Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баспасөздегі басты мәселе

1134
Баспасөздегі басты мәселе - e-history.kz

ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі ұлт тарихының рухани қормалы. Ұлт жады. Ұлт мирасы. ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының тілі де, әлеуеті де күшті. Тағы да қазақ баспасөзінің қарлығашы іспетті алғашқы қазақ журналы «Айқап» басылымына көз жүгіртіп, ел тарихынан мысал келтірмекпіз. Бұл мақалаларда да елдің тұрмысы мен тағдыры сөз болған. Ұлттық мүддені ұлықтаған ел баспасөзінің бізге ой салар тұсы да көп екен. Сонымен, хош ескі басылым не дейді?!

Әуелгі талқы «Айқап» журналының  1911 жылғы  №10 санынан басталады:

«Біздің бұрынғы һәм қазіргі халымыз»

«Заманың түлкі болса, тазы болып қу»

(Қазақ мақалы)

Біздің бұрынғы өткен аталарымыз кең сахараның бір жағынан екінші жағына көшіп жүріп, мал бағып, шаруашылықпен күнін көрген. Ол уақытта қысқа қарай мал шаруасы үшін шөп шабу, жылы қора істеумен, өзі үшін жылы үй әзірлеу, егін егумен жұмысы болмаған. Тек табиғаттың даяр дәулетін пайдаланып жүре берген. Бірақ сондағы өз заманына ылайықты шаруашылықты түгел жеріне жеткеруге тырысқан. Жаз болса, жазық сахараға жайлап, көкорай шалғынға мал жайып, айдын көлден суғарып, маса, сона, шыбын-шіркейден аман болып күнін көрген. Қыс болса қалың паналы һәм қысы жұмсақ болатұғын жерлерді сағалаған. Осы заманымызда кенет соғып кететұғын сұрапыл боран, жел, жауын, ағын, сүргіндер ол заманда да болып тұрған. Сол сұрапылдарда шаруа бар малынан айырылып, ақ сирақ болып жұтқа ұрынған. Бар күн көрген тіршілігі малдың арқасында болған үшін ондай жалпақ жұрт қазақ үшін тым-ақ қатты соғылған. Мінетұғын көлігінен, сауатұғын сиырынан айырылған жұрт шұбырып тамақ асырау үшін шәһәрлерге келген. Араларында тамақ асыраулары қиындыққа қалған соң өздерінің ғазиз балаларын бір пұт ұнға сатушылар да көп болған. 

Кедейшілік деген тас бауыр пенденің еркелігін көтере ме? Құр ат мініп, қазы-қарта, жал-жая жеп, қымыз һәм айран ішіп, шайқалып мас болып, нанды «шөптің басы» деп менсінбей жүрген мырзаларды ашаршылық деген дұшпаны қара жерді тырнап, әлгі менсінбей жүрген «шөптің басын» іздеуге желкеледі. Шара жоқ, аштық не жегізбейді, қазақ ашаршылықтың арқасында егін егуді үйренді.

Егін егіп, тамағын тойдырып, артылғанын сатып малға айналдырған шаруа малын қатты қыстарда аман сақтау үшін шөп шабуды үйренді. Сұрапыл дауыл боран соқса, малын паналату үшін қора-қопсы салуға, өз бойын да жылы сақтау үшін жылы үй салудың пайдалы екендігін де түсінді.

Мінеки, осылардың бәрі «жұт тышқан», «жұт қоян» жылдарының қазаққа үйреткен сабағы, бұрын табиғат не берсе, тіл қайырмай жүре беретұғын бейшара қазақ, енді сол мейірімсіз табиғатқа қарсы тұрып алыса бастады. Қазақтың иждиһатымен сахараның байлығы бірге қосылып алған соң табиғаттың оқтын-оқтын жіберген сұрапылдары елге бұрынғысындай қатты болып соғыла алмады. 

Осылайша етіп өзін-өзі жұртшылық һәм ашаршылықтың тырнағынан құтқарып алаған соң, жұрт дамыл алған секілденіп, өзін-өзі ілгері сүйреуге ұмтыла қоймады. Қолындағы бар дәулетіне мәз болып жата бергендей болды. 

Орыстардың бір мақалы бар: «пока гром не грянет, мужик не прекрестится» (күн шартылдамай тұрып, мұжық шоқынбайды) деген. Сол секілді қазақ халқы жұртшылық һәм ашаршылық деген екі жауынан құтылған соң, енді қайтіп дүние керек емес, ісі біткен адам секілді, көрпесін қалың жамылып, ұйықтап жатып алды. 

