Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тобыл-Торғай өңіріндегі киелі жерлер

1644
Тобыл-Торғай өңіріндегі киелі жерлер - e-history.kz

Тобыл-Торғай өңірінде тарихи-мәдени тағылымы мол көне ескерткіштер мен қорымдар, кесенелер көп. Бұл ескерткіштер өткен ғасырда осы өңірде болған тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Тобыл-Торғай өңірінде: Торғай геоглифтері: (Үштоғай төрттағаны, Торғай трикветрі), «Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы)» кесенесі, «Жәуке Назарғұлұлы», «Қостам» кесенесі, «Бақсы мола», «Құлымбет әулие» мазарлары және «Екі дің», «Құмкешу қорымы», «Көшімбек», «Күсеген», «Қыз тамы», «Қароба», «Мақат сахына тамы» секілді тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер сақталған.

Арқалық қаласының Сарыторғай ауылына жақын жерде, жақпар тастардан өрілген мұнара шоқыға ұқас екі көне ғимарат бар. Бұл жер «Екідің» деп аталады. Қос өзеннің ортасынан орын тепкен бұл ауыл, әуелі тарихымен, содан кейін  ерекше ауасымен ел есінде сақталған. Осы ауыл іргесінде «Қыз тамы» кесенесі орналасқан. «Қыз тамы» кесенесі жайлы әлі күнге дейін түрлі сыни көзқарастармен, көптеген пікір айтылып келе жатыр. Сыни көзқарастар мен пікрілерді зерделей түсіп, ел есінде сақталған, осы «Қыз тамы» мен «Мақат сахына» ескерткіштерінің тарихына назар аударайық. 

Қыз тамы – өткен ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Арқалық қаласының Екідің ауылының жанында орналасқан. Ел арасында бұл мазарды «Қыз тамы», «Алыс қызының тамы», «Бәтиманың кесенесі» деп те атайды. Бәтима төлектен шыққан дәулетті де беделді ел арысы Алыс Жәмеңкеұлының қызы болған [1, 120-б.].

«Бәтима» кесенесінің ғимараты бұрма күмбезді, биіктігі 7, 20 м, іргесі шаршы пішінді, көлемі (6,60 х6,40 м) кесенені тұрғызған материал-күйдірілген қызыл кірпіштен, бояуы қою, түсінен ауыр мұң сезіледі. Алдыңғы қасбетіне салтанатты сипат беру үшін оның жоғары жағына биік төбежабын (портал) салынған. Төбежабынның жиек айналасына үш қатарлы кірпіштен бұғат қондырылған. Кіре берістегі есік ойығының маңдайшасында доғарылып өрілген арка бар. Қасбеттері түгел «П» әрпіне ұқсас оймышты қалыппен құйылған, өрнекті кірпіштен құрастырылған жолақтармен безендірілген. Жолақтың шетіне қылбұраулы жиектеме берілген. Кейінгі кезде ауыл тұрғындарының күшімен «Бәтима» кесенесінің іргетасы бекітіліп, айналасына жақтау жасалған. Бұл айшықты қызыл кесене ұлт азаттық көтерілісінің қос батыры Ділдәбек пен Мырзабектің туған қарындасының бейіті. Оны төлек-елібаш Бейсен деген кісі салған. Ұлт азаттық көтерілісте Мырзабек Доғал-Үрпек шайқасында қаза тауып, сүйегін қарындасы Бәтиманың жанына әкеліп жерлейді. Бәтима Наймандардың бір атасы Жұртшының Сұлтанбек деген жігітіне бесікте жатқанында-ақ айттырып қойған қалыңдығы екен. Бәтима ержетіп, енді ұзатылғалы жатқанда кенеттен қайтыс болады. Қалың малы төленіп қойғандықтан, Алыс бай әулеті үшін «уәде» ар-намысқа сын. Апасы қайтыс болса, орнына сіңілісі ұзатылуы тиіс. Сондықтан сіңілісі Қазиненің кезегі еді. Қазақта мұңы «бодау болып барды»,– дейді. Алыс байға қызы Қазиненің бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын, мінезі ауыр, қайсар қыз екені аян. Сондықтан қызымен оңаша ақылдасып, «қандай тілек, шартың бар, орындайын» – деп өтініш айтады. Мұны жақсы білетін Қазине туған туыстарын жинап алып, үш шартын жеткізеді. Бірінші шарты, Бәтима аруағы риза болсын деп, ауыл іргесіне қызыл кірпіштен өріп, айшықты қызыл күмбезді кесене тұрғызу болады. Кейінірек Алыс бай уәдесін орындап, суда езілмейтін қызыл кірпіштен қызына там салдырған.  Келесі шарты, Жәуке мен Жәмеңке бір әкенің балалары болса да, екі елдің адамдары бір-бірімен араз болған көрінеді. Сондықтан да қыз арманы екі бауырдың елін татуластыру еді. Үшінші шартын Жабай көңінің тұсына жүз үй тігіп, «бүкіл төлек баласы болып тойымды жасаңдар» - деп жеткізеді. Келесі күні Жабай көңінің тұсына жүз киіз үй тігіп, Қазиненің тойын жасайды. Қазине найман еліне ұзатылып бара жатқанда елімен былай қоштасады: 

