Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада Орталық Азия тарихшыларының форумы өтті

3187
Астанада Орталық Азия тарихшыларының форумы өтті - e-history.kz

Ежелгі замандардан бері Орталық Азияны мекендейтін қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ халықтарын ортақ тілдік, діни, мәдени құндылықтар, ортақ тарихи тағдыр байланыстырады. Бұл халықтар осы үлкен аймақта талай мемлекеттердің құрылып ыдырағанына куә болып, өздерінің достығы мен тату көршілік ұстанымдарын, бірегейлігін сақтап келеді. 

Біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнелі түрде сипаттағандай Орталық Азия «біртұтас геосаяси және рухани кеңістік» бола білді. Мыңдаған жылдар бойы осы аталған халықтар Орта Азиядан ешқайда қоныс аудармастан бір біріне деген достық, бауырластық ниеттерін, сезімдерін берік ұстанып ортақ мақсат жолында бірлесе ғұмыр кешуде. Тарихтың тағдыршешті сәттерінде біріне бірі қолдау көрсетті, аймаққа қауіп төндірген сыртқы күштерге қарсы бірлесе, ұйымдаса тойтарыстар жасап елін, жерін сақтап қалды.

Өткен ғасырларда кейбір ел билеушілері тарапынан туындаған түсініспестіктер салдарынан бұл мемлекеттер арасында уақытша салқындықтар, оқшаулану әрекеттері болған, бірақ ондай әрекеттер қарапайым халықтар тарапынан қолдау таппағаны белгілі. 

Орталық Азия елдері орта ғасырларда және жаңа заманда «алты бақан алауыз» саясаты салдарынан Батыс Еуропа мемлекеттерін қансыратқан - «Жеті жылдық», «Отызжылдық», «Жүзжылдық» соғыстарға ұрынған жоқ, өңірдің ел басшылары, беделді тұлғалары, дін қайраткерлері парасаттылық танытып бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтай білді. 

Өткен ортақ тарихымыздың осындай ғибратты тұстары бауырлас халықтардың тарихи жадында жатталып қалды және қазіргі тарих ғылымында бұл жағдаяттар жаңғырып отыруы өмірлік қажеттілі болып табылады.

Тарих ғылымының мақсаты адамдарға тек өткенін шынайы баяндау емес, болашағын бағамдау, дұрыс бағытта дамуын айқындау, өткен кезеңдерде жіберілген қателіктер болса олардан сабақ алуға бағыттау болып табылады.

Кезінде тағдырдың жазуымен бірнеше ғасыр еріксіз Ресей империясы мен Кеңес Одағының құрамында болған Орталық Азия халықтары Кеңестік империя құлаған соң Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Түрікмен, Тәжік сияқты тәуелсіз республикаларға айналып, әр қайсысы өздерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын таңдады. 

Тәуелсіз дамудың отыз жылдан астам уақытында бұл мемлекеттер көптеген сынақтар мен қиындықтарды, кейбір оқшаулану сәттерін де бастарынан өткерді. Соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттері арасында өзара тиімді ынтымақтастық жолында ұмтылыстар жанданып келеді. «Бүгінгі таңда бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар нақты мазмұнға ие болып терең стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейге көтерілді» - деп бағалады Қ-Ж.К. Тоқаев. 

Президентіміз атап өткен бес республика арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастардың нақты мазмұнға ие болып жатқанының бір көрінісі Астанада 7 тамыз күні Орталық Азия елдерінің беделді тарихшы ғалымдарының бас қосуы болды. 

Таратып айтқанда «Орталық Азия тарихы: халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалог» тақырыбындағы осы аймақ мемлекеттері тарихшыларының бірінші форумы ұйымдастырылды. Бұл форум бұған дейінгі тарихшы ғалымдарының жолығысуларынан бірқатар өзгешеліктерімен ерекшеленді.

Тәуелсіздік жылдары Орталық Азияның тарихшы ғалымдары жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу мекемелерінің ұйымдастыруымен және шақыруымен белгілі бір тарихи тақырыптар, мәселелер бойынша ғылыми конференцияларға, семинарларға қатысып кездесіп жүргендері белгілі. Бірақ бұл жолғы өңірлік тағдыршешті мәселелерді кешенді зерттеуге арналған бас қосу алғаш рет болуымен, ғылым академияларының, беделді тарих институттарының жауапты өкілдерінің қатысуымен және осы жиынды Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынысымен өткізілгендігі болды.

Ғылыми форум Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткізілгендіктен ректор және қоғамдық негізде Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің төрағасы Е.Б. Сыдықов құттықтау сөзбен жиынды ашып, ғылыми жиынның табысты өтуіне тілектестік білдірді. 

Форумға арнайы келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі аталған өңірдің тарихшы ғалымдар алдында тұрған маңызды міндеттерге кеңінен тоқталды. 

Пленарлық мәжілістен соң ғалымдар үш панельдік сессияға бөлініп жұмыс жасады. 

Академик Е.Б. Сыдықов жетекшілік еткен сессияда Орталық Азияның қазіргі тарихындағы тенденциялар, болжамдар мен мүмкіндіктер талқыланса, академик З.Е. Қабылдинов басқарған сессияда ежелгі дәуірден Тәуелсіздікке дейінгі Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне синхронды көзқарасты қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды. 

Өңірдің жас ғалымдарының басын қосқан сессияға республика Ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдар орталығының басшысы Жеңісбек Төлен жетекшілік жасады. 

Бірінші сессияға қосымша жетекшілік жасаған Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Н.С. Пұсырманов бірқатар маңызды пікірлерді шетелдік ғалымдар назарына ұсынды. Солардың бірі Орталық Азия елдері тарихшыларының халықаралық жоғары рейтингті Скопус базасындағы ғылыми журнал шығару мәселесін бірлесіп қолға алу болды.

Форумға қатысқан бауырлас елдердің ғалымдары қазақстандық тарихшылар ұсынған өңірдің ортақ тарихын бірлесіп жазу идеясына бірауыздан қолдау білдірді. 

Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті, Шығыстану институтының директоры Бахром Абдухалимов ежелгі және ортағасырлардағы өңірдің ортақ тарихын жазуға аталған институт қорындағы құнды дереккөздерін пайдалануға мол мүмкіндік барын алға тартты. 

Түрікменстан Ғылым академиясы атынан келген Бас ғылыми хатшы Чарыяр Амансахедов пен Тарих және археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Хан-Дурды Гурбановта Орталық Азия тарихын бірлесе зерттеуге ықыласты екенін білдірді. И.Әбдірайымов атындағы Қырғыз авиация институтының профессоры Рита Салморбекова да қырғыз тарихшылары бірлескен зерттеулер жүргізуге ниетті екенін жеткізді. 

Ғылыми жиынға қатысушылар тиісті қаулы қабылдап бес бауырлас мемлекет тарихшыларының өңір халқы мен мемлекетерінің болашағы жолында ынтымақтаса жұмыс жасауға ниетті екендігін қуаттады. Өңірдің тарихшы ғалымдарының кезекті форумдарын әрі қарай кезектесіп өткізіп, жұмысты үйлестіруге уағдаласты.

 

Қалиев Жабай Нұрмақұлы,

Тарихшылардың ұлттық конгресі 

Хатшылығының басшысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?