Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шағаласы қалқыған, айдыны шалқыған, шіркін, Зайсан!

2576
Шағаласы қалқыған, айдыны шалқыған, шіркін, Зайсан! - e-history.kz
Зайсан көлінің жағасын қоныстанған ел ежелден балықшылықты кәсіп еткен. Балық өнеркәсібі алғашқы бесжылдықтар кезінен бастап қаз тұрды

Асқар Алтайдың тотыдай таранып, аққудай сыланған қос еркесі – Марқа мен Зайсан көлдері жайлы тебіреніп, жыр толғамаған ақын кемде-кем шығар. Күні кеше жыр нөсерін селдетіп өткен Мұқағали Мақатаев туған жер жайлы соңғы тебіренісінде:

Сәлем берем Алтайда туысыма,

Шығысыма, тарт менің ырысыма!

Сірә да, Кондайк, Аляскалар

Толар ма екен Алтайдың уысына?!

Мынау жатқан Марқакөл, Зайсаным ба?!

Шығыстағы кішкене Байқалым ба?!

Қос жанары Шығыстың сияқты-ау бір,

Қос жанарды, ұшқышым, байқадың ба?

Айдынына мәңгілік ескерткіш қып,

Қаламымды тастармын қайтарымда,

Қалса, қалсын Марқакөл, Зайсанымда, –

деп жәннат өлкені аспанға көтере сипаттап, көздің жауын алар сөз кестесімен өрнектеген еді. Ақын айтса айтқандай, Алтай еліміздің алтын алқасы, інжу-маржаны ғой.

Халқымыз туған жердің қырқасы мен белін, өзен мен көлін, тауы мен нуын ыстық сезіммен, кіршіксіз көңілмен ая­лады. Баяндай ару қызының есімін тауына сыйлады. Қазақ жерінің кіндігін Ұлытау дейді. Ол ұлан даланың ұлылығын әйгілер құрметті атау. Дарқан даланың кең құшағы, дала перзенттерінің жайсаң көңілі сияқты арнасынан шалқып, бар байлығын елге иіп жатқан Зайсан көлі жайлы толғар жыр, ақтарар сыр көп-ақ. Өз елі, өз жеріне тартқан жайсаң Зайсан әндей әсем аңыздардың арқауы да. Аспанмен тала­сып асқақтаған Алтай шыңдары мен қыранға тұғыр болған қарт Қалба, шығыстың шынарындай көз тартқан Тарбағатай, жолбарыс жон Сауыр, Маңырақ жоталарының арасындағы ұлан-ғайыр ойпатта шалқып Зайсан көлі жатыр. Шалқар көл Бұқтырма бөгені салынғаннан кейін екі есе ұлғайды. Адам құдіретін әйгілегендей жасанды теңіз толқынының астынан тау жоталарының ұшар басы қылтиып қана көрінеді. Бір кезде керуен шұбап, түйелер маң-маң басқан боз дала теңіз астында қалды дегенге сенгің келмейді. Қазір Зайсан көлімен тұтасқан Бұқтырма теңізін жағалай қала, селолар бой көтерген.

Алтын күннің ақ шуағы аймалаған айна көлдің үстінде аққу қауырсынды ақша бұлт қалқиды. Сазаны ойнап, шабағы қайнап, шағаласы шарқ ұрады. Алтай шыңдарынан бастау алған арынды Қара Ертісті ұрттап, Ақ Ертісті бүркіп жатқан адуын көл қайратқа жел береді. Саф самалы жаныңды жа­дыратады. Туған жер аспанын құстар әні жаңғырықтырған көгілдір көктем кезінде ару көл қалыңдықтай жасанады. Айдын шалқарын қанаты талып алыстан аңсап жеткен жыл құстарының базары басталады.

Көктем хабаршысы ұзақ-қарғалардан кейін-ақ көк жүзінде көк сүңгідей зулап сұқсыр үйрек, қоңыр қаз, айна көл мен ашық аспан арасында меруерт моншақтай тізіліп тыраулай ұшып тырналар керуені өтеді. Зайсан көлдің еркесі – аққу келген кезді айтсаңшы. Жағалаудың ну қамысы мен қоғасына көкқұтан ұя салып, айдынға төнген тау жоталарында құр үйірі көктем биін бастап, ұлар шулайды. Көк мойын кекілік секіріп, жанары жарқ-жұрқ етіп үкі ұшады. Көл жағалап елік пен марал жортады.

