Өткен ғасыр басында Жетісу өлкесіне білімнің шырағын жағып, ағартушылық бағыт ұстанған Мамания мектебіне биыл 125 жыл толса, оның негізін қалаушылардың бірегейі Тұрысбек қажы Маманұлының туғанына 180, өмірден өткеніне 120 жыл толып отыр.
Біз сөз етіп отырған Мамания мектебі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы мамыр айында жұмыс бабымен Талдықорған қаласына барған сапарында жергілікті зиялылармен жүздесіп: «Алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі – Ақсу жерінде ашылған Мамания мектебі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі», деген еді.
Кәсіпкер һәм қайраткер
Осы орайда, мектептің негізін қалаған һәм биыл туғанына даталы жыл толып отырған Тұрысбек қажы Маманұлы хақында айтар болсақ, бұл кісінің немересі Еңлік Құдайбергенқызының естелігінде «Тұрысбек қажы Баянжүрек-Ақтастыдағы Қалқабай қыстауында 1844 жылы дүниеге келген. Найман – матайдың қыдыралы тармағынан тарайды. Әкесі Маман Қалқабайұлы мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған ауқатты би болған. Маман бай төрт әйел алған. Бірінші әйелінен Тұрысбек, Бейісбек, Сейітбаттал, екінші әйелінен Анғабек, үшінші әйелінен Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелінен Есенқұл туған», депті.
Жалпы, бұл әулет – бақ қонып, Қыдыр дарыған үйелмен. Атақты ақын Әсет Найманбаевтың:
«Мәмеке, ой найманға болдың тұтқа,
Ілінер кеме барып Қазығұртқа,
Бір өзіңнен туғанның бәрі қажы,
Мұнан артық жетсін бе, қолың бұлтқа»,
деген бір шумақ тіркесінде зор салмақ жатыр.
Заман ағымын аңдаған Маман бай балаларын білімге және еңбекке баулуды құп көрген сыңайлы, өйткені үлкен ұлы Тұрысбекті он жасында Қапал қаласындағы татар ағайындар ашқан «Якобия» төртжылдық мектебіне оқуға береді. Осында оқып жүріп, зерек жігіт шариғи ілімдерді үйренумен қатар, орыс, өзбек, ноғай, татар тілдерін меңгеріп алады.
«Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда» деп Абай атамыз сол тұстағы ноғай-татар ағайындарды меңзеп айтқанындай, Тұрсекең дүниенің кілті саудада екенін түсініп, Шаяхмет атты татардан алыпсатар өнерін үйренеді. Сөйтіп, 1860 жылдан бастап өзінің жеке кәсіпкерлік жолын бастайды.
Жетісулық дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров меценат-ағартушы Тұрысбек Маманұлының кәсіпкерлігі туралы «Бұл кісі қала байлары не қылса, соны қылды. Бұлар капиталмен қазақ ортасына өзгеріс кіргізгені сияқты, тәрбие, салт-сана жөнімен де өзгеріс енгізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқытты» (Жансүгіров І. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт», 2005. 4-том. 72-б.) деп жазғанындай, Мамановтар қыр қазағының қолындағы малы мен тері-терсек шикізатын іске жаратып, жыл сайын жаз айларында Орталық Азия – Наманған, Әндіжан, Самарқан, Ташкент, Бұхарадағы үлкен жәрмеңкелерге отарлап қой айдатса, одан түскен пайдаға Ақсу, Қапал, Сарқан, Жаркент, Лепсі, Семей өңірлерінде жекеменшік сауда орталықтарын ашады. Тіпті кейбір жылдары Тұрысбектің сауда керуені шекара асып, Үрімжі-Құлжаға дейін тауар жеткізген екен.
Осы әулеттің келіні, атақты Үпі қажы Жүсіпұлының қызы Ғазизаның естелігінде: «Тұрысбек қажы өз балаларын және інілерін оқытып, сауда-саттық кәсібіне бағыттап, әкесі Маманды, бауырларын, балаларын мол байлыққа жеткізеді. Інілеріне Ақсу мен Қарағашта дүкен ашып береді. Бұл кісінің арқасында әкесі Маман жоғары беделге, атақ-даңққа бөленді», деп жазыпты.
