Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүниенің кіндігі дерлік Дегелең

1610
Дүниенің кіндігі дерлік Дегелең - e-history.kz

«Дегелең – дейді тарихшы Б. Нәсенұлы ағамыз, – 1896 жылғы Дала генерал-губернаторының санақ тізімі бойынша үлкен елді мекеннің бірі болған. Бұл болыста 11 ауыл 1824 отбасы немесе 14-15 мыңдай халық қоныстаған. Бүгінгі күні бірде-бір ауыл жоқ».

Қазақтың көрнекті жазушысы, осы Дегелеңде туып балалық шағын өткізген Сапарғали Бегалин ағамыз Дегелең таулы аймағын нақты деректермен былайша сипаттаған. Ұзындығы 35-40, ені 15-20 шақырым шамасында. Абсолютті биіктігі 1010 метр, салыстырмалы биіктігі 200-500 метр. Кен орындары мол таулы өлке. «Қаражыра» көмір алқабы осы Дегелеңнің Семей жағы, қазіргі аса бай кен табылды» деп республикалық газеттерге даурығып  «Найманжал» кені табылды деп айғайлауда(Павлодар облысына қарайды – деп берген). Ал ол кендер осыдан 1000 жылдан бұрын «Айғыржал» кені ашылған. Міне заман өзгереді. Болатбек Нәсеновтің жазуына сүйенсек, «Абыралы ауданын тағы да картадан сызды, енді қасиетті көне (тарихи) аттарына әркім өз ойына келгенін істеп өзгертпекші. Бірақ тарих өзгермейді. Ата-бабамыздың аты өшпейді. Осыны есте сақтаңыздар, семейлік, павлодарлық жаңа қазақ, орыс мырзалар».

Дегелең тауының бауырындағы қара бұлақ бойы – сол маңдағы кедей жатақ ауылдардың жаздағы қонысы. Оңтүстіктегі өзінше көгілдір аспанмен астасқан Дегелең тауы. 

«Дегелең тауының биіктігі 1085 метрлік Найзашоқысы гранит пен мәрмәрдан жаралған берік тасты жота еді. Сол жер кейін қолыңды тигізсең бордай үгілетін құмдауыт үйіндіге айналды» деп жазады атақты документалист М. Сәрсеке. 

Жазушы өзінің «Семей қасіреті» кітабында Сапарғали Бегалиннің туған өлкесіне келуі және Найзашоқы биігіне байланысты эмоцияға толы оқиғаны былайша баяндайды: 

«1980 жылдың күзінде семейлік зиялы қауым қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин ақсақалдың туғанына 80 жыл толуына орай үлкен салтанат ұйымдастырып, Семейде, Қарауыл және Қайнар кенттерінде атап өтті. Ақсақалдың ержеткен ұлдары Мәжит, Хамит, Қасымды және әдебиет пен мәдениеттің бір топ қайраткерлерін ертіп, қарамды топ болып туған еліне мінәжат ете келген қарт қаламгерді біз бес «Волгамен» туып-өскен жұртын бірнеше тәулік аралатып, құрмет көрсеттік. Сол сапардың төртінші күні Сапекең бізге: «Әй, бауырлар, қызметтеріңе дән ризамын. Бәрің де менің жасымнан асыңдар! Сендерге енді бір ғана өтінішім бар: Дегелеңге апарып, кіндік қаным жуылған Қалыбай бұлағынан бір жұтым су ішкізіп, ата-бабаларымның зиратына құран оқып, аруақтарға тағзым еткізіңдер! Жүрдек машина берсеңдер болды, қыстауыма барар жолды өзім көрсетемін...» – десін. Біз үшін бұл – шешуі о күнде күрделі іс: облыстық ауатком төрағасының орынбасары Мағжан Орынбаев пен Абай ауаткомының төрағасы Рымхан Ғабдолла баласына қарадық...

Ақсақалға жауапты Рекең берді: «Сапеке, бұл тілегіңізді орындай алмаймыз, Дегелеңнің қойнына бойлап кіру қайда, сол маңатқа жақын-жуық баруға менің, иә, осы ауданның өкіметі болсам да құқым жоқ. Егерәки сізді сол жерге амалдап кіргізсем, Дегеленің ұрымтал шоқысында қарауылда отырған сақшы рация құлағын бұрайды да әскери штабқа хабарлайды. Одан көтерілген тікұшақ сізді де, мені де дереу тұтқындап, штабтарына апарады. Қысқасы, сол бір қарекетім үшін партбилетімді беріп құтылсам тәубе дер едім. Жағдай солай, бұл іске бізді қинамаңыз...» – деді. 