Қар кетіп көктемгі тасқын басталғанда Ертіс дариясының төменгі сағасы, сонау Сібірден Зайсанға қарай балықтардың ұлы жорықтары басталады. Екпіні кеме теңселтіп, тас ағызған тасқын тосқауылы өмірге деген іңкәрлік билеген балықтар керуенін тоқтата алмайды. Құлама сарқырамадан секіріп, тасқынмен таласа жүзіп өтіп Зайсан көлі мен Қара Ертіске саялап, уылдырығын шашып, өсіп-өркендейді. Көктемгі тасқынмен Зайсан ойпатына лықсып шыққан жайылма суда бауыры күнге жарқырап ақ сазан ойнайды.

Сонау бағзы заманнан жиһанкездер мен ғалымдардың на­зарын аударып, кезінде «Шұғыла шашқан көл», «Қоңыраулы көл» деген поэтикалық атауларға ие болып, сан түрлі ұлттардың тілінде аңыз боп тараған Нұр Зайсан даңқы зулаған жылдармен бірге аспандай түсті. Қазақстан балық аулаудан кезінде Одақ бойынша екінші орын алатын болса, Нұр Зайсан балықшылары Атырау, Арал, Балқаш айдынында жа­рыс желкенін желбіреткен әріптестерімен құйрық тістесіп, кей жылдары үзеңгі қағыстырады. Республикамыздың өнеркәсіптік негізде балық ауланатын теңіздері мен көлдері ара­сында «Зайсанрыбпром» өнеркәсіп бірлестігінің шоқтығы биік болды. Бұқтырма балық зауытының алар орны бір төбе еді.

Зайсан көлінің ақ сазаны мен көксеркесі, бекіресі мен шортаны, ақбалық пен аққайраны ежелден елге әйгілі. Ақ амур, таймен сияқты соңғы кезде өсіп, өнген балықтары да өнеркәсіп үшін құнды. Зайсан көлінің жағасын қоныстанған ел ежелден балықшылықты кәсіп еткен. Балық өнеркәсібі алғашқы бесжылдықтар кезінен бастап қаз тұрды. Отызын­шы жылдардан бастап балықшылар артелі құрылып, кейіннен колхозға айналды. Кезінде әйгілі Зайсан балық комбинаты ірге тепкен Тұғыл кенті қанатын кеңге жайды. Көлдің оңтүстік шығысында бой көтерген балықшылар қалашығында бірнеше қабатты сәулетті үйлер сап түзеді.

Көлдің Алтай жағында Құйған, Аманат учаскелерінде де балықшылардың сәнді мекені қоныс тепкен.

Шалқар көлдің жағасында жайқалып егін өсіп, мыңғырып төрт түлік мал өреді. Көл суын ел игілігіне айналдырудың ба­тыл шараларын іске асырған кездер болды. Жүзбелі насостар арқылы көл суы жағалауға шығарылды. Тарбағатай ауданын­да 1200 гектар жүгері бітік өсті. Бұл үлкен істің бастамасы еді.

Бір кездегі Республика басшысы Д.А. Қонаев «Тарбағатай жүгерішілері жаңа жерде өсірген өнім қандай екенін Алматы жақсы біліп отыр» деген болатын.

Зайсан балық өнеркәсібі бірлестігінің ұжымы әр жылы 95 мың центнер балық аулады. Осыншама қыруар байлықтың орнын толтыру табиғат жанашырларының назарында болды. «Гидрорыбпроект» жобалау институты көл жағалауына 20 мың гектар жерге гидротехникалық құрлыстар салуды жоспарлады. 1964 жылдан балық өскіндерін өсіретін арнайы шаруашылықтар құрыла бастады. Жылына миллиондаған са­зан, көксерке, мөңке, алабұға, шабақ, ақбалық, нәлім, құртқа сияқты балық өскіндерін өсіруге арналған 1199 гектар жерді алып жатқан 94 арнаулы су қоймасы бар. Соңғы жылдардағы құрғақшылықтың, кей учаскелердегі құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуінің салдарынан іс барысында кемшіліктер де кездесті.