Тұрысбек кәсіппен айналысу үшін 1880 жылдары Сүттіген өзенінің бойындағы үлкен құнарлы алқапты сатып алады. Ол жерге туған-туыстарымен, балаларымен қосылып, өзінің қыстауын, көк шатырлы Еуропа үлгісіндегі зәулім үй, мұнаралы мешіт, медресе, тігін фабрикасын және диірмен салғызады. Осылай Қарағаш қалашығы бой көтеріп, бұрынғы бұйығы қыстау нағыз шаруашылық мекеніне айналады. Қайын жұрты Наманғаннан бағбан алдырып, бау-бақша өсіреді.
Белгілі Алаш қайраткері Жақып Ақбаев кәсіпкер Тұрысбектің адал ісі мен имани әрекетіне риза болып, ол кісі дүниеден өткен соң «Айқап» журналы (1913 жыл, №7): «Марқұм Маманов Тұрысбек қажы қазақ арасындағы «асқан данышпан адам» деп саналған еді. Көзі тірі кезінде халықтан ешнәрсе аямаған. Ол өз ұлдары Құдайберген мен Тәңірбергенді сауда жасайтын жақсы татар адамдарымен таныстырған, солар саудаға үйреткен. Осы бір ғажап адамның содан кейін қайтыс болғаны өкінішті-ақ, ол өзі әлі де халқын көптеген ізгі істерімен даңққа бөлер еді. Тұрысбек 18 жыл болыс болған, осы уақыт ішінде пара алмаған, өзгенің атын мінбеген, қазақтардың бірде-бір қойын жемеген, оларды зорлық-зомбылық жасап жылатпаған, халқын ақшаға сатпаған. Осының бәрі оған жұмақта еселеніп қайтсын», деп жазыпты.
Сол сияқты ақын Ілияс Жансүгіровтің Орталық мемлекеттік архив қорында (1368-қор,1-тізбе, 1-іс) сақталған «Менің – өмірбаяным» атты жазбасында: «Матайдағы атақты Маман – Тұрысбек тұқымы саудамен айналысты. Қала-қаладан дүкендер ашты. Қырға қыдырма шығарды. Жердің тәуірін иеленді. Көк төбелі үйлер салды. «Жұрт ақсақалы» болып, ел ішінің билеу тәртібі тізгінін қолына алды», деп жазыпты.
Осылай кәсібін жүйелеп, ісін ілгерілетіп, інілерін сауда-саттыққа баулып, қазақша айтқанда, құйрық-жалы жетілген соң, Тұрысбек қажы 1873 жылы 29 жасында Арасан еліне болыс болып сайланып, қалған ғұмырында ағартушылық ісімен айналысуды құп көрген екен.
Білікті мәмілегер
«Тұрысбек қажының ағартушылық саласындағы зор жетістігі – 1899 жылы Қарағаш ауылында балаларға мұсылманшылық әдебін үйретіп, имандылыққа баулитын «Мамания» медресесін ашуы. Бұған себеп бұл кісінің 1886 жылы Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп келуі еді», дейді жазушы-өлкетанушы Шәкен Күмісбаев. Қасиетті мекенге барып, иман нұрына шомылып қайтқан Тұрысбек сөзі жетер жұртты шариғат жолына шақырған. Бұл іс жергілікті патшалық билікке ұнамағаны байқалады. Оған дәлел 1887 жылдың мамыр айында Қапал уезінің бастығы Жетісу губернаторы Фридеге жазған рапортында: «Тұрысбек Маманов Меккеге барып келген соң, мұсылман фанатизмі туралы уағыздар айтып, халықты бұзып жүр. Бұны бұлай қалдыруға болмайды», депті. Патшалық билік «Т.Маманов бұдан былай қажылыққа жіберілмесін» деген шешім қабылдапты.
