Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орыс саудагерлерінің отарлау ісіне тартылуы

3055
Орыс саудагерлерінің отарлау ісіне тартылуы - e-history.kz
Қазақияның ежелгі қалыптасқан тұрмыстық жүйелі өмірін Ресейдің капиталистік қоғамы тас-талқан етті. Көшпенді өмірді бастан кешіріп, бейбіт өмір сүріп жатқан қазақтарға салық салу басталды

Қазақ даласын отарлау саясатының бір тармағы сауда-саттықта жатты. Ресейдің арзанқол бұйымдарын қазақтарға айырбастау үшін үкімет әуелі, шығыста Қытайдан, түстікте Бұхар өлкесінен келетін керуен жолдарын қиып тастау арқылы орыс тауарларына деген мәжбүрлікті қолдан жасады.

Осылай Ресей саудасы халықты талап-тонаудың тағы бір мәдениетті тетігіне айналды. Саудагерлер өздерінің өтпей қалған арзан тауарларын қазақ даласына қарай тоғытты. Олар: сапасы төмен, қалалықтар тұтынудан қалған шай, қант, кәмпит, т.б. дүниелер. Бұл дүниелерді ресейлік өндірушілер «қырғыз (қазақ) тауарлары» деп атады. Бұл бұйымдар қазақтарға өз құнынан 10-15 есе қымбат сатылып, орыс көпестері шаш-етектен пайда тапты.

Екіншіден, саудагерлер қазақтың қолындағы мал өнімдерін (тері, жүн-жұрқа, ет, т.б.) шикізат ретінде су тегін бағаға алып, қымбатқа өткізді. Осындай жағдайға қаныққан күллі Ресейдің алаяқтары қазақ даласына қарай ағылды. Бұлармен бірге, қазақ даласында алдап-арбау, тонаушылық қатар өрістеді. Бұрынғы мұсылман саудагерлері қалыптастырған шариғи сауда әдептері аяқасты етілді.

Осылай Қазақияның ежелгі қалыптасқан тұрмыстық жүйелі өмірін Ресейдің капиталистік қоғамы тас-талқан етті. Көшпенді өмірді бастан кешіріп, бейбіт өмір сүріп жатқан қазақтарға салық салу басталды. Орыстың байлары қазақ даласын шикізат көзіне айналдыру арқылы байлыққа кенелді. Олар қазақ жеріне үлкен өндіріс ошақтарын салуға ешқандай құштар болмады.

Мысал ретінде айтар болсақ: мақтаға бай Түркістан өлкесіне тоқыма фабрикасын салдырмау жайлы генерал-губернатордың өтінішін патша мақұлдаған. Себебі, «Ресей жеріндегі Иваново-Вознесенка, Мәскеу тоқыма фабрикаларына бәсекелестік тудыруға болмайды», – деп шешкен.

Зерттеуші Жеңіс Марданұлының пайымдауынша, «Қазақ даласы орыс көпестеріне майшелпек болғаны сонша – олар ойларына не келсе соны істеді. Аңқау, аңғал қазақты алдап жер соқтырып кету, саудада уәдеде тұрмау, тиесілі затты бермей қою т.с.с. қиянаттар етек алды. Үкімет орындары мұндай әділетсіздікті тыюдың орнына өздері отарлаушылардың мүддесін қорғады» [1].

Сібір өлкесін зерттеуші Н.М. Ядринцевтің жазуында әскери және мемлекеттік отарлаудан кейін өнеркәсіптік, сауда отарлау жалғастырылғаны айтылады [2].

Ал, өлкетанушы-ғалым Г.Н. Потанин: «Ресей өзі һәм тірі нәрселердің кіл жаманын колонияға жіберіп, колонияның ең жақсы нәрселерін өзіне алып отырды» дегенді ашық айтады [3].

Яғни, патшалық Ресейдің экономикалық сауда арқылы отарлау саясаты жөнінде академик Салық Зиманов өзінің «Общественный строй казахов первой половине ХІХ века» атты еңбегінде: «Орыс көпестері мен капиталистер қазақтардан малдың жүні мен терісін өте төмен бағаға сатып алып, Орталық Ресейдің сапасы төмен арзан тауарларын жоғары бағаға өткізіп, қазақтарды қанау арқылы пайдаға кенелді», – деп жазады [4].

Сол сияқты орыс ғалымы граф Сухотелень: «Қазақтар біз үшін көшпелі жұрт ретінде пайдалы, өйткені, олар біздің мата бұйымдарды тұтынатын бірден-бір халық, сондықтан, оларды өндіріс көздеріне жолатпай, жартылай жабайы түрде ұстаған дұрыс», – дейді [5].

Осы саясат Совет Одағы кезінде де жүргізілді.