Қазіргі нарықтық қатынастарға орай көл жағалауы жеке кәсіпкерлер иелігіне берілген. Олар өз қарауларындағы жағалау мен көлдегі тиесілі үлестеріне берілген учаскелерді қамқорлықтарына алған. Ашкөз браконьерлерден қорғайды, көл байлығын үнемдеп, қамқорлық жасайды.

Зайсан көлінің ұзындығы – 111 километр, ені – 30 ки­лометр, балықтың 23 түрі бар. Бұқтырма бөгені салынғаннан соң көл одан әрі тереңдеп, ауданы 5510 шаршы километрге жетті. Қараша айында мұз қатып, сәуірдің аяғы мен мамырдың басында мұздан арылады. Шығыс Қазақстанның өзге өңірлеріне қарағанда мұнда қыс маусымы май тоңғысыз жылылау, қысқа, жазы ұзақ болады. Сулы, нулы жер неге жа­ман болсын, Зайсан жерінде жүзім, алма, өрік, шие бақтары өседі. Бір ғана Сауыр тауынан бастау алған Ақсу, Кендірлік, Темірсу, Жеменей, Үйдене өзендері Қара Ертіске қосылып, көл суын толықтырады әрі молықтырады (Қазақ Совет энциклопе­диясы, IV том, А., 1974 ж.).

Көл тек балықтарға ғана емес, аң-құстарға да саялы мекен. Басқа аңдарды атамағанда Зайсан көлінің нар қамысында жол­барыстар жортты. Жазда құстардың сан алуан түрі мекендейді. Көктемде келген, күзде қайтқан құстар Зайсан көліне қонбай өтпейді. Бейне бір түнейтін, демалатын бекеттері сияқты.

«Қызыл кітапқа» кірген қутұмсық қаз, кішкене шалшықшы, кіші аққұтан, бұйра бірқазан, ақ құйрық қызғыш, ақбас үйрек, ақ тырна, қарабас шағала, сары аққұтан, реликт шағала, мәрмәр шүрегей кездеседі. 1916-1927 жылдары Зайсанда медіреседе бала оқытқан, ұлы Абайдың шәкірті Тайыр Жомартбаев Зайсан көлін: 

Бауырында Маңырақтың нулы Зайсан,

Молайған Ертіспенен сулы Зайсан.

Түн болса төңірегін мұнар басқан,

Ұштасқан бұлтпен бірге булы Зайсан.

Алтайдың, Тарбағатай сүтін ішіп,

Сауырдың саясында туды Зайсан.

Өрбітіп балапандай қолтығында,

Өсірген неше алуан руды Зайсан.

Зайсанның беті мөлдір, асты күңгірт,

Әжімсіз айнадай боп жатқан жым-жырт.

Ән қосып аққу мен қаз қонақтайды,

Күн батып, ұясына жабылса ымырт, – деп жырлапты.

Зайсан көлі ежелдің ең күнінен шетелдік, Ресейлік, Қазақстан ғалымдарының назарын өзіне аударып келді. Көптеген ғылыми еңбектер жазылды. Саяхатшылардың да аңсары ай­дын көлге ауып тұрды.

Көл жөнінде сөз болғанда балықшылық кәсіпшілігі де ойға оралады. Бұл жөнінде өзіміздің төл өлкетанушылары да қарап қалмапты. Бір кездері көл жағасындағы Тұғыл кентінде ұстаздық еткен, қазір Өскеменде кітапханашы болып істейтін Роза Исмурзинаның зерттеуіне назар аударайық.

Тұғыл қонысының өзге елді мекендерге ұқсамайтын өзіндік тарихы бар. Ал, көнекөз қариялардың айтуынша, ескі Тұғылдың орнында қалың орман болып, елдер масадан қашып кең жайлайды екен. Содан сол ағаштарды кесіп әкете-әкете ағаштың түбірі мен тұқылы ғана қалған. Сонда Тұғыл (Тұқыл) деген ат пайда болған-мыс.

