Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәтбаевтың сенімді серігі

765
Сәтбаевтың сенімді серігі - e-history.kz

Бекмағанбет Сұлтанғазиев – қазақтың әйгілі зергері, рудатанушысы. 

Геология – Қазақстанның жетекші салаларының бірі. Қазақ жерінің асты-үсті түрлі қазба байлықтарға толы. Оларды игеруді адамзат баласы тым ерте замандардан бастағанына біздің даламыздағы жер атаулары куә болады. Мысалы, Жезқазған, Жезді, Алтынқазған, Мұнайлы, т.б. мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ұлы Далада өмір сүрген бабаларымыз жер астындағы асыл қазынаны өңдеп, пайдалануды да жақсы меңгергеніне сан түрлі деректер баршылық. Сондай жерлердің бірі – Жезқазған өлкесі. Жезқазған өңірінде мыс өңдегені туралы мәліметтер көп. Ғалымдардың зерттеуінше Жезқазған өңіріндегі шығарынды тас үйінділердің көлеміне қарап, мұнда ертедегі заманнан бергі кезеңде бір миллион тоннадан астам мыс кені өндірілген деген есеп шығарылған екен. Жезқазған өңіріндегі мыс өндіру кәсібі туралы орыс армиясының капитаны Н.Рычковтың қазақ даласына жасаған саяхатынан күнделік жазбада белгіленген екен. 1772 жылы кітап болып шыққан жазбада Ұлытау өңіріндегі мыс кен орны туралы сипатталады. 1847 жылы орыс өнеркәсіпшісі Н.Ушаков Жезқазған мыс кен орнын ресми тіркеткені – заманауи мыс өнеркәсібінің қалыптасып дамуының алғышарты болды және мұның өзі осы өлкедегі тұрғындардың ата кәсібінің, ғасырлар бойғы білік-дағдысының жүзеге асуы болып табылады.

Бұл өңірдің байырғы тұрғындарының түрлі кендер туралы таным-түсінігі барлаушы геологтерге үлкен көмек болғандығы туралы мәліметтер де жетерлік. Олар жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың кенорындарын ашуға өлшеусіз үлес қосқан. Сондай белгілі адамдардың бірі – Бекмағанбет Сұлтанғазиев. Бекмағанбет Сұлтанғазиев – қазақтың әйгілі зергері, рудатанушысы. Ол 1899 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Тасқора ауылы аумағында дүниеге келген. 

Бекмағамбет Сұлтанғазиев бала жасынан өзінің көптеген құрдастары сияқты, айнала табиғатқа етене болып өседі. Дала табиғатында туып-өскен барлық балалар сияқты тастармен ойнап өскен Бекмағамбет бала олардың алуан түсі мен салмағы, өзге де ерекшелігіне ден қояды. Туған өлкесіндегі тау мен тастың өзіндік сырын үлкендерден сұрап біліп, олардан естіген-игерген тәжірибелерді көкейіне түйіп өседі. «Тастың тілін білген» бұл қабілетін ол зергерлік өнерде жүзеге асырады. Асыл тастардан түрлі зергерлік бұйым жасау – қазақтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата кәсібінің бірі болатын. 