Пау, шіркін 

Ел қайда енді маған Бұғатастай,

Қайыңды, Қараой мен Ашудаста-ай.

Жат елде бір – екі ай жүргеннен соң,

Сағындым артта қалған қарындасты-ай.

Сарыторғай атамекен,туған елім,

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.

Сарыатан сандық артып,үкі тағып,

Ырғалып, ен жайлауға көшкен едім.

Барамын ұзатылып басқа жұртқа,

Алланың бұйрығына шарам бар ма?

Туған ел, құрбы-құрдас, үлкен-кіші,

Аман бол,енді қайтып оралғанша [2, 268-б.].

Бәтима кесенесі (қыз тамы)

Бұл ән кейінірек қызу талқыға түседі, әннің бірнеше нұсқасы ел арасында таралған. Сөзі ел есінен ұмытыла бастағанымен, әнін естіген жандарға бұрыннан таныс сияқты, бірден ойға оралып, көкіректе сайрап тұрғандай әсер қалдырады. Қазір көп айтыла бермейтін, ұмытылған бұл әннің шығу тарихын, таралуын, түп-тамырын бірнеше дереккөздер арқылы нақтылай түсуге болады. Біріншісі, көңіл күмбезін осы әннің екінші жолындағы жер аттары аландатқан еді. Өлеңде кездесетін Қайыңды, Қараой, Ашудасты деген Торғай бойында орналасқан жер аттары болса, алғашқысы мен соңғысы өзен аттары. Ал Қараой деген жиі кездесетін жер атауы. Өлеңнің сөзіне қарағанда, жаңағы екі өзеннің маңындағы Қараой болуы тиіс. Өзіміз білетін төрт жолдың сөзіне қарап, жер атына сай, осы ән біздің Торғай өңірінің өз қолтумасы екені анық. Бұл ойдың тағы да бір түйінің белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 100 әні» жинағы шешті. Сол кітаптың Торғай уезінен жазып алынған әндер бөлімін қарай отырып, «Пау шіркін!» деген әнге көңіл аударуға тура келеді. Өйткені әлгі әннің қайырмасы: «Пау,шіркін-ай!» деп, екі жол сайын қайталанып отырады. Әуені ел есінде жатталып, Торғай өлкесінің Сарыторғай өнірінде туған «Пау, Шіркін!» әні екені баяндалады. Осы келтірілген деректер бұл өңірдің ән, күйден, өнердің қай саласынан да мақұрым еместігін дәлелдейді. Сондай-ақ, А.Затаевичтің «Қазақ халқының 100 әні» жинағында осы әннің нотасы берілген [3, 90 б.]. Қазиненің Жұртшының Сұлтанбегіне тұрмысқа шыққаннан кейінгі ғұмыры бізге белгісіз. Бірақ «Қыз тамы» әуелгі қалпын бұзған. «Қыз тамында» Қазине де жерленген деген пікірлер кездеседі. Бірақ, Қазине бізге белгілі деректер бойынша Қызылорда өңірінде жерленсе керек. «Қыз тамы» тәуелсіздік жылдарынан кейін мемлекет қамқорлығына алынған көне ескерткіштердің бірі. 