Ашаршылық деген жау кімге дос болсын, біздің қазаққа болған «жұт қояндар» ішкі Россиядағы мұжықтарды да аман қойған жоқ. Оларға «жұт қояннан» соң да жылдар жайсыз соғып халықты жұтықтырды.

Егін егіп, шөп шауып, ғайыры әр түрлі… Өздерін өздері табиғатқа қарсы тұруға үйреткен бұл халықтың бұлайша ашаршылыққа жолығуы, жұрттың бас адамдарын ойға қалдырды. Егін, шөп неге шықпайды деген сауал әрбір адамның пікірін қозғауға себеп болды.

Ойшылдардың тапқаны мынау болды. Ішкі Россияда мұжық қолында жер аз, халық жылдан-жылға көбейіп артып барады. Соның үшін аз ғана жер көп жанды асырай алмайды. Бұл қиыншылық халден құтылуға екі түрлі жол бар: біреуі – жер тарылған жердегі елдің бір сыпырасын кең жерге көшіру. Екіншісі – егін шаруашылығын бұрынғы қалпыменен жүргізбей, өнерлі (неміс, француз) елдер секілді жаза тәртіппен жүргізу. Міне, осы айтылған пікірлерді орнына келтіру үшін бас хакімдер мұжықтарды қазақ сахарасына көшіре бастады.

Бейғам жатқан қазақ жеріне көршілес болып мұжықтар қоныс ала бастаған соң, жер тарылды. Жер тарылғанда қалайша күн көрермін деп ойға қалған қазақ осы күнде қайтерін білмей дағдарып тұр. Жер тарылғанның үстіне биылғы жылдың қолайсыз келуі қазақтың баяғы ескі дұшпаны «жоқшылық, ашаршылықты» есіне түсірді.

Енді қалай күн көреміз? Деген сауал біздің қазақтардың басына ад кіре бастады… Ойшылдардың терең ой жүргізетұғын мәсеесі де осы «қалай күн көреміз» мәселесі әлбетте, халық құр дағдарып қарап тұрмас, ойланар да бір жағына бет алып, жөн тартар, бұл табиғи болған бір іс. Іликин, халық үшін пайдалы жөнді сілтеу ойшылдарымызға зор міндет.

Мен терең ойшы болмасам да, ойыма келген бірнеше пікірлерімді көптің ортасына салғым келеді. 

Менің ойымша, бұрынғы шаруа халымызды аталарымыз малын  жұтатып, ашаршылыққа қалған кезде қорықпай-ақ, үрікпей-ақ, арланбай-ақ егін кәсібіне жармасқан һәм сол кәсіптің арқасында ашаршылықтан құтылған. Аталарымыздың осы істері бізге зор үлгі емес пе? Олар заманында өлмес амалын істеді ғой. Бізге неге заманымызға муафық өлмес амалымызды істемеске?

Мал шаруашылығы мен егін кәсібін біріктіріп, жарым көшпелі, жарым отырықшы болып күн көретұғын заманымыз өтті, енді қайтіп келмейді. Ол заманды сағынбасқа да һәм қумасқа да керек. Енді тар жерде қалайынша күн көрудің жайын қарастыру керек. мұнан былай біздердің күн көруіміз үшін ең алдымен қала болып отыруымыз тиіс. Қала болып отырған соң, қалалы жұрттың істеген кәсіптерін істеу керек.

Менің бұл сөзіме қарсы қалалы халықтың да биыл оңып отырған жері шамалы ғой: деушілер болар. Оларға айтатын жауабы: Қонысынан ауып келіп жаңа қонысқа орныға алмай жатқан халықты үлгі қылу керек емес, біздің құдайға шүкір, қазірге сыйымыз бар. Сыйымыздың барында қала салып, ертерек қалалы халықтың кәсібіне бойымызды үйрете берелік. Балаларымызды заманға муафық оқу оқытып, таршылықта күн көруге лайықты адам етіп шығаруға тырысалық, бұрынғы таршылықты, сыпалықты, жалқаулықты тасталық.