Сарыарқа мен Бетпақдаланың шетсі-шексіз даласының қойнауын табиғи білім-білігімен таныцп өскен Бекмағамбет Сұлтанғазиев жастайынан білімге құмар болып, сауатын ашады. Түрлі төңкерістер дәуірінде ел ішіндегі оқиғалардың ортасында жүрген ол Ақмола облысы Сарысу болысы, №1 ауылдық кеңесінің, одан соң Жамбыл облысы Сарысу ауданы Калинин ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Өзінің туған жеріндегі Ленин атындағы ұжымшарды ұйымдастырушылардың бірі болады. 1925 жылдан Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшесі болады. Большевиктер көсемі В.И.Ленин жариялаған ЖЭС (Жаңа экономикалық саясат) дәуірінде жас мемлекет Кеңес Одағы үшін индустрияны дамыту үшін жаңа кенорындарын ашу ауадай қажет еді. Геолог мамандарды көптеп даярлаумен қатар, советтік билік жергілікті жердің асты-үсті байлығы туралы өзіндік түсінігі бар талапты адамдарды да бұл іске тарта білді. Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің геологиялық барлау ісіне араласуының басты себебі осы еді. Ол 1928 жылы Тасқора мыс кенін ашты. Сонымен қатар 1936 жылы Қаратаудағы мыс-никель-кобальт кенін ашқан болатын. Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің кен баралудағы дарын-қабілетін бағалаған тиісті орын Қызылордадағы Тау-кен округінің басшысы Зельвиннің қолымен 1929 жылы 21 шілдеде барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат куәлігі беріледі. 

Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің тумысынан геолог болып туған табиғи дарын-қабілетке ие жан болғаны туралы оның тұстастары жазып қалдырған. Қазақ геология ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еліміздегі пайдалы қазбала кенорындары мен мұнай-газ қорларын барлау, оларды өндіру үшін толық цикльді жүйені, инфрақұрылымды қалыптастырудағы еңбегі орасан. Ғалым өзінің ғылыми-практикалық болжамдарын нақты жүзеге асыру үшін жергілікті көзі қарақты адамдармен көп әңгімелесіп, олардың тәжірибелері мен кеңестерін көп тыңдағаны жайлы оның өмірі мен іс-қызметі жайында жазған жазушылар мен зерттеушілер әрқашан атап көрсетеді. Қаныш Сәтбаевке сенімді көмекші, қажет кезінде ақылшы болған тұстастарының бірі – Бекмағанбет Сұлтанғазиев болады. Қарағандылық өлкетанушы Валерий Могильницкий өзінің «Ұмытылмас жүздесулер» («Незабываемые встречи») атты кітабында былай деп жазады: «Бекмағамбет Сұлтанғазиев – өздігінен оқып үйренген геолог еді. Қ.И.Сәтбаевтың тұрғыласы болып келетін ол ғалымға пайдалы қазбаларды іздеуде сенімді көмекші бола білді. Сұлтанғазиевтің киіз үйінде Қаныш Имантайұлын әрдайым тыңнан табылған олжалар күтіп тұратын. Бірегей минералдарды түйесіне теңдеп алған Бекмағамбет ағай Қарсақпайға, геологтардың конторасына жиі-жиі келіп тұратын. 1929-1933 жылдары ол Сәтбаевтың қазба кенорындарын іздеген кездерінде тұрақты жолбасшысы болды. Олар екеулеп күн сайын ен далада ондаған шақырымды жаяу-жалпылап кезуден еш шаршап-шалдыққан емес. Қаныш Имантайұлы Бекеңнің дархан жүректігі, жер астындағы қазынаны табудағы сезім түйсігінің алдамас алғырлығы туралы әлденеше рет айтқаны бар. Ас үлкен маңызға ие мыс-никель-кобальтті кенорнын тапқаны үшін 1937 жылы 9 желтоқсанда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Бекмағамбет Сұлтанғазиев екі мың рубль мөлшерінде ақшалай сыйлықпен марпатталған. 1945 жылдың қыркүйек айында Қ.И.Сәтбаев Жамбыл облыстық атқару комитетіне былай деп жазады: «Б.Сұлтанғазиев – Қазақстанның жер қойнауын барлаушылардың бірі, энтузиаст, өз бетімен үйренген геолог. Ол пайдалы қазбалардың бірнеше кенорындарын ашты. Оған жан жақты қолдау мен көмек қажет.»

Бекмағамбет Сұлтанғазиев пен академик Қаныш Сәтбаевтың өзара достығының куәсі «Баекең Сұлтанғазиев жолдасқа ескерткіш. Қаныш Сәтбаев 12.09.1945 ж. Алматы» деп қол қойған фотосурет болып табылады.