Бірақ уақыт өте келе жоғарыдағы шешім өзгертілген. Осы тақырып бойынша ұзақ жыл зерттеу жасаған жазушы Шәкен Күмісбаевтың пайымынша, Тұрысбек Маманұлы жергілікті билік өкілдерімен мәмілеге келіп, жоғарыдағы шешімінің күшін жойдырған. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «малы бардың мәмілесі де зор» екенін танытқан.
Сөйтіп, Тұрысбек қажы 1903 жылы екінші дүркін бәйбіше, тоқалымен бірге қажылық парызын өтеу үшін Араб еліне аттанған. Бұл оқиға туралы Сапар Байжан атаның 1996 жылы жарық көрген «Қажыға барған қазақтар» атты кітабында «60 жастағы Тұрысбек Маманов әйелдері Әбу және Кәукен үшеуі № 11783 нөмірлі төлқұжатпен қажыға барды» деген мәлімет жүр. Осы сапарында үлкен әйелі Әбу сол жақта қайтыс болып, топырақ Хижаздан бұйырған екен.
Әуелі 1899 жылы медресе сипатында ашылған «Мамания» мектебі уақыт өте келе заман талабына сәйкес оқу мерзімі 3 жылдықтан басталып, 1904 жылы 6 жылдыққа, кейін 1909 жылы 8 жылдыққа ұзартылыпты. Бұл мектептің мұғалімдері Мұстақым Малдыбаев, Мұхаметқали және Фатима Есенгелдиндер, Файзрахман Жићангеров, тағы басқалары Түркия, Қазан, Уфа қалаларында оқыған. Оқушылардың саны 1918 жылы 200 шәкіртке жеткен. Мектепті бітірген М.Ермектасов, Ә.Кәрімов, М.Еркінбеков, тағы басқа түлектерді Тұрысбек қажы өз қаражатымен Қазан, Омбы, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға жіберіп, мектепті білімді ұстаздармен қамтамасыз етіп отырған. Алаш арысы Мұхаметжан Тынышбаевтың ерекше талабын бағалап, оның жоғары оқу орнына түсуіне қамқорлық жасаған.
«Бұл мектепті Тұрысбек қажы толықтай өзінің қаражатын жұмсап аяғынан тұрғызып, өзі өмірден өткенге дейін тұрақты қаржыландырып отырған. Мектеп қасынан шәкірттер жататын 60 орындық жатақхана, мұғалімдерге арнап үй салдырды. Мектептің егістік-шабындық жерлері болды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін бұл мектепте бір маусымда 200-ден астам бала білім алған», деп жазады қажының немересі Еңлік Тұрысбекова 2021 жылы 11 желтоқсанда «Жетісу» газетінде жарық көрген «Мамания» мектебі халық жадында» атты мақаласында.
Зерттеуші Армиял Тасымбеков «Қазақ әдебиеті» газетінде (1996 жыл, 2 сәуір, №14) «Мамания» мектебінің түлектері һәм оқу ошағының көркеюіне үлес қосқан тұлғалар қатарында Алаш арыстары Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Отыншы Әлжанов, Көлбай Төгісов, Жақып Ақбаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, ақын Сара Тастанбекқызынан бастап кейінгі ақын-жазушылар: Кәкімжан Қазыбаев, Құдаш Мұқашев, Ғали Орманов, Мейрам Қашқынбаев, қоғам қайраткерлері: Кеңес Одағының батыры Есмұрат Сиқымов, Біләл Сүлеев, Жекен Қалиев, Дүйсетай Бекежанов, Мұхтар Арын, Әубәкір Жошыбаев, академик Жұрымбек Сыдықов, т.б. тұлғалардың атын атап, түсін түстепті.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, қазақ даласының бір пұшпағы Жетісу өлкесіне білімнің нәрін сепкен Мамановтардың үлкені һәм бірегейі Тұрысбек қажы Маманұлы 1904 жылы 60 жасында дүниеден өтіп, өзінің туып-өскен жерінен топырақ бұйырыпты.