Қазақ қала салуға мойын қойса, қай халықтан кем күн көрмесіне менің көңілім иланады. Себебі, Ақмешіт, Түркістан, Тәшкент, Самархан, Қоқан маңайындағы қазақтарға көз салсам, зор-зор бақтарға ие болған., күріш егуге, мақта егуге кірісіп, жап-жақсы күнін көрген қазақтарды көремін. Астрахань жағында, теңіз жағасында балықшылықпен, Троицк, Атбасар, Петропавл, Омск, Семей, Заречный, Қараөткелдегі қазақтардың саудагершілікпен күн көргендерін оқыған жастарымыздың приказчик, переводчик, писар, писмоводитель, учитель, фельдшер, доктор, адвокат, судья, инженер... болып күн көріп жатақандарын көремін. Соның үшін ойлаймын бізге қазіргі қалыпта екі түрлі қауіп бар. Біреуі надандық пен жалқаулық, екіншісі, қала сала алмай, көп мұжық қалаларының арасында тілкім-тілкім жерде бытырап қалушылық. Екі қауіптен құтылсақ, иншалла, біздерде сүйікті Отанымыз болған ұлық Россияның граждандары есімін көтеруге ылайықты болар едік деп. 

Біздер жақсы яки жаман болушылығымыз өз иждаһатымызға байланысты. Россия мемлекетінің ғаділ низамының арқасында, біздер нендей дәреже іздесек те табамыз. Келіңіз, жігіттер, жалқаулықты тастап, жұрт қатары ғылым-өнерге талпына жармасалық!

Егін шаруашылығын өнерлі жұрттарша жүргізудің реті қалайша болатындығын екінші бірде кеңесерміз.

Басқарма 

Енді «Айқап» журналының 1911 жылғы № 11 санына назар аударайық: 

«Жер мәселесі» 

Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, 15 десятинадан ер басына жер кестіріп қала болу керек пе?! Мәселесі көптің көңілінде һәм тілінде ойнай бастады. Қазақ халқының келешектігі халін қайғырушы оқығандар һәм ноғай туғандарымыздың білімділері газеттерде жазып, мүмкін қатар тезірек сұранып, жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көрді. Атақты қазақ адвокаты 2 дума члені Сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарымен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды. Басқа жерлерден де мұндай хабарлар естіледі. Енді жұрттың қала болу жағына шығып мәслихат тасып сөз байласа, іс біткен болар еді, бірақ халықтың арасынан шыққан бағызы оқыған білімділерімізден қала болу пікіріне жан-тәнімен қарсы тұрушылар бар. Бұлардың бір кемшілігі әлгі пікірлерін әуелгілір секілді пайдалы болса алып, залалы болса, қалдырарлықтай газет-журналға жазып, көптің сынына салмай тұр.

Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгертуі (көшпенділіктен отырықшылыққа, отырықшылықтан көшпенділікке шыққан секілді) оңай іс емес. Хауіпті дертке ғылым тәуіп қанша керек болса, бұл мәселенің түйінін шешуге де сонша білім керек. Өлгенді тірілту мүмкін болмаған секілді, бұл туралы өзгеріс қате пікірменен болса, түзетуге болмайды. Қате деген нәрсе әр уақытта әрбір іс туралы әр адамда болады. Соның үшін жоғарыдағы пікірлерде бір жақсылық болмасқа, екеуі де қатар салыстырылып тексерілуі тілеулі. Қазір алдымызда 4-5 айлық қыс тұр. Осындай еркін уақытта қазақ халқы журнал үстінде кеңесіп, жазға шейін я қала болуға, я бұрынғыдай көшпелілікте қалуға тізгінді мықтап қоярға керек. «Айқап» журналы жер сөзін мұнан бұрын да аз жазбаған болса да, бұл күнгі керегіміздің бірі һәм біріншісі болғандықтан төмендегі екі түрлі жобаны оқушылардың сынына қатар салып баян етуді артық деп білемін.

Қазақ болу керек деушілердің пікірі

Рас, қазақ халқының жер-суға ие болып, жаз-жайлау, күз күзеу, қыс қыстауда тарлық көрмей төрт түлігі сай болып, тай құлындай, тоқты қоздап, қосты жылқы, желілі түйе, отарлы қой, қайғы жоқ, еріккеннен бірінің малын бірі қуып, кең далада құлан-киікше сайран етіп жүрген күні болған, ол күндер енді көздерінде ғана елестейді. Мұның себебі не, халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата-мекеннен ірге қозғалып, қазақтың шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер көп-аз болса да бұл заман өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің дінін, хақын сақтай алмай дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал.