Описание: http://anatili.kazgazeta.kz/media/media/%D0%BA%D0%B0%D0%BD%D1%8B%D1%88%20001.jpg

Қаныш Сәтбаевтың Бекмағамбет Сұлтанғазиевті жолықтыруы туралы Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Жеңіс Шыныбеков өзінің «Ана тілі» газетінде жариялатқан «Бір ауылды аштықтан алып қалған академик» атты деректі мақаласында былай деп атап көрсетеді: «Бекмағанбеттің үлкен ұлы Бәйімбет әкесінің соңғы өсиет сөзде­рін былай деп еске алады: Әкеміз дүние салар алдында бәрімізді шақырып алып былай деді:

- Тап сол жұт жылының жазында ауылымызға Қыдыр баба айдап Қаныш келіп қалмағанда, тұқым-тұяғымызбен аштан қырылатын едік. Шаңырағымыз ортасына түсіп, ошақтағы отымыз сөніп, әулетіміздің аты өшетін еді. Қаныш ауылымызды жебеуші, құтқарушы періште болып келді.

Асыл азамат менімен түйдей құрдас екен. Өз ақшасына маңайдағы әлі де жағдайы бар тұр­ғылықты елден он шақты түйе сатып алып берді. Сол түйелерге қос-қолаңымызды артып, бала-шағамызды мінгізіп, киелі Қаратауға жеттік. Алтын кенін тауып бергенім үшін маған жыл сайын зейнетақы ретінде үкімет тарапынан отыз пұт астық бергізіп тұрды. Ақшалай сыйлығы тағы бар. Қарғыс атқыр соғыс басталғаннан кейін бұл көмек тоқтап қалды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді». Ел басына орасан қайғы-қасірет әкелген аштық және «ер басына күн туған» зұлмат жылдарда біз Қаныш бергізген астықтың аркасында аман қалдық. Мүмкіндігінше көрші ауылдардың аштарына да көмек­тесіп тұрдық. Мұны сендер мәңгі ұмытпауларың керек. Сендерді дүниеге әкелген – мен, мені дүниеге әкелген – Қаныш!» Бұл тума дарын геологтің өмірден өтерінде ұрпақтарына айтқан өсиеті екен. Былайша айтатын себебі: Бекмағамбет Сұлтанғазиев Айбат тауының етегінде ауыл-аймағымен аштықтың зардабын тартып жүргенде кен барлап жүрген Қаныш Сәтбаев кездесіп, оларды аштықтан аман сақтап қалған екен. Міне, осылайша қазақтың дарынды екі ұлының арасындағы достық, әріптестік бастау алады.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағында мыңдаған жаңа зауыттар мен фабрикалар салынды. Бұл кезеңде әсіресе әскери қорғанысқа, алда болып қалуы мүмкін соғысқа үлкен мән берілді. Осыған орай елдің қорғаныс өнеркәсібіне үлкен мөлшерде каучук пен резина қажет еді. Дереккөздердің мәлімдеуінше, қазақ жерінде, Орталық Қазақстанда, Қаратауда табиғи өсетін таусағыз атты өсімдіктің каучук өндірісіндегі маңызы туралы ұсынысты Қаныш Имантайұлына алғаш рет Бекмағамбет Сұлтанғазиев берген екен. 1936 жылы Қаныш Сәтбаев бұл туралы республика үкіметіне хабарлама жасап, атақты биолог ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш ауылшаруашылық ғылымы академигі Кәрім Мыңбаев бастаған ғалымдардың кірісуімен таусағыз өсіретін ұжымшар құрылған болатын. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда Бекмағанбет Сұлтанғазиев майдандағы жауынгерлердің жағдайын жасау үшін тылда аянбай еңбек еткендер қатарында болды. Ол өзінің адал еңбегімен жиған мал-дәулетінен Қорғаныс қорына қырық мың рубль аударса, Қызыл Армияға 10 арғымақ атты сыйға тартқан. Азық-түлікке деп елу қой және алты жауынгердің қыстық жылы киімдерін ұсынған. Осы айрықша көмегі үшін Кеңес Армиясы Жоғарғы бас қолбасшысының атынан жеке жазбаша алғысқа ие болған. 