Сапекең үндеген жоқ. Тұнжыраған әлпеті тарқасын деген оймен бір кезде Қалыбай ауылының төр жайлауы болған Мейзек тауының бөктеріне апарып, ол болса Қайнар кентінен отыз шақырымдай түстікте еді, жас күнінде қозы бағып, тай үйреткен жазғы қоныстарын аралатып, көңілін жадыраттық.

Әлқисса, содан келесі күні Семейге аттанып, бес «Волга» қонақтар, алтыншы машина ауатком төрағасы мінген автомобилі болып, Саржал ауылын жанамалай жүріп, Ащысу өзенінің жағасында күзекте отырған орденді, озат қойшы Төлеутай Құрмановтың күзгі қыстағына келдік. Сапекеңмен Абай елінің қоштасуы сол жерде, дастарқан басында өтпек-ті. Құрметті қонағымыз арнайы тігілген қойшы үйіне бірден кірген жоқ, қасына мені және кенже ұлы Қасымды ертіп, ауыл төріндегі төбешікке қарай аяңдады. Төбе басына шыққан соң менің қолымдағы дүрбіні алып, күнбатыс қиырда мен мұндалап құздиып тұрған, шамасы 25 шақырымдай жердегі Дегелеңге назарын тіктеді. 

Қасым екеумізде үн жоқ, тым-тырыс томсырайған ақсақалға жаутаңдай қарадық.

– Медеу, бері жақында, мынау не сұмдық, мен не көріп отырмын? Дегелеңнің Найзашоқысы қайда? Әулие асуы да көрінбейді. Біржола құртыпсыңдар. Ойбай-ау, найзадай боп аспанға тік шаншылған, ұшар басына қыран құстар ұя салатын биігі қайда?! Жоқ, ұшты-күйлі жоқ, сығыр құдай!..

– Қазіргі жарылыстар жер астында жасалады, ағасы. Үш жүз, кейде бес жүз метр тереңде тұталатын дүмпулер күні-түні төмпештей берген соң аспанға бой созған сом жартас шыдай ма, сірә, төменге шөккен... Біз оны білмейміз, білуге де қақымыз жоқ. Найзашоқыңыз да дамылсыз төмпештеуден жер жастанған шығар... – деп мен өз ойымды маймөңкөлеп жеткіздім.

Сапекең кенет қолындағы дүрбіні маған қарай лақтырып, кеңкілдей егілсін.

– Әй, екі ұл, сендер мені неше күннен бері бақытты шал деп өтірік мақтап, кәрі көңілімді арзан сөзбен алдапсыңдар. Сексенге келіп, бес «Волгамен» туған жерін аралау да зор бақыт дейсіңдер. Бәрі де жалған! Бос сөз, әншейін даңғаза. Дүниедегі ең бақытсыз шал менмін. Ойбай-ау, сонау соғыс жылдарынан беріде атамекеніме бара алмай, Қалыбай бұлағынан су ішу қайда, кәусар суына бетімді жуып, ішімді жеген өксікті тарқата алмай өмірден арманда кетіп бара жатқан шалдың сорлысы мен. Менмін, екі ұл! Маған енді мақтау айтқанды доғарыңдар! Ау, туып-өскен қыстауынан түстік жерде отырып, соның көдесі желкілдеген боз дөңіне аунауға рұқсат алмау деген не сұмдық?! Сол үкімді кім шығарған, қандай нағылет мені ата-бабама құтты қоныс болған қайран жерден айырған?! Кім?! Ау, неге үндемейсіңдер?!