Жер жүзіндегі халықтардың һәммесі бір аз ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалғаны естілмейді. Қайта бұл күнде көзіміз көріп, ғақылымыз жетпей тұрған не түрлі тамаша нәрселерді отарба, телеграмм шығарып тұрған солар. Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден аз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз қазақтарда қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз.

Көшіп жүру керек деушілердің пікірі

Қазақ халқы көшейін деп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатическая условия) қарап көшіп жүр. Адам тұрған жерінің ауасының құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. 12-15 жыл егін салған жер тозып шаңы шығады, тағы да жаңа жерге салу керек болады. Әлгі  тозған жер егіндікке жарауына 20-25 жыл тынығуы керек. Қазіргі қазақ жеріндегі хаколдар неге байып кетті десеңіздер, бұлар қазақ жерінің ең тәуірін таңдап алған, алған жері тозса, қазақтан жерді арендіге алып, өз жерлерін тың сақтап отыр. Жақсы деп орныққан жерлері нашар шығып, көшіп кеткен яки жаңа жер кестіріп алған мұжық көп. Самар губерниясында ну ұзын уезінің жері мұнан 20-25 жыл бұрын мұжықтардың ұжмағы деуге болатын еді (Қазір Қостанай, Ақтөбе уездері секілді). Осы күні Орал тауынан бел асып келіп жатқан көшпе мұжықтың жүзден тоғызын Самар губерниясы шығарып тұр, қазақ жері де сол секілді. Қазақ жерінің алабы кең болса да пайдаға жарарлығы аз. Жалғыз Балқаш көлі менен Бетбақтың шөл даласы елу мың шаршы шақырым орын алып жатыр. Бұлардан басқа да таулар, тастар, шөлдер, көлдер, сорлар аз ба?

Қазақ көшпенділікті өзі тастамаса, хүкімет еріксіз қала болғызбайды. Қазақ халқының егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші өзіне, екінші мемлекетке зор пайда келтіреді. Россияның базарына жүн, жабағы, қыл, ет, тері, май жеткізіп тұрғанның көбі қазақ малы емес пе?! Оның үстіне ғаскерге арзан һәм көнбіс аттар қазақ жылқысынан шығатынын еске түсірсек, мал шаруасының патшалыққа келтіретұғын пайдасын санап бітірерлік емес. 1901 жылы 27 сентябрьде Петербургте болған «Антропологическое обществоның» бір мәжілісінде көшпелілік жайын жақсы білетұғын Клеменц деген ғалым айтқан: «Бұл күнгі егін салып, қала болған халықтар бұрынғы мал өсіру кәсібін басқалардың міндетті қылуыменен тастамаған, һәм міндетті болудың жөні жоқ еді. Қазіргі Европада мысалы, мәдени Швейцарияда сүттен май, ірімшік алу мал өсіріп көшушілер бар. Жаңа да ғана Норвегияда қой етінің бағасы көтерілу себепті егін салу, көшіп жүріп қойды ащылы жерге бағып өсіру  мәслихат көрілген». Қазақ жері егінге жарамсыздығын, мал өсіруге ғана лайық екендігін профессор Винер қазақ тұрмысынан ашына хаттар жазған һәм жазбақ та. Қазақ мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына ылайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар. Соның үшін түбін ойлағанда қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек.

Ақырғы сөзім: қала болуды құптаушылар (өзімді де солардың бірінен санаймын) пікірі де көптен халыққа еткен пікір һәм етіп келеді. Ендігі менің бұл кеңесті жаңғыртудағы мақсатым, өзіме мағұлым, қазірше көшпелілік тараптарының пікірін халыққа паш етіп, өздерінің сүйенген дәлелдерін бекітуін кутуде дүр. Өзі қайда барын біле алмайды, адасып тұрған халықты бұрынғыдан  жаман адастырып, басшыларымыздың екі жаққа тартуына қайғырып, тездетіп бір ынтымаққа келуін тілейміз.