Өзінің даңқты жерлесі, отандық биология ғылымын қалыптастырып дамытушы ғалым Кәрім Мыңбаев Бекмағанбет Сұлтанғазиевтің жақсы сыйласатын адамдарының бірі болыпты. Ол талантты геолог Бекмағамбет Сұлтанғазиев туралы: «Ол тыным таппайтын еңбекқор адам» деген пікір қалдырған екен. Бұл оның ізденімпаз да, еңбекқор тұлғасына берілген шынайы баға болса керек.

Жоғарыда атап өткен қаламгер Жеңіс Шыныбековтің деректі мақаласынан даңқты геолог Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің ұрпақтары туралы мынадай деректі кездестіреміз Академик Қаныш Сәтбаев ұзақ жылдар бойы өзіне жолсерік, көмекші болған Бекмағанбет туралы былай депті: «Бекмағанбет, әттең, оқымаған. Егер тау-кен барлау технологиясын оқығанда, одан өткен ғажайып геолог болмас еді».

Бекмағанбет Қанышпен бірге жүріп Қарағанды кен көзін ашқан Байжан сияқты Қаратау қойнауындағы талай кен көздерін, бастау-бұлақтарын ашуға қатысты. Сол үшін оған «Құрметті геолог» атағы берілді. Қазақстанның тау-кен зерттеу коғамының мүшесі болды. Қазіргі кезде Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында Бекмағанбет Сұлтанғазиев атындағы көшелер бар. Оның еңбегі туралы деректер Жезқазған «Өлкетану» мұрағатында сақ­талған. Халық арасында «оқы­маған академик» атанды. Ол өзінің баяғыда мәшине гүрілінен шошып естен танғанын, алтынды тасқа балаған аңқаулығы мен сауатсыздығын ұмытқан жоқ. Балалары мен немерелеріне оқыңдар деп насихат айтты. Ұлы Бәйімбет ұзақ жылдар ұстаздық етіп, орта мектептерде директор болып қызмет аткарды.

Немерелері Сәуле мен Ардагер де жоғары білім алды. Сәуле Бекмағанбетова қазір Алматыдағы үлкен кітапхананың меңгерушісі. Балалы-шағалы, отбасының анасы».  Мінеки, кен зерттеуші Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің ұрпақтары туралы мәлімет осындай.

Билік иелеріне қатысты айтылатын «қарадан шығып хан болған» дегендей, жер қойнауын зерттейін ғылымның ұңғыл-шұңғылдары туралы арнаулы оқу орнына түсіп, арнайы оқып білім алмаса да, отандық геологияға кәсіби геологтардан ешбір кем емес үлес қосып, өзінің даңқты есімін тарихқа лайықты түрде таңбалап қалдырған әйгілі геолог Бекмағамбет Сұлтанғазиев 1950 жылы 16 қаңтарда Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеден өтеді. Ол ашқан Тасмола кенорны халық шаруашылығына ұзақ жылдар қызмет етті. Биыл туғанына 125 жыл толып отырған әйгілі кен барлаушы Бекмағамбет Сұлтанғазиевтің өмірі мен қызмет жолы туралы шолу жасағанда осылай болды. Қазақ жерінің асты-үсті байлығы бүгіндері халқымызды асырап отыр десек болады. Осы бір қолдағы игіліктің, бүінгі бақуатты өмірімізге негіз қалаған, жаңашылдықтың бастауында тұрған әйгілі тұғлалардың есімін, еңбегін бүгінгі, ертеңгі ұрпақ ескеріп, олардың мерейлі даталы жылдарында өмірі, іс-қызметі туралы ақпарат құралдарында жариялап отырса дұрыс болмақ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?