Торғай өңіріндегі тағы бір сәулет өнерінің күмбезді ескерткішіне мән берейік. Бұл «Сахана там» ғажайып меморалдық ескерткіш үлгісі. Себебі мұнда қайтыс болған адамдардың сүйегін бұрынғы сүйекке қосу жоралғысымен жерлейді. Яғни, ортасынан бөлінген қабырғаның екі жақ қанатында екі адамдық кірпіш сөре жасалынған да, олардың екі жақ шетінде бір метр шамасында төрт бұрышы жіңішке қуыс қалдырылған. Сүйекті сүйекке қосу осы жерде атқарылады. Торғай өңірі ғана емес тұтас қазақ жерінде ел назарын айрықша аударған дүние – «Сахана там» –  деп аталатын «Мақат» кесенесі. Бұл там Арқалық қаласынан Ұлытауға қарай беттейтін қара жолдың бойында, Сарыторғай ауылына қарасты 50 шақырым жерде орналасқан. Былайғы ел жұрт бұл жерді «Мақат саханасы» деп те атайды. Бұл ескерткіштің салыну тарихына, салынған жылына байланысты бірнеше нақтыланбаған дереккөздер бар. «Костанайская область» энциклопедиясында бұл ескерткішті өткен ғасырдың басында (1926 жылы) Мақат Саржанұлы деген кісі салдырған десе, «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Мақат саханасы» мақалада, Мақаттың немересі Әбуғали Мақатов: «1890 жылдары Мақат атам Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, маңайындағы ескі қорымдарды аралап, өз болашақ ұрпағына ескертіш қалдырсам деген ойға келеді. Сахана тамның сүлбі жобасын сызып, еліне қайтып оралады. Келген соң өзі мекендеген жері Сарыадыр, кейін Қайыңшоқ, казіргі таңда Мақат деп аталатын жерге ерекше cахана там саламын деп бел буып, іске кірісіп кетеді. Осылайша, атам Мақат, інісі Ахмет екеуі тұрақтаған жерде, Қыпшақ тайпасы Құлан руының жігіттерін жалдап, кірпіш құйғызып, осы сахананы тұрғыза бастайды. Мақат саханасының іргетасы 1898 жылы қалана бастаған. Сахананың кірпіштері қолдан құйылып, әр кірпішке құран аяттары жазылған, сахана құрылысы 1907 жылы аяқталады» – дейді. 

Мақат сахана тамы – сәулет өнерінің күмбезді ескерткіші. Екідің ауылының оңтүстігінде, Арқалық қаласынан 183 км қашықтықта орналасқан. Сағананың сыртқы ауданы 5,5 х 5,6 м, биіктігі 6 м, көлемі 26 х 12 х 7 см күйдірілген кірпіштен қаланған. Бүрмелі тамды салған шебер-құлан Аманбек Нұрғожанов. Сыртқы бұрыштары мен қабырға жиектері жартылай доғал кірпіш бағаналармен өрілген. Күмбезі конус тәрізді дөңгелек негіз жасалып, соның үстіне орнатылған. Үш қабырғысының сыртына әсем өрнектелген. Алдыңғы бетіндегі есік айналасы «П» әріпі түріндегі шығыңқы белдеумен қоршалған. Осы беттің ішкі қабырғасына орнатылған баспалдақ арқылы шымылдық тұтылған, 1 м тереңдіктегі қабір алаңына түсуге болады. Саханада әйелдер мен ер адамдарға арналған 2 қабір бар. Өлшемі 1,5х2,2метр. Қабірлерінің бұрыштарында шаршы пішінді саңылау қалдырылған. Өлшемі 0,6х0,6 метр. Есік алдыңдағы сағанада үш құлыптас тұр. Мәйіт осындағы терең құдық жиегіндегі тақталы сағанаға сақталады да, әулеттің келесі кісісі қайтыс болғаннан кейін ғана құдыққа түсіріледі. Бұл Қазақстан көлемінде кездесе қоймайтын рәсім. Тастан өрілген құдық ішінің желдеткіш жүйесі мәйіт сүйектерінің жақсы сақталуын қамтамасыз етеді. Сахана там өзіне арнап салынса да, мұнда Мақаттың сүйегі жоқ. Ол «қызыл кірпіштен күмбезді кесене салдыртты» - деген айыппен 1931 жылы түрмеге жабылып,айдалып кеткен. Қай жерде көз жұмып, жерлегені де белгісіз [4, 267 б.].