Азамат Алашұлы

Енді «Айқап» журналының 1912 жылғы  №7 санына кезек берейік: 

«Туысқан-бауырларыма бір насихат»

Әй, қазақ ағайындар! Жылдан жылға кедей болып, жоқ жерде малдарыңнан айрылып қалып, күн асқан сайын кеміп барамыз, мұны кімнен көресіз. Қыс алды, боран алды дейсіз, қыс пен боран алатұғын болса, қоян неге өлмейді, торғай неге өлмейді. Бораннан ығып, суықтан үсініп бір қоянның, бір торғайдың өлгенін көрген жан жоқ. Қазақта бір мақал бар «Жаман Құдайшыл келеді» дейді. Ол сөздің мағынасы құдай, құдайдың жазуыменен болды десеңіз, бұл сөздің тұрғаны теріс. Өзі жаратқан мүлкін, өзі бар қылған мақұлығын құдай неге қырады. Кім болса, ол болсын, өзі жасаған нәрсесін өзі бұзбайды. Құдай тәбәрак оттағала мұнша жаратқан мақұлығын жоқ қылуға мөлшер қылған болжалды мезгілі бар. Ол мезгіл Ысырапыл періштенің сұрын ұруымен болмақ. Немесе осы болған борандарды Ысырапыл періште сұрын ұрды деп білесіздер ме?! Жоқ, жоқ! Ысырапыл періште ұрса дүниеден не қалмақ? Онда дәнеме қалмақшы емес!

Осыншама кемшілік, осынша қорлық қайдан келіп жатыр? Нығымет не екенін білмегендеріңнен. Ол Нығыметтің қадіріне жетіп шүкірана қылмағандарыңнан болып жатыр. Құдайдың сендерге берген сансыз, есепсіз Нығыметінің қайсы бірін айтып шаршайын. Сонда да шүкіранасы өте тиісті болған зор нығыметтердің біреуін айтайын.

Әй … көзбен қарап, ынсапты құлақпен тыңдайтұғын, ағайындар! Бұл дүниеде үстіңнен қарап тұрған патша ағзам Хазіреттерінің барлығын, басында болған нығыметтерден артық нығымет деп білуге керек. Не үшін десеңіз, патша ағзам Хазіреттерінің барлығын, басында болған нығыметтерден артық нығымет деп білуге керек. Не үшін десеңіз, патша ағзам Хазіреттерінің тахт тасырыпында, сая-дәулетінде болумен әркімнің басы, малы есендікте тұрады. Осы нығымет бір-біріне үстін қарап тұрған патшасына шын көңілмен тілеулес болу ең зор шүкіршіліктен саналады.

Алыстан зілалл-сұлтан алланың көлеңкесі деп айтылған. Құдай тағаланың көлеңкесі бар делінбейді, Кәгбатолланы-Бәйталла деп атаған есепті. Бәйт деуменен ол құдайға ой болып табылмайды. Тек шарапатты, құрметті басқа ойлардан артықтығын білдіру үшін айтылады. Бұ да сол сықылды сұлтандардың шарапаты, құрметі басқалардан артық болғандығы үшін айтылады. Сұлтан деген сөздің мағынасы не қыламын десе өзі ерікті, кісіден сұрап іс қылмайды, көңілі нені тілесе, соны қылуға шамасы келеді деген сөз. Ол сұлтан болушының кім болмағанымен жұмысыңыз болмасын. Алла тағала оттағала кәләм хадимінде ... бұйырды мағынасы ... айтқыл, ей Мұхаммед, Мәліктердің мәлігі алла тәбәрәк оттағала кімді тілесе, өзінің мүлкіне соны ие қылады деп. Олай болса, құдіреті күшті құдай өзі қалап бір сыпыра мүлкіне ие қылып қойған соң, біздер сол патша ағзам хазіреттерінің қазған жолында, шашылған топырағында болып, кеше, күндіз дәулеттерінің артылмағанына дұғада болсақ керек.

Біз осы күнде ел аралайтын жаудан,ірге аралайтын даудан, аузы қанды бөріден, қолы қанды ұрыдан, аман-тыныш тұруымыз патша ағзам хазіреттерінің жәмиясында болғандықтан.

Кеше XYIII ғасырдың ішінде Қазақ уалаятында «Қоқан заманы» деген заман болды. Сонда қазақта мақал болып қалды, «Ақ жалау барда малым бар деме, әзірейіл барда жаным бар деме» деген сөз. Ол ақ жалау деген Қоқан хандарының ел щабатұғын қосыны екен. Ол ақ жалау ат үстінде жүргенде қазақтың малында, басында, қатын-қыздарында ерік болмады. Қазақты шапқанда қандай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дәнеме қылдырмай, мал-жан, үй-мүкәмалын қосындағыларға олжалы қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады. Жалғыз-жарым еркектерді ақжалаудың ат үстіндегілері хандарынан, қолбасыларынан жасырып, ұрлап, өлтірмей тірі алып кетіп Тәшкентте Қоқанның ар жағында Қанбағыс, Досбағыс деген қырғыздын еліне жиырма бес ісек-тұсаққа сатады. Сонан өлмей, тірі құтылып келген шалдардың талайымен сөйлесіп, осы әңгімені өздерінен естідім. Сонда аса зорлық қылып шапқанда біздің арғынды, оның ішінде Қуандық, Қаракесекті баса шапқан екен. Сол шабыншылықта жетім-жесір болып, Алатау, Қаратау Қоқан, Тәшкентке қараған қазақтарының қолында жеті-сегіз жасында олжасында қалғандардың кемпір болған күнінде талайына жолығып сөйлестім. Баяғы арғын ауғанда ақжалау шапқанда олжада қалғандарымыз деп сөйлесті.