Бізде үн жоқ. Қасым Бегалиннің не ойлағанын білмеймін, ол да жас сорғалаған көзін сүртіп, Дегелеңге мөлие қарады. Ал мен сол бір қатал тежеуді өзім шығарғандай қуыстанып, соны түзетуге дәрменсіздігіме налып, көмірдей қап-қара қалың шашын жұлқылап, бір тал ағы жоқ сақалын көз жасы жуып балаша еңіреп, тұла бойы селкілдеп отырған, күні кеше сергек сияқтанған қартымыз сол сәтте тоқсан жастың өріне шыққандай боп шүмшиіп, әлжуаз кәріге айналғанына қымсынып, өзім де егілген кепте едім...

Сол мезетте елгезек ауыл иесі көмекке келмесе – Қасым екеуміздің күллі денесі селкілдеп, ағыл-тегіл жылаған кексені тоқтатарға, егілген есін дегдітуге шамамыз жоқтау еді...»

...Дегелеңнің Ұялы шыңы көгілжім мұнарға бөленіп, өзіне заман сырын жиғандай желін аңыратады. Шығысында Қосшоқы адыры жатыр. Осы Қосшоқы адырының солтүстігінде Қарабұлақ арнасы болып тұрған Көкек деген шағын адыр бар. Сол адырдың төбе беткейінде қазылған құдықтар кездеседі. Оны ел осыдан жүз елу жыл бұрын «Кенқазған» деп атаған... Осынау құдықтар қойнауынан шыққан тастар аспан түстес көгілдір түске боялған. Ел мұны алтын кенінің тасы дейді... Дегелең тауы соншалықты созылып, көлбеу жатқан көлемді емес. Бірақ айналасындағы ұсақ адырлы жазық алқапта бой көтерген тау, оның оңтүстік шығысындағы Ұзынбұлақ өлкесі, солтүстік бауырындағы Қалыбай бұлағы. Бұл салалар балқашты, шабындылы өлкелер. Тал мен қайың аралас өскен сайсалаларындағы ну тоғайлары да жазда жайқалып жатады. Бұл екеуіне жетпегенмен, оңтүстік батыстағы Байтілес, Тоқта, Күшік бұлақтары, күншығыс Қара тұмсықтағы Ботабұлағы, солтүстік баурайындағы Алдаберген, Тоғыз тара бұлақтарының табиғаты әсем де әсерлі қоныстар.

Дегелең өңірінің бірталай ауылдары шиі қалың, қыры бетегелі, жусаны тұны тұрған Қотанбұлақ, Жамбасқұдық, Күзеуқұдықтарына бытырап қонып үйлерін тігетін Пішендік Жалпақ шілік деген талдың аралында болатын. Күндіз тауда пішенде болып, қабағы, Шақар бұйраты, Қара ой, Күшелек адыры, Шақар биігі, Босаға адыры, Ұялы кешкілікте Қарабұлақ бойындағы ауылдарға келіп қонатын. Шота кезеңі, Майсор шыңы деген сияқты ондаған тау-жер аттары бар еді. Бұл болыста негізгі рулар Кедей, Кешубай, Жалықбас, Шөптеміс, Жарылғап. 

Мыржық Жалықпастарының бір бөлігі Дегелеңнің ішіне келіп қоныстанады, өз алдына 8-ші ауыл атты жеке отау құрады. Олар Дегелең Жалықпастары атанады. Сегізінші ауылдың орталығы Ұялы шыңының терістік іргесіндегі Қырқым қыстағы еді. Әуелі өз болысы, кейін Дегелең ауылдық кеңесі атанған Дегелең аймағының (кейін Киров атындағы колхоз) орталығы Ұялының түстік іргесіндегі Ұзынбұлақ ауылы еді.

Дегелең болысының географиялық орны, қыстақ, жер, мекен, өзен аттары туралы Сапарғали Бегалин атамыз өзінің «Замана белестері» романында жақсы әңгімеледі.

Калыбай, Қаңлыбай батырлардын арғы аталары Жүгіней ата сырттай қарапайым болып көрінгенімен, оның көріпкелдік қасиеттері болған. Көбінесе жауырынға қарап, оның сызықтарын қадағалап, болашаққа болжам жасай алатын болғандықтан болса керек, содан Жауырыншы Жүгіней аталып кеткен. Орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбек сол қасиеті үшін өз замандасын өзіне ақылшы ретінде жақын ұстаған. 