Мақат саханасы

Бұл нысан қазір мемлекет қамқорлығына алынған. Сахана тамның кіреберіс маңдайшасына құран аяттары жазылып, сыртқы дөдегесіне әсем ою-өрнек безендірілген. Биіктігі метр. Нысан құла дүзде босқа тұрған жоқ. Бұнда адамдар ашық жерленеді. Яғни мәйіт арнайы сәкі үстіне қойылып, келесі мүрде келгенге дейін сонда тұрады. Жаңа мәйіт ауысқанда, ескісі іргедегі көрқұдыққа тасталады. Бұны там иелері «сүйекке сүйек қосу» дейді екен. Мұнда соңғы адам 1994 жылы жерленген. Сыртынан қарағанда, бұл тамды жер астындағы көрге түсетін есік деп еш ойламаймыз. Ал шын мәнінде бұл там – көрқұдықтың аузына салынған қақпа. Жер астындағы жерлеу орнында әйел мен еркекті бөлек-бөлек қояды. Таңданарлық дүние - мәйіт жатқан жерде ешқандай иіс-қоңыс жоқ, ішке салқын таза ауа кіріп тұрады. Бұнда тек қана бір атаның балалары жерленеді. Сахна тамының мұншалықты күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Жалпы бұл жәдігер-нысан жайлы арнайы зерттеу жүргізген адам жоқ. Тек этнограф-ғалым, марқұм Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде бұл дүниелер Зәрдеш әулие (Заратуштра) заманынан қалған ғұрып екені жайлы айтылыпты [5].

 Бұл тақырыпты тереңірек қарастырсақ, мұндай көрқұдықтар қазақ даласының әрбір жерінде бар екен. Атап айтқанда, соның бірі – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында орналасқан. Бұл да күйдірілген кірпіштен бір күмбезді етіліп салынған. Екі шеті дөңгелек мұнаралы, оның жоғары жағында жарық түсетін саңылау бар. Бұл жерде де адамдарды жерлеу тәртібі Мақат саханасымен  бірдей. Сол сияқты, тағы бір көр-зират Қарағанды облысы, Нұра ауданының (бұрынғы Теңіз ауданы) Жанбөбек ауылынан 25 шақырымда болған екен. Қазір көр-зираттың тамы қирап, жұқанасы ғана қалыпты. 

Көпшіліктің айтуынша, Мақат саханасы салынған жер ежелден қасиетті болып саналған және де бұл жерде денелер жақсы сақталады. Себебі жанында Сарыторғай өзені ағады, ал жерде Ұлытаудан шыққан бұлақтар бар. Тіпті кесенінің кірпіші берік қалануы үшін арнайы аттың қылын қосқан екен. Екі ғасырдай уақыт бойы кесененің үгітіліп кетпеуінің сыры осында жатыр. Қазақ халқының осындай жерлеу орындары, ата-бабамыздың мәңгілік өшпес рухын бейнелейді. Еліміздегі әрбір ескерткіш өткен ғасыр тарихынан сыр шертіп, ерекше көрінісі ретінде сақталып, мәңгілік есте қалады. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әлмағамбетов Б. Торғай әуендері. - Алматы: «Өнер», 1983. - 116 бет.

2. Сүлеймен Мақсұтбек. Амангелді ауданы. Тарихи-танымдық энциклопедия.

Павлодар: «ЭКО», 2018. - 416 бет.

3. Торғай елі. Энциклопедия / Құраст. Т.Рсаев. - Алматы: «Арыс», 2013. - 456 бет.

4. Костанайская область. Энциклопедия. - Алматы: «Арыс», - 2006. - 736 с.

5. Қазақстанның өңірлік нысандары. - Астана: «Фолиант», - 2017. - 504 бет. 

Жауынбай ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?