Осы Қоқан заманы өтіп император ағзам хазіреттеріне бағынғаннан бері жесір қатын, жетім бала малына ие болып, қазақ жұрты асын тыныштықпен ішті. Бізді осындай амандықта сақтап келген ұлық патшаға әркім шын көңілімен дұға қылса, өзі ақ ниетте болып, шын көз жасынен заманның түзілмеген үміт қылып құдайдан сұраса, заманның түзілуіне әркімнің істеген ісі ілгері басуына мен кепіл. Құдай тәбарақ оттағаланың сөзі құранды қараңдар, пайғамбар сөзі хадисті қараңдар, сол екеуінде айтылған сөз хәләп болса, не қылсаңдар, о қылыңдар, мен ризамын.

Бар білгендерің жұрт бұзылды дейсіңдер, жұрттың бәрін аралап жүріп, ішек-қарнын ақтарып көріп қойдың ба?! Өзің бұзылған үшін айтасың. Қазақ мақалында да айтады: «Өзі ұры жұрттың бәрін ұры дейді, өзі қары жұрттың бәрін қары дейді», - деп. Сенде өзіңді үйінде отырып түзетші, ақ жүрек, ақ пейіл болып шын ықыласың көз жасыңмен халық-жұрттың пайдасына һәм жұрттың басқарушысы болып тұрған патша ағзам хасіреттеріне ғаділетті, мархабатты болуына тілектес болшы заман да түзеледі, адам да түзеледі.

Жұрт жиылған жерде патша ағызам үшін тілек тілеп, дұға қылудың нұсқасы мынау: «Ярып! Өзіңнің пақыр құлдарыңның дұғасын қабыл ет. Ярып! Осы күнде, осы сағатта бірнеше жұрттың бастығы болған патша ағзамның ғұмырын ұзын, өзін бақытты қылып, әр жерде керек соғыста, керек ояу, керек ұйқыда болсын көңіл тыныш қылсаң еді.

Ярып! Саған ғана ғибадат қыламыз... Ғазиз патшамыз біз құлдарына әрдайым ғаділ, шапағатты болып өзінің ғақыл, нұрын бүтін мемлекеттің пайдасына сарып етсе еді.

Ярып! Әумин!

ІІ

Біреуден біреу көре қалған заман ғой. Біздің қазақ бейшара ораза жоқ, намаз жоқ, құдай деген жан біз деп жүрген жайылулы мал сықылды, жосулы аң сықылды, союға, сатуға мал емес, атып алуға аң емес. Сарыарқаның иен шөбінің байлығыменен шаруа күтіп, мал бағып, ғылым-білімнен әр түрлі үлгілі-ғибратлы өнерлерден ... единиция болмай, нөл орнында қалған жұрт еді. Солдаттықтан қашқан құмыра бөрікті, толағай басты ноғайлар келіп «Бәдәуім», «Кесікбас», «Ақыр Заман» деген кітаптарын оқытып, өзі құдайдың бұйрығынан, ақ патшаның құрығынан қашып жүрген қулар Россияның жұртын жамандап патшаның бізге «қысымшылығы осындай, қаһары қаттылығы осындай» деп құдайды ұзынқұлақтан зорға естіп жүрген қазақты шөптің басынан үріккен қойдай, ай жарықта көлеңкесінен қорыққан қояндай қылып.

Россияның бас хакімдері қазаққа қала сал, балаңды оқытуға бер десе, біздің ноғай да осыларды айтқан, осындай қиялап барып тозаққа түсірген деп қала салсаң, шіркеу сал дейді, балаларыңды орысша оқытуға берсең, солдаттық алады деп, көнектен шошыған биедей қылып шошытып, ғұмыр бойы өзіменен жүрлес, сулас, оттас, ораздас болып тұрған Россия жұртыменен ынтымағын қосуға келтірмей, қазақтың ақылсыз  надан қатындарды дуана келеді деп өз баласын өзі қорқақ қылып үйреткендей жаман қылып, көк милы қылып жіберді. 

Ферғана заманынан  ақ патшаға қарамай қашты, қуды, бірін-бірі иттей талап жүрген заманның кезінде өз басын өлімнен алып қашқан сарт-сауанның қулары олар да келіп, қазақ ішіне молдалық қылып, бала оқытып, ол кеше Батыр ханнан, Мәделі ханнан, Құдияр ханнан – солардан қорқып қашқандар. Қайда патша болса, халыққа қылатұғын осындай зорлық-зомбылық деп ғылым-білімі жоқ надан жұрттың қылған патшалығын ғылым-білімді әдебиеттен қамыл жұрттардың патшаларымен бір бәс қылып сөйлеп, қара қазақтың көңілін жақсы ниеттен, ізгі пиғылдан айыруға көп себеп болды. Қазақ мақалында бұрынғы әулие өткен ата-бабалары айтып кеткен «Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді» деп. Сол мақалдың хақиқатын міне, біздер көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ ішіне кім келеді? Онан қашқан, мұннан қашқан жамандықпен көзін ашқан келеді. Және соның бәрі де қазақты жер-көкке түсірмей мақтай келеді: «Дін де сенде, әулиелік те сенде, адамгершілік те сенде» деп. Әсіресе бір әпендемін деген қулар араб жұртын жамандап, мекке ...медине ... екі шәріптің адамдарын жамандап, ол жақта кісінің аузына өліп барамын десе, бір қасық су тамызар жан жоқ, Әулие онда емес, мұнда ... Шарапат онда емес, мұнда. Машайхта осында, дін де осында ... өзге жұрт бәрі аштан өлейін деп, қырылайын деп  тұр.

Сонан соң қайтсын бұл сорлы қазақ! Ноғайдан келді қазақтың өзін мақтады, өзгенің бәрін жаманға қойды. Сарттан келді, о да осыны айтты. Әпенді келді, ол бәрінен асырды. Сонан соң бұл қазақ ойланды: «Біз болған екенбіз, жетілген екенбіз, дүние де бізде екен, әулиелік те бізде екен. Дүниеде не жақсылық бәрі бізде екен деп. Дәнемені керек қылмайтын мұңсыз болды. Құдайдың бізден аяған дәнемесі жоқ екен. Осы келіп жүргеннің бәрі судырап тұрған молда ғой, әулиелікке жеткен ишандар ғой, дүние жаман болса, сонша жерден осындай жақсы жетілген кісілер неге келеді. Дүниеде төрт түлік малдан асылды құдай жаратқан жоқ екен, қазақтан асыл жұртты жасаған жоқ екен де, Сарыарқадай жер қайда барсаң да жоқ екен деп. Қыс болса, жылқының қазы-қартасындай тамақ қайда? Жаз болса, қымыздан артық шарап қайда деп, шалқасынан түсіп жатты да қалды. Наданшылық пенен ғапылдықты екі жағына екі қыз алып жатқан кісідей құшақтап қатты да қалды. Елді қортық бүлдіргені осы. Айта берсем, ақыры және бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев

Енді «Айқап» журналының 1912 жылғы  №9 санындағы мәселеге көңіл бөлейік:

«Тіл сақтаушылық»

Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің ана тілі, сол себепті әр милләт (халық) алдыменен ана тілін жоғалтпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер мал, дәулет арқасында сақтай алмайынша жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызыметіменен сақталады.