Абыралы-Дегелең жерін қалмақтардан босату 1740-50 жылдарға дейін созылды деуге болады. 40-50 жыл ішінде Ертіс бойының ең жақсы жерлеріне қалмақтар әбден орналасып алған еді. Жаудан қайтқан жерлердің барлығы қазақтардың жаңа ұрпақтары үшін жатсынып кеткен жерлер болатын. Тек мықты, алғаш жеткен батырлар ғана ең жақсы мал жәйілімі мен қонысқа жәйлі қыстауына ие бола алған.

Қалыбай батыр жасақтарымен қалмақтарды Ертістен асыра қуып тастап, Дегелең тауы мен даласын өзі тандап, ырымын жасап, ши басын сындырып, осы құйқалы жерге түпкілікті табан тірейтінін білдірген. Үлкен Дегелең мен Кіші Дегелең ортасындағы биік асуы деп, ал содан ағып шығатын қуатты Ұзынбұлақ, Қырқым бұлағы деп аталып кетуі, сол жердегі қалмақтардың бетін қайтарған, кескілескен текетірес соғыстан соң қойылған құрметті жер атаулары. 

Қалыбай атамыздың қай жылы қайтыс болғаны біздерге белгісіз. Бірақ та ол кісінің әспеттеліп, үлкен құрметпен Түркістандағы қасиетті Әзірет Сұлтан кесенесі жанына қойылғаны белгілі. Және де ол кісінің денесі сөреге салынып, Жетісумен айлап жүріп Әулие-Ата арқылы Түркібас (Түлкібас емес!) үстімен, ерте көктемде, жеткізілген дейді. 

Сапарғали Бегалин атақты демограф Мақаш Тәтімовке арнап жазған өзінің естелігінде былай деп әңгімелеген: «Қалыбайдың зияраты Түркістандағы Әзірет Сұлтан мавзолейінде екен. Оған дәлел: Қаңлыбай мен Тәтім ақсақал 1898 жылдар шамасында барып, зиярат етіп қайтқан» - дейді. 

Дегелең жер кіндігі дерлік, Сарыарқаның ең бір құйқалы жері. 1947 жылы Совет үкіметінің құпия шешімі шығып, ал 1949 жылы атом сынақ полигонының орнауында, әркім біле бермейтін бір үлкен себеп бар. Дегелең алып Евразия суперконтинентінің дәл кіндік ортасында жатыр. Атом сынақтарынан соң пайда болған залалды заттар ұшы-қиыры жоқ алып континенттің түкпір-түкпіріне біртіндеп және біркелкі қонады. Екіншіден, оның жер қыртысы атомдық сынаққа төтеп беретін қатты граниттен құралған. Үшіншіден, полигон сияқты тажалға көп су керек. Ол жанындағы Ертісте мол ағып жатыр. Полигонның қатерлі және ауыр қару-жабдықтарын алғашында сырт көзден таса етіп, Омбыдан бері кемелермен тасып отырған. 

Еуразияның орта далалық белдеуінің барлық табиғаты, өсімдігі және жан- жануарлары болсын Дегелеңнің бойында қордаланып жиналған.

«Үлкен және Кіші Дегелең ортасындағы бүгінгі Әулие асуында «Бұл орын Еуразияның кіндік ортасы болады» деген обелиск-естелік орнатса деп армандайды Мақаш ғалым.

Шынында да, 50-ендік пен 70-бойлық Еуразияның дәл кіндік ортасын көрсетіп тұр. Ал Дегелеңдегі Әулие асуы осыдан бір 25-30 шақырым оңтүстікте жатыр, нағыз белгі қоятын жер.

«Хан Кене Қарқаралыға келіп, жасақ жинағында, Қаракесек руының жігіттерін бастап, Қаңлыбай батыр Кенесарымен төс соғыстырып, әділетті қанды жорықтың басынан аяғына дейін болған. Кенесары Жетісуға дейін шегіне келе, Қытайға Ыстықкөл мен әрі Сарыжаз арқылы өтіп кетпек болып, жолында қырғыздың Сарыбағыш руынан жасақталған тосқауылға тап болған. Кенесары амалсыздан елін-жерін тастап, жат елге үдере ауып кету ойымен жолында тосқауыл болған қырғыздарды шабуға ниет еткенде Қаракесек Қаңлыбай батыр атамыз алдағы қайғылы қасіретті сезгендей: «Қырғыз біздерге, Хан Кенем, сіз шабатын қалмақ емес, ол да өз бауырың, ызғарлы ырайыңыздан қайтыңыз» – деп ақыл айтса керек. Кенесары алған бетінен қайтпағаннан кейін, ол түбінде бір насырға сияқты бөлініп, Қарқаралы, Баянауыл соғатынын біліп, Арқаның басқа батырлары да сол жергіліктілер сияқты бөлініп, Қарқаралы, Баянауыл, Абыралы, Балқан тауларына қайтқан. Сол жорықта Хан Кененің опат болғаны біздерге тарихтан белгілі.