Бұл Ертіс – тау-тас жарған асау долы,

Алтайдың кең құрсағы шыққан жері.

Ертіске қойнын ашып жол салдырған,

Алды Алтай, сырты Сауыр – Зайсан көлі.

Сол көлдің тұмсығында Тұғыл тұрған,

Айнала қоршағандай көлден қорған.

Жиылып әр тараптан орыс-қазақ,

Үй салып осы араны мекен қылған, –

деп ақын жырлағандай, Тұғыл туралы сөз айтсақ, оны Нұр Зайсан көлінсіз елестете алмайсың. Тұғылды мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігі, қам-қарекеті, әлеуметтік жағдайына дейін осы көлмен бірігіп, біте қайнасып кеткен.

ХVІ-ХVIІ ғасырларда-ақ көл жағалап бұхар, қытай, үнді асыл бұйымдарын артып тізбектелген талай түйе керуендері Орта Азиядан Сібірге өткен. Алғашқы қоныстанушылар бұл жерлерге 1650-52 жылдары жоңғар шапқыншылығы кездерінде қашып, ығысып келіп қоныстана бастаған. Ал, балық аулау кәсіпшілігімен шамамен XVIII ғасырдың аяғынан бастап айналысқан. Тарихқа тереңірек үңілсек, сонау ұлы Петр I патшаның өзі Зайсан көлінің мемлекет үшін маңыздылығын ескеріп, 1720 жылы гвардия майоры Иван Лихаревке тікелей жарлық (указ) шығарған. (Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты, 752 қор, 2-ші жазба, 360 құжат). Ол жарлығында былай: «...керекті адамдармен барып жергілікті жер жағдайын білетін адамның көмегімен ыңғайлы жерден, тым қызығушылық жетегіне еріп кетпей, адамдарды жоғалтып ал­май Зайсан көлінің жағасынан бекініс салуды бұйырамын», – деп қол қойып, мөр басады. Осы жарлық жөнінде Иван Черепа­нов деген Тобыл атқосшысының 1760 жылғы «Сібір жазбала­рында» былай еске алынады: (Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты) «Петр I ағзамның жарлығымен, гвардия майоры Иван Лихарев қажетті құрал-жабдықтармен, 400-дей адам мен Ертіс өзені арқылы Зайсан көліне жетеді. Оны жағалап он екі күндей жүріп бекініс салатын ыңғайлы жер таба ал­май келе жатқанда Жоңғар қонтайшысы Халден Цереннің ұлы Шоно Добаның атты әскерлеріне жолығып, біраз қақтығыстан кейін өзара бітімге келеді. Бірақ ол жолы бекініс салынбай­ды. Майор Лихарев қайтып келе жатып ел тыныштығы үшін бекіністің қажеттілігін түсінеді, артынан Өскемен бекінісі са­лынады», – деген жазбалары бар.

1877 жылы Петербургте П.П. Семенов (болашақ Тянь- Шанский) мен Г.Н. Потаниннің редакциялауымен шыққан «Азия жері туралы» деген кітаптың IV томында сол кездегі Зайсан көліндегі балық аулау кәсіпшілігі жайында былай деп жазылған: «Балықтың ең көп ауланатын жері Ертістің сағасынан 20 шақырымдай төмендегі Молалы, Қаратас деген жерлер. Мұнда топ-топ кіші балық үйірлері мен ақ қайран көп кездеседі. Нельма тек осы Зайсан мен Қара Ертісте ғана бар. Балық аулаумен Көкпекті және Бұқтырма уездерінің қазақтары, Өскемен маңындағы Глубокое, Прапорщиково және басқа селолардың шаруалары мен тұрғылықты қазақтар айналысады. Орыстардан 200-300 адам, қазақтар 2000-ға жуық. 1852-1861 жылдар аралығында көлден жыл сайын 1300 пұт ақ балық ауланады. XIX ғасырдың 60-шы жылдарында Зайсан балық кәсіпшілігінен түсетін пайда 2500 сомға жетті».

(Жалғасы бар...)

Ғалым БАЙБАТЫРОВ, өлкетанушы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?