Ондай халық адамы екі түрлі болады, біреуі шайырлардың, яғни өлеңші ақындардың жыры, өлеңменен сақталады. Екінші, романстер яғни халық жайынан халықтың жақсы, жаман жағын хикаят қылып жазып жұртқа көргізуші адамдарменен сақталады. Біздің қазақ, қырғыз аталарымыздың «Жігіт жігіттің күзгісі – айнасы» деген һәм «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі» деген мақалдары бар. Cол сияқты халық үшін туған ерлер арқасында дін, тіл, намыс деген нәрселер сақталады. Мұндай адамдар әр жұрттың ішінен шығып, өзінің дінін, тілін сақтап өз жұртының абыройын көтеріп келе жатыр. Бізге үлгі боларлық халық толып жатыр. Біздің қазақ, қырғыз тілінің жоғалмауы үшін біздің ішімізден де осындай қаламын халық пайдасына жұмсайтын жігіттер шығып, халық пайдаланғандай, әртүрлі өлеңдер, әртүрлі халық жайынан кітаптар жазуға керек. Өзіміздің түрік тіліменен әртүрлі балаларымызға оқытуға ылайықты мектеп кітаптарын жазып, келешек күніміз үшін зор дәулет әзірлеуге керек. Бүтін түрік татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі біздің қазақ, қырғыз тілі екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де біледі. Бұлайша болған соң қолымыздағы дәулеттің қадірін біліп, тіліміздің бай кезінен оқыған жастардың қызмет етіп, қимылдап қалатын уақыты келді. Россияның мемлекетінде общее образование, яғни ғұмыры тегіс оқу басталайын деп тұр. Қазақ халқы тілге, әдебиетке кедей емес, бірақ басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр. Ғұмыры оқу басталғанша өз ана тілімізде балаларымыз үшін кітаптар жазып программаға кіргізуге даярлануға тиіс қой. Біздің ел ішінде түрлі халық араласа бастады. Сол себепті кейінгі жастарымыздың тілі  кәдімгідей бұзылып бара жатыр. Қазақ жерінде қазақтан да орыс, хақол көп болу себепті қазақ жастары әр нәрсенің атын, есімін орысша айтқанына мәз болып, өз тілін ... ұмытады. Күнбатыста Польша дейтін жерде, поляк ішінде бөлініп қалған аз ғана татарлар бар «поляк татар» деп айтылады. Солар осы күнде өз тілін ұмытып, бала-шағасына шейін орыс тіліменен сөйлейді. Сол сияқты қазақ жастарының көбі орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес.

Біз милләтке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі өз тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрсағына қызмет етіп кетеді. Біздің милләтке қызмет етушілеріміз бір жағы мұсылманша, бір жағы орысша білімі болған жігіттерімізден болады. Бұл замандағы педагогтардың сөзіне қарағанда бала ең кемі 3 жыл яки 4 жыл ана тілімен оқуға тиісті болады. Біз қазақ балаларына сол 3 жыл ішінде өз тілімізде кітаптар оқыған сияқты татар тілінен де хабарсыз етпеске керек. Әбптейі (жаңаша) мектептен шыққан бала татар тіліне таныстығы болмаса, қалайша Шәһәрге барып жоғары сыныпқа кіреді, оның дәріс кітаптарына қалайша түсінеді, бұл да ескерілетін бір жұмыс.

Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де ... «Айқап» журналы менен «Қазақстан» газетінде халыққа жол-жөн көргізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А. Б. Әпенденің «Жалғыз қаз келгенменен жаз бола ма?» - дегені сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газетпен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой. Сонда да ауадағы қазға қарап қолындағы торғайды ұшырма! – деген сияқты көп журнал, көп газетке дейін қолымыздағы екі құсымызды ұшырмайық, шама келгенше ел-жұрт болып... дуам етуіне иждиһат қылайық. «Көп түкірсе –көл» деген ғой.

Қандай ғана халық болса да білім-ғылымы мемлекетіндегі шығатын газет-журналдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де болмайды. Қаншаға дейін киіз үйлеріміз бен сары қымызға мас болып күнімізді өткіземіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық, ғылым-білімге.

Уалиалла Халили, Қостанай. 

Сөз соңында айтарымыз: «Айқап» журналына ел мұңын, халық өмірін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бастаған арыстар сөз қозғап, кеңінен толғанады. Оқу-ағарту, өнер мен ғылым, ана тіл мәселесі һәм жұрттың ахуалы сөз болған мақалаларға қарап, бүгінгі қазақ ұлысының рухани өлшемін өлшеп, қандай межеге жеткенін бағамдап, саралап өтуіңізге болады. Бәрі де көз алдыңызға кинопленка секілді оралып, хаттала түседі. Ендеше, жүз жыл бұрынғы қазақ журналистері көтерген мәселенің мәні әлі де өзекті де ауқымды іс екенін баса айтуымызға толық һақымыз бар сияқты... Міне, елдік басылымның күші мен саяси салмағы. 

Материалды дайындап, төте жазу қарпінен қазіргі қолданыстағы әліпби жүйесіне түсіріп, ғылыми түсінігін жазған Ж. Алаш

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?