Сол Қаңлыбай батыр атамыз 96 жыл жасаған екен. «Кенесары Қасымұлы опат болғанда, өле-өлгенше күрсініп өтіпті» дейді Сапекең.

«Хан Кенеме берген сертімнен тайдым, сол үшін мені құдай жазалап, үрім-бұтағым қаңғырып кетпесе жарар едің», - деп аһ ұрады екен.

Әруақты батыр атамыздың секем алып, қайғырып айтқаны көрегенділікпен келген сияқты. Атақонысымыз Дегелең тауы мен Абыралы даласына манағы қайғылы уақиғадан (1847 ж.) соң, 102 жылдан кейін қасіретті ядролық полигон орнап, онда атом сынақтары болып, басымызға әңгір-таяқ тиді ғой. Қаңғыған емей немене, атақонысымыздан ел-жұрттың бәрін жан-жаққа бірін қалдырмай көшіріп жіберді!

Дегелеңдегі ескі жұрт Ұзынбұлақ қыстауы мен қасиетті Әулие Қалыбай асуы және белгілі Қырқым бұлақтары атом сынақ полигонының дәл ортасында қалып қойды. Ол кісінің тікелей ұрпағынан бүгінде көзі тірі Семейдегі (бұрын Суықбұлақта тұрған) ұстаз-мұғалім Зейнеп апамыз, Семейдегі інісі, Алматыдағы сіңлісі Қаңлыбайдан жалғыз Төребайдың ұрпақтары бар. Қойшыбай мен Қаңлыбайдың інісі Бабаханнан жалғыз еркек кіндік қалған. Ол бүгінде Сарыағашта тұратын соғыс ардагері, көп балалы, 75-тен асқан - Әбдіхалық Шәріпов.

«Дегелеңдегі бір іргелі ауыл – руы Кедей Жаңқара ауылы. Жаңқара көлі – әлі де солай аталады. Бұл атамыздан Жалбақ, одан Төлепберген қажы туған. 1915-20 жылдары малының көптігінен Абыралы ішіне қарай Керегетас деген жерлерге қоныс аударған. 1928 жылы кәмпескеге ұшырап Семейдің түрмесінде 96 жасында қайтыс болыпты. Бұл кісіден Оспан, Қабдолла, Изат, Ілияс, Исатай, Құсайын, Әділдә, Пайзолла атты балалары болған. Немере, шөберелері бар. Қажығали, Қажытай, Исахан, Төлеухан, Төлеуғали немерелері Талдықорған жерінде еңбек етуде. Ата-қоныстарыңды ұмытпаңдар дегім келеді.

1916 жылы қазақтан солдат алу кезінде патшаға хат жазып жеңілдік сұраған 638 қарқаралы уезінің ақсақалының ішінде Дегелеңнің беделді адамдары Төлебаев Омар, Тышқамбаев Ахмет, Бекпалов Смағұл, Қойшыбай Қарасаров, Сыздық Тұтышов атты азаматтар бар. Бұл ақсақалдардың немере-шөберелері де әр жерде жүр-ау. Сіздерде ата-бабаларыңыздың қонысына ешнәрседен жасқанбай барғандарыңыз дұрыс қой. Осы елге кадірлы болған Жалықбастан шыққан Молдабай қажы, Ақышбай қажы, Жәукебай кажы, Құдайберген қажы, Жалғаубай қажы, Жақсыбай қажы, Жақсыкүннен Омар қажы, Ақым қажы, Боқаннан Уәли қажы, Тоқмет қажы, Нұрлан қажы, Қошқардан Байұзақ қажыларды да атай кетейік» дейді Болатбек аға Нәсенов.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?