 жылы жалпы айналымда 20 млн. гектар жер болды, тағы 4,3 млн. гектар жаңа жер игерілді. Осылайша 1960 жылдардың басында барлық егістік жердің көлемі 32 млн. гектар, ондағы таза астық алқабы 22 млн. гектарды құрады. Осы кезеңде республикада жаңа 600 совхоз пайда болды. Өндірістік негізгі қор 1953 жылғы 276 миллион сомнан 1956 жылы 2,6 миллиард сомға дейін немесе 10 еседен астам өсті. Бұл аса ірі жоба болды. 1956 жылы Қазақстан тыңды көтеру жетістігі мен елдің ірі астық базасын құрғаны үшін «Ленин» орденімен марапатталды.

«Алға қойылған міндетті шешудің сәті түскен тәрізді. Астық өндірісі республика бойынша жалпы алғанда үш жарым есе, ал солтүстік аймақта төрт жарым есе өсті. Бұл ретте астық сатып алу көлемі іс жүзінде бес есе артты. Қазақстан 1956 жылы тұңғыш рет елімізге миллиард пұт астық берді, ал бұған 50-ге дейін, тіпті жақсы жылдар дегеннің өзінде 100-110 миллион пұт астық беретін. Сонда оны өткізуден түскен табыс миллиард сомға жуық болды. Бұл елдің астық балансындағы сан және сапа тұрғысындағы секіріс болатын. Нақ сол жылдары астықтың жалпы түсімінде бидайдың үлес салмағы күрт өсті. Қазақстан бидайдың күшті жөне қатты сорттарын өндіруде алдыңғы орынға ие болды, бүгін таңда да ТМД елдерінің арасында осы орынды ұстап келеді», - деп жазды Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған және осы кезеңдегі табыстар мен жетістіктерге, кемшіліктерге де тарихи тұрғыда тікелей қатысты тұлғалардың бірі Дінмұхамед Қонаев өзінің «Өттің дәурен, осылай» кітабында.

Тың игеру жылдарында қол жеткізген жетістіктердің бірі – колхоздық жүйенің дамуына кең жол ашылуы болды. Осыған орай 1958 жылы 31 наурызда КСРО Жоғарға Кеңесі «Колхоздық жүйені әрі қарай дамытып, МТС қайта құру» туралы Заң қабылдады. Осыған орай Қазақстанда да колхоздар мен МТС орнына аумақты жерлері бар қуатты совхоздар құру жұмысы басталды. 1957 жылдың ішінде жаңадан 198 совхоз, ал келесі жылдың аяғына дейін тағы да ірілендірілген 326 совхоз құрылды. 1958 жылы республикада 40 мың трактор болса, 1960 жылдың басында бұл сан 156,2 мыңға немесе төрт есеге, ал комбайндар 4,3 есеге арттырылды. 1960 жылы жаңадан 831 совхоз ашылды.

Астық өндіру арқылы жұмсалған орасан зор шығынды қайтарып алу – басты мақсат болды. 1954-1960 жылдары республикада астық өндірудің жалпы көлемі 106 миллион тоннаға жетті. Сөйтіп, Қазақстан аз жылдың ішінде Кеңес Одағының ең ірі астықты алқапқа айналды. Бұл туралы дүние жүзіне жарияланып, ақындар мен жазушылар миллиардтар туралы, оны мүмкін болдыру жолында ерекше еңбек сіңірген диқандар жайлы туындылар жазды, фильмдер түсірілді, өзге де өнер салалары бұл үрдістен құр қалған жоқ. Тыңгерлердің жасампаз еңбегі туралы қаншама фильмдер түсіріліп, картиналар жазылып, монументтер соғылып, әдеби туындылар жазылып, еңбек ерлері насихатталып жатты. 

Елде астық шаруашылығының қарқынды дамуы мал шаруашылығы дамуына да тың серпін берді. Себебі, жем-шөп қорының орасан мүмкіндігі туындаған болатын. 1960 жылы 1953 жылмен салыстырғанда мал басының жалпы саны 14285 мың басқа немесе 4,7 есе өсті.

Астық өндірісінің дамуы елдегі өнеркәсіптің дамуына да тың серпін берді. Қазақстан мен КСРО-дағы мыңдаған зауыттар мен фабрикалар мұндағы астыққа тапсырыс алды. Өзінің ресурстары мен табиғи байлығына, тың көтеру сияқты мемлекеттік тұтастыққа негізделген Қазақстанның өзіндік өндірістік әлеуеті де аз жыл ішінде жедел өсті. «Тың көтерілген жылдары жаңа өндірістік кәсіпорындар саны арта түсті, ірі өндірістік орталықтар құрылды, темір жол магистральдары мен автомобиль жолдары салынды, жаңа қалалар мен кенттер пайда болды, ескілері жаңа бет бейнеге көшті. Селоларда мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, сауда, қызмет көрсету салалары дамыды.

Бұрын оншақты ғана шағын ғылыми-зерттеу мекемелерінен тұратын республиканың ауылшаруашылық ғылымы да орасан зор нығайды. Бүгінде астық саласындағы өзінің жетістіктерімен дүниежүзіне әйгілі болған академик А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Тың игеру жылдарында қолға келген игілікті істер мен мүмкіндіктер көп болды. Атап айтқанда халық тұрмысының көтерілді. Осы арқылы жұмысқа жарамды тұрғындарды еңбекақысы жоғары қоғамдық өндіріске жұмысқа тартумен, жұмысшылардың кәсіптік біліктілігін көтерумен, жұмыс өнімділігін арттыратын ауыр үрдістерді механикаландырумен де қамтамасыздандырылды. Еңбек өнімділігі көтеріліп, жалақы мөлшері арттырылуы халықтың еңсесі биіктеуіне сөзсіз ықпалын тигізді. Яғни ауышаруашылық өнімдерін дайындау мен сатып алу бағасын өсіру колхоздардың кірісі мен колхозшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік берді. Колхозшылардың өмірінде КСРО-да тұңғыш рет тоқсан сайын еңбек күндеріне жалақыдан бөліп беру тәртібі енгізілді. Кейбір мықты колхоздар еңбекақылырын дайын ақшамен бере бастады. Село тұрғындары кірісінің өсуі оларға тауарлар сатып алуға, үй салуға, жақсы киінуге, тамақтануға мүмкіндік берді. Экономиканың біртіндеп нығаюы негізінде тұрғынүй құрылыстарын салуға қарқынды бетбұрыс жасалды. Осының нәтижесінде 50-жылдардың екінші жартысында республиканың қалалары мен селоларында 13,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдаға берілді. Нәтижесінде Қазақстан салынған үйлердің мың кісі басына шаққандағы көрсеткіші бойынша одақтас республикалар арасында бірінші орынға шықты. Жаппай тұрғын үй салу құрылысы селоларда да қарқын алды. Салынатын үйлер бірыңғай жоспарлар мен жобаларға сәйкес тұрғызылды. Үйлердің жабық жоспарланған түрлері ашық түрге көшті. 1951-1960 жылдары селолық елді мекендерде мыңдаған үйлер салынып, әр үшінші отбасы жаңа үйге кірген.

Тың игерудің Қазақстан экономикасы мен мәдениеті, инфрақұрылымы дамуына орасан зор игі ықпал етумен қатар, үлкен зардаптарға ұшыратқаны туралы кейінгі кезеңдерде зерттеуші ғалымдарымыз біршама жазып көрсетті. Тарихшы ғалым Қадіржан Абуев өзінің «Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен» атты еңбегінде былай деп жазады: «Тың игерудің экодемографиялық салдарлары зерттелмеген проблема болып табылады. Жаңа жерлерді игеру кезінде экологиялық негіздемесі жыртуға жарамсыз жерлер және құнары аз жерлер пайдаланылды, олар: құмайт, сортаң жерлер, шабындықтар, кейде тіпті сор топырақтар. Табиғат қорғау шараларынсыз жерлерді жырту – топырақты жел эрозиясына ұшыратып, соның нәтижесінде жүздеген мың гектар құнарлы жерлер жойылды. Тыңның үстінен шаң бұлты төнді. Санаулы жылдардың ішінде топырақтың гумустық қабаты үштен біріне дерлік азайды, және бұл мәселенің бір жағы ғана. Тыңның демографиялық салдарлары да шала зерттелген күйде қалып отыр. Нәтижесінде қазақ халқының үлестің салмағы кеміп кетті. Осы нәтижелерінің салдары ретінде қазақ тілінде оқытатын мектептер қысқарып, ана тілінде шығатын барлық облыстық және аудандық газеттер жабылды.» Бұл аталған жағдайларға дер кезінде лайықты мәселе көтеріп, қарсылық таныту мүмкін болған жоқ. 

Сондықтан да бұл жағдайда жергілікті басшылар амалсыз көнуге мәжбүр болған. Ғалым Қ.Әбуев былай деп жазады: «Мәселенің осы бір жақтарын тереңірек зерттеп-зерделеу қажет-ақ. Мұнда ең негізгі аспект айқын көрініп тұр – демографияға экологиялық стрестерін әсер етуі және кері бағытта – экологияға жасалған демографиялық прессинг. Жерлерді тоқтаусыз жырту, турлі себептердің салдарынан (шағын өзендер мен су тоғандардын батпақтануы мен лайлануынан) миллиондаған гектар жайылымдық және құнарлы жерлер істен шықты. Осындай және басқа да түрлі экологиялық апаттар – сол замандағы басшылардың саяси амбициясының теріс нәтижелері».

Сол дәуірде жазылған көптеген пафосқа толы көркем әдеби туындыларда айтылатынындай, Қазақстанға өзге республикалардан миллиондап келіп жатқан қоныс аударушылар мен жергілікті халық арасында әрқашан мамыражай қарым-қатынас болды деуге болмайды. Оған сол кезеңдегі республикамыздың әр өңірінде келімсектер мен жергіліктілер арасында туындаған дау-жанжалдар туралы мәліметтер куә. Олардың кейбірі кісі өлімінің қайғылы оқиғаларымен аяқталып отырған. Сондықтан да осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатымен, тың игеруге келген адамдар шоғырланған аудандарда КСРО ІІМ шұғыл түрде тұрақты милиция бөлімшелерін құруды ұйымдастырған. Бұдан басқа сол аймақтарға КСРО ІІМ Милиция Бас басқармасының жауапты қызметкерлерін іссапарға жиі жіберіп отырған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?