Ресей көпестері арзан сауданы қыздыра түсу үшін қазақтармен шектескен шекаралық елді-мекендерге «Меневой двор» (Айырбас қорасы) атты сауда нүктелерін ашты. Осы нүктелер Орынбор, Троиск, Қызылжар, Омбы, Семей, Өскеменде, кейінірік Ақтөбе, Ырғыз, Атбасар, Тайынша, Қоянды, Шу бойында пайда болды. Орыс саудагерлері Ресейдің жеңіл өнеркәсіп тауарларының құнын бірнеше есе қосып, қазақтарға сатты. Қазақтар мәжбүрліктен ол заттарды малға айырбастап алып отырды. 1912 жылдың қортындысы бойынша, Ақмола уезінде жоғардағы айырбас саудадан орыстар 63 млн. сомның, Орынбор базарында тек жүн-жұрқадан 1 млн. 778 мың сомның пайдасын тапқан [6].

Бірақ мұндай шекаралық сауданы үкімет қош көрмеген сыңайлы. Себебі, сауда-саттықтан түсетін салықты бақылау мүмкіндігі азайғандықтан, кешікпей басқаша шаралар қабылдаған. 1771 жылы қазақ даласын көктей өткен орыс саяхатшысы, капитан Николай Рычков күнделік жазбасында: «(Шаңды жорық кезінде), қазақ даласының шебіне келіп қоныстанған шаруалар өз өнімдерін көшпелі қазақтарға сатып, айырбас жасауға ерікті болды. Әсіресе, астық өнімдері қатты өтті. Сондықтан да, орыс шаруалары астықты өте көп өндіріп, оны табын-табын сиырға айырбастады. Бірақ мал-мүліктен алым жинаумен шұғылданатын мекеме қызметкерлері шаруалар мен қазақтардың айырбас саудасына қатаң тыйым салды. Бұл менің ойымша, қазақтарды Орынбор мен Троицк қамалына барып сауда жасауға итермелеу, сөйтіп, сол жерлерде баж салығын алып тұру үшін істеліп отыр» деген деректі алға тартады [7].

Орыс саудагерлерінің сауда-отар саясатын жүргізудегі әдіс-айласы:

• қазақтардың қолындағы мал өнімдерінің бағасын жоғарылатпай ұстау үшін күллі саудагерлер бір баға ұстанудан айнымай қатаң бірлік танытты;

• ресейлік өнеркәсіп тауарларының бағасын бәрі бірдей көтеріп, бір деңгейде қымбат ұстады;

• қазақтардың қолына патшаның күміс ақшасын түсірмей, баспа-бас айырбас сауда жасауды қатаң қадағалады. Себебі, айырбас сауда кезінде көпестер ақша құнымен салыстырғанда өте көп ұтысқа ие болды.

Осындай саясаттың нәтижесінде құны баламасыз айырбас сауда

(неэквивалентная торговля) өрістеді. Атап айтқанда:

- Құны 25 тиын тұратын 1 қадақ (1 қадақ – 409,5 грамм) шай (қант) қойдың жарты етіне (жарты қойдың еті – 1 сом) бағаланды.

- 6-7 кез шыт (1 кез – 71 см. Бағасы – 5 тиын)1 қойға (тоқты – 1 сом, үлкен қой – 2 сом) айырбасталды.

- Ресейде бағасы 7 сом тұратын 1 самауыр – 20 қойға сатылды.

Ал, қазақтардан сатып алынатын шикізаттың құны:

  • 2 жастағы қой – 1-1,50 сом.
  • Құнан қой – 2 сом.
  • Дөнен қой – 3 сом.
  • Тайынша – 3-4 сом.
  • Құнан өгіз – 4.50 сом.
  • Дөнен өгіз – 10-12 сом.
  • Қой терісі – 15-20 тиын болған [7].

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

зерттеуші журналист, ҚР мәдениет қайраткері

 

1 Марданұлы Ж. Шежіре.Ертіс – Баянаула өңірі. 1-кітап. – Павлодар: Дауа, 1995. – 49-б.

2 Ядринцев Н.М. Сибирские инородцы, их быть и современное положение. Этнографическая и статистическая исследования с приложениями статистических таблиц. – Спб., 1891. – С. 132.

3 Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1995. – 25-б.

4 Зиманов С.З. Общественный строй казаков первой половине 19 века. – А., 1958.

5 Царская колонизация в Казахстане. – Алматы: Рауан, 1995.

6 Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы: Жазушы, 2005.– 74-б.

7 Қайдар Ә. Қазақ қандай халық? – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 257-б.

8 Красовский М. Область сибирских кыргызов. 2 том. – 186. – С. 